Киевте 2000 жылғы 19 мамырда жасалған Украинада тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан Украина азаматтарының азаматтық алуының және тоқтатуының оңайлатылған тәртiбi және азаматтықтың болмауы мен қос азаматтық жағдайларын болдырмау туралы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы келiсiм бекiтiлсiн. Қазақстан Республикасының Президенті Украинада тұрақты тұрып жатқан Қазақстан Республикасы азаматтарының және Қазақстан Республикасында тұрақты тұрып жатқан Украина азаматтарының азаматтық алуының және тоқтатуының жеңілдетiлген тәртiбi және азаматтықтың болмауы мен қос азаматтық жағдайларын болдырмау туралы Қазақстан Республикасы мен Украина арасындағы КЕЛIСIМ* *(2001 жылғы 8 шілдеде күшіне енді - ҚР халықаралық шарттары бюллетені, 2002 ж., N 1, 15-құжат) Бұдан әрi Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Украина,
өз азаматтарына адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге
қатысты тарихи, дәстүрлi достық байланыстарды сақтауға және нығайтуға екi ел халықтарының ұмтылыстарынан шыға отырып, екiншi Тараптың азаматтарына жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтық алуға мүмкiндiк берудi, ал өз азаматтарына жеңiлдетiлген тәртiппен азаматтығын тоқтатуға мүмкiндiк берудi қалай отырып, азаматтықтың болмауы мен қос азаматтық жағдайларын болдырмауға ұмтыла отырып, төмендегiлер туралы келiстi: 1-бап Әрбiр Тарап мынадай шарттардың бiрi болған жағдайда:
а) егер өтiнiш берушi тұрған мерзiмiне қарамастан азаматтық алатын екiншi Тараптың аумағында заңды негiзде тұрақты тұрып жатса;
б) егер өтiнiш берушi немесе оның ата-анасының (асырап алушыларының) бiрi, атасы немесе әжесi азаматтық алатын Тараптың аумағында туса немесе заңды негiзде тұрақты тұрған болса немесе өтiнiш берушiнiң азаматтық алатын Тараптың аумағында заңды негізде тұрақты тұрып жатқан және оның азаматы болып табылатын ең болмаса бiр жақын туысқаны: ерi (зайыбы), ата-анасының (асырап алушыларының) бiрi, баласы (оның iшiнде асырап алғаны), апасы-қарындасы, ағасы-iнiсi, атасы немесе әжесi, немересi (немере қызы) болған жағдайда өз аумағында заңды негiзде тұрақты тұрып жатқан екiншi Тараптың азаматтарына азаматтық алудың жеңiлдетiлген тәртiбiн, ал екiншi Тараптың аумағында заңды негiзде тұрақты тұрып жатқан өз азаматтарына азаматтығын тоқтатудың жеңiлдетiлген тәртiбiн бередi.
Өтiнiш берушi бiр Тараптың азаматтығын алумен қатар екiншi Тараптың
азаматтығын тоқтату туралы өтiнiш бередi. Осы бап ережелерiнiң қолданысы: 1) адамзатқа қарсы қылмыс жасаған немесе геноцидті жүзеге асырған не мемлекетке қарсы қылмыс жасаған немесе жеке тұлғаға қарсы ауыр қылмыс жасаған; 2) сотталғандығы алып тасталғанға дейiн бас еркiнен айыруға сотталған; 3) тергеуде жүрген немесе жазадан қашып жүрген не Тараптардың бiрiнiң немесе үшiншi мемлекеттiң аумағында қылмыс жасаған; 4) басқа мемлекеттiң азаматтығын алған адамдарға таралмайды. 2-бап
Осы Келiсiмнiң 1-бабының бiрiншi бөлiмiнде көрсетiлген адамдар бiр Тараптың азаматтығын алу және екiншi Тараптың азаматтығын тоқтату үшiн тұрақты тұрғылықты жерi бойынша азаматтық алатын өзге Тараптың құзыреттi органдарына:
Тараптардың құзыреттi органдарымен келiсiлген нысандағы өтiніші;
үш фотосурет;
осы Келiсiмнiң 1-бабында көзделген шарттардың бiрiнiң бар екендiгiн растайтын құжат;
азаматтық алатын Тараптың аумағында заңды негiзде тұрақты тұратындығын растайтын құжат;
әскери мiндетiн атқарғандығын немесе әскери мiндеттен босатылғандығын растайтын құжат (әскерге шақырылатын жастағы тұлғаға қатысты) тапсырады.
Азаматтық алатын Тараптың құзыретті органдары Тараптардың бiрiнiң азаматтығын алуды көрсетiлген құжаттар тапсырылған күннен бастап үш айдан аспайтын мерзiм ішінде ресiмдейдi.
Азаматтық алатын Тараптың құзыреттi органдары осы Келiсiмнiң 1-бабының үшiншi бөлiмiнде қамтылған жағдайлар орын алатын болса өтiнiш берушiге азаматтық алуды ресiмдеуден бас тартады.
Тұлғаның жаңа азаматтық алғандығын ресiмдегеннен кейiн азаматтық алған Тараптың құзыреттi органдары он күннiң ішiнде тұлғаға алған азаматтығын растайтын құжат бередi, тоқтатылған азаматтығын растайтын құжатты алып, оны азаматтық алғандығын ресімдеген фактi туралы хабармен бiрге, оның күнiн көрсетiп, дипломаттық арналар бойынша азаматтығы тоқтатылған Тарапқа жiбередi.
Тұлғаның жаңа азаматтық алғандығын ресiмдеу туралы хабар алынғаннан азаматтықты тоқтататын Тарап екi айдың iшiнде азаматтықтың тоқтатылғандығын ресiмдейдi және бұл туралы азаматтық алынған Тарапқа хабарлайды.
Тараптың бiрiнiң азаматтығы алынғандығы ресiмдеген күн екiншi Тараптың азаматтығы тоқтатылған күн болып табылады.
Тараптар осы Келiсiмнің 1-бабында көрсетiлген тұлғаларды осы Келiсiмге сәйкес, Тараптардың азаматтығын тоқтатуына және алуына байланысты барлық мiндеттi алымдар мен баждарды төлеуден босатады.
3-бап
Ата-аналарының азаматтықтары өзгерiп, нәтижесiнде екеуi де бiр Тараптың азаматтығын алған және екiншi Тараптың азаматтығын тоқтатқан жағдайда, соған сәйкес олардың кәмелеттiк жасқа толмаған (он сегiз жасқа дейiнгi) балаларының да азаматтықтары өзгередi.
Ата-аналарының бiрi бiр Тараптың азаматы болып табылатын, ал ата-аналарының екiншiсi басқа Тараптың азаматтығын алған кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың азаматтықтары ата-аналардың осы Келiсiмнiң 2-бабына сәйкес тапсырылатын өтiнiштерiнде көрсетiлетiн келiсiмдерiмен анықталады.
Егер ата-аналар кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың азаматтығын өзгерту жөнiнен келiсiмге келмеген жағдайда, бала ата-анасы тұрақты тұрып жатқан Тараптың азаматы болып табылады.
Ата-аналары бөлек тұратын кәмелеттiк жасқа толмаған балалар, егер ата-аналары арасында бұл туралы басқа келiсiм болмаған жағдайда, өздерi тәрбиесiнде жүрген ата-ананың бiрiнiң азаматтығын сақтайды.
Ата-аналық құқықтарынан айрылған ата-аналар азаматтықтарын өзгерткен
жағдайда кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың азаматтықтары өзгермейдi. Кәмелеттiк жасқа толмаған балалардың азаматтықтарын өзгертуге ата-аналық құқықтарынан айрылған ата-аналардың келiсiмдерi қажет болмайды. 4-бап Осы Келiсiммен реттелмеген мәселелер Тараптардың iшкi заңдарымен реттеледi. Егер Тараптардың iшкi заңдары осы Келiсiмнiң 1-бабының бiрiншi бөлiмiнде көрсетiлген тұлғалар үшiн азаматтық алуға неғұрлым жеңiлдiк жағдайлар белгiлесе, онда мұндай жағдайда Тараптардың iшкi заңдары қолданылады. 5-бап Осы Келiсiмнiң ережелерiнiң түсiндiрілуiне немесе қолданылуына байланысты мәселелер Тараптар арасындағы консультациялар немесе нота алмасу жолымен шешiледi. 6-бап
Осы Келiсiм бекiтiлуге жатады және Тараптар бекiту грамоталарын алмасқан күннен бастап отызыншы күнi күшiне енедi.
7-бап
Осы Келiсiм ол күшiне енген күннен бастап бес жылдың ішiнде қолданыста болады және егер Тараптардың бiрi осы Келiсiмнiң қолданысын тоқтатқысы келетiн ниетi туралы кезекті мерзiмнiң соңына дейiнгi алты айдың ішiнде жазбаша түрде екiншi Тарапқа хабарламаса, өздiгiнен келесi
бес жылдық мерзiмге ұзартылады. Киев қаласында 2000 жылғы 19 мамырда әрқайсысы қазақ, украин және орыс тiлдерiнде екi дана болып жасалды және барлық мәтiндердiң күштерi бiрдей. Осы Келiсiмнiң ережелерiн түсiндiруде пiкiр алшақтықтары туындаған жағдайда Тараптар орыс тiлiндегi мәтiндi басшылыққа алады. Қазақстан Республикасы Украина үшін үшін Мамандар: Қасымбеков Б.А. Багарова Ж.А.