1992 жылғы 15 мамырдағы ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімді бекіту туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2001 жылғы 2 сәуір N 174-II

Жаңартылған

      Мәскеуде 2000 жылғы 20 маусымда жасалған 1992 жылғы 15 мамырдағы ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісім бекітілсін.

     Қазақстан Республикасының
             Президенті

     1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартқа
         қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық
            ынтымақтастықтың негізгi принциптері туралы
                          КЕЛIСIМ
      РҚАО-ның ескертпесі. 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі қағидаттары туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Хаттаманы қараңыз.

      Бұдан әрi Тараптар деп аталатын 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартқа қатысушы мемлекеттер,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың мақсаттары мен принциптерін басшылыққа ала отырып,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттердiң ұжымдық қауiпсiздiгi жүйесiн қалыптастыруда өзiнiң iс жүзiндегi ынтымақтастыққа даярлығын қуаттай отырып,
      әскери-техникалық ынтымақтастықтың ұжымдық қауiпсiздiк жүйесiн қалыптастырудағы аса маңызды факторлардың бiрi деп тани отырып,
      1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың ережелерiн iс жүзiнде iске асыру мақсатында әскери-техникалық ынтымақтастықты ұйымдастыру кезінде Тараптардың арасындағы өзара қарым-қатынастардың негiзгi принциптерін белгілеуді мақсат ете отырып,
      төмендегiлер туралы келiстi:

                                1-бап

      Осы Келiсiмнiң мақсаттары үшiн төменде аталған терминдер мыналарды бiлдiредi:
      әскери-техникалық ынтымақтастық - әскери мақсаттағы өнiмдi сыртқа шығару мен әкелуге, оның iшiнде жеткiзу мен сатып алуға, сондай-ақ әскери мақсаттағы өнiмдi әзiрлеу мен өндiруге байланысты халықаралық қатынастар саласындағы iс-әрекет;
      уәкiлеттi органдар - ұлттық заңдарда белгiленген, қарауында әскери-техникалық ынтымақтастықты мемлекеттiк реттеу мәселелерi болатын, мемлекеттiк басқару органдары;
      әскери-техникалық ынтымақтастық субъектiлерi - Тараптардың ұлттық заңдарға сәйкес әскери мақсаттағы өнiмге қатысты сыртқы сауда қызметiн жүзеге асыруға құқық берiлген мемлекеттiк органдары мен/немесе ұйымдар;
      әскери мақсаттағы өнiм - қару-жарақ, әскери техника, құжаттама, жұмыстар, қызмет көрсетулер, интеллектуалдық айрықша қызметтер көрсету, интеллектуалдық қызмет нәтижелері, оның iшiнде оларға айрықша құқықтар (интеллектуалдық меншiк) мен әскери-техникалық саладағы ақпарат, сондай-ақ Тараптардың ұлттық заңдарында, нормативтiк құқықтық актiлерiнде әскери мақсаттағы өнiмге жатқызылатын кез келген басқа өнiм;
      әскери мақсаттағы өнiмнiң жеңiлдiкті шарттармен жеткiзiлiмдерi - әскери мақсаттағы өнiмнiң Тараптар әскери-техникалық ынтымақтастығы субъектiлерi арасындағы келiсiм-шарттарда белгiленетiн және Тараптардың ұлттық қарулы күштерi өз мұқтаждары үшін сатып алатын әскери мақсаттағы өнiмге арналған бағалар негізiнде қалыптасатын бағалар бойынша жеткiзiлiмдерi.
      Әскери мақсаттағы өнiм Тараптар қарулы күштерiнiң қолындағы барынан жеткiзiлген жағдайда, бағалар оны сақтау, қызмет көрсету, тасымалдау бойынша шығын мен жеткiзiлiмдi жүзеге асыруға байланысты басқа да шығыстар ескеріле отырып, оның қалдық құны негiзiнде есептеледi.

                               2-бап

      Егер тиісті халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, әскери мақсаттағы өнімдерді жеңілдік шарттарымен жеткізуді 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартты іс жүзінде іске асыру мақсатында олардың ұлттық қарулы күштерінің мүддесінде Тараптар жүзеге асырады.
      Көрсетілген жеткізілімдер олардың әскери-техникалық ынтымақтастығының субъектілері арасында жасасылған жеке келісім-шарттар (шарттар) бойынша Тараптардың нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес жүргізіледі.
      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 1 желтоқсандағы N 1 Заңымен.

                                3-бап

      Әскери-техникалық ынтымақтастықтың субъектiлерi осы Келiсiмге сәйкес әскери мақсаттағы өнiмнiң жеңiлдiк шарттарымен жеткiзiлiмдерiн жүзеге асыру кезiнде, халықаралық сауда тәжiрибесiнде белгiленген еркiн айналыстағы валютадағы есеп айырысу шарттары мен нысандарын қолданады.

                                4-бап

      Әскери мақсаттағы өнiмнiң жеңiлдiкті шарттармен өндiрiсi мен жеткiзiлiмдерiн қаржыландыру үшiн түсетiн аванстық төлемдерге осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында қосылған құнға салынатын салық салынбайды.

                                5-бап

      Осы Келiсiмдi iске асыру мақсатында жеңiлдiкті шарттармен жеткiзiлетiн әскери мақсаттағы өнiмдi тасымалдау кезiнде Тараптар өздерiнiң қарулы күштерiне арналған әскери мақсаттағы өнiмнiң осындай тасымалдануы үшiн белгiленген, көлiктiң кез келген түрiмен оның тасымалдануы және/немесе транзитi тарифiн қоса алғанда, тасымалдау және/немесе транзит шарттарын қолданады.

                                6-бап

      Тараптар әскери мақсаттағы өнімді жеткізетін Тараптың алдын ала жазбаша келісімінсіз шетел мемлекеттеріне, жеке және заңды тұлғаларға немесе халықаралық ұйымдарға осы Келісімнің 2-бабында көрсетілген келісім-шарттар (шарттар) бойынша жеңілдік шарттарында жеткізілген әскери мақсаттағы өнімді әскери мақсаттағы сатпайды немесе бермейді.
      Жеткiзушi Тарап осы Келiсiм шеңберiнде жеткiзiлген әскери мақсаттағы өнiмнiң нысаналы пайдалануына бақылау жасауға құқылы. Мұндай бақылаудың тетiгi осы Келiсiмнiң ажырамас бөлiгi болатын жеке Хаттамада анықталады.
      Осы баптың ережелерiн бұзған Тарап өнiмдi жеткiзген Тарапқа жеткiзiлген өнiмнiң бағасы мен осындай өнiмнiң дүниежүзілік рынокқа жеткiзiлiмдерi барысында қалыптасқан бағасының арасындағы айырманы еркiн айналыстағы валютамен үш ай мерзiмде төлейдi.
      Ескерту. 6-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 1 желтоқсандағы N 1 Заңымен. 

                                7-бап

      Тараптар осы Келiсімдi іске асыру барысында алынған, Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес мемлекеттiк құпия болып табылатын мәлiметтердi қорғауды қамтамасыз етедi.
      Осы Келiсiм шеңберiнде ынтымақтастық барысында алынған ақпаратты Тараптардың кез келгенінің мүддесiне нұқсан келтiрiп пайдалануға болмайды.

                                8-бап

     Тараптар осы Келiсiм шеңберiнде алынған әскери мақсаттағы өнiмнiң/ақпараттың, сондай-ақ осы Келiсiм күшiне енгенге дейiн алынған әскери мақсаттағы өнiмнiң/ақпараттың iшiнара да, тұтастай алғанда да интеллектуалдық немесе өнеркәсiптiк меншiктiң нысаны болуы мүмкiн екенiн және бұл тұрғыдан оны берген Тараптың айрықша немесе өзге құқығының объектiсi болып табылатындығын таниды.
      Аталған әскери мақсаттағы өнiмдi/ақпаратты алған Тарап, оны рұқсатсыз пайдаланған және/немесе Тараптар уәкiлеттiк бермеген заңды және жеке тұлғалар интеллектуалдық және/немесе өнеркәсiптiк меншiкке берушi Тараптың келiсiмiнсiз қол жеткiзген жағдайында жауапты болады және өз мемлекетiнiң заңдары шеңберiнде, сондай-ақ өздерi қатысушы болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес оның құқықтық және өзгелей қорғалуының тиiстi шараларын қамтамасыз етедi.

                                9-бап

     Тараптардың бiрi 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттан шыққан жағдайда, ол осы Келiсiм шеңберінде әскери мақсаттағы аталған өнімді жеткізіп беруші Тарапқа, оның пайдаланылуының әрбір жылы ішіндегі осы өнімді жеткізуге жасасылған келісім-шарттарда (шарттарда) еркiн айырбасталатын валютадағы баламалы сомаларда тіркелген шегерiмдерді ұстап қала отырып, әскери мақсаттағы өнiм бағасы мен әлемдік рыноктағы әскери мақсаттағы осындай өнiмдi жеткізу кезінде қалыптасқан баға арасындағы еркiн айырбасталатын валютадағы айырымды өтейдi.
      Тараптар осы Келiсiмнiң 6-бабында және осы бапта көзделген өтемдердi төлеуге кепiлдiк бередi.

                                10-бап

     Тараптардың кез келгенi осы Келiсiмнiң ережелерiн оның мақсаттарына қол жеткiзуге зиян келтiретiндей бұзған жағдайда, басқа Тараптар Келiсiмнiң немесе оның жекелеген ережелерiнiң сол Тарапқа қатысты iс-әрекетiн тоқтата тұру және оған осы Келiсiмнiң 9-бабында көзделген өтемдердi төлеу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
      Осы Келiсiмнiң ережелерiнен туындайтын мiндеттемелердi Тараптардың бiрi орындамаған жағдайда, соның салдарынан өз мүддесiне зиян келдi деп санайтын Тарап өзi мен тиiстi Тараптың арасындағы осы Келiсiмнiң iс-әрекетiн толық немесе iшiнара тоқтата тұру немесе тоқтату туралы мәлiмдей алады.

                                11-бап

      Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруге және қолдануға қатысты даулар мүдделi Тараптардың арасындағы консультациялар мен келiссөздер арқылы шешiледi. Егер мұндай консультациялар немесе келiссөздердiң басталған кезiнен 6 (алты) ай iшiнде мүдделi Тараптардың арасындағы келіспеушiлiктердi реттеудiң немесе талаптарды қанағаттандырудың сәтi түспеген жағдайда, Тараптар бұл дауды Шартқа қатысушы мемлекеттердiң Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң немесе Қорғаныс министрлерi кеңесiнiң қарауына бередi немесе олар дау шешудiң басқа жолы туралы келiседi.

                                12-бап

     Кез келген Тарап шығуынан 6 ай бұрын өзiнiң ондай ниетi туралы Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшылығына жазбаша хабарлама жiберу арқылы осы Келiсiмнен шыға алады. Келiсiм осы Тарапқа қатысты өзiнiң iс-әрекетiн, сондай хабарлама алған күннен бастап 6 айдан кейiн тоқтатады.
      Осы Келiсiмнiң iс-әрекетiн тоқтатуға байланысты туындайтын барлық даулы мәселелердi Тараптар келiссөздер арқылы реттейтiн болады. Бұл ретте осы Келiсiмнiң 6, 7, 8, 9 баптарының ережелерi, осы Келiсiмнiң iс-әрекетiнің тоқтатылуына байланысты туындайтын барлық даулы мәселелердi мүдделi Тараптар келіссөздер жолымен реттегенге дейiн күшiнде қалады.

                                13-бап

     Осы Келiсiм Тараптардың оның күшiне енуi үшiн қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi орындағанын растайтын төрт жазбаша хабарламаны Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшылығы алған күннен бастап күшiне енедi, ол туралы 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шарттың барлық қатысушыларын хабардар етедi және аталған Шарттың iс-әрекетi мерзiмiнiң iшiнде күшiнде болады.
      Қажеттi мемлекетiшiлiк рәсiмдердi кейiнiрек орындаған Тараптар үшiн осы Келісім Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшылығына тиiстi жазбаша хабарлама тапсырылған күннен бастап күшiне енедi.

                                14-бап

     Осы Келiсiмге Тараптардың өзара келiсуiмен жеке хаттамалармен ресiмделетiн және осы Келісiмнiң ажырамас бөлiктерi болып табылатын өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн.
      Мәскеу қаласында 2000 жылғы 20 маусымда бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды. Осы Келiсiмнiң түпнұсқа данасы 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартқа қатысушы мемлекеттердiң әрқайсысына оның куәландырылған көшiрмесiн жiберетiн Ұжымдық қауiпсiздiк кеңесiнiң хатшылығында сақталады.

      Армения Республикасы үшін           Қырғыз Республикасы үшін

      Беларусь Республикасы үшін          Ресей Федерациясы үшін

      Қазақстан Республикасы үшін         Тәжікстан Республикасы үшін


     Беларусь Тарапының 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік
         туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-
    техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге
                             ескертпесі

      8-баптың ережесі кеңестік кезеңдегі өнімге қатысты қолданылмайды.

             Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі бас хатшысының
                            ақпараты

      Беларусь Республикасының 1992 жылғы 15 мамырдағы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қатысушы мемлекеттер арасындағы Әскери-техникалық ынтымақтастықтың негізгі принциптері туралы келісімге қол қоюы барысында қол жеткізілген Беларусь және Ресей Тараптарының өзара уағдаласуы бойынша Келісімнің 8-бабына қатысты Беларусь Республикасының ескертпесіне қатысты екі тарап сарапшыларының екі жақты консультациялары жүргізілетін болады.