Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі туралы

Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 7 наурыз N 299 Заңы

Жаңартылған

       Ескерту. Мәтiндегi "республикалық бюджет қаражаты" деген сөздер "бюджет қаражаты" деген сөздермен ауыстырылды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

      Осы Заң Қазақстан Республикасы дипломатиялық қызметi жұмысының құқықтық негіздерін, сондай-ақ ұйымдастырылу тәртібiн айқындайды. 

  1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады: 
      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметі (бұдан әрі - дипломатиялық қызмет) - Қазақстан Республикасының  Конституциясына  , осы Заңға, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерi мен халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет органдарындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының кәсiби қызметi. 
      2. Қазақстан Республикасының консулдық қызметі - дипломатиялық қызметтің халықаралық құқық жол беретiн шектерде мемлекеттің, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа мемлекеттермен достық қарым-қатынастарын дамытуға, экономикалық, сауда-саттық, ғылыми-техникалық, ізгілік-мәдени байланыстарды және туризмді кеңейтуге жәрдемдесетін бір бөлігі. 
      3. Дипломатиялық қызметтің қызметкерлері - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық дипломатиялық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер. 
      4. Дипломатиялық қызметтің жұмыскерлері - дипломатиялық қызмет органдарында штаттық әкімшілік-техникалық лауазымдарды атқаратын мемлекеттік қызметшілер. 
      5. Дипломатиялық қызметтің персоналы - дипломатиялық қызметтің қызметкерлері мен жұмыскерлері. 
      6. Ротация - дипломатиялық қызмет персоналының Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі - Сыртқы істер министрлігі) мен шетелдік мекемелер арасында, сондай-ақ Сыртқы істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелері арасында лауазымдық орын ауыстыруы. 
      7. Шет елдердегі мекемелер - Қазақстан Республикасының шет елдегі дипломатиялық өкілдіктері, консулдық мекемелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы өкілдіктері. 

       2-бап. Қазақстан Республикасының дипломатиялық
             қызмет туралы заңдары

      1. Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызмет туралы заңдары Қазақстан Республикасының  Конституциясына  негізделеді және осы Заңнан, осы Заңмен реттелмеген бөлігінде мемлекеттік қызмет туралы заңдардан, өзге де нормативтік құқықтық актілерден және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарынан тұрады. 
      2. Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шарттарда осы Заңда көзделгеннен өзге ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттардың ережелері қолданылады. 

       3-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мәртебесі

      Қазақстан Республикасының сыртқы саяси қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік органдар дипломатиялық қызмет органдары болып табылады. 

       4-бап. Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесi

      Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi, оның ведомстволары, шет елдердегi мекемелер, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгінiң қызметiн қамтамасыз ету үшiн құрылған ведомстволық бағыныстағы ұйымдар, Сыртқы iстер министрлiгiнiң қарауындағы оқу орындары құрайды. 
      Дипломатиялық қызметтiң бiрыңғай жүйесiн Сыртқы iстер министрлiгi басқарады. 

       5-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының мiндеттерi

      Дипломатиялық қызмет органдарына мынадай мiндеттер жүктеледi: 
      1) Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының тұжырымдамасы мен негізгi бағыттарын әзiрлеу және Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкiметiне тиiстi ұсыныстар беру; 
      2) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық стратегиясы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi үшiн ұсыныстар әзiрлеу және Президенттiң халықаралық бастамаларын iске асыру; 
      3) Қазақстан Республикасының сыртқы саяси бағытын iске асыру, Қазақстан Республикасының сыртқы экономикалық саясатын жүзеге асыруға және халықаралық беделiн нығайтуға жәрдемдесу; 
      4) Қазақстан Республикасының егемендiгiн, қауiпсiздiгiн, аумақтық тұтастығын және шекараларының мызғымастығын, оның басқа мемлекеттермен өзара қарым-қатынастардағы және халықаралық аренадағы саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы қорғауды қамтамасыз ету; 
      5) шет елдерде Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерiн қорғау; 
      6) Қазақстан Республикасының халықаралық бейбiтшiлiктi, ғаламдық және аймақтық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi күш-жiгерiн дипломатиялық құралдар мен әдiстер арқылы iске асыру; 
      7) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен, халықаралық ұйымдармен дипломатиялық және консулдық қарым-қатынастарын жүзеге асыру; 
      8) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының сыртқы саяси және сыртқы экономикалық бiрыңғай бағытын және инвестициялық саясатын жүргiзудi қамтамасыз ету мақсатында басқа да орталық атқарушы органдардың халықаралық қызметiн үйлестiру; 
      9) әлемдегi саяси және әлеуметтiк-экономикалық жағдайға, шет мемлекеттердiң сыртқы және iшкi саясатына, халықаралық ұйымдардың қызметiне талдау жасау және орталық мемлекеттiк органдарды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз ету. 

       6-бап. Дипломатиялық қызмет органдарының
             негiзгi функциялары

      Дипломатиялық қызмет органдарына мыналар жүктеледi: 
      1) шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қатынастарда Қазақстан Республикасының атынан өкiлдiк ету; 
      2) Қазақстан Республикасы халықаралық саясатының стратегиясын iске асыру; 
      3) келiссөздер жүргiзудi және Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын жасасуды ұйымдастыру; 
      4) халықаралық шарттарды жасасу, орындау, қолданылуын тоқтата тұру және күшiн жою туралы ұсыныстар дайындау, оларды Қазақстан Республикасы Президентiнiң немесе Yкiметiнiң қарауына белгiленген тәртiппен енгiзу; 
      5) Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастары мәселелерi бойынша Қазақстан Республикасының Президентiне, Парламентiне және Yкiметiне белгiленген тәртiппен ұсыныстар мен ұсынымдар жасау; 
      6) Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдардың, конференциялардың, кеңестердiң, форумдардың қызметiне қатысуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының халықаралық қоғамдастық мүшесi ретiнде ғаламдық және аймақтық проблемаларды шешудегi рөлiн арттыруға жәрдемдесу; 
      7) Қазақстан Республикасының су ресурстары мен қоршаған ортаны халықаралық қорғау және ұтымды пайдалану, Дүниежүзiлiк мұхит ресурстарын игеру, ғарыш кеңiстiгiн зерттеу саласындағы мүдделерiн қамтамасыз етуге қатысу; 
      8) Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, оның қорғанысы мен ұлттық қауiпсiздiгiн, құқық тәртiбiн қорғауды қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының шет мемлекеттермен және халықаралық ұйымдармен сауда-экономикалық, қаржы, ғылыми және ғылыми-техникалық, мәдени, сондай-ақ өзге де байланыстарын дамыту мен кеңейту жөнiндегi iс-шараларды әзiрлеуге қатысу; 
      9) Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттардың орындалуын жалпы қадағалау мен бақылауды жүзеге асыру; 
      10) Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру, оны Қазақстан Республикасының халықаралық құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар әзiрлеу; 
      11) Қазақстан Республикасының мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларын протоколдық-ұйымдастыру тұрғысынан қамтамасыз ету; 
      12) Қазақстан Республикасының аумағында мемлекетiшiлiк және халықаралық iс-шараларды өткiзу кезiнде Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының Мемлекеттiк протоколды сақтауын бақылауды жүзеге асыру; 
      13) дипломатиялық және консулдық артықшылықтар мен иммунитеттердiң сақталуын бақылауды жүзеге асыру; 
      14) Қазақстан Республикасының басқа елдермен парламентаралық байланыстарын жүзеге асыруға жәрдемдесу; 
      15) Қазақстан Республикасының аумағында және шет елдерде халықаралық-құқықтық нормалармен және Қазақстан Республикасының заңдарымен регламенттелетiн консулдық функцияларды жүзеге асыру; 
      16) шет елдерде тұратын отандастармен байланыстарды және қарым-қатынастарды дамытуға жәрдемдесу; 
      17) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарын тiркеудiң, есепке алудың және сақтаудың бiрыңғай мемлекеттiк жүйесiнiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ету; 
      18) Қазақстан Республикасының аумағындағы шетелдiк дипломатиялық және соларға теңестiрiлген өкiлдiктердiң және консулдық мекемелердiң жұмыс iстеуiне жәрдемдесу, өз құзыретi шегiнде оларға қызмет көрсететiн ұйымдардың қызметiн бақылауды жүзеге асыру; 
      19) аштыққа және артта қалушылыққа, халықаралық терроризмге, дiни және саяси экстремизмге, ұйымдасқан қылмысқа және есiрткi құралдарының, психотроптық заттардың, оларға ұқсас заттардың, прекурсорлардың және қару-жарақтың заңсыз айналымына қарсы күрес жөнiндегi, сондай-ақ табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар зардаптарын жою жөніндегі халықаралық акцияларға өз құзыреті шегiнде қатысу; 
      20) шет елдерде Қазақстан Республикасының сыртқы және iшкi саясаты, елдiң әлеуметтiк-экономикалық, мәдени және рухани өмiрi туралы ақпарат таратуға жәрдемдесу; 
      21) Қазақстан Республикасы жасасқан халықаралық шарттардың депозитарийi функцияларын жүзеге асыру; 
      22) өз құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының транзиттiк-көлiктiк әлеуетiн тиiмдi пайдалануға жәрдемдесу және энергетика мен мұнай-газ салаларында Қазақстан Республикасының әлемдiк қауымдастықпен ынтымақтастығы жөнiндегi бiрыңғай мемлекеттiк саясатты қалыптастыруға және жүргiзуге қатысу;
      23) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарымен және өзге де ұйымдармен өзара iс-қимыл жасау;
      24) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдарын, бұқаралық ақпарат құралдарын Қазақстан Республикасының халықаралық жағдайы мен сыртқы саясаты туралы хабардар ету;
      25) инвестициялық ахуалдың жақсаруына жәрдемдесу және халықаралық нарықта Қазақстан Республикасының жағымды бейнесiн қалыптастыру;
      26) мемлекеттiк бағдарламаларды, басым жобаларды iске асыру үшiн тiкелей қаржы ресурстарын, соның iшiнде халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдары тарапынан берiлетiн заемдар мен гранттар есебiнен тартуға қатысу;
      27) қазақстандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң халықаралық нарыққа шығуына жәрдемдесу;
      28) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

       7-бап. Байланыс, мұрағат, қауiпсiздiк және
             баспа басылымдары

      1. Дипломатиялық қызмет органдарының дербес байланысы мен мұрағаты болады.
      2. Дипломатиялық қызмет органдары өздерiнiң жеке телекоммуникациялар желiсi мен курьерлiк қызметiн пайдаланады. 
      3. Сыртқы iстер министрлiгiнiң мұрағатында халықаралық шарттардың түпнұсқалары және (немесе) дұрыс көшiрмелерi, сондай-ақ өз қызметiн жүзеге асыру үшiн қажеттi басқа да материалдар сақталады. 
      4. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының аумағындағы және шет елдердегі өзiне қарасты объектiлердiң қауiпсiздiк жүйесiн ұйымдастырады.
      5. Дипломатиялық қызмет органдары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес баспа басылымдарын шығаруға құқылы.

   2-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫ,
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ЛАУАЗЫМДАРҒА ТАҒАЙЫНДАУ

       8-бап. Дипломатиялық қызмет персоналы

      1. Дипломатиялық қызмет персоналын мыналар құрайды:
      1) дипломатиялық қызмет қызметкерлерi;
      2) дипломатиялық қызмет жұмыскерлерi.
      2. Дипломатиялық және әкiмшiлiк-техникалық лауазымдардың тiзбесiн Қазақстан Республикасының Президентi бекiтедi.

       9-бап. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру

      1. Дипломатиялық қызметке жоғары бiлiмi бар, өзiне жүктелген мiндеттердi орындау үшiн тиiстi iскерлiк, моральдық, кәсiби қасиеттерге қол жеткiзген әрi денсаулық жағдайы дұрыс Қазақстан Республикасының азаматы тағайындала алады. 
      2. Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi лауазымға тағайындайды және лауазымынан босатады. 
      Қазақстан Республикасының төтенше және өкiлеттi елшiлерiн Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiн Қазақстан Республикасының Президентi тағайындайды және керi шақырып алады. 
      Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң орынбасарлары, ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады. (РҚАО-ның ескертуі:  қараңыз. (16-18-тармақтары)  
      Басқа лауазымдарға тағайындауды және дипломатиялық қызметтен босатуды Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi жүргiзедi. 
      3. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке тұру азаматтар алдын ала мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады. 
      4. Шет елдегi жұмыстан кейiн Қазақстан Республикасына оралған дипломатиялық қызметтiң қызметкерi, егер ол осы Заңның 22-бабында көзделген жазаларға тартылмаған болса, бұрын Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған лауазымынан төмен емес лауазымға тағайындалады. 
      5. Дипломатиялық қызмет органдарына қызметке алғаш тұрған адамдар үшiн үш айға дейiн мiндеттi сынақ мерзiмi белгiленедi.
      Сынақ мерзiмiнен өтудiң тәртiбi мен шарттарын Қазақстан  Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi.
      6. Бұрын сотталған және ақтала алмайтын негiздер бойынша қылмыстық жауапкершiлiктен босатылған, сондай-ақ ұнамсыз себептермен мемлекеттiк қызметтен босатылған адамдар дипломатиялық қызмет органдарына қызметке қабылданбайды.

  3-тарау. ДИПЛОМАТТЫҚ ДӘРЕЖЕЛЕР

       10-бап. Дипломаттық дәрежелер

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне атқаратын лауазымы және бiлiктiлiгi ескерiле отырып, мынадай дипломаттық дәрежелер берiледi:
      1) атташе;
      2) үшінші хатшы;
      3) ІІ сыныпты екiншi хатшы;
      4) І сыныпты екiншi хатшы;
      5) ІІ сыныпты бiрiншi хатшы;
      6) І сыныпты бiрiншi хатшы;
      7) ІІ сыныпты кеңесшi;
      8) І сыныпты кеңесшi;
      9) II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
      10) І сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл;
      11) Төтенше және Өкiлеттi Елшi.

       11-бап. Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi

      1. Төтенше және Өкiлеттi Елшi, І және II сыныпты Төтенше және Өкiлеттi Уәкiл дипломаттық дәрежелерiн Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президентi бередi. 
      Басқа дипломаттық дәрежелердi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бередi. 
      Дипломаттық дәрежелердi беру тәртiбi Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн ережемен белгiленедi. 
      2. Қызметкердiң дипломаттық дәрежесi, әдетте, дипломатиялық қызметте атқаратын лауазымына сәйкес болуға немесе бiр саты жоғары не төмен болуға тиiс.
      3. Дипломаттық дәрежелердi беру тиiстi куәлiктер тапсырумен және қызмет тiзiмiндегi (еңбек кiтапшасындағы) жазбалармен расталады. Осы Заңның 13-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дипломаттық дәрежелер өмiр бойына берiледi және сақталады.

       12-бап. Дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi

      1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi үшiн дипломаттық дәрежелерде болудың мынадай мерзiмдерi белгiленедi:
      1) атташе, үшiншi хатшы, ІІ және І сыныпты екiншi хатшы үшiн - екi жыл;
      2) ІІ және I сыныпты бiрiншi хатшы, II сыныпты кеңесшi үшiн - үш жыл.
      І сыныпты кеңесшiден бастап және одан жоғары дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерi белгiленбейдi.
      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежелерде болу мерзiмдерiне:
      1) Сыртқы iстер министрлiгiндегi және оған бағынысты ұйымдардағы жұмыс;
      2) шет елдердегi мекемелердегi жұмыс;
      3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң Қазақстан Республикасы аумағындағы өкiлдiктерiндегi жұмыс;
      4) бұрынғы КСРО мен одақтас республикалардың сыртқы iстер министрлiктерiндегi жұмыс;
      5) халықаралық ұйымдардағы жұмыс;
      6) Сыртқы iстер министрлiгiнiң жоғары оқу орындарындағы және ғылыми мекемелерiндегi ғылыми немесе оқытушылық жұмыс;
      7) Сыртқы iстер министрлiгiнiң саласы бойынша оқу орындары мен ғылыми мекемелерде бiлiктiлiктi арттыру;
      8) Сыртқы iстер министрлiгi жоғары оқу орындарына, аспирантураға, докторантураға және ғылыми мекемелерге уақытша жiберген адамдардың оқу мерзiмi есептеледi.

       13-бап. Дипломаттық дәреженi мерзiмнен бұрын және
              кезектен тыс   беру, төмендету, одан айыру
              және қалпына келтiру

      1. Жекелеген жағдайларда, жұмыста елеулi табыстарға қол жеткiзсе немесе айрықша еңбек сiңiрсе, белгiленген мерзiм өткенге дейiн (мерзiмiнен бұрын дәреже беру) немесе дәреже берудiң кезегi сақталмастан (кезектен тыс дәреже беру) дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дәрежесi өсiрiлуі мүмкiн. 
      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi, сондай-ақ Сыртқы iстер министрлiгiнен жұмыстан босатылған адамдар Қазақстан Республикасының және өздерi болатын елдердiң заң актiлерiнде көзделген жауаптылыққа әкеп соғатын iс-әрекеттер жасаған жағдайда олардың дипломаттық дәрежесі төмендетiлуi немесе олар дипломаттық дәрежесiнен айырылуы мүмкiн. 
      Мемлекеттiк және еңбек тәртiбiн бұзғаны үшiн дипломатиялық қызмет органдары жүйесiнен босатылған кезде дипломатиялық қызмет қызметкерi сонымен бiр мезгiлде дипломаттық дәрежесiнен де айырылады. 
      Дипломатиялық қызмет қызметкерiн дипломаттық дәрежесiнен айыру немесе оның дәрежесiн төмендету дәреже берiлгендегiдей тәртiппен жүргiзiледi. 
      Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң бұрынғы дипломаттық дәрежесiн қалпына келтiру қызметтiк аттестаттаудан өткеннен кейiн жүргiзiледi. 

  4-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТЕН ӨТУ

       14-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында лауазым
             ауыстыру, қызмет атқару

      1. Дипломатиялық қызмет персоналының лауазым ауыстыруы кадрлардың бiлiктiлiгi, кәсiби даярлығы, олардың ротациясы мен мамандану принциптерi ескерiле отырып, қызмет бабындағы қажеттiлiкке сәйкес жүзеге асырылады. 
      Дипломатиялық қызмет органдарында бос қызмет орындарына тұру, келесi жоғары тұрған және төмен тұрған санаттарда қызметке тұру жолымен қызмет бабында орын ауыстыруды қоспағанда, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес жүргiзiледi. 
      2. Дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң лауазымы шет елдердегi мекемелердегi жұмысы кезеңiнде, оның шет елде болу мерзiмi қызмет бабындағы қажеттiлiкке байланысты ұзартылған жағдайларды қоспағанда, бiр реттен артық өсiрiлмейдi. 

       15-бап. Ротация

      1. Дипломатиялық қызмет органдарында дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы жүзеге асырылады. 
      Ротация шеңберiнде дипломатиялық қызмет персоналы, оның кәсiби даярлығы мен мамандануы ескерiле отырып, шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберiледi немесе өздерiнiң қызметiн Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiнде жүзеге асырады. 
      2. Дипломатиялық қызмет персоналының ротациясы мынадай түрлерге бөлiнедi: 
      1) сыртқы ротация - Сыртқы iстер министрлiгiнен шет елдердегi мекемелерге және шет елдердегi мекемелерден Сыртқы iстер министрлiгiне ауысу; 
      2) iшкi ротация - Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерi арасында ауысу. 
      3. Шет елдердегi мекемелердегi жұмыстар арасындағы кезеңде дипломатиялық қызмет персоналының Сыртқы iстер министрлiгiнiң құрылымдық бөлiмшелерiндегi жұмыс мерзiмi, әдетте, кем дегенде екi жыл болуға тиiс. 
      4. Дипломатиялық қызмет жұмыскерлерiнiң шет елдердегi мекемелердегi үздiксiз жұмыс мерзiмi үш жылдан аспауға тиiс. 
      Қызмет бабындағы қажеттiлiк пен сол адамның келiсiмi бойынша аталған мерзiмдi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi ұзартуы мүмкiн. 
      5. Дәлелсiз себептермен шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту тәртiптiк тұрғыдан терiс қылық болып табылады және тәртiптiк жаза қолдану үшiн негiз бола алады. 
      Шет елдегi мекемеге жұмысқа барудан бас тарту үшiн дәлелдi деп танылатын себептердiң тiзбесiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi белгiлейдi. 
      6. Шет елдегi дипломатиялық қызмет органдарына жұмысқа жiберу кезiнде дипломатиялық қызмет персоналына Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген мөлшерде бiржолғы жәрдемақы төленедi. 
      7. Осы баптың 3, 4-тармақтарының күшi шет елдердегi мекемелердiң басшылары ретiнде жұмысқа жiберiлетiн адамдарға, кеңесшi-уәкiлдерге, Қазақстан Республикасының халықаралық ұйымдар жанындағы тұрақты өкiлдерiнiң орынбасарларына, сондай-ақ сирек кездесетiн шет тiлдерiн меңгерген дипломатиялық қызмет персоналына қолданылмайды. 

       16-бап. Қызметтiк аттестаттау

      Дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес қызметтiк аттестаттаудан өтедi. 

       17-бап. Жоғары оқу орындарына, ғылыми
              мекемелерге жіберу

      1. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi өздерiнiң келiсiмiмен кәсiби даярлық пен тағылымдамадан өту, көкейкестi халықаралық проблемаларды ғылыми тұрғыдан талдап әзiрлеу үшiн Қазақстан Республикасының не басқа елдердiң жоғары оқу орындарына, ғылыми мекемелерiне уақытша жiберiлуi мүмкiн. Мұндай жағдайда, олар Сыртқы iстер министрлiгiнiң кадрлар резервiне енгiзiледi. 
      2. Тағылымдама немесе ғылыми iссапар аяқталғаннан кейiн дипломатиялық қызмет қызметкерi өзi кадрлар резервiне енгiзiлгенге дейiн атқарған қызметiнен төмен емес дипломатиялық қызметке тағайындалады. 

       18-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек
             қатынастарын тоқтату

      1. Дипломатиялық қызметтi тоқтату үшiн: 
      1) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз еркiмен жұмыстан босату туралы өтiнiш беруi; 
      2) еңбек шарты мерзiмiнiң бiтуi не Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген негiздер бойынша еңбек шартын бұзу; 
      3) дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң өз табысы мен мүлкi туралы көрiнеу жалған мәлiметтер беруi; 
      4) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалту; 
      5) осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнде белгiленген мiндеттер мен шектеулердi сақтамау;
      6) аттестаттаудың терiс нәтижелерi;
      7) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де себептер негiз болып табылады.
      2. Дипломатиялық қызметтiң персоналын жұмыстан дипломатиялық  лауазымға тағайындау құқығы берiлген тиiстi лауазымды адам босатады.
      Дипломатиялық қызметтiң персоналы дипломатиялық қызмет органдарынан өз еркiмен кеткен кезде Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервiне алынады.
      Сыртқы iстер министрлiгiнiң резервi туралы ереженi Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрi бекiтедi.

  5-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫНЫҢ
ҚҰҚЫҚТАРЫ, МIНДЕТТЕРI МЕН ЖАУАПКЕРШIЛIГI

       19-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              құқықтары мен мiндеттерi

      1. Өзiнiң кәсiби функцияларын жүзеге асырған кезде дипломатиялық қызмет персоналының:
      1) дипломатиялық қызмет органдарының қызметiн жақсарту жөнiнде ұсыныстар енгiзуге; 
      2) шет елде болу кезеңiнде халықаралық құқық нормаларына сәйкес белгiленген артықшылықтар мен иммунитеттердi пайдалануға; 
      3) Қазақстан Республикасының азаматтарына  Конституцияда  және Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде кепiлдiк берiлген өзге де құқықтар мен бостандықтарды пайдалануға құқығы бар. 
      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерi мемлекеттiң сыртқы саясаты мәселелерi, Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастар саласындағы заңдарын жетiлдiру жөнiнде, оны Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық мiндеттемелерiне сай келтiру жөнiнде ұсыныстар енгiзуге де құқылы. 
      2. Дипломатиялық қызмет персоналы: 
      1) дипломатиялық қызмет атқаруға байланысты мiндеттердi адал орындауға; 
      2) болатын мемлекетiнiң заңдарын, дәстүрлерi мен әдет-ғұрпын құрметтеуге; 
      3) мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтердi немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияны, дипломатиялық қызмет аяқталғаннан кейiн де, жарияламауға; 
      4) өзiнiң кәсiби деңгейiн, бiлiктiлiгiн, жалпы саяси даярлығын арттыруға, мемлекеттiк және шет тiлдердi бiлуiн жетiлдiруге; 
      5) Қазақстан Республикасының заң актiлерiнде белгiленген өзге де мiндеттердi орындауға мiндеттi. 

       20-бап. Дипломатиялық қызмет органдарында қызметте
              болуға байланысты шектеулер

      Дипломатиялық қызмет персоналы үшiн Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы және мемлекеттiк қызмет туралы заңдарында көзделген шектеулер қолданылады. (РҚАО-ның ескертуі:  қараңыз Z980267_ ).

       21-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын көтермелеу

      1. Қызмет бабындағы мiндеттерiн үлгiлi атқарғаны, орындаған тапсырмаларының жоғары сапасы, бастамашылдығы, шығармашылық белсендiлiгi, ұзақ әрi мiнсiз қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды орындағаны үшiн және жұмыстағы басқа да жетiстiктерi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы: 
      1) дипломаттық дәрежесiн мерзiмiнен бұрын өсiрумен; 
      2) бiржолғы ақшалай сыйақымен; 
      3) Сыртқы iстер министрлiгiнiң ұсынуымен Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтетiн ведомстволық наградалармен;
      4) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген көтермелеу шараларының өзге де нысандарымен көтермеленуi мүмкiн.
      2. Ерекше еңбек сiңiргенi үшiн дипломатиялық қызмет персоналы Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградаларымен марапаттауға ұсынылуы мүмкін.

       22-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              жауапкершiлiгi

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiне жүктелген мiндеттердi бұзған жағдайда, Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес жауапты болады.
      2. Дипломатиялық қызмет персоналына мынадай тәртiптiк жазалар қолданылады:
      1) ескерту;
      2) сөгiс;
      3) қатаң сөгiс;
      4) дипломаттық дәреженi берудi бiр жылға дейiн кiдiрте тұру;
      5) лауазымын немесе дипломаттық дәрежесiн төмендету;
      6) дипломаттық дәрежесiнен айыру;
      7) қызметке сәйкес еместiгi туралы ескерту;
      8) жұмыстан босату. 
      3. Дипломатиялық қызмет персоналына тәртiптiк жаза қолдану Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызмет туралы заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 

       23-бап. Дипломатиялық қызмет персоналын
              керi шақырып алу

      1. Шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналы қызметтiк мiндеттерiн өрескел бұзған, сондай-ақ, Қазақстан Республикасының немесе болатын елiнiң заң актiлерiнде белгiленген жауаптылыққа әкеп соғатын әрекеттер жасаған жағдайда оған тәртiптiк ықпал ету шараларын қолдануға қоса, ол Қазақстан Республикасына мерзiмiнен бұрын керi шақырып алынады. 
      2. Дипломатиялық қызмет персоналын мерзiмiнен бұрын керi шақырып алуға отбасы мүшелерiнiң дәл сондай әрекеттер жасауы да негiз болып табылады. 

  6-тарау. ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТТI ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ,
ДИПЛОМАТИЯЛЫҚ ҚЫЗМЕТ ПЕРСОНАЛЫНА БЕРIЛЕТIН
КЕПIЛДIКТЕР МЕН ӨТЕМДЕР, ОЛАРДЫ МАТЕРИАЛДЫҚ
ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТIК ЖАҒЫНАН ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ

       24-бап. Дипломатиялық қызметтi қаржылық және
              материалдық-шаруашылық жағынан қамтамасыз ету

      1. Дипломатиялық қызметтi және оның органдарын қаржылық жағынан қамтамасыз ету бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 
      2. Дипломатиялық қызмет органдары консулдық iс-әрекеттер жасаған кезде жұмсайтын күтiлмеген шығыстар Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн Консулдық  жарғыда  белгiленген тәртiппен өтелуге жатады. 
      3. Құрметті консул аппаратының қызметін және соған байланысты iс-шараларды қаржыландыру құрметтi консул бөлетiн қаражат есебiнен жүзеге асырылады. 
      4. Дипломатиялық қызмет органдары көлiкпен, қызметтiк үй-жайлармен, байланыс құралдарымен және басқа да қажеттi мүлiкпен қамтамасыз етiледi. 
      5. Дипломатиялық қызмет органдарының Қазақстан Республикасының аумағы мен шет елдегi жылжымайтын және өзге мүлiктi иелену, пайдалану және оларға билiк ету тәртiбi Қазақстан Республикасының заң актiлерiне сәйкес белгiленедi. 

       25-бап. Дипломатиялық қызмет персоналына берiлетiн
              кепiлдiктер мен өтемдер

      1. Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiн материалдық және әлеуметтiк жағынан қамтамасыз ету атқаратын қызметiнiң қиындығы, оған байланысты қауiп-қатер, сондай-ақ шет мемлекеттiң өзiндiк ерекшелiктерi ескерiле отырып жүзеге асырылады. 
      Шет елде болу дипломатиялық қызмет персоналына және отбасы мүшелерiне қандай да болсын зиян келтiрмеуге тиiс. 
      Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiне көмек көрсету мен қорғауға байланысты мiндеттердi шет елдегi мекеменiң жетекшiсi орындайды. 
      Шет елдегi қызметi кезiнде дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi не оның отбасы мүшелерi ауырған, қайтыс болған, отбасында бала туылған жағдайда, дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң және (немесе) оның отбасы мүшелерiнiң Қазақстан Республикасының заңдарымен белгiленген мөлшерде жәрдемақы алуға құқығы бар. 
      2. Дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерi бюджет қаражаты есебiнен медициналық көмектiң кепiлдiк берiлетiн көлемiмен қамтамасыз етiледi. 
      3. Шет елдегi мекемеде жұмыс iстейтiн дипломатиялық қызмет персоналының және бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң жыл сайынғы ақылы демалыс берiлуiне не отбасы мүшелерiнiң бiрi қайтыс болуына байланысты барып-қайту көлiк шығыстарының төленуiне құқығы бар. 
      4. Дипломатиялық қызмет персоналы өзiмен бiрге тұратын отбасы мүшелерiнiң саны, лауазымдық жағдайы, жергiлiктi мән-жай және Қазақстан Республикасының Yкiметi бекiтетiн нормативтер ескерiле отырып, шет елде тұрғын үймен қамтамасыз етiледi. 
      Тұрғын үйдi ұстауға төлейтiн нақты шығыс Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген нормалардан асып кеткен жағдайда ол бюджет қаражаты есебiнен өтелуге тиiс. 
      5. Шет елдегi жұмыс кезеңiнде дипломатиялық қызмет персоналының балаларына жалпы орта бiлiм беру бюджет қаражаты есебiнен төленуге тиiс. 
      6. Шет елдегi мекемеде әкiмшiлiк-техникалық бос қызмет орындары болған жағдайда, шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналы отбасыларының мүшелерiне уақытша жұмысқа тұру құқығы берiлуi мүмкiн. 
      7. Қарулы немесе азаматтық жанжалдар жағдайында не шет елдердегi мекемелер мен олардың персоналының қауiпсiздiгiне қатер төнген жағдайда, сондай-ақ шет елдердегi мекемелер орналасқан жерлердегi төтенше жағдайлар кезiнде Сыртқы iстер министрлiгi дипломатиялық қызмет персоналы мен отбасы мүшелерiнiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету және қорғау үшiн қажеттi шаралар қолданады. 
      Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне не оның отбасы мүшелерiне шет елде болу уақытында, өзiнiң қызметтiк мiндеттерiн не солармен байланысты қызметтi атқару кезiнде келтiрiлген залал Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен өтеледi. 
      8. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде не шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақаттың салдарынан қызметтен босатылғаннан кейін бiр жыл ішінде қаза тапқан жағдайда, дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң отбасы мүшелерiне оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысы бойынша есептелетiн алпыс айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi. 
      9. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде қаза тапқан жағдайда, қаза тапқан адамның отбасының Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен мемлекеттiк тұрғын үй қорынан тұрғын үй алуға құқығы бар. 
      10. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерiне немесе жұмыскерiне шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде алған жарақат, жаралану (контузия), мертiгу, ауру салдарынан болған мүгедектiк белгiленген кезде, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысымен есептелген мөлшерде: 
      1) I топтағы мүгедекке - отыз айлық ақшалай қаражат; 
      2) II топтағы мүгедекке - он сегiз айлық ақшалай қаражат; 
      3) III топтағы мүгедекке - алты айлық ақшалай қаражат мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi. 
      11. Дипломатиялық қызметтiң қызметкерi немесе жұмыскерi шет елде қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде мүгедектiкке әкеп соқпаған ауыр мертiгу (жарақат, жаралану, контузия) жағдайында, оған оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша есептелетiн - үш айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде, жеңiл мертiгу жағдайында бiр айлық ақшалай қаражаты мөлшерiнде бiржолғы өтем төленедi. 
      12. Егер дипломатиялық қызмет қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң қаза табуы (қайтыс болуы), жарақаттануы, жаралануы (мертігуі), ауыруы қызметтiк мiндеттердi орындауға байланысы жоқ жағдайларда болғаны белгiленген тәртiппен дәлелденсе, аталған сома төленбейдi. 

       26-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығыстарды өтеу

      1. Дипломатиялық қызметтiң шет елде қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкерiн немесе жұмыскерiн жерлеу үшiн оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы қызметi бойынша лауазымдық айлықақысынан есептелетiн үш айлық қаражат мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы төленедi. 
      2. Дипломатиялық қызметтiң қайтыс болған (қаза тапқан) қызметкерiнiң немесе жұмыскерiнiң мәйiтiн Қазақстан Республикасына жеткiзу және осыған байланысты шығыстар бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылады. 

       27-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек
              қатынастарын реттеу

      Дипломатиялық қызмет персоналының еңбек қатынастары осы Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiмен реттеледi. 
      Шет елдердегi мекемелерде қызметтердi қоса атқаруға немесе уақытша жоқ қызметкерлердiң немесе жұмыскерлердiң мiндеттерiн орындауға рұқсат етiледi. 
      Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбек жағдайларын Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi. 

       28-бап. Дипломатиялық қызмет персоналының
              еңбегiне ақы төлеу

      Дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу Қазақстан Республикасының Президентi бекiтетiн еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде белгiленедi. 
      Шет елдегi дипломатиялық қызмет персоналының еңбегiне ақы төлеу болатын елiнiң саяси, әлеуметтiк-экономикалық және материалдық-тұрмыстық жағдайлары ескерiле отырып айқындалады. 

       29-бап. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiне
              ақшалай төлемдер жасау

      Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң дипломаттық дәрежесi үшiн, шет тiлдерiн бiлгенi үшiн, мемлекеттiк құпия болып табылатын мәліметтермен жұмыс істегені үшiн ақшалай төлем алуға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген өкiлдiк керек-жарағы құнының мөлшерiнде жыл сайынғы ақшалай өтем алуға құқығы бар. Дипломатиялық қызмет қызметкерлерiнiң өкiлдiк керек-жарағы туралы ереженi Қазақстан Республикасының Үкiметi бекiтедi. (РҚАО-ның ескертуі:  қараңыз .).

       30-бап. Жыл сайынғы демалыстар

      1. Дипломатиялық қызметтiң персоналына ұзақтығы отыз күнтiзбелiк күн жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы берiледi.
      2. Дипломатиялық қызметтiң шет елдердегi мекемелерде жұмыс iстейтiн қызметкерiне немесе жұмыскерiне кезектi еңбек демалысына шыққан кезде сауықтыру үшiн оның Сыртқы iстер министрлiгiнде атқарған соңғы лауазымы бойынша лауазымдық айлықақысының екi еселенген мөлшерiнде жәрдемақы төленедi.

       31-бап. Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен
              қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау

      Дипломатиялық қызметтiң персоналын зейнетақымен қамсыздандыру және әлеуметтiк қорғау Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүргiзiледi.

       32-бап. <*>

       Ескерту. 32-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2004.12.20.  N 13  Заңымен (2005 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi).

  7-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

       33-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі

      1. Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
      2. "Дипломатиялық қызмет туралы" 1997 жылғы 12 қарашадағы    Қазақстан Республикасы  Заңының  (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1997 ж., N 21, 275-құжат; 1999 ж., N 23, 916-құжат; 2001 ж., N 20, 257-құжат) күші жойылды деп танылсын.

       Қазақстан Республикасының
      Президенті