Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы

Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 5 шілдедегі № 72 Заңы.

Жаңартылған

МАЗМҰНЫ

      Осы Заң қылмыстық процеске құқыққа қарсы араласудың жолын кесу мақсатында, қылмыстық процеске қатысушы адамдардың, олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарының өмiрiн, денсаулығын, мүлкiн, заңды құқықтарын, мүдделерiн мемлекеттiк қорғау, олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шараларының жүйесiн белгiлейдi.

1-тарау. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

1-бап. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы

      1. Қазақстан Республикасының қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінен, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінен, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.

      2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше қағидалар белгіленсе, онда халықаралық шарттың қағидалары қолданылады.

      3. Осы Заңның 2-бабында көрсетілген органдар Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша, өз құзыреті шегінде осы Заңның негізінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілер қабылдайды.

      Ескерту. 1-бап жаңа редакцияда - ҚР 04.07.2014 № 233-V Заңымен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).

1-1-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды жүзеге асыру принциптері

      Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғау заңдылық, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, қорғалатын адамның жеке басының құқықтары мен заңды мүдделерінің басымдығы, қорғалатын адамдар мен мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдардың өзара жауапкершілігі принциптеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 1-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.04.2009 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

1-2-бап. Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету

      Қылмыстық процеске қатысушы адамдарды, олардың отбасы мүшелері мен жақын туыстарын мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ету оларға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері төнген кезде қолданылатын, осы Заңда көзделген қауіпсіздік, құқықтық және әлеуметтік қорғау шараларын (бұдан әрі – мемлекеттік қорғау шаралары) уәкілетті мемлекеттік органдардың жүзеге асыруынан тұрады.

      Ескерту. 1-2-баппен толықтырылды – ҚР 07.04.2009 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

2-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар

      1. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган;

      2) қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қамтамасыз етеді.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыру ұлттық қауіпсіздік, ішкі істер, әскери басқару органдарына, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке және экономикалық тергеп-тексеру қызметіне жүктеледі.

      Бұл ретте жекелеген қауіпсіздік шаралары өзге уәкілетті мемлекеттік органдармен, жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасай отырып жүзеге асырылады.

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігі шараларын жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі мемлекеттік органдардың бірінші басшылары Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келісу бойынша бекітетін бірлескен нормативтік құқықтық актілерде айқындалады.

      3. Сот Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес сот талқылауына қатысатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдаған жағдайда сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асырған орган не судья айқындаған өзге де қылмыстық қудалау органы, сондай-ақ жазаны орындайтын мекемелер мен органдар, сот приставтары қауіпсіздік шараларын орындайды.

      Ескерту. 2-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

3-бап. Мемлекеттiк қорғауға жататын адамдар

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексi мен осы Заңға сәйкес:

      1) судьялар;

      2) қосшы билер;

      3) прокурорлар;

      4) тергеушiлер;

      5) анықтаушылар;

      6) жедел-iздестiру, қарсы барлау қызметiн жүзеге асыратын адамдар;

      6-1) жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтар;

      6-2) жеке айыптаушылар;

      6-3) қылмыстың алдын алуға немесе оларды ашуға ықпал ететін адамдар;

      7) қорғаушылар;

      8) сарапшылар;

      9) мамандар;

      10) сот отырыстарының хатшылары, сот приставтары, сот орындаушылары;

      11) жәбiрленушiлер;

      12) куәлер, қорғалуға құқығы бар куәлер;

      13) сезiктiлер;

      14) айыпталушылар, сотталушылар, сотталғандар, сондай-ақ өздеріне қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған немесе сот ақтау үкімін шығарған адамдар;

      15) аудармашылар;

      16) куәгерлер;

      17) заңды өкiлдер, өкiлдер;

      18) азаматтық талапкерлер, азаматтық жауап берушiлер;

      19) осы баптың 1)-18) тармақшаларында аталған адамдардың отбасы мүшелерi, жақын туыстары мемлекеттiк қорғауға жатады.

      Осы бапта аталған, өздерiне қатысты белгiленген тәртiппен мемлекеттiк қорғау шараларын қолдану туралы шешiм қабылданған адамдар бұдан әрi "қорғалатын адамдар" деп аталады.

      Ескерту. 3-бапқа өзгерістер енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); 04.07.2014 № 233-V (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі); 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

4-бап. Мемлекеттік қорғалу құқығының пайда болуы

      1. Мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекет жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар өз құзыреті шегінде осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қабылдауға міндетті.

      2. Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдарға жәрдемдесетін азаматтарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешімді қылмыстық процесті жүргізетін органмен қатар, жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметін жүзеге асыратын органдар осы Заңда көзделген тәртіппен қабылдайды.

      Ескерту. 4-бап жаңа редакцияда - ҚР-ның 2009.04.07. № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді - ҚР 28.12.2016 № 36-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін екі ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

5-бап. Мемлекеттiк қорғаудың түрлерi

      Осы Заңға және Қазақстан Республикасының басқа да заң актiлерiне сәйкес қорғалатын адамдар:

      1) қорғалатын адамдардың өмiрi мен денсаулығын қорғау мақсатында уәкiлеттi мемлекеттiк органдардың қауiпсiздiк шараларын қолдануымен, сондай-ақ олардың мүлкiнiң сақталуын қамтамасыз етумен;

      2) құқықтық қорғау шараларымен, соның iшiнде олардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне қол сұғушылық үшiн қылмыстық жауапкершiлiктi көздейтiн шараларды қолданумен;

      3) олар қаза болған (өлген), олардың денесiне жарақат салынған немесе денсаулығына басқа да зиян келтiрiлген, мүлкi жойылған немесе бүлдiрiлген жағдайда осы Заңмен белгiленген материалдық өтемге құқығын iске асыруды көздейтiн әлеуметтiк қорғау шараларын жүзеге асырумен қамтамасыз етiледi.

6-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуын қадағалау

      Мемлекеттiк қорғау шараларын жүзеге асыру кезiнде заңдылықтың сақталуына жоғары қадағалау Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына және оған бағынысты прокурорларға жүктеледi.

      Ескерту. 6-бап жаңа редакцияда - ҚР 11.07.2017 № 91-VI Заңымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

2-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫ

7-бап. Қауiпсiздiк шараларының түрлерi

      1. Анықтауды, алдын ала тергеуді жүргiзу кезiнде немесе сот талқылауы барысында қорғалатын адамдардың жеке және мүлiктiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мақсатында қылмыстық процестi жүргiзетін орган нақты мән-жайларды ескере отырып, мынадай қауiпсiздiк шараларын қолдануға құқылы:

      1) күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту;

      2) қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қолжетімділікті шектеу;

      3) қылмыстық процеске қатысушы адамдарға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болғызбайтын бұлтартпау шарасын Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қолдану;

      4) жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу;

      5) соттың жабық отырысын өткiзу;

      6) соттың куәден:

      бүркеншiк атын пайдалана отырып, оның жеке басы туралы деректерді жарияламай;

      оны танып қоюды болғызбайтын жағдайларда;

      сот талқылауына басқа қатысушылардың оны сырттан байқауынсыз;

      қажет болғанда бейне, дыбыс жазуға және жауап алу барысын түсiрiп алудың өзге де тәсiлдерiне тыйым сала отырып жауап алуы;

      7) Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде көзделген тәртіппен жақындауға тыйым салу;

      8) қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қылмыстық процесті жүргiзетін органның қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулысының негізінде бір мезгілде жеке қауіпсіздігін қамтамасыз етудің мынадай шараларының бірнешеуін не біреуін таңдайды және қолданады:

      1) жеке күзет, тұрғынжайын және өзге де мүлкiн күзету;

      2) жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету;

      3) қауiпсiз орынға уақытша орналастыру;

      4) қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету;

      5) басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу;

      6) құжаттарды ауыстыру;

      7) сырт пішінін өзгерту.

      Басқа тұрғылықты жерге көшіру, құжаттарды ауыстыру және сырт пішінін өзгерту қауіпсіздіктің айрықша шаралары болып табылады және қорғалатын адамның қауіпсіздігін басқа қауіпсіздік шараларын қолданумен қамтамасыз ету мүмкін болмайтын жағдайларда қолданылады.

      3. Осы бапта көзделген қауіпсіздік шараларын іске асыру мақсатында "Жедел-іздестіру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізілуі мүмкін.

      Ескерту. 7-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

8-бап. Күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауаптылыққа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту

      Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 115-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, қорғалатын адамдарға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде қылмыстық процестi жүргiзетін орган күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттер жасау қатерін төндiретiн адамға оның қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкiн екендiгi туралы ресми алдын ала ескерту жасайды. Қылмыстық процестi жүргiзетін орган жасаған алдын ала ескерту адамға қолхат алынып хабарланады.

      Ескерту. 8-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

9-бап. Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу

      Қорғалатын адам туралы мәлiметтерге қол жеткiзудi шектеу қылмыстық іс материалдарынан адамның сауалнамалық деректері туралы мәлiметтердi алу мен оларды негiзгi жүргiзiлiп жатқан iстен бөлек сақтаудан, сондай-ақ бұл үшiн бүркеншiк атты пайдаланудан тұрады.

10-бап. Айыпталушыға (күдіктіге) қатысты қылмыстық процеске қатысушыларға күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгін болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолдану

      Ескерту. 10-баптың тақырыбына өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

      Айыпталушы (күдікті) тарапынан қатер төнген жағдайда қылмыстық процестi жүргiзушi орган Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiне сәйкес соңғыға қатысты күш қолдану (қолдануды ұйымдастыру) немесе өзге де қылмыстық әрекеттер жасау (жасауды ұйымдастыру) мүмкiндiгiн болдырмайтын бұлтартпау шараларын қолдануға құқылы, ол туралы дәлелдi қаулы шығарады. Қаулының көшiрмесi оның шығарылуына қатысы бар адамға табыс етiледi.

      Қабылданған шешiм туралы қорғалатын адам хабардар етiледi.

      Бұлтартпау шаралары өзгерген немесе айыпталушы (күдікті) қашып кеткен жағдайда қорғалатын адам дереу хабардар етiлуге тиiс.

      Ескерту. 10-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

11-бап. Жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберу

      Қазақстан Республикасының Қылмыстық iс жүргiзу кодексiнде тiкелей көзделген реттерде төрағалық етушi жекелеген адамдарды сот отырысы залынан шығарып жiберуге құқылы.

12-бап. Соттың жабық отырысын өткiзу

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында сот талқылауына төрағалық етушi соттың жабық отырысын өткiзедi. Соттың iстi жабық талқылауына соттың дәлелдi қаулысы бойынша жол берiледi.

13-бап. Соттың куәден жауап алуы

      Соттың куәден жауап алуы оның жеке басы туралы деректердi жария етпей бүркеншiк атты пайдалана отырып, сондай-ақ сотта айыпталушы тараптың куәсiнен жауап алу айыпталушыны, қорғаушы тараптың өкiлдерiн сот отырысы залынан шығарып жiберген соң жүргiзiлуi мүмкiн.

      Қажет болған жағдайларда қорғалатын адамнан жауап алу оның танылып қалуын болдырмайтын жағдайда жүргiзiледi. Осы мақсатта бетперде, бет бояу, қорғалатын адамның дауысын өзгертуге арналған аппарат және заңға қайшы келмейтiн өзге де қорғау тәсiлдерi пайдаланылуы мүмкiн.

      Қорғалатын адамнан процеске басқа қатысушылардың сырттай бақылауынсыз жауап алу бейне және басқа техникалық құралдар, перде, қорғағыш экран көмегi қолданыла отырып, процеске қатысушылардың құпиялылықты сақтау туралы алдын ала ескертiлген шектеулi тобының қатысуымен жүргiзiлуi мүмкiн.

      Қажет болған жағдайда төрағалық етушi сот талқылауы барысында куәден жауап алуды түсiрiп алудың бейне, дыбыс жазу және өзге тәсiлдерiн қолдануға тыйым сала алады.

      Сот қолданылған қауiпсiздiк шаралары туралы дәлелдi қаулы шығарады.

13-1-бап. Жақындауға тыйым салу

      Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексіне сәйкес жақындауға тыйым салу белгіленеді.

      Ескерту. 13-1-баппен толықтырылды – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

14-бап. Жеке күзет, тұрғынжай мен өзге де мүлiктi күзету

      Қауiпсiздiк шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдардың келiсiмiмен олардың жеке күзетілуін, тұрғынжайлары мен өзге де мүлкiнiң күзетiлуiн қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда өртке қарсы және күзеттiк дабылдатқыш құралдары, қорғалатын адамның келісімімен бақылаудың техникалық құралдары орнатылады, телефон нөмiрлерi мен пайдаланылатын көлiк құралдарының мемлекеттiк тіркеу нөмірлік белгiлерi өзгертiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 14-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

15-бап. Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарымен, техникалық құралдармен және қарумен қамтамасыз ету

      Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар қорғалатын адамдарға жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, сондай-ақ оларға қатысты болуы мүмкін құқыққа қарсы қолсұғушылықты тіркеу және қауіптілік туралы хабарлау үшін техникалық құралдарды бере алады.

      Осы Заңның 3-бабы бірінші бөлігінің 1), 3), 4), 5) және 6) тармақшаларында санамаланған адамдарға қару, оның ішінде қызметтік, жауынгерлік қару немесе өзін-өзі қорғау қаруы да берілуі мүмкін. Қорғалатын адамдардың өздеріне берілген қаруды сақтауы, алып жүруі және қолдануы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс, қауіптілік туралы хабарлау құралдарын және техникалық құралдарды беру тәртібін, олардың түрлерін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.

      Ескерту. 15-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

16-бап. Қауiпсiз орынға уақытша орналастыру

      Қажет болған жағдайда кәмелеттiк жасқа толған қорғалатын адамдар - олардың келiсiмiмен, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдердiң келiсiмiмен өздерiне қауiпсiздiк қамтамасыз етiлетiн орындарға орналастырылуы мүмкiн.

      Ол жерде болу мерзiмi қорғалатын адамдар мен қорғауды қамтамасыз етушi орган арасында келiсiледi.

17-бап. Қорғалатын адамдар туралы мәлiметтердiң құпиялылығын қамтамасыз ету

      Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның шешiмi бойынша сол орган айқындайтын мерзiмге қорғалатын адамдардың жеке басы, олардың тұрғылықты жерi туралы деректердiң және мекенжай бюроларынан, төлқұжат қызметтерiнен, жол жүрісі қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі уәкілетті органның бөлiмшелерiнен, автоматты телефон байланысының анықтама қызметтерiнен және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, басқа да ақпараттық-анықтамалық қорлардан олар жөнiнде өзге де мәлiметтердiң, мұндай мәлiметтер басқа қылмыстық iс жүргiзуге байланысты белгiленген тәртiппен анықталатын жағдайларды қоспағанда, берiлуiне тыйым салынуы мүмкiн.

      Ескерту. 17-бап жаңа редакцияда - ҚР 17.04.2014 № 195-V (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін алты ай өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

18-бап. Басқа тұрғылықты жерге көшiру, жұмыс (қызмет) немесе оқу орнын ауыстыру, жұмысқа орналасуына көмектесу

      Қорғалатын адамдардың келiсiмiмен не олардың өтiнiшi бойынша олар басқа, уақытша немесе тұрақты жұмысқа (қызметке), немесе оқу орнына ауыстырылуы, басқа, уақытша немесе тұрақты тұрғылықты жерге көшірілуі мүмкiн.

      Мемлекеттік органдар және мемлекеттік ұйымдар өз құзыреті шегінде қорғалатын адамдардың жұмысқа орналасуына және оқуға орналасуына жәрдем көрсетуге міндетті.

      Ескерту. 18-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

19-бап. Құжаттарды ауыстыру

      Қорғалатын адамдардың өтiнiшi бойынша немесе олардың келiсiмiмен оларға өзгертiлген сауалнама деректермен жеке басын куәландыратын құжаттар және өзге де құжаттар берiлуi мүмкiн.

      Жаңа сауалнамалық деректер қорғалатын адаммен мiндеттi түрде келiсiле отырып таңдап алынады немесе оларды оның өзi таңдап алады, ал кәмелеттiк жасқа толмағандар үшiн - олардың ата-аналарының немесе өзге де заңды өкiлдерiнiң келiсiмiмен таңдап алынады.

20-бап. Сырт пiшiнiн өзгерту

      Қорғалатын адамның қауiпсiздiгiн басқа шаралармен қамтамасыз етуге болмайтын ерекше жағдайларда оның өтiнiшi бойынша немесе оның келiсiмiмен, кәмелеттік жасқа толмаған адам үшін - оның ата-анасының немесе өзге де заңды өкілдерінің жазбаша келісімімен оның сырт пiшiнi өзгертiлуi мүмкiн.

      Ескерту. 20-бапқа өзгерту енгізілді - ҚР-ның 2009.04.07. № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз) Заңымен.

3-тарау. ҚАУIПСIЗДIК ШАРАЛАРЫН ҚОЛДАНУ НЕГІЗДЕРI МЕН
ТӘРТIБI. ҚОРҒАЛАТЫН АДАМДАРДЫҢ ЖӘНЕ ҚАУIПСIЗДIКТI ҚАМТАМАСЫЗ
ЕТУШІ ОРГАНДАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ МЕН МIНДЕТТЕРI

21-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану және жүзеге асыру

      Осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етуді:

      1) 1-тармақтың 1), 2), 3) және 7) тармақшалары бойынша – қылмыстық iсті жүргiзiп жатқан органдар;

      2) 1-тармақтың 4), 5) және 6) тармақшалары бойынша – соттар;

      3) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшалары бойынша – қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      4) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 5) тармақшасы бойынша – жергiлiктi атқарушы органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      5) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 6) тармақшасы бойынша – уәкілетті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар;

      6) 2-тармақтың бірінші бөлігінің 7) тармақшасы бойынша денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органмен және денсаулық сақтау ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасай отырып, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар жүзеге асырады.

      Әскери соттардың судьяларына, прокурорларға, әскери полицияның, әскери-тергеу бөлiмшелерiнiң әскери қызметшiлерiне, сол сияқты олардың отбасы мүшелерi мен жақын туыстарына қатысты қауiпсiздiк шараларын тиiстi әскери бөлiмнiң қолбасшылығы немесе тиiстi әскери мекеменiң бастығы да жүзеге асыра алады.

      Уәкілетті мемлекеттік органдар, жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын және қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға осы Заңның нормаларын орындауға өз құзыреті шегінде жәрдем көрсетуге міндетті.

      Қылмыстық іс одан әрі тергеп-тексеру үшін басқа қылмыстық қудалау органына берілген кезде қорғалатын адамның қауіпсіздігі шараларын іске асыруды істі өзінің іс жүргізуіне қабылдаған орган жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

21-1-бап. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      1. Қорғалатын адамдар болып табылатын Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери қызметшілерінің, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің, сондай-ақ әскери жиындардан өтуі кезінде запастағы азаматтардың қауіпсіздігі Қарулы Күштердегі, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардағы әскери қызмет, сондай-ақ арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарында қызметті өткеру ерекшеліктері ескеріле отырып, осы Заңның 7-бабында көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану арқылы қамтамасыз етіледі.

      2. Әскери қызметшілер, арнаулы мемлекеттік органдар мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері қатарындағы қорғалатын адамға қатысты тиісті мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптары ескеріле отырып:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, әскери қызмет көзделген басқа мемлекеттік органның басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының басқа әскери бөліміне;

      2) әскерге шақыру бойынша мерзімді әскери қызмет өткеріп жатқан, қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатері төнуі мүмкін әскери қызметшіні Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың басқа әскери бөліміне;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес арнаулы мемлекеттік орган қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге арнаулы мемлекеттік органға;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құқық қорғау органының қызметкерін өзі қызмет өткеріп жатқан орган құрамындағы жаңа қызмет орнына не өзге құқық қорғау органына, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери бөліміне ауыстыру да (іссапарға жіберу де) қолданылуы мүмкін.

      3. Ауысу кезінде әскери қызметші, қызметкер негізгі немесе бір бейінді мамандығы бойынша пайдаланылуы қамтамасыз етіле отырып, тең немесе жоғары тұрған лауазымға тағайындалады.

      4. Қорғалатын адамды ауыстыру (іссапарға жіберу) оның жазбаша түрде білдірген келісімімен жүзеге асырылады.

      Ескерту. 21-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.04.2009 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

21-2-бап. Күзетпен ұсталынатын немесе жазасын өтеу орнындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету

      Күзетпен ұсталынатын немесе қамаққа алу, бас бостандығынан айыру түрінде жазасын өтеу орындарындағы қорғалатын адамның қауіпсіздігі оған қатысты осы Заңның 7-бабы 2-тармағы бірінші бөлігінің 3) және 4) тармақшаларында көзделген қауіпсіздік шаралары не Қазақстан Республикасының Қылмыстық-атқару кодексінде көзделген өзге де шаралар қолданылып қамтамасыз етіледі.

      Осы баптың бірінші бөлігінде аталған адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) қорғалатын адамды немесе қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды күзетпен ұстайтын және жазаны өтейтін бір орыннан екіншісіне ауыстыру да;

      2) қорғалатын адамды және қорғалатын адамға қатысты күш қолдануды немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекетті жасау қатерін төндіретін адамды бөлек ұстау да қолданылуы мүмкін.

      Ескерту. 21-2-баппен толықтырылды – ҚР 07.04.2009 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

22-бап Қауіпсіздік шараларын қолдану негіздері

      Қылмыстық процесті жүргізетін орган қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы жеткілікті деректер болған кезде мемлекеттік қорғауға жататын адамның ауызша (жазбаша) өтінішінің негізінде немесе өз бастамасы бойынша қауіпсіздік шараларын қабылдайды.

      Ескерту. 22-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

23-бап. Қауіпсіздік шараларын қолдану тәртібі

      1. Қылмыстық процесті жүргізетін орган мемлекеттік қорғауға жататын адамнан өзіне қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы ауызша (жазбаша) өтінішті алған соң не нақты қатер туралы куәландыратын жеткілікті деректер келіп түскен кезде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көрсетілген өтінішті немесе келіп түскен деректерді тексеруге және оны (оларды) алған кезден бастап жиырма төрт сағат ішінде қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды қолданудан бас тарту туралы шешім қабылдауға міндетті.

      Мемлекеттік қорғауға жататын адамға тиісті қаулының көшірмесі табыс етіле отырып, ол қабылданған шешім туралы дереу хабардар етіледі.

      Кідіртуге болмайтын жағдайларда қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім дереу қабылданады.

      2. Қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартуға не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға сотқа немесе прокуратураға шағым жасалуы мүмкін. Шағым дереу қаралуға жатады.

      3. Судья немесе прокурор қауіпсіздік шараларын қолданудан бас тартқан не қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулы қабылдаған жағдайда шағым жоғары тұрған соттың немесе прокурордың дереу қарауына жатады.

      4. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамның жеке қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы қаулыны алған соң осы Заңда көзделген жеке қауіпсіздіктің қажетті шараларын таңдайды, оларды қолдану мерзімдері мен тәсілдерін айқындайды, бұл туралы тиісті қаулы шығарады.

      5. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган жеке қауіпсіздікті қамтамасыз етудің таңдап алынған шаралары, оларды өзгерту, толықтыру және қолдану нәтижелері туралы қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органға хабар береді.

      6. Осы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген жеке қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын қолдану кезінде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адаммен қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдар айқындаған тәртіппен, осы Заңға сәйкес қауіпсіздік шараларын қолдану шарттары, тараптардың өзара міндеттемелері мен жауаптылығы туралы жазбаша түрде шарт жасасады. Қолданылатын қауіпсіздік шаралары қорғалатын және басқа да адамдардың зейнетақымен қамсыздандырылу, тұрғын үй, еңбек және өзге де құқықтарына нұқсан келтірмеуге тиіс.

      7. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын орган қорғалатын адамды ішкі орнықтылықтың бұзылуын болғызбауға, қауіпсіздік шараларын қолдануға байланысты жайлы әлеуметтік-психологиялық жағдайлар жасауға, қылмыстық процеске қатысуға байланысты әлеуметтік зиянды салдарды барынша азайтуға бағытталған психологиялық қолдап отыруды қамтамасыз етеді.

      Соттан басқа, қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларының қабылдануына қарамастан, қылмыстық процеске қатысушы адамға қатысты күш қолдану немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған басқа да іс-әрекеттің жасалу қатерінің анықталуына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру үшін негіздер болған кезде оны жүргізуге міндетті.

      8. Кәмелет жасқа толмағандарға немесе өздерінің дене немесе психикалық жағдайына байланысты өз құқықтары мен мүдделерін өз бетінше іске асыру мүмкіндігінен айырылған адамдарға қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану олардың заңды өкілдері тартыла отырып жүзеге асырылады. Заңды өкілдердің осы Заңда көзделген шектерде өздері өкілдік ететін жеке тұлғалардың құқықтары сияқты құқықтары бар.

      Ескерту. 23-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

24-бап. Қауiпсiздiк шараларын қолдану туралы шешiмдердi орындаудың мiндеттiлiгi

      1. Қауiпсiздiктi қамтамасыз ететiн органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерi, олардың атына жiберiлген атқарушы органдардың, мекемелердiң, ұйымдардың лауазымды адамдарының орындауы үшін мiндеттi.

      2. Мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың лауазымды адамдары мен басқа да жұмыскерлері өздеріне осы Заңмен жүктелген міндеттерді шешуде мемлекеттік қорғауды қамтамасыз ететін органдарға жәрдем көрсетуге міндетті және көрсетілген органдар мен олардың өкілдеріне өз құзыреті шегінде қызметін жүзеге асыруына кедергі жасауға құқылы емес.

      Ескерту. 24-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

25-бап. Қорғалатын адамдардың құқықтары

      Қорғалатын адамдардың:

      1) өздерiне, өздерінің отбасы мүшелеріне, жақын туыстарына қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы бiлуге;

      2) қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдарға осы Заңның 7-бабында санамаланған нақты қауiпсiздiк шараларын өздерiне қатысты қолдану немесе қолданбау не олардың күшін толық жою туралы өтiнішхат беруге;

      3) қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ететін лауазымды адамдардың шешімдері мен әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған органға, прокуратураға немесе сотқа шағым жасауға;

      4) осы Заңда көзделген қосымша қауіпсіздік шараларын қолдану не олардың күшін жою туралы өтінішпен жүгінуге құқығы бар.

      Ескерту. 25-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-бап. Қорғалатын адамдардың мiндеттерi

      Қорғалатын адамдар:

      1) өздерiне қатысты қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын және қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органның заңды талаптарын орындауға;

      2) өздерiне қатысты қатер төнген әрбір жағдай немесе құқыққа қарсы әрекеттердiң фактілері туралы қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін органға дереу хабар беруге;

      3) қауiпсiздiктi қамтамасыз ету үшiн өздерiне берiлген мүлiктi күтіп-ұстауға, қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында пайдалануға берілген мүлікті сатқан, басқа адамға берген немесе қасақана бүлдірген жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болуға;

      4) өздерiне қатысты қолданылатын қауiпсiздiк шаралары туралы мәлiметтердi жария етпеуге;

      5) қажет болған кезде жеке қорғану, өзін-өзі қорғау, байланыс құралдарын, техникалық құралдарды және қаруды пайдалануды оқып-үйренуге мiндеттi.

      Ескерту. 26-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

26-1-бап. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдардың құқықтары мен міндеттері

      1. Қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдардың:

      1) мемлекеттік қорғауға жататын адамдарға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері туралы өтініштер немесе деректер бойынша қажетті мәліметтерді мемлекеттік органдардан, жеке тұлғалардан және ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, заңды тұлғалардан сұратуға және олардан алуға;

      2) іс жүргізу іс-әрекеттерін жүргізуге немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қажетті тапсырмалар беруге құқығы бар.

      2. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың:

      1) қорғалатын адамға қатысты қажетті жеке қауіпсіздік шараларын таңдап алуға, оларды қолдану тәсілдері мен мерзімдерін айқындауға, қолданылатын жеке қауіпсіздік шараларын қажет болған кезде өзгертуге және толықтыруға;

      2) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылданған қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдарға, меншік нысанына қарамастан жеке және заңды тұлғаларға сұрау салуға және олардан қажетті мәліметтерді алуға;

      3) қорғалатын адамнан қауіпсіздік шараларын қолдану шарттарын сақтауды, аталған шараларды қолдануға байланысты заңды өкімдерді орындауды талап етуге;

      4) қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын органдарға қауіпсіздік шараларын қолдану не оларды тоқтату туралы ұсыныспен өтініш беруге;

      5) заңда белгіленген тәртіппен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізуге;

      6) осы Заңда көзделген жағдайларда қорғалатын адамдардың жеке қауіпсіздігі шараларының күшін жоюға құқығы бар.

      3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін органдар:

      1) қауіпсіздік шараларын қолдануды қажет ететін, өздеріне белгілі болған әрбір оқиғаға жедел ден қоюға;

      2) қорғалатын адамға қатысты барлық қажетті қауіпсіздік шараларын жүзеге асыруға;

      3) қорғалатын адамдарды қауіпсіздігіне төнген қатер туралы, оларға қатысты осы Заңда көзделген қауіпсіздік шараларын қолдану туралы, өзгерту немесе қолдануды тоқтату туралы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген қауіпсіздікті қамтамасыз етуге байланысты шешімдер қабылдау туралы уақтылы хабардар етуге;

      4) қауіпсіздік шараларын қолдану (қолданудан бас тарту) туралы қаулымен таныстырған кезде қорғалатын адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге міндетті.

      Ескерту. 26-1-баппен толықтырылды – ҚР 07.04.2009 № 149-IV (қолданысқа енгізілу тәртібін 2-баптан қараңыз); өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңдарымен.

27-бап. Қауiпсiздiк шараларының күшін жою

      1. Қауіпсіздік шараларының күші қорғалатын адамға қатысты күш қолданудың немесе қылмыстық заңмен тыйым салынған өзге де іс-әрекеттің жасалу қатері жойылған, қорғалатын адам осы Заңның 23-бабының 6-тармағында көрсетілген шартты жасасудан бас тартқан немесе қорғалатын адам осы шарттың талаптарын орындамаған жағдайларда не егер қауіпсіздік шараларын қолдану туралы шешім қабылдайтын орган объективті деп таныған өзге де негіздердің туындауына орай қауіпсіздік шараларын одан әрі қолдану мүмкін болмаса, жойылады.

      2. Қауіпсіздік шараларының күші Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңда көзделген тәртіппен, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын адамның, прокурордың, соттың, қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның уәкілетті лауазымды адамының уәжді қаулысымен немесе соттың үкімімен жойылады.

      3. Қорғалатын адамдардың қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы жазбаша өтініші немесе қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органның олардың күшін жою туралы өтінішхаты үш тәуліктен аспайтын мерзімде қаралады. Қабылданған шешім туралы қаулы шығарылады, ол шығарылған күні қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органға жіберіледі, сондай-ақ өзіне қатысты көрсетілген қаулы шығарылған адамға табыс етіледі.

      4. Қылмыстық процесті жүргізетін орган қауіпсіздік шараларын жалғастыру туралы мәселені шеше отырып, қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатқан не үкім шығарылған кезде қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдардың уәкілетті лауазымды адамдары жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою үшін кейіннен негіздер туындаған жағдайларда, кейіннен прокурорды хабардар ете отырып, өз қаулысымен жеке қауіпсіздік шараларының күшін жоюға құқылы. Қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын органдарға қорғалатын адамның жеке қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы өтініші келіп түскен кезден бастап үш тәулікке дейінгі мерзімде қаралады. Оны қарау нәтижелері туралы тиісті қаулы шығарылады, оның көшірмесі кейіннен прокурор хабардар етіле отырып, өтініш берушіге табыс етіледі.

      5. Қауіпсіздік шараларының күшін жою туралы қаулыға Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінде және осы Заңның 23-бабында көзделген тәртіппен шағым жасалуы мүмкін.

      Ескерту. 27-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

28-бап. Осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн жауаптылық

      Қауіпсіздікті қамтамасыз етуші органдардың қорғалатын адамдарға қатысты қауiпсiздiк шараларының қолданылмауына немесе оның ойдағыдай жүзеге асырылмауына кiнәлi лауазымды адамдары не атына қауiпсiздiктi қамтамасыз етушi органдардың шешiмдерi жолданған атқарушы органдардың, мекемелердiң лауазымды адамдары оларды орындамаған жағдайда Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапқа тартылады.

      Мәлiметтерге қатысты сенiм бiлдiрiлген немесе осы мәлiметтер олардың лауазымдық қызметiне байланысты өздерiне белгiлi болған адамдар жүзеге асырылып жатқан қауiпсiздiк шаралары туралы жария еткен жағдайда заңға сәйкес қылмыстық жауапқа тартылуға жатады.

4-тарау. МЕМЛЕКЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫН ҚАРЖЫЛАНДЫРУ
ЖӘНЕ МАТЕРИАЛДЫҚ ҚАМТАМАСЫЗ ЕТУ. ӘЛЕУМЕТТIК ҚОРҒАУ ШАРАЛАРЫ

29-бап. Мемлекеттiк қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету

      1. Осы Заңда көзделген мемлекеттік қорғау шараларын қаржыландыру және материалдық-техникалық қамтамасыз ету қауіпсіздік шараларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың басшылары бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша белгілеген тәртіппен бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

      2. Қауiпсiздiк шараларын қолдануға байланысты шығыстарды қорғалатын адамға жүктеуге болмайды.

      Тұрғылықты жерi мен жұмыс орнын ауыстыруға, сондай-ақ сырт пiшiнiн өзгертуге байланысты жәрдемақылар төлеу мен шығыстарды өтеуді қауiпсiздiкті қамтамасыз ететiн орган Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырады.

      Ескерту. 29-бап жаңа редакцияда – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

30-бап. Қорғалатын адамдардың өмiрiне, денсаулығына және мүлкiне зиян келтiрiлген жағдайдағы әлеуметтiк кепiлдiктер

      Әлеуметтік қамсыздандырылуы Қазақстан Республикасының заңнамасымен реттелетін адамдардан басқа, қорғалатын адамдарға олардың қылмыстық процеске қатысуына байланысты өміріне, денсаулығына және мүлкіне зиян келтірілген жағдайда бюджет қаражаты есебінен әлеуметтік кепілдіктер қорғалатын адамға нұқсан келтіруге кінәлі адамнан осы қаражат кейіннен өндіріп алына отырып, Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда және тәртіппен қамтамасыз етіледі.

      Әлеуметтiк кепiлдiктердi төлеу тәртiбi мен шарттарын Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлейдi.

      Ескерту. 30-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 03.01.2023 № 188-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.

31-бап. Осы Заңның қолданысқа енгiзiлу тәртiбi

      Осы Заң 2001 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Қазақстан Республикасының
Президенті