Ескерту. Атауға өзгерту енгізілді - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
Ескерту. Мәтіндегі "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің", "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті" деген сөздерден кейін тиісінше "— Елбасының", "— Елбасы" деген сөздермен толықтырылды - ҚР 2010.06.14 № 290-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-б. қараңыз) Заңымен.
Осы Заң демократия мен әлеуметтік прогресті дамытуға, бейбітшілік пен халықтар арасындағы достықты нығайтуға ерекше үлес қосқан адамдарды Қазақстан Республикасы Президентінің көтермелеуіне байланысты қатынастарды реттейді.
1-бап
1. Осы Заңмен "Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 2-бабына сәйкес, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Отан алдында сіңірген ерекше еңбегін атап өту құрметіне Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы (бұдан әрі - Мемлекеттік сыйлық) тағайындалады.
2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті жыл сайын Қазақстан Республикасының азаматтарына және шетелдіктерге:
демократия мен әлеуметтік прогресті дамытқаны үшін;
бейбітшілікті және халықтар арасындағы достықты, өзара сенімді, мемлекетаралық қатынастарда теңдік пен бірдей қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған белсенді қызметі үшін;
қоғамдық және ұлтаралық келісімді орнықтыруға, Республиканың көпұлтты халқының бірлігін нығайтуға қосқан ерекше үлесі үшін;
Қазақстанның ұлттары мен ұлыстарының мәдениеті мен тарихи дәстүрлеріне деген құрметті қалыптастыратын терең ойлы публицистикалық шығармалары үшін береді.
3. Мемлекеттік сыйлық отандық, халықаралық және шетелдік ұйымдарға берілуі мүмкін.
2-бап
1. Мемлекеттік сыйлыққа ие болған адамдарға "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты" атағы беріледі, диплом, омырауға тағатын белгі, куәлік және ақшалай сыйақы тапсырылады.
2. Мемлекеттік сыйлықты Қазақстан Республикасының Президенті салтанатты жағдайда тапсырады.
3-бап
Мемлекеттік сыйлық бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін, мұндай жағдайда оның ақшалай бөлігі олардың арасында тең бөлінеді. Мемлекеттік сыйлықты қайталап беруге рұқсат етілмейді.
4-бап
Мемлекеттік сыйлыққа үміткерлер ұсыну құқығына:
Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенаты мен Мәжілісінің комитеттері;
Қазақстан Республикасының Үкіметі;
Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар;
мәслихаттармен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әкімдері;
отандық, шетелдік және халықаралық ұйымдар ие болады.
5-бап
1. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығы туралы ережені, сыйлықтың саны мен мөлшерін, сондай-ақ оны беру жөніндегі комиссияның дербес құрамын Республика Үкіметінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
2. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің — Елбасының Мемлекеттік бейбітшілік және прогресс сыйлығының лауреаты дипломының , омырауға тағатын белгісінің және куәлігінің сипаттамасын Қазақстан Республикасының Президентімен келісе отырып Республика Үкіметі бекітеді.
Қазақстан Республикасының | |
Президенті |