Геодезия және картография туралы

Қазақстан Республикасының Заңы. 2002 жылғы 3 шілде N 332-ІІ

Қолданыстағы

      Осы Заң мемлекеттiк органдар, жеке және заңды тұлғалар арасындағы геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы қатынастарды реттейдi.

      1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
      1) географиялық ақпарат жүйесi - Жер туралы, жер бетiнiң объектiлерi, табиғи, техногендiк және қоғамдық процестер мен нақты дүниенiң құбылыстары туралы кеңiстiкте ақпарат жинауды, жинақтауды, сақтауды, талдауды және таратуды қамтамасыз ететiн бағдарламалық жүйе;
      2) геодезиялық және картографиялық қызмет - геодезия және картография саласындағы басқарушылық, өндiрiстiк, техникалық және ғылыми қызмет;
      3) геодезиялық және нивелирлiк желi - жергiлiктi жерде арнаулы орталықтармен және белгiлермен бекiтiлген жер бетiндегi пункттер жүйесi, олардың өзара жағдайы жоспарлы қатынастарда және биiктiгi жөнiнен геодезиялық қызмет нәтижесiнде белгiленген;
      4) геодезиялық пункт - орны белгiленген жерге (немесе жердегi құрылысқа) орнатылған орталығымен және оның үстiне тұрғызылған құрылыспен (белгiмен) белгiленген геодезиялық желi пунктi;
      5) геодезия - Жердің пiшiнiн, көлемi мен сыртқы гравитациялық өрiсiн, жер бетi координаттары мен нүктелерiнiң биiктiктерiн және олардың уақыт iшiндегi өзгерiстерiн анықтау жөнiнде карталар мен жоспарлар жасау мақсатында, сондай-ақ жер бетiндегi түрлi инженерлiк мiндеттердi шешудi қамтамасыз ету үшiн жүргiзiлетiн ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде туындайтын қатынастар саласы;
      6) гидрография - су объектiлерiн, олардың сапа және сан жөнiндегi сипаттамаларын зерделеу және сипаттау;
      7) делимитация - мемлекеттiк шекараның шектес мемлекеттер арасындағы келiсiм бойынша шартта белгiленiп көрсетiлген және шартқа қоса тiркелетiн карталарда графика түрінде бейнеленген жағдайлары мен бағыттарын айқындау;
      8) демаркация - жергiлiктi жерде делимитация туралы шартқа сәйкес мемлекеттiк шекараны айқындау және оны тиiстi шекара белгiлерiмен белгiлеу;
      9) картографиялық өнiм - картографиялық қызмет нәтижесiнде Жер бетiнiң және аспан денелерiнiң белгiлi бiр математикалық заңдар бойынша және шартты белгiлердiң қабылданған жүйесiнде құрылып, кiшiрейтiлген, өлшенетiн және жинақталған, қағазға және магниттiк жеткiзушiге түсiрiп алынған бейнелерi;
      10) картография - картографиялық туындыларды зерделеу, жасау және пайдалану жөнiндегi ғылыми, техникалық және өндiрiстiк қызмет процесiнде туындайтын қатынастар саласы;
      11) картографиялық-геодезиялық қор - геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде жасалған, жалпы мемлекеттiк, салааралық маңызы бар және одан әрi пайдалану мақсатында ұзақ сақталуға тиiс материалдар мен деректер жиынтығы;
      12) жерсерiктiк технологиялар - байқаушының немесе объектiнiң орналасқан жерiн координат-уақыт жағынан анықтау үшiн, сондай-ақ Жер бетiнiң учаскелерiн картографиялау үшiн ақпараттар алудың жерсерiктiк жүйесi;
      13) топография - жер бетiн геометриялық жағынан зерделеу және осы жер бетiнiң жазықтықта топографиялық карталар немесе жоспарлар түрiнде бейнелену тәсiлдерiн жасау.

      2-бап. Қазақстан Республикасының геодезия және
             картография саласындағы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының геодезия және картография саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына  негiзделедi және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнен тұрады.
      2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленсе, халықаралық шарттардың ережелерi қолданылады.

      3-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң
             объектiлерi мен субъектiлерi

      1. Қазақстан Республикасының аумағы және онда орналасқан географиялық объектiлер, сондай-ақ жер шарының құрлықтары, Дүниежүзiлiк мұхит, оның iшiнде аралдар, табиғи аспан денелерi мен Жердiң жасанды серiктерiн қоса алғанда, ғарыш кеңiстiгi геодезиялық және картографиялық қызметтiң объектiлерi болып табылады.
      2. Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттiк органдары және Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өздерiнiң құзыретi шегiнде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң мемлекеттiк органдары, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар геодезиялық және картографиялық қызметтiң субъектiлерi болып табылады.

      4-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтiң
             негiзгi бағыттары

      1. Атқарылатын жұмыстардың мақсатына қарай геодезиялық және картографиялық қызмет:
      1) нәтижелерiнiң жалпымемлекеттiк салааралық маңызы бар мемлекеттiк мақсаттағы қызмет;
      2) жүргiзу қажеттiгi Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызметi субъектiлерiнiң қажеттерiмен айқындалатын арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы қызмет болып бөлiнедi.
      2. Мемлекеттiк мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет:
      1) Жердiң пiшiнiн, мөлшерi мен сыртқы гравитациялық өрiсiн анықтауды;
      2) Жердi дистанциялық зондтауды және геодинамикалық зерттеудi;
      3) тығыздығы мен дәлдiгi мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарлар жасауды қамтамасыз ететiн, барлық кластағы мемлекеттiк астрономиялық-геодезиялық, жерсерiктiк геодезиялық және нивелирлiк желiлердi, iргелi және бiрiншi класты гравиметриялық желiнi жасауды, дамытуды, зерттеудi, қалпына келтiрудi;
      4) дәлдiгi мен мазмұны жалпы мемлекеттiк, қорғаныс, ғылыми-зерттеу мiндеттерi мен өзге де мiндеттердiң шешiмiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарларды, оның iшiнде қалалардың және елдi мекендердiң жоспарларын графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда жасауды, жаңартуды және басып шығаруды;
      5) геодезиялық жерсерiктiк технологияны енгiзудi және пайдалануды;
      6) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасын делимитациялауды, демаркациялауды және оның сызығы өтуiн тексерудi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының теңiз айдынын делимитациялауды геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық қамтамасыз етудi;
      7) теңiздер, көлдер, өзендер, су қоймалары қайраңдарын картографиялауды және топографиялық, навигациялық теңiз карталарын, көмекшi құралдарды, теңiз, кеме жүзетiн өзендер мен сутоғандары лоцияларын жасауды;
      8) мемлекеттiң, оның қорғанысы мен қауiпсiздiгiнiң мүдделерi үшiн геодезиялық, картографиялық, топографиялық және гидрографиялық жұмыстар жүргiзудi, сондай-ақ теңiздерде, кеме жүзетiн өзендер мен сутоғандарында жалпы теңiзде жүзу қауiпсiздiгiн қамтамасыз етудi;
      9) шет мемлекеттер мен Дүниежүзiлiк мұхит аумағын қоса алғанда, топографиялық және арнаулы карталар мен жоспарлар жасау және жаңарту үшiн аэроғарыштық түсiрiлiм жұмыстарын;
      10) Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорды құруды және жүргiзудi;
      11) географиялық ақпараттық жүйелерді жасауды және жүргізуді;
      12) салааралық мақсаттағы жалпы географиялық, саяси-әкiмшiлiк, ғылыми-анықтамалық және басқа да тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар, картографиялық оқу құралдарын құрастыруды және басып шығаруды;
      13) географиялық атауларды стандарттауды, есепке алуды және олардың қолданылуын ретке келтiрудi, Географиялық атаулардың мемлекеттiк каталогын жасауды және жүргiзудi;
      14) ғылыми-зерттеу, тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзудi және осы заманғы технологияларды енгiзудi;
      15) геодезиялық және картографиялық қызмет саласында мемлекеттiк нормативтердi әзiрлеудi, бекiту және қолданысқа енгiзудi;
      16) геодезиялық және картографиялық техника өндiрiсiн ұйымдастыруды;
      17) геодезиялық, картографиялық, топографиялық жұмыстарды метрологиялық қамтамасыз етудi қамтиды.
      3. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет:
      1) түрлi объектiлердi, жерүстi және жерасты құрылыстары мен желiлерiн, құрылыс учаскелерiне үйлер мен құрылыстардың аралық бекiтпелерiн салу учаскелерiнiң бас жоспарларын жасауға, сондай-ақ өзге де арнаулы жұмыстарды орындауға арналған топографиялық жоспарларды жасауды және жаңартуды;
      2) графикалық, цифрлық, фотографиялық, электрондық және өзге де нысандарда арнаулы мақсаттағы тақырыптық карталар, жоспарлар мен атластар жасауды және басып шығаруды;
      3) арнаулы мақсаттағы географиялық ақпараттық жүйелердi жасауды және жүргiзудi;
      4) сызық және алаң үлгiсiндегi инженерлiк құрылыстарды, жерасты құрылыстары мен желiлерiн жобалау және iзденiстер жүргiзу, салу және пайдалану кезiндегi геодезиялық, топографиялық, аэротүсiрiлiм және басқа да арнаулы жұмыстар, кадастрлар мен өзге де iзденiстер және арнайы жұмыстар жүргізуді;
      5) осы тармақта аталған бағыттар бойынша ғылыми-зерттеу және тәжiрибелiк-конструкторлық жұмыстар жүргiзудi;
      6) инженерлiк-геодезиялық және маркшейдерлiк жұмыстарды қамтиды.

      5-бап. Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретi

      Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құзыретiне мыналар жатады:
      1) геодезия және картография саласындағы мемлекеттiк басқару мен бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы органды (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) белгiлеу;
      2) геодезияны және картографияны қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттiк бағдарламасын әзiрлеу;
      3) координаттардың, биiктiктiң, гравиметриялық және жерсерiктік өлшемдердiң, сондай-ақ мемлекеттiк топографиялық карталар мен жоспарлардың масштабтық қатарының бiрыңғай мемлекеттiк жүйелерiн белгiлеу;
      4) республикалық бюджет қаражаты есебiнен орындалатын топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстардың тiзбесiн бекiту;
      5) лицензияланатын топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметке қойылатын бiлiктiлiк талаптарын бекiту;
      6) геодезиялық және картографиялық қызмет саласындағы мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыру ережелерiн бекiту;
      7) осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiмен өз құзыретiне жатқызылған өзге де функциялар.

      6-бап. Уәкiлеттi органның құзыретi

      Уәкiлеттi органның құзыретiне мыналар жатады:
      1) геодезия және картография саласында бiрыңғай мемлекеттiк және ғылыми-техникалық саясат жүргiзу;
      2) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң қызметiн үйлестіру;
      3) мемлекеттiк, арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық жұмыстардың орындалуын ұйымдастыру;
      4) мемлекеттiк геодезиялық қадағалауды жүзеге асыру, топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi лицензиялау мен есепке алу;
      5) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк шекарасының және жергiлiктi жерлерде әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер шекараларының дұрыс көрсетiлуiн және олардың картографиялық материалдарда көрсетiлуiн қадағалау;
      6) әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстер арасындағы шекаралардың өзгерiстерi, сондай-ақ жергiлiктi жердiң және географиялық объектiлер атауларының өзгерiстерi көрсетiлген кезекшi анықтамалық карта жүргiзу;
      7) нормативтiк құқықтық актiлер мен геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзуге техникалық талаптарды әзiрлеу, бекiту және қолданысқа енгiзу, геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiнiң осы талаптарды сақтауына қадағалауды және олардың дұрыс қолданылуына бақылауды жүзеге асыру;
      8) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен аэротүсiрiлiм, геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзудi тiркеу, есепке алу және оларға рұқсат беру;
      9) геодезиялық пункттердi есепке алу және олардың сақталуын қамтамасыз етудi қадағалау;
      10) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды ұйымдастыру мен орындау тәртiбiнiң анықталған жолсыздықтарын жоюды, сондай-ақ аталған жұмыстарды немесе аэроғарыштық түсiрiлiм жүргiзу нәтижесiнде алынған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердi топтастыруды, есепке алуды, сақтауды, пайдалануды және iске асыруды талап ету;
      11) геодезия мен картография саласындағы Қазақстан Республикасы заңдарының және техникалық талаптардың бұзылу фактiлерi анықталған жағдайда "Лицензиялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына  сәйкес геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзудi тоқтата тұру;
      12) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеке және заңды тұлғалардан осы Заңда көзделген функцияларды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты сұрату және алу;
      13) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгi мүдделерiн ескере отырып, геодезиялық және картографиялық жұмыстардың, аэроғарыштық түсiрiлiм деректерi мен материалдарын дайындау, есепке алу, сақтау, көбейту және пайдалану тәртiбiн регламенттейтiн нұсқаулықтарды, нормалар мен ережелердi бекiту;
      14) геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерiне жоспарланып отырған жұмыс учаскелерiнде жергiлiктi жерлердiң геодезиялық және картографиялық жағынан зерделенгендiгi туралы тиiстi мәлiметтер беру;
      15) геодезия және картография саласындағы мемлекеттiк бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру ережелерiн әзiрлеу;
      16) осы Заңға және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

      7-бап. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық
             қызметтi мемлекеттiк лицензиялау

      1. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзу мен топографиялық-геодезиялық және картографиялық өнiмдi өткiзудi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен уәкiлеттi орган мiндеттi түрде лицензиялауға тиiс.
      2. Күрделi құрылыс үшiн жобалау-iзденiс жұмыстары құрамында топографиялық-геодезиялық және картографиялық қызметтi лицензиялауды сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөнiндегi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      8-бап. Геодезиялық және картографиялық қызмет
             саласындағы нормативтiк құқықтық актiлер мен
             техникалық талаптар

      Нормативтiк құқықтық актiлер мен техникалық талаптар геодезиялық және картографиялық жұмыстарды мемлекеттiк реттеуге және мемлекеттiк қадағалауды жүзеге асыруға арналған бiрыңғай техникалық нормалар мен ережелер бойынша осы жұмыстарды жүргiзу тәртiбiн белгiлейдi және барлық геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi үшiн мiндеттi болып табылады.

      9-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтi
             метрологиялық қамтамасыз ету

      1. Қазақстан Республикасының стандарттау, метрология және сертификаттау саласындағы заңдарына сәйкес уәкiлеттi органның өз құзыретi шегiнде:
      1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес геодезиялық өлшеу құралдарының бiрлiгi мен дәлдiгiн қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыруға;
      2) геодезиялық, картографиялық және топографиялық өнiмдердi мiндеттi сертификаттау жөнiндегi жұмыстарды жүргiзуге;
      3) геодезиялық және картографиялық жабдықтарға, аспаптар мен саймандарға метрологиялық бақылау және қадағалау жүргiзуге құқығы бар.
      2. Топографиялық-геодезиялық және картографиялық мақсаттағы аспаптар мен жабдықтарға шет мемлекет берген сертификат, оны Қазақстан Республикасының сертификаттау туралы заңдарына сәйкес мемлекеттiк сертификаттау жүйесi таныған жағдайда Қазақстан Республикасында жарамды деп есептеледi.

      10-бап. Геодезиялық және картографиялық қызметтi
              қаржыландыру

      1. Мемлекеттiк мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет республикалық бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.
      2. Арнаулы және (немесе) салалық мақсаттағы геодезиялық және картографиялық қызмет өнiмдердiң тапсырысшылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалардың қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
      3. Тиiсiнше республикалық және жергiлiктi бюджеттер қаражаттары есебiнен қаржыландырылатын геодезиялық, топографиялық және картографиялық жұмыстардың тапсырысшылары және (немесе) орындаушылары болып табылатын геодезиялық және картографиялық қызмет субъектiлерi бұрын жасалған геодезиялық, топографиялық және картографиялық материалдар мен деректердi пайдалануға мiндеттi.

      11-бап. Картографиялық өнiмге авторлық құқық

      Картографияға, геодезияға, топографияға қатысты карталарға, жоспарларға, эскиздерге, иллюстрацияларға және үш өлшемдi туындыларға авторлық құқықтар және соған байланысты туындайтын қатынастар Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен реттеледi.

      12-бап. Қазақстан Республикасының Ұлттық
              картографиялық-геодезиялық қоры

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қоры геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған және жалпымемлекеттік салааралық арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм, гравиметриялық материалдар мен деректердiң жиынтығы болып табылады.
      Ведомстволық картографиялық-геодезиялық қорлар арнаулы және (немесе) салалық маңызы бар геодезиялық, топографиялық, картографиялық, гидрографиялық, гравиметриялық және аэроғарыштық түсiрiлiмдiк материалдар мен деректердiң жиынтығы болып табылады және тиiстi орталық атқарушы органдардың қарамағында болады.
      2. Ұлттық картографиялық-геодезиялық қор уәкiлеттi органның қарамағында болады.
      Қорғаныс министрлiгiнiң Картографиялық-геодезиялық қоры Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлiгiнiң қарамағында болады.
      3. Белгiленген тәртiппен Қазақстан Республикасы Ұлттық мұрағат қорының құрамына жатқызылған Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың құжаттары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сақталады.
      4. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттары мемлекеттiк меншiкте болады және оларды мемлекет иелiгiнен алу мен жекешелендiру, сатып алу-сату, айырбастау немесе сыйға тарту объектiсi етуге, сондай-ақ басқа мемлекетте тұрақты сақтауға әкетуге болмайды.
      5. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережелерiн уәкiлеттi органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.
      Ведомстволық (салалық) картографиялық-геодезиялық қорларда құжаттарды қалыптастыру, жинау, сақтау және пайдалану ережелерiн және оларға енгiзiлетiн материалдар мен деректер тiзбесiн уәкiлеттi органның келiсiмi бойынша тиiстi орталық атқарушы органдар бекiтедi.
      6. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн аталған материалдар мен деректердi (көшiрмелердi) жасауға, сақтауға және жеткiзiп беруге, сондай-ақ аталған материалдар мен деректердi iрiктеу және олардың көшiрмелерiн әзiрлеу жөнiндегi қызметтердi көрсетуге жұмсалған шығындарды қамтитын ақы алынады. Мемлекеттiк органдарға аталған қызметтер тегiн көрсетiледi.
      Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен картографиялық және геодезиялық жұмыстарды жүргiзу мақсатында Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн аталған материалдар мен деректердi iрiктеу, олардың көшiрмелерiн әзiрлеу, сондай-ақ оларды жеткiзiп беру жөнiндегi қызметтер көрсетуге ғана жұмсалған шығындарды қамтитын ақы алынады.
      Ұлттық картографиялық-геодезиялық қордың материалдары мен деректерiн пайдалану үшiн алынған қаражат Қазақстан Республикасының бюджет заңдарына сәйкес бюджетке жiберiледi.
      7. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердiң көздерi болып табылатын құжаттарына қол жеткiзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      8. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының құжаттарын уәкiлеттi органның тиісті рұқсатынсыз үшiншi тұлғаларға беруге және олардың көшiрмелерiн жасауға жол берiлмейдi.
      9. Геодезиялық және картографиялық қызметтi жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар өздерi жасаған геодезиялық және картографиялық материалдар мен деректердiң көшiрмелерiнiң бiр данасын Қазақстан Республикасының Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорына авторлық құқықтарын сақтай отырып, тегiн беруге мiндеттi.
      10. Қазақстан Республикасы Ұлттық картографиялық-геодезиялық қорының картографиялық және геодезиялық өнiмiн пайдаланушылар алынған материалдар мен деректердiң сақталуын қамтамасыз етуге, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген мерзiмде қайтаруға, аталған материалдардағы мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi жария етпеуге мiндеттi.

      13-бап. Геодезиялық және картографиялық өнiмге
              мемлекеттiк меншiк

      Геодезиялық және картографиялық өнiм, сондай-ақ республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын геодезиялық және картографиялық қызмет нәтижесiнде алынған гидрографиялық, аэроғарыштық түсiрiлiм және гравиметриялық материалдар мен деректер Қазақстан Республикасының мемлекеттiк меншiгi болып табылады.

      14-бап. Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық
              қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiндегi
              геодезиялық және картографиялық қызмет

      Қазақстан Республикасының қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мүддесiндегi геодезиялық және картографиялық қызметтi өзара келiсiлген жұмыс жоспарлары бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлiгi мен уәкiлеттi орган жүзеге асырады.

      15-бап. Жергiлiктi жер объектiлерi туралы ақпарат беру

      Қазақстан Республикасының аумағындағы географиялық, топографиялық және өзге де карталар мен жоспарларға бейнелеп түсiрiлуге тиiстi жергiлiктi жер объектiлерi туралы ақпараттың иелерi болып табылатын жеке және заңды тұлғалар карталар мен жоспарларды дайындаушылардың немесе уәкiлеттi органның сауал салуы бойынша оларға осы ақпарат бар құжаттың көшiрмесiн бередi.

      16-бап. Мемлекеттiк геодезиялық желiлер пункттерiн
              қорғау

      1. Мемлекеттiк геодезиялық желiнiң геодезиялық пункттерi (астрономиялық-геодезиялық, геодезиялық, нивелирлiк және гравиметриялық пункттер, жер бетiндегi белгiлер мен осы пункттердiң орталығы), сондай-ақ арнаулы геодезиялық желiлер пункттерi (орталықтар, бақылау таңбалары, сыртқы белгiлер, бағдарлық пункттер) мемлекеттiк меншiк болып табылады және мемлекеттiң қорғауында болады.
      Геодезиялық пункттердi бұзу немесе қайта салу (орнын ауыстыру) уәкiлеттi органның рұқсатымен ғана жүргiзiледi.
      2. Жер учаскелерiн оларға геодезиялық пункттердi орналастыру үшiн беру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
      3. Аумағында геодезиялық пункттер орналасқан жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар:
      1) геодезиялық пункттердiң бүлiнген немесе жойылған барлық жағдайлары туралы уәкiлеттi органға хабарлауға;
      2) геодезиялық және картографиялық жұмыстарды жүргiзген кезде геодезиялық пункттерге кiруге (жақындап баруға) мүмкiндiк жасауға мiндеттi.
      4. Геодезиялық, нивелирлiк пункттердi жою немесе бүлдiру Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
      5. Геодезиялық пункттердi қорғау туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi.

      17-бап. Геодезия және картография саласындағы
              халықаралық ынтымақтастық

      Қазақстан Республикасы геодезия және картография саласындағы халықаралық ынтымақтастықты өзара тиiмдi ынтымақтастықты дамыту ниетiн негiзге ала отырып жүзеге асырады.
      Уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының атынан халықаралық ұйымдарда өз құзыретi шегiнде өкiлдiк етедi.

      18-бап. Қазақстан Республикасының геодезиялық және
              картографиялық қызмет туралы заңдарын бұзғаны
              үшiн жауаптылық

      Қазақстан Республикасының геодезиялық және картографиялық қызмет туралы заңдарының бұзылуына кiнәлi тұлғалар Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.

      Қазақстан Республикасының
      Президентi