Терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясын бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жылғы 18 сәуір N 316-ІІ.

Қолданыстағы
      Шанхайда 2001 жылғы 15 маусымда жасалған терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы бекітілсін.
     Қазақстан Республикасының 
             Президенті 



                Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге
                    қарсы күрес туралы Шанхай конвенциясы

      Қазақстан Республикасы, Қытай Халық Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжiкстан Республикасы және Өзбекстан Республикасы (бұдан әрi - Тараптар),
      ең алдымен Бiрiккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) жарғысындағы халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi қолдау, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды және ынтымақтастықты дамыту мақсаттары мен принциптерiн басшылыққа ала отырып;
      терроршылдықтың, сепаратизмнiң және экстремизмнiң халықаралық бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiкке, мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға, сонымен қатар адамның негiзгi құқықтары мен бостандығын жүзеге асыруына қауiп-қатерiн сезiне отырып;
      аталған құбылыстар Тараптардың аумақтық тұтастығы мен қауiпсiздiгiне, сондай-ақ олардың саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықтарына айтарлықтай қаупiн мойындай отырып;
      1998 жылғы 3 шiлдедегi Алматыдағы бiрiккен мәлiмдеменiң, 1999 жылғы 25 тамыздағы Бiшкек декларациясының, 2000 жылғы 5 шiлдедегi Душанбе декларациясының және 2001 жылғы 15 маусымдағы "Шанхай ынтымақтастық ұйымын" құру жөнiндегi декларацияның принциптерiн басшылыққа ала отырып;
      терроршылдықтың, сепаратизмнiң және экстремизмнiң, осы Конвенцияда

анықталғандай, олардың себептерiне қарамастан, ешқандай жағдайда 
ақталмайтындығына, ал осындай әрекеттердiң жасалғанына айыпты адамның 
мiндеттi түрде заңға сәйкес жауапқа тартылатынына берiк сенiм бiлдiре 
отырып;
     осы Конвенция шеңберiнде Тараптардың бiрiгiп күш жұмсауы 
терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы күресудiң тиiмдi 
нысаны екенiне сенiм бiлдiре отырып,
     төмендегiлермен келiседi:
                           1-бап
     1. Осы Конвенция мақсаттары үшiн қолданылатын терминдер:
     1) "терроршылдықты":


      а) осы Конвенция қосымшасында тiркелген (бұдан әрi - Қосымша) шарттарда және де осы шартта анықталғандай қылмыс ретiнде саналатын қандай да болсын әрекеттi;
      б) қарулы қақтығыс жағдайында соғыс қимылдарына белсендi қатыспайтын қандай да болсын азаматтық тұлғаға немесе кез келген басқа тұлғаға, оны өлтiруге немесе оған ауыр дене зақымын келтiруге, сондай-ақ қандай да болсын материалдық объектiге едәуiр нұқсан келтiруге пара-пар осындай әрекеттi ұйымдастыруға, жоспарлауға, оның жасалуына дем беруге, оған арандатуға, егер осындай әрекеттiң мақсаты оның сипатына немесе орындалуына орай халықты қорқытуға, қоғамдық қауiпсiздiктi бұзуға немесе өкiмет органдарын не болмаса халықаралық ұйымды қандай да бiр әрекет iстеуге немесе оны iстеуден қаймықтыруға бағытталған,
      және де Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес қылмыс ретiнде қуғындалушы кез келген басқа әрекеттi;
      2) "сепаратизм" - мемлекеттердiң аумақтық тұтастығын бұзуға, соның iшiнде оның аумағының бiр бөлiгiн одан бөлуге немесе мемлекеттi күштеп ыдыратуға, сондай-ақ осыған пара пар осындай әрекеттердi жоспарлау мен дайындауға, оның жасалуына дем беруге, оған арандатуға бағытталған,
      және Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес қылмыс ретiнде қуғындалушы қандай да болсын әрекеттi;
      3) "экстремизм" - билiктi күшпен басып алуға немесе күшпен ұстап тұруға, сонымен қатар мемлекеттің конституциялық құрылысын күшпен өзгертуге, сонымен пара пар қоғамдық қауiпсiздiкке күштеп араласуға, оның iшiнде жоғарыда көрсетiлген мақсаттарда заңсыз қарулы құрылымдар ұйымдастыруға немесе оларға қатысуға бағытталған,
      және Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес қылмыс ретiнде қуғындалушы қандай да болсын әрекеттi бiлдiредi.
      2. Бұл бап жоғарыда көрсетiлген терминдердi терең қолдануға болатын ережесi бар немесе болуы мүмкiн қандай да болсын халықаралық шартқа немесе Тараптардың қандай да болсын ұлттық заңдарына нұқсан келтiрмейдi.

                            2-бап

      1. Тараптар осы Конвенцияға, басқа да халықаралық мiндеттемелерге сәйкес, сонымен қатар өздерiнiң ұлттық заңдарын ескере отырып, осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi алдын алуда, айқындауда және жолын кесуде ынтымақтастық бiлдiредi.
      2. Тараптар өзара қарым-қатынастарында осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi, оларды iстеген қылмыскерлердi бiр-бiрiне беру шарты бар қылмыс ретiнде қарастырады.
      3. Осы Конвенцияны iске асыру барысында қылмыскерлердi беру және қылмыстық iстер бойынша құқықтық көмек көрсетумен байланысты сұрақтар бойынша Тараптар өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес және Тараптардың ұлттық заңдарын ескере отырып, ынтымақтастық жасайды.

                            3-бап

      Тараптар осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi қандай да болсын жағдайда тек саяси, философиялық, идеологиялық, нәсiлдiк, этникалық, дiни немесе басқа да осыған ұқсас сипаттағы танымы бойынша ақтауға жатпауын қамтамасыз ету және олардың ауырлық дәрежесiне қарай жазалануы үшiн қажет болуы, соның iшiнде ұлттық заңдар саласында тиiстi жағдайларда қажет болуы мүмкiн шараларды қабылдайды.

                            4-бап

      1. Осы Конвенцияның күшiне енуiне қажеттi мемлекетішiлiк рәсiмдердi орындағаны жөнiнде депозитарийден хабар келiп түскеннен бастап 60 күн iшiнде Тарап дипломатиялық арналар бойынша депозитарийге өзiнiң осы Конвенцияны орындауға жауапты орталық құзыреттi органдарының тiзбесiн жазбаша түрде табыс етедi. Тiзбенi депозитарий басқа Тараптарға жiбередi.
      2. Тараптардың орталық құзыреттi органдары осы Конвенцияның ережелерiн орындаумен байланысты туындаған мәселелер бойынша бiр-бiрiмен өзара қатынас жасайды және тiкелей бiрлесiп әрекет етедi.
      3. Қайсы бiр Тараптардың орталық құзыреттi органдарының тiзбесiне

өзгерiс енгiзiлетiн болса, ол жақ осы жайында депозитарийге хабарлауы 
керек, ал ол осы ақпаратты басқа Тараптарға жеткiзедi.
                           5-бап
     Тараптар өзара келiсiм бойынша, соның iшiнде халықаралық ұйымдарда 
және халықаралық форумдарда консультация жүргiзуi, пiкiр алмасуы, осы 
Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттерге қарсы күрес 
мәселелерi бойынша көзқарастарын келiстiруi мүмкiн.
                           6-бап
     Тараптардың орталық құзыреттi органдары осы Конвенцияға сәйкес 
ынтымақтастықты жүзеге асырады және бiр-бiрiне:
     1) ақпарат алмасу;
     2) жедел iздестiру iс-шараларын жүргiзу туралы сұрау салуларды 
орындау;


      3) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердiң алдын алу, оларды айқындау және жолын кесу үшiн келiсiлген шараларды әзiрлеу мен қабылдау және олардың жүзеге асырылуының қорытындылары жөнiнде бiр-бiрiне хабарлау;
      4) өз мемлекетiнде басқа Тараптарға қарсы бағытталған, осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердiң алдын алу, оларды айқындау және жолын кесу шараларын қабылдау;
      5) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi iске асыру үшiн кез келген тұлғаға және (немесе) ұйымдарды қаржыландыру, оларға қару-жарақ пен оқ-дәрi жеткiзу, одан да басқа жәрдемдесудiң алдын алу, оларды айқындау және жолын кесу шараларын қабылдау;
      6) тұлғалардың осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi жасауға дайындық жұмыстарының алдын алу, оларды айқындау, жолын кесу, тыйым салу және тоқтату шараларын қабылдау;
      7) нормативтiк құқықтық актiлермен және оларды практикада пайдалану жөнiндегi материалдармен өзара алмасу;
      8) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердің алдын алу, оларды айқындау және жолын кесу жөнiндегi жұмыс тәжірибесiмен алмасу;
      9) әртүрлi нысандарда өздерiнiң мамандарын даярлау, қайта даярлау және олардың бiлiктiлiктерiн көтеру;
      10) Тараптар, қажет кездерде осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердiң жолын кесуде және олардың зардаптарын жою жөнiндегi практикалық көмек көрсетудi қоса алғанда, өзара келiсiм бойынша ынтымақтастықтың өзге де нысандарындағы уағдаластыққа қол жеткiзу жолымен жәрдемдеседi. Мұндай уағдаластықтар тиiстi хаттамалармен ресiмделедi, олар осы Конвенцияның ажыратылмайтын бөлiгiн құрайды.

                            7-бап

      Тараптардың орталық құзыреттi органдары өзара мүдделi деген ақпараттармен, атап айтқанда:
      1) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердiң дайындалуы мен жасалуы және оларды iске асыру ниеттерiнiң жолын кесу туралы;
      2) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi мемлекет басшыларына және өзге де мемлекет қайраткерлерiне, дипломатиялық өкiлдiк, консулдық мекемелер мен халықаралық ұйымдар қызметкерлерiне, халықаралық қорғауға алынған басқа да тұлғаларға қатысты, сондай-ақ мемлекеттiк сапарларға, халықаралық және мемлекеттiк саяси, спорттық және өзге де iс-шараларға қатысушыларға қатысты дайындау туралы;
      3) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi дайындап және (немесе) iске асырып жатқан ұйымдар, топтар мен жеке тұлғалар, сонымен қатар олардың мақсаттарын, мiндеттерiн, байланыстарын қоса алғанда, осындай әрекеттерге басқа да түрде қатысушылар туралы және өзге де мәлiметтер туралы;
      4) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi жасау мақсатымен оларды жасаған кезде пайдаланылуы мүмкiн күштi әсер ететін улы, уландыратын, жарылғыш заттарды, радиоактивтi материалдарды, қару-жарақты, жарылғыш құрылғыларды, атыс қаруларын, оқ-дәріні, ядролық, химиялық, биологиялық және жаппай қырып жою қаруларының басқа да түрлерiн, материалдар мен жабдықтарды заңсыз түрде әзiрлеу, сатып алу, сақтау, беру, орнын ауыстыру, өткiзу және пайдалану туралы;
      5) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi қаржыландырудың айқындалған немесе болжамдалған көздерi туралы;
      6) осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттердi iске асыру нысандары, әдiстерi мен құралдары туралы ақпараттармен алмасады.

                            8-бап

      1. Тараптардың орталық құзыреттi органдары арасындағы өзара iс-қимыл осы Конвенция шеңберiнде жәрдем көрсету туралы сұрау салулар негiзiнде екi жақты және көп жақты нысанда, сондай-ақ келiсушi Тараптардың бiрiнiң орталық құзыреттi органының бастамасы бойынша ақпарат беру жолымен жүзеге асырылады.
      2. Сұрау салулар мен ақпараттар жазбаша нысанда жiберiледi. Кешеуiлдетуге болмайтын жағдайларда сұрау салулар немесе ақпараттар ауызша да жiберiлуi мүмкiн, бiрақ 72 сағаттан кешiктiрiлмей олар жазбаша түрде расталуы тиiс және қажет болған жағдайда олардың мәтiнiн жiберу үшiн техникалық құралдарды пайдалануға болады.
      Сұрау салудың немесе ақпараттың не болмаса олардың мағынасының шынайылығы жөнiнде күдiк туған жағдайда, аталған құжаттарды растау немесе түсiндiрме беру туралы қосымша сұрау салынуы мүмкiн.
      3. Сұрау салуда:
      а) сұрау салушы және сұрау салынған орталық құзыреттi органдардың атаулары;
      ә) сұрау салудың мақсаты мен негiзi;
      б) сұралған жәрдемнiң мазмұны туралы жазба;
      в) сұрау салудың уақытында және ойдағыдай орындалуына пайдалы болуы мүмкiн басқа да ақпарат;
      г) керек болған жағдайда оның жабықтық деңгейi көрсетiлуге тиiс.
      4. Жазбаша түрде берiлген сұрау салуға немесе ақпаратқа оларды жiберушi орталық құзыреттi органның басшысы немесе оның орынбасарлары қол қояды немесе осы орталық құзыреттi органның елтаңбалық мөрiмен куәландырылады.
      5. Сұрау салу және онымен жолданатын құжаттар, сондай-ақ ақпарат орталық құзыреттi орган арқылы осы Конвенцияның 15-бабында көрсетiлген бiр жұмыс тiлiнде жiберiледi.

                            9-бап

      1. Сұрау салынған орталық құзыреттi орган сұрау салудың тез арада және мүмкiндiгiнше толық орындалуын қамтамасыз ету үшiн барлық қажеттi шараларды қабылдайды және мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде оны қарау нәтижесi туралы хабарлайды.
      2. Сұрау салушы орталық құзыреттi орган оны орындауға бөгет болған немесе оның орындалуын елеулi түрде кiдiртетiн жағдайлар туралы тез арада хабарландырылады.
      3. Егер де сұрау салу сұрау салынған орталық құзыреттi органның құзыретiне жатпаса, ол өз мемлекетiнiң оны орындауға құзыреттi басқа орталық құзыреттi органына бередi және ол жайында сұрау салушы орталық құзыреттi органға дереу хабарлайды.
      4. Сұрау салынған орталық құзыреттi орган сұрау салуды орындау үшін қажет деп есептеген қосымша мәліметтерді сұрата алады.
      5. Сұрау салуды орындау кезiнде сұрау салынған Тараптың заңы қолданылады. Сұрау салушы орталық құзыреттi органның өтiнiшi бойынша, егер де бұл сұрау салынған Тарап заңдарының негiзгi принциптерiне және халықаралық мiндеттемелерге қайшы келмесе сұрау салушы Тараптың заңы қолданылуы мүмкiн.
      6. Егер сұрау салынған орталық құзыреттi орган сұрау салуды орындау өз мемлекетiнiң егемендiгiне, қауiпсiздiгiне, қоғамдық тәртiбiне немесе басқа да елеулi мүдделерiне зиян келтiредi, не болмаса сұрау салынған Тараптың заңдарына немесе халықаралық мiндеттемелерiне қайшы келедi деп шешкен жағдайда, ол кейiнге қалдырылуы немесе толығымен немесе iшiнара қабылданбай тасталуы мүмкiн.
      7. Егер сұрау салудағы әрекет сұрау салынған Тараптың заңдарына сәйкес қылмыс болып саналмаса, оны орындаудан бас тартуға болады.
      8. Егер осы баптың 6 немесе 7-тармақтарына сәйкес сұрау салуды орындаудан толық немесе iшiнара бас тартылса немесе оны орындау кейiнге қалдырылса, сұрау салушы орталық құзыреттi органға жазбаша нысанда хабар берiледi.

                            10-бап

      Осы Конвенцияның 1-бабының 1-тармағында көрсетiлген әрекеттермен тиiмдi күресу үшiн Бiшкек қаласында Тараптардың террорға қарсы аймақтық құрылымын құру және оның жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету мақсатымен Тараптар жеке келiсiм жасайды және басқа да қажеттi құжаттар қабылдайды.

                            11-бап

      1. Осы Конвенцияны iске асыру мақсатымен Тараптардың орталық құзыреттi органдарының төтенше байланыс жолдарын құруларына болады және кезектi немесе кезектен тыс кездесулер жүргiзе алады.
      2. Осы Конвенция ережелерiн жүзеге асыру мақсатында керек болған жағдайларда Тараптар бiр-бiрiне техникалық және материалдық көмек көрсете алады.
      3. Осы Конвенция негiзiнде бiр Тарап екiншi Тараптан материалдарды, арнайы құралдар, жабдықтар және техникалар алса оларды осы Тараптың алдын ала жазбаша келiсуінсiз басқа бiр Тарапқа беруге қақысы жоқ.
      4. Осы Конвенция шеңберiнде көмек көрсету үшiн Тараптардың орталық құзыреттi органдары пайдаланған жедел iздестiру iс-шараларын жүргiзу әдiстерi, арнайы күштер мен құралдар, қамтамасыз ету материалдары жөнiндегi мәлiметтер жария етiлмеуге тиiс.

                            12-бап

      Тараптардың орталық құзыреттi органдары осы Конвенцияның орындалу тәртiбiн одан да жете реттеу туралы өзара келiсiмдер жасай алады.

                            13-бап

      1. Әрбiр Тарап өзi алған ақпараттар мен құжаттардың, егер олар жабық мазмұнды болса немесе берушi Тарап олардың жария етiлуiн қаламаса, құпиялылығын қамтамасыз етедi. Ақпараттар мен құжаттардың жабықтылық деңгейiн оларды берушi Тарап анықтайды.
      2. Осы Конвенция негiзiнде алынған ақпараттарды немесе сұрау салуды

орындау нәтижелерiн, оларды берген Тараптың жазбаша келiсiмiнсiз сұралған 
немесе берiлген мақсаттардан басқа жағдайларда пайдалануға болмайды.
     3. Осы Конвенция негiзiнде бiр Тараптың екiншi Тараптан алған 
ақпараттары мен құжаттары оларды берген Тараптың алдын ала жазбаша 
келiсiмiнсiз берiлмеуге тиiс.
                           14-бап
     Тараптар, егер де өзге тәртiп келiсiлмеген болса, осы Конвенцияны 
орындауға байланысты шығындарды өздерi көтередi.
                           15-бап
     Қытай және орыс тiлдерi Тараптардың орталық құзыреттi органдарының 
осы Конвенция шеңберiнде ынтымақтастық жасау тiлдерi болып табылады.
                           16-бап


      Осы Конвенция Тараптардың осы Конвенцияның нысаны болып табылатын және оның мақсаты мен объектiлерiне қайшы келмейтiн мәселелерi бойынша басқа да халықаралық шарттар жасасу құқықтарын шектемейдi, сондай-ақ Тараптардың өздерi қатысушылары болып табылатын өзге де халықаралық келiсiмдерден туындайтын құқықтары мен мiндеттемелерiн қозғамайды.

                            17-бап

      Осы Конвенцияны түсiндiру немесе қолдану кезiнде туындаған даулы сұрақтар өзара мүдделес Тараптар арасында консультациялар және келiссөздер өткiзу арқылы шешiледi.

                            18-бап

      1. Қытай Халық Республикасы Осы Конвенция депозитарийi болып табылады. Осы Конвенцияның ресми көшiрмелерi басқа келiсушi Тараптардың депозитарийiне оған қол қойылғаннан кейiн 15 күн iшiнде жiберiледi.
      2. Осы Конвенция, Қазақстан Республикасынан, Қытай Халық Республикасынан, Қырғыз Республикасынан, Ресей Федерациясынан, Тәжiкстан Республикасынан және Өзбекстан Республикасынан, осы Конвенция күшiне ену үшiн тиiстi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы соңғы жазбаша нысандағы хабарламаны депозитарий алған күннен кейiнгi 30-күнi күшiне енедi.

                            19-бап

      1. Осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн оған барлық Тараптардың келiсiмiмен басқа да мемлекеттер қосыла алады.
      2. Қосылушы мемлекет үшiн бұл Конвенция депозитарий осы Конвенция күшiне ену үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердiң орындалғаны туралы хабарлама алған күннен кейiнгi 30-күнi күшiне енедi. Осы күннен бастап қосылушы мемлекет осы Конвенцияның Тарабы болып саналады.

                            20-бап

      1. Осы Конвенция мәтiнiне барлық Тараптардың келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуі мүмкiн. Олар осы Конвенцияның ажыратылмайтын бөлігі болып табылатын Хаттамалармен ресімделеді.
      2. Кез келген тарап шығу туралы депозитарийге ол ұсынылған күннен 12 ай бұрын жазбаша хабарлама жібере отырып, осы Конвенциядан шыға алады. Депозитарий шығу туралы хабарлама алған күннен бастап 30 күн ішінде басқа Тараптарды хабардар етеді.

                            21-бап

      1. Депозитарийге осы Конвенция күшіне ену үшін мемлекетішілік рәсім орындалғандығы туралы хабарлама тапсыру кезінде Қосымшада аталған шарттардың біреуіне қатыспайтын Тарап, бұл Конвенцияны осы Тарапқа қолдану кезінде осы шарт Қосымшаға енгізілмеген деп мәлiмдей алады. Мұндай мәлiмдеме депозитарийге осы Тараптар үшiн бұл шарттың күшiне енгендiгi туралы хабардар етiлгеннен кейiн күшiн жояды.
      2. Тарап қосымшада аталған шарттардың бiрiне қатысушылығын тоқтатса, ол осы баптың 1-тармағында көзделгендей, мәлiмдеме жасайды.
      3. Қосымша мынадай:
      1) барлық мемлекеттердiң қатысуына ашықтығы;
      2) күшiне енгендігi;
      3) ратификацияланғаны, қабылданғаны, бекiтiлгенi немесе осы Конвенцияның кем дегенде үш Тарабы қосылғаны туралы талаптарға жауап беретiн шарттармен толықтырылуы мүмкiн.
      4. Осы Конвенция күшiне енгеннен кейiн кез келген Тарап Қосымшаға түзету енгiзуге ұсыныстар жасай алады. Қосымшаға аталған түзетулер енгiзу туралы ұсыныс депозитарийге жазбаша түрде жiберiледi. Депозитарий осы баптың 3-тармағының талаптарына жауап беретiн барлық ұсыныстар жайында қалған Тараптарды хабардар етедi және олардан ұсынылып отырған түзетулердi қабылдауға болатындығына қатысты пiкiрлерiн сұрайды.
      5. Ұсынылған түзету осы Конвенция Тараптарының үштен бiрi

депозитарийге бұл жөнiнде жазбаша хабарлай отырып, оған қарсылық 
бiлдiретiнi туралы жағдайларды қоспағанда, осы түзету туралы ұсыныс 
депозитарийлерге таратылғаннан кейiн 180 күннен соң барлық талаптар үшiн 
қабылданған және күшiне енген болып есептеледi.
     2001 жылы 15 маусымда Шанхайда бiр түпнұсқа данада қытай және орыс 
тiлдерiнде жасалды және екi мәтiннiң де күштерi бiрдей.
     Қазақстан Республикасы үшiн
     Қытай Халық Республикасы үшiн
     Қырғыз Республикасы үшiн
     Ресей Федерациясы үшiн
     Тәжiкстан Республикасы үшiн
     Өзбекстан Республикасы үшiн
          Терроршылдыққа, сепаратизмге және экстремизмге қарсы
              күрес туралы Шанхай конвенциясына қосымша
     1. 1970 жылғы 16 желтоқсанда Гаагада жасалған Әуе кемелерiн заңсыз 
басып алуға қарсы күрес туралы конвенция.


      2. 1971 жылғы 23 қыркүйекте Монреалда жасалған Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге қарсы күрес туралы конвенция.
      3. 1973 жылғы 14 желтоқсанда Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында қабылданған Халықаралық қорғауды пайдаланатын тұлғаларға, соның iшiнде дипломатиялық агенттерге қарсы қылмыстарды болдырмау және жазалау туралы конвенция.
      4. 1979 жылғы 17 желтоқсанда Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында қабылданған Адамдарды кепiлдiкке алуға қарсы күрес туралы халықаралық конвенция U962816_ .
      5. 1980 жылғы 3 наурызда Венада қабылданған Ядролық материалды заттай қорғау туралы конвенция.
      6. 1988 жылғы 24 ақпанда Монреалда жасалған Азаматтық авиация қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге қарсы күрес туралы конвенцияны толықтыратын Халықаралық азаматтық авиацияға қызмет көрсететін әуежайларда заңсыз күш көрсету актілеріне қарсы күрес туралы хаттама.
      7. 1988 жылғы 10 наурызда Римде жасалған Теңiзде кемеде жүзу

қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз актiлерге қарсы күрес туралы 
конвенция.
     8. 1988 жылғы 10 наурызда Римде жасалған Құрлық шельфiнде орналасқан 
стационарлық платформалардың қауiпсiздiгiне қарсы бағытталған заңсыз 
актiлерге қарсы күрес туралы хаттама.
     9. 1997 жылғы 15 желтоқсанда Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында 
қабылданған Бомбалық терроршылдыққа қарсы күрес туралы халықаралық 
конвенция.
     10. 1999 жылғы 9 желтоқсанда Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясында 
қабылданған Терроршылдықты қаржыландыруға қарсы күрес туралы халықаралық 
конвенция. 
     
     Мамандар:
       Қасымбеков Б.А. 
       Багарова Ж.А.