Женевада 1930 жылғы 28 маусымда Халықаралық еңбек ұйымы Бас конференциясының 14-сессиясы қабылдаған Мәжбүрлі немесе міндетті еңбек туралы конвенция (29-конвенция) бекітілсін.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Он төртiншi сессия
Женева, 1930 жылғы 10-28 маусым
29-КОНВЕНЦИЯ
Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек туралы Конвенция *
* Күшiне енгiзiлген күнi: 1932 жылдың 1 мамыры
(2002 жылғы 18 мамырда күшіне енді - ҚР СІМ-нің ресми сайты)
Женевада Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi шақырған
және 1930 жылдың 10 маусымында өзiнiң он төртiншi сессиясына жиналған Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Конференциясы
сессияның күн тәртiбiнiң бiрiншi тармағының бiр бөлiгi болып табылатын
мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек туралы бiрқатар ұсыныстарды қабылдауға қаулы ете отырып,
бұл ұсыныстарға халықаралық конвенция нысанын беруге ұйғара отырып,
осы бiр мың тоғыз жүз отызыншы жылғы маусым айының жиырма сегiзiншi күнi мәжбүрлi еңбек туралы 1930 жылғы Конвенция деп аталуы мүмкiн және Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес Халықаралық Еңбек Ұйымының мүшелерi бекiтуге жататын төмендегi Конвенцияны қабылдайды:
1-бап
1. Осы Конвенцияны бекiтетiн Халықаралық Еңбек Ұйымының әрбiр мүшесi мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолдануды оның барлық нысандарында мүмкiндiгiнше ең қысқа мерзiмде жоюға мiндеттенедi.
2. Осылайша толық жойылуына қарай мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек өтпелi кезеңде жалғыз-ақ қоғамдық мақсаттар үшiн және төмендегi баптарда белгiленген жағдайлар мен кепiлдiктерде айрықшалық ретiнде ғана қолданылуы мүмкiн.
3. Осы Конвенция күшiне енгiзiлген күннен бастап бес жыл өткеннен кейiн және төмендегi 31-бапта көзделген баяндамаға байланысты Халықаралық Еңбек Ұйымының Әкiмшiлiк Кеңесi мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi оның барлық нысанында жаңадан кейiнге қалдырусыз жоюдың мүмкiндiгi туралы мәселенi қарап, бұл мәселенi Конференцияның күн тәртiбiне енгiзудi шешедi.
2-бап
1. Осы Конвенцияның мақсаты үшiн "мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек" терминi өз қызметiн ерiктi түрде ұсынбаған кез келген адамнан қандай да бiр жазалау қатерiн төндiру арқылы түрлiше жұмыс немесе қызмет-талап етудi бiлдiредi.
2. Алайда "мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек" терминiне осы Конвенцияның мақсаттары үшiн мына жайлар қосылмайды:
а) мiндеттi әскери қызмет туралы заңдарда талап етiлетiн және таза әскери сипаттағы жұмыстар үшiн қолданылатын кез келген жұмыс немесе қызмет;
b) толық өзiн өзi басқаратын елдiң азаматтарының әдеттегi азаматтық мiндеттерiнiң бiр бөлiгi болып табылатын кез келген жұмыс немесе қызмет;
с) сот органының шешiмiмен шығарылған үкiмнiң салдарынан қандай да болсын адамнан талап етiлетiн кез келген жұмыс немесе қызмет, бұл қызмет немесе жұмыс қадағалау және мемлекеттiк өкiмет орындарының бақылауы арқылы жүргiзiлетiн және көрсетiлген адам жеке адамдардың, компаниялардың немесе қоғамдардың қарауына ұсынылмайтын немесе берiлмейтiн болуы шарт;
d) төтенше жағдайлар кезiнде, яғни соғыс немесе апат, немесе апат қаупi, айталық, өрт, су тасқыны, аштық, жер сiлкiну, күштi эпидемия немесе эпизоотия, зиянкес жануарлар мен жәндiктердiң шабуылы немесе арамшөптер секiлдi бүкiл халықтың немесе бiр бөлiгiнiң өмiрiне немесе қалыпты тiршiлiк жағдайына қатер төндiретiн немесе қатер төндiре алатын жағдайда талап етiлетiн кез келген жұмыс немесе қызмет;
е) қауымдық сипаттағы ұсақ-түйек жұмыстар, яғни сол ұжым мүшелерiнiң ұжымның тiкелей пайдасы үшiн атқаратын, халықтың өзi немесе оның тiкелей өкiлдерi бұл жұмыстардың орындылығы жөнiнде өздерiнiң пiкiрiн айтуға құқылы болған жағдайда ұжым мүшелерiнiң әдеттегi азаматтық мiндеттерi болып саналуы мүмкiн жұмыстары.
3-бап
Осы Конвенцияның мақсаты үшiн "құзыреттi өкiмет" терминi метрополия өкiметiн не осы аумақтағы жоғары орталық өкiметтi бiлдiредi.
4-бап
1. Құзыреттi өкiмет орындары жеке адамдардың, компаниялардың немесе қоғамдардың пайдасына мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке ұйғарым беруге, рұқсат етуге тиiстi емес.
2. Егер жеке адамдардың, компаниялардың немесе қоғамдардың пайдасына осындай мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек нысаны осы Конвенцияны Ұйымның әлдебiр Мүшесiнiң бекiтуiн Халықаралық Еңбек Ұйымының Бас Директоры тiркеген сәтiнде орын алған болса, осы Ұйымның Мүшесi мұндай мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi осы Конвенция күшiне енгiзiлген сәттен бастап толық жояды.
5-бап
1. Жеке адамдарға, компанияларға немесе қоғамдарға берiлген ешқандай концессияның осы жеке адамдар, компаниялар немесе қоғамдар пайдаланатын және олар сататын өнiмдердi өндiру немесе жинау мақсатында мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң қандай да бiр нысанын қолдануға әкеп соғуы мүмкiн емес.
2. Егер мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң мұндай нысаны қолданыстағы концессиялардың ережелерiнен туындайтын болса, осы Конвенцияның 1-бабындағы ұйғарымдарды орындау мақсатында мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде бұл ережелерден күшi жойылады.
6-бап
Әкiмшiлiк шенеунiктерi өздерiне сенiп тапсырылған халықты әлде бiр жұмыс түрiне дағдыландыру олардың мiндетi болса да, халықты жеке адамдардың, компаниялардың немесе қоғамдардың пайдасы үшiн жұмыс iстеуге мәжбүр ете алмайды.
7-бап
1. Әкiмшiлiк мiндеттердi атқармайтын тайпа көсемдерi мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолдана алмайды.
2. Әкiмшiлiк мiндеттер атқаратын тайпа көсемдерi құзыреттi өкiметтiң арнаулы рұқсатымен осы Конвенцияның 10-бабында көзделген жағдайларда мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолдана алады.
3. Тиiсiнше танылған және басқа нысандарда тиiстi сыйақы алмайтын тайпа көсемдерi тиiсiнше регламенттелген жағдайда жеке қызметтердi пайдалана алады: бұл ретте қиянатшылықтың алдын алу үшiн барлық қажеттi шаралар қолданылады.
8-бап
1. Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолдану туралы кез келген шешiм үшiн осы аумақтағы жоғары азаматтық өкiмет жауапты болады.
2. Алайда бұл өкiметтер мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек түрiнiң еңбекшiлердi олардың әдеттегi тұрғылықты жерiнен алыстатуға әкеп соқпайтын жағдайларда ондай еңбекке тартуға жергiлiктi өкiметтерге құқық беруi мүмкiн. Егер мұндай еңбек әкiмшiлiк шенеунiктерiн олардың өз мiндеттерiн атқару кезiндегi жүрiп-тұруын жеңiлдетуге және әкiмшiлiк жүктерiн тасымалдауға жәрдемдесетiн болса, бұл өкiмет орындары жергiлiктi жоғары өкiмет орындарына осы Конвенцияның 23-бабында көзделген регламенттеу арқылы белгiленген кезең мен жағдайларға еңбекшiлердi олардың әдеттегi тұрғылықты жерiнен әкетiлетiн мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартуға да құқық бере алады.
9-бап
Осы Конвенцияның 10-бабы өзгеше көздейтiн жағдайларды қоспағанда, мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартуға құқылы өкiмет органы еңбектiң мұндай түрiн қолдануға рұқсат беруден бұрын алдын ала мыналарға:
а) орындалуға тиiстi қызмет немесе жұмыс оны орындауға тиiстi ұжым үшiн тiкелей және маңызды мүдде туғызатынына;
b) бұл қызмет немесе жұмыс қазiргi және таяу уақытта қажет болып табылатынына;
с) осы аумақта бұған ұқсас қызмет немесе жұмыс үшiн төленетiн мөлшерден кем емес жалақы мен еңбек жағдайы ұсынылғанына қарамастан, осы қызметтi немесе жұмысты орындауға ерiктi жұмыс күшiн табу мүмкiн болмағанына;
d) қолда бар жұмыс күшi мен оның осы жұмысты орындауға қабiлеттiлiгiн ескере отырып, бұл жұмыстың немесе қызметтiң салдарынан халыққа өте көп ауыртпалық түсiрмейтiнiне көз жеткiзуi тиiс.
10-бап
1. Салық ретiнде талап етiлетiн мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек пен қоғамдық жұмыстарды орындату үшiн әкiмшiлiк мiндеттер атқаратын тайпа көсемдерi жиi қолданатын мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек бiртiндеп жойылады.
2. Оның жойылуына дейiн, мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек салық ретiнде талап етiлген жағдайларда және қоғамдық жұмыстарды орындату үшiн әкiмшiлiк мiндеттер атқаратын тайпа көсемдерi мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке нұсқау берген кезде мүдделi өкiмет орындары алдын ала мыналарға:
а) орындалуға тиiстi қызмет немесе жұмыстың оны орындауға тиiстi ұжым үшiн Тiкелей және маңызды мүдделi болуына;
b) бұл қызмет немесе жұмыс қазiргi және таяу уақытта қажет болып табылатынына;
с) қолда бар жұмыс күшi мен оның осы жұмысты орындауға қабiлеттiлiгiн ескергенде, бұл қызметтiң немесе жұмыстың салдарынан халыққа онша көп ауыртпалық түспейтiнiне;
d) осы қызметтi немесе жұмысты орындау еңбекшiлердi әдеттегi тұрғылықты жерiнен кетуге мәжбүр етпейтiнiне;
е) осы қызметтiң немесе жұмыстың орындалуына басшылық дiн, қоғамдық өмiр және ауыл шаруашылық талаптарына сәйкес жүргiзiлетiнiне көз жеткiзуi тиiс.
11-бап
1. Еңбекке қабiлеттi жасы шамамен он сегiзден төмен емес және қырық бестен жоғары емес еркек адамдар ғана мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылуы мүмкiн. Осы Конвенцияның 10-бабында көзделген жұмыс санаттарынан басқа, мынадай шектеулер мен шарттар:
а) мүмкiн болған жағдайлардың бәрiнде осы адамдар қандай да бiр жұқпалы аурумен ауырмайтыны, нұсқау берiлген жұмысты атқаруға және бұл жұмыс жүргiзiлетiн жағдайларға дене күшi жағынан жарамдылығы туралы әкiмшiлiк тағайындаған дәрiгердiң алдын ала берген куәлiгi болуы;
b) мектеп мұғалiмдерi мен оқушыларының, сондай-ақ барлық әкiмшiлiк қызметкерлерiнiң босатылуы;
с) әр ұжымда отбасылық және қоғамдық өмiр үшiн қажеттi ересек және еңбекке жарамды еркектердiң қалдырылуы;
d) отбасы және жұбайлар қарым-қатынасының құрметтелуi сақталады.
2. 1-тармақтың с) тармақшасында көрсетiлген мақсатта осы Конвенцияның 23-бабында көзделген регламенттеу еңбекке үнемi жарамды еркектер қатарындағы адамдар арасынан бiр мезгiлде мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылуы мүмкiн үлесiн анықтайды, алайда бұл үлес осындай халықтың 25 пайызынан аспауы тиiс. Бұл үлестi белгiлей отырып, құзыреттi өкiмет орындары халықтың тығыздығын, осы халықтың қоғамдық және табиғи дамуын, жыл мезгiлiн және бұл адамдардың тұрғылықты жерi бойынша және өздерiнiң жеке құралдарымен орындалуға тиiстi жұмыстың сипатын ескередi, жалпы алғанда осы ұжымның қалыпты өмiрiнiң экономикалық және қоғамдық қажеттерiн құрметтейдi.
12-бап
1. Қандай адамды болмасын мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартуға болатын ең ұзақ мерзiм жылына алпыс күннен аспауға тиiс, бұл ретте жұмыс орнына барып қайтуға қажеттi уақыт осы алпыс күнге енгiзiледi.
2. Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған әрбiр еңбекшiге оның осындай жұмыста iстеген уақыты көрсетiлген куәлiк берiледi.
13-бап
1. Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған әрбiр адамның жұмыс уақытының ұзақтығы ерiктi жалдама жұмыс жағдайында қолданылатын жұмыс уақытының ұзақтығындай болуы тиiс, ал әдеттегi нормадан тыс уақытта атқарылған жұмыс уақытына ақы еркiн жалдама еңбек жағдайындағы жұмыстан тыс уақытта қолданылатын ставкалармен төленедi.
2. Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң қандай да бiр түрiне тартылған азаматтардың бәрiне аптасына бiр күн демалыс берiледi және бұл күн мүмкiндiгінше осы елдiң немесе ауданның салт-дәстүрiнде белгiленген демалыс күнiне сәйкес келуi тиiс.
14-бап
1. Осы Конвенцияның 10-бабында аталған жұмыстарды қоспағанда, мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң барлық нысандарына ақы нақты ақшамен төленедi, оның ставкалары жөнiнде еңбектiң осы түрi не айтылған жұмыс атқарылатын ауданда не еңбекшiлердi жалдаған ауданда қолданылатын ставкалардан төмен болмауы керек, оның үстiне жоғары ставкамен төленеді.
2. Жұмысқа әкiмшiлiк мiндеттер атқарушы тайпа көсемiнiң нұсқауы бойынша тартылған реттерде жалақыны осының алдындағы тармақта көрсетiлген жағдайларда төлеу тәртiбi мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмге енгiзiледi.
3. Жалақы тайпа басшысына немесе басқа бiр өкiмет орнына емес, әрбiр еңбекшiге жеке-жеке төленедi.
4. Жұмыс орнына барып-қайту күндерi жалақы төлеу мақсатында жұмыс iстеген күн деп қаралады.
5. Осы бап еңбекшiлерге жалақының бiр бөлiгi ретiнде әдеттегi азық-түлiк үлестерiнiң, бұл үлестер ең болмағанда алмастырылатын ақша сомасына тең болған жағдайда берiлуiне тыйым салуды көздемейді, бiрақ жалақыдан салық ретiнде де, еңбекшілерге оларды ерекше еңбек жағдайындағы жұмысты жалғастыру үшiн жұмысқа жарамдылығы ахуалында ұстау үшiн ерекше тамақтандырылғаны да, киiмi немесе тұрғын жайы үшiн де, оларға берiлген жұмыс құралдары үшiн де ешқандай ақша ұсталмайды.
15-бап
1. Өндiрiстегi жазатайым оқиғалар мен кәсiби аурулар үшiн өтемақыға қатысты кез келген заңдастырулар және қайтыс болған немесе еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалтқан еңбекшiлердiң асырауындағы адамдарға жәрдемақы төлеудi көздейтін, белгiлi бiр аумақтағы қолданылып жүрген немесе қолданысқа енгiзілетiн кез келген заңдастырулар мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған адамдарға еркiн жалдау бойынша жұмыс iстеушiлермен бiрдей негiзде қолданылады.
2. Еңбекшiлердi мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартатын әрбiр өкiметке, егер еңбекшi өндiрiстегі жазатайым оқиғаның немесе кәсiби аурудың салдарынан толық немесе жарым-жартылай өмiр сүруге қаражат табу қабiлетiнен айрылған болса, оның күн көруiн қамтамасыз ету мiндетi жүктеледi. Сондай-ақ еңбекші қайтыс болған немесе еңбекке қабілетін жоғалтқан, бұл оның жұмысы салдарынан болған жағдайда оның шын мәнiнде асырауында болған кез келген адамды асырауды қамтамасыз ету үшін шаралар қолдану мiндетi де осы өкiмет орнына жүктеледi.
16-бап
1. Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған адамдар, айрықша қажет болатын жағдайларды қоспағанда, өздерiнiң үйреншiктi жағдайларынан тамақтану және климат жағдайлары денсаулығына қауiп төндiретiн өзгеше аудандарға ауыстырылмайды.
2. Егер еңбекшілердi орналастыру үшiн және олардың денсаулығын сақтау үшiн қажеттi гигиена және тұрмыстық жағдайларға қатысты барлық шаралар қатаң жүргiзілмесе, еңбекшiлердi мұндай ауыстыруға ешбiр жағдайда рұқсат етуге болмайды.
3. Егер мұндай ауыстыру мiндеттi болса, құзыреттi медициналық мекемемен консультациядан кейiн еңбекшiлердiң жаңа тамақтану және климат жағдайларына бiртiндеп дағдылануын қамтамасыз ететiн шаралар қолданылады.
4. Егер еңбекшiлер өздерiне үйреншiктi емес жұмыстарды ұдайы атқаруға тартылатын болса, олардың осы жұмыс түрiне дағдылануын қамтамасыз ету, атап айтқанда бiртiндеп үйрету, жұмыс сағаттарын, демалыс үзiлiстерiн және қажетiнше тамақтандыруды жақсарту немесе оның рационын көбейту үшiн шаралар қолданылады.
17-бап
Еңбекшiлер сайып келгенде ұзақ уақыт бойы жұмыс орнында қалуға тура келетiн құрылыс немесе жөндеу жұмыстарын атқару үшiн мәжбүрлi немесе міндеттi еңбекке тартуға рұқсат бермей тұрып, құзыреттi өкiмет орындары мыналарға:
1) еңбекшiлерге тиiстi гигиеналық жағдайлар мен қажеттi медициналық көмектi қамтамасыз ету үшiн қажеттi барлық шаралар қолданылғанына, атап айтқанда: а) бұл еңбекшiлер жұмыс басталғанға дейiн және олар осы жұмыста болған кезең iшiнде белгiлi бiр уақыт аралығында медициналық тексеруден өткiзiлетiнiне, b) жеткiлiктi медициналық қызметкерлермен, сондай-ақ кез келген мұқтаждық үшiн қажеттi диспансерлермен, емдеу орындарымен, госпитальдармен қамтамасыз ету және барлық қажеттi жабдықтармен қамтамасыз ету қарастырылғанына, с) жұмыс орындарында жақсы гигиеналық жағдайлар, еңбеккерлердi ауыз сумен, тамақ өнiмдерiмен және отынмен, сондай-ақ ас үй жарақтарымен жабдықтау қанағаттанарлық түрде қамтамасыз етiлген және қажет болған жағдайда қанағаттанарлық киiм мен тұрғын жаймен қамту қарастырылғанына;
2) еңбекшiнiң отбасының өмiр сүруiн қамтамасыз ету үшiн, атап айтқанда еңбекшiнi жалақысының бiр бөлiгiн оның келiсiмi немесе өтiнiшi бойынша отбасына сенiмдi әдiспен жiберу үшiн тиiстi шаралардың қолданылғанына;
3) жұмыс орнына жету және кейiн қайту әкiмшiлiк жауапкершiлiгiмен және оның есебiнен қамтамасыз етiлетiнiне және әкiмшiлiк қол жеткен көлiк түрлерiнiң бәрiн неғұрлым кеңiнен пайдалана отырып бұл жүрiстердi жеңiлдететiнiне;
4) ауыру немесе жазатайым оқиға жағдайының салдарынан еңбекшi жұмыс қабiлетiн уақытша жоғалтқан жағдайда оны әдеттегi тұрғылықты жерiне қайтару әкiмшiлiк есебiнен жасалатынына;
5) мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек мерзiмi өткен соң кез келген еңбекшi екi жылдық кезең iшiнде өзiнiң әдеттегi тұрғылықты жерiне тегiн оралу құқығын жоғалтпай сол жерде ерiктi жалдану бойынша жұмыста қалуға тiлек бiлдiретiнiне көз жеткiзiп алуы керек.
18-бап
1. Жүк тасушы мен ескекшiлер сияқты адамдардың еңбегi немесе жүк тасымалдау мақсатындағы мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек мүмкiндiгiнше қысқа мерзiмде жойылады. Бұл арғы жоюға дейiн құзыреттi өкiмет орындары мыналарды анықтайтын регламенттеудi шығаруға мiндеттi, атап айтқанда олар: а) еңбектiң бұл түрiн тек қана әкiмшiлiк шенеунiктерiн олардың қызмет мiндеттерiн атқару кезiндегi жүрiп-тұруын жеңiлдету үшiн немесе әкiмшiлiк жүктерiн тасымалдау үшiн, немесе шенеунiк емес басқа да адамдарды жедел тасымалдау аса қажет болған жағдайда ғана пайдалануға мiндеттену; b) мұндай тасымалдарға, медициналық куәландыру мүмкiн болған жағдайда, медициналық алдын ала куәландыру арқылы осындай жұмысты атқаруға қабiлеттi деп танылған, ал мұндай мүмкiндiк болмаған жағдайда мұндай жұмыс күшiн пайдаланатын адам тасымалдаумен айналысатын адамның қажеттi күш-қуат қабiлетi болуын және жұқпалы аурулармен ауырмайтынын өз жауапкершiлiгiне алып көз жеткiзуге мiндеттi; с) еңбекшiлер алып жүруге тиiстi жүктiң ең жоғары салмағы; d) еңбекшiлердiң өзiнiң әдеттегi тұрғылықты жерiнен кетуiнiң ең көп қашықтығы; е) бiр айдың немесе кез келген басқа кезеңдегi еңбекшiлер жұмысқа тартылатын күндерiнiң ең көп саны, бұған тұрғылықты жерiне қайтуға қажет күндерi де кiредi; f) мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң осы түрiне тарту құқығы бар адамдар, сондай-ақ бұл құқықтың қолданылу шегi.
2. Осы тармақтың с, d және е тармақшаларында сөз болған мөлшерлердiң жоғарғы шегiн анықтау кезiнде құзыреттi өкiмет органдары мәселеге қатысты түрлi факторларды, атап айтқанда, жұмыс күшiн беретiн халықтың нақты қабiлетiн, еңбекшiлер жүрiп өтуге тиiс жол бағытының сипатын, сондай-ақ климат жағдайларын ескередi.
3. Бұдан басқа құзыреттi өкiмет орындары жүк тасушылардың күнделiктi қалыпты бағытының орташа алыстығы сегiз сағаттық күнге сәйкес қашықтықтан аспауы үшiн шаралар қолданады, оның үстiне бұл қашықтықты анықтау кезiнде жүктiң салмағы мен жол қашықтығы ғана емес, сонымен бiрге жолдың жағдайын, жыл мезгiлiн және осыған қатысты басқа да факторларды ескередi; жұмыстан тыс уақытта жұмыс iстеу қажет болған жағдайда мұндай жұмыс әдеттегi ставкадан жоғары ставка бойынша төленедi.
19-бап
1. Құзыреттi өкiмет органдары мәжбүрлi жер өңдеуге тек қана аштықтың алдын алу немесе тамақ өнiмдерiнiң жетiспеушілігi және әрдайым осының нәтижесінде алынған ауыл шаруашылық өнiмдерi немесе азық-түлiк оларды өндiрген адамдардың немесе ұжымның меншiгi болып қалатын жағдайда ғана рұқсат бередi.
2. Егер өндiрiс заңға және ұжымдық негiздегi дәстүрлерге сәйкес ұйымдастырылса және өнiмдер мен сол өнiмдердi сатудан түскен пайда ұжым меншiгiнде қалатын болса, бұл баптың салдарынан ұжым мүшелерiнiң заңмен немесе ұжым дәстүрiмен белгiленген жұмысты орындау мiндетiнен босатуына әкеп соқпайды.
20-бап
Ұжым мүшелерiнің бiреуi жасаған қылмыс үшiн тұтас ұжымға қолданылатын ұжымдық жазалау көзделетiн заңдар жазалау шарасы ретiнде ұжымдық мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi көздемеуi керек.
21-бап
Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбек шахталардағы жерасты жұмыстарын орындауға қолданылмайды.
22-бап
Осы Конвенцияны бекiтетiн Ұйымның Мүшелерi Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 22-бабына сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросына ұсынуға мiндеттенетiн осы Конвенция ережелерiн жүзеге асыру жөнiндегi шаралар туралы жыл сайынғы баяндамаларда әрбiр тиiстi аумаққа қатысты осы аумақта мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектiң қолданылу көлемi туралы мүмкiндiгiнше неғұрлым толық ақпарат, сондай-ақ мына мәселелер туралы: бұл еңбектiң қолданылу мақсаты; ауыру және өлiм-жiтiм туралы, жұмыс күнiнiң ұзақтығы; жалақы ставкалары және төлеу тәртiбi туралы деректер; сондай-ақ осыған қатысты басқа да мәлiметтер болуы тиiс.
23-бап
1. Осы Конвенция ережелерiн жүзеге асыру мақсатында құзыреттi өкiмет орындары мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолданудың толық және нақты регламентациясын басып шығарады.
2. Бұл регламентацияда, атап айтқанда, мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған әрбiр адамға оған жасалған еңбек жағдайлары жөнiнде өкiмет орындарына кез келген шағым жасауға және бұл шағымдардың қаралуы мен назарға алынуына кепiлдiк беретiн ережелер болады.
24-бап
Барлық жағдайларда мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбектi қолданудың ережелерiн қатаң жүзеге асыруды қамтамасыз ету үшiн не еркiн жалдау жөнiндегi еңбекке бақылау жасауды жүзеге асырушы кез келген қазiргi инспекция органының қызметiн мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тарату жолымен, не басқа да кез келген тиiстi жүйе арқылы тиiстi шаралар қолданылады. Бұл ережелердiң мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке тартылған адамдардың назарына жеткiзу үшiн де шаралар қолданылады.
25-бап
Мәжбүрлi немесе мiндеттi еңбекке заңсыз тарту қылмыс тәртiбiмен жазаланады және Ұйымның осы Конвенцияны бекiтушi әрбiр Мүшесi заңда ұйғарылған санкциялардың шын мәнiнде тиiмдi және қатаң сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
26-бап
1. Халықаралық Еңбек Ұйымының әрбiр Осы Конвенцияны бекiтушi Мүшесi оны өзiнiң егемендiгiндегi, заңдық хұкiмiндегi, протекторатындағы, сюзеренитетiндегi, қамқоршылығындағы немесе басқаруындағы аумақта iшкi заңдық хұкiмi мәселелерiнде өзiне мiндеттеме алу құқығы шеңберiнде қолдануға мiндеттенедi. Алайда, егер Ұйымның осы Мүшесi Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының 35-бабының ережелерiн пайдаланғысы келетiн болса, ол өзiнiң бекiту туралы құжаттарына өтiнiшiмен қоса:
1) осы Конвенция ережелерiн өзi өзгерiссiз қолданғысы келетiн аумақтарды;
2) осы Конвенция ережелерiн өзi өзгерiстермен қолданғысы келетiн аумақтарды және осы өзгерiстердiң егжей-тегжейiн;
3) өзiнiң шешiмiн резервтеу аймақтарын көрсетуге тиiс.
2. Көрсетiлген өтiнiш бекiту туралы құжаттың ажырамас бөлiгi болып саналады және онымен бiрдей салдарға апарып соқтырады. Ұйымның кез келген Мүшесi келесi өтiнiшi арқылы осы баптың 1-тармағындағы 2 және 3-тармақшалардың күшiне орай, өзiнiң алдындағы мiндеттемесiнен тұтастай немесе iшiнара бас тарта алады.
27-бап
Осы Конвенцияны бекiту туралы ресми құжаттар тiркеу үшiн Халықаралық Еңбек Ұйымы Жарғысының ережелерiне сәйкес Халықаралық Еңбек Бюросының бас Директорына жiберiледi.
28-бап
1. Осы Конвенция Халықаралық Еңбек Ұйымының бекiту туралы құжаттары Халықаралық Еңбек Бюросында тiркелген мүшелерiн ғана байланыстырады.
2. Ол Ұйымның екi мүшесiнiң бекiту туралы құжаттарын Бас Директор тiркеген соң он екi айдан кейiн күшiне енедi.
3. Кейiннен бұл Конвенция Ұйымның әрбiр Мүшесiне қатысты бекiту туралы құжаты тiркелген күннен кейiн он екi ай өткен соң күшiне енедi.
29-бап
Халықаралық Еңбек Ұйымының екi Мүшесiнiң бекiту туралы құжаттары тiркелiсiмен Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директоры бұл туралы Халықаралық Еңбек Ұйымының барлық Мүшелерiне хабарлайды. Ол, сондай-ақ өзiне кейiннен Ұйымның басқа Мүшелерiнен келген бекiту туралы барлық құжаттардың тiркелгендiгi туралы да хабарлайды.
30-бап
1. Ұйымның осы Конвенцияны бекiткен кез келген Мүшесi ол алғаш күшiне енгiзiлген кезiнен бастап он жыл мерзiм өткен соң оны Халықаралық Еңбек Бюросының Бас Директорына жiберiлген және онда тiркелген күшiн жою туралы акт арқылы оның күшiн жоя алады. Күшiн жою туралы акт Халықаралық Еңбек Бюросында тiркелген соң бiр жылдан кейiн күшiне енгiзiледi.
2. Ұйымның осы Конвенцияны бекiткен әрбiр Мүшесi осы бапта көзделген өзiнiң күшiн жою құқығын осының алдындағы тармақта айтылған он жылдық кезең өткен соң бiр жыл мерзiмде пайдаланбаса, ол келесi бес жыл кезеңге созылады және кейiннен осы Конвенцияның күшiн әрбiр бес жылдық кезең өткен сайын осы бапта белгiленген тәртiппен жоя алады.
31-бап
Халықаралық Еңбек Бюросының Әкiмшiлiк Кеңесi қажет деп тапқан әрбiр ретте ол Бас Конференцияға осы Конвенцияны қолдану туралы баяндама ұсынады және Конференцияның күн тәртiбiне оны толық немесе iшiнара қайта қарау туралы мәселенi енгiзу қажеттiгiн шешедi.
32-бап
1. Егер Бас Конференция осы Конвенцияны толық немесе iшiнара қайта қарайтын жаңа конвенцияны қабылдайтын болса, Ұйым Мүшелерiнiң жаңа, қайта қараушы конвенцияны бекiтуi, жаңа қайта қараушы конвенция күшiне енгiзiлген жағдайда, осы Конвенцияның мерзiмiне қатысты және 30-баптағы ережелерге тәуелсiз қандай да бiр шарттарсыз осы Конвенцияның өзiнен өзi күшiн жоюына апарып соғады.
2. Жаңа, қайта қараушы конвенция күшiне енгiзiлген күннен бастап осы Конвенция оны Ұйым Мүшелерiнiң бекiтуi үшiн жабық болады.
3. Осы Конвенция оны бекiткен, бiрақ жаңа, қайта қараушы конвенцияны бекiтпеген Ұйым Мүшелерi үшiн нысаны мен мазмұны жағынан түрлi жағдайда өз күшiнде қала бередi.
33-бап
Осы Конвенцияның француз және ағылшынша тiлдерiндегi мәтiндерiнiң күшi бiрдей.