Жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильмен тасымалдау туралы конвенцияны бекiту туралы

Қазақстан Республикасының Заңы 2000 жылғы 22 ақпан N 38-II

Қолданыстағы

      Бiшкекте 1997 жылғы 9 қазанда жасалған Жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильмен тасымалдау туралы конвенция бекiтiлсiн.

      Қазақстан Республикасының 
      Президенті

        

      Жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильмен
                   тасымалдау туралы 
                      КОНВЕНЦИЯ 

Қол қойғандар:  

Әзірбайжан Республикасы, Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Молдова Республикасы, Ресей Федерациясы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Украина

Ратификациялық грамоталарды тапсырды:

Өзбекстан Республикасы   - 1998 жылғы 20 ақпанда депонирленген;
Беларусь Республикасы    - 1998 жылғы 26 маусымда депонирленген;
Украина                  - 1999 жылғы 14 қыркүйекте депонирленген;
Қырғыз Республикасы      - 2000 жылғы 13 сәуірде депонирленген;
Армения Республикасы     - 2000 жылғы 11 мамырда депонирленген;
Қазақстан Республикасы   - 2000 жылғы 12 маусымда депонирленген;  
Тәжікстан Республикасы   - 2000 жылғы 27 шілдеде депонирленген;
Молдова Республикасы     - 2003 жылғы 25 маусымда депонирленген.
 

Конвенция 1999 жылғы 14 қыркүйекте күшіне енді

      

Келесі мемлекеттер үшін күшіне енді:

Өзбекстан Республикасы    - 1999 жылғы 14 қыркүйекте;
Беларусь Республикасы     - 1999 жылғы 14 қыркүйекте;
Украина                   - 1999 жылғы 14 қыркүйекте;
Қырғыз Республикасы       - 2000 жылғы 13 сәуірде;
Армения Республикасы      - 2000 жылғы 11 мамырда;
Қазақстан Республикасы    - 2000 жылғы 12 маусымда;  
Тәжікстан Республикасы    - 2000 жылғы 27 шілдеде;
Молдова Республикасы      - 2003 жылғы 25 маусымда.

     Бұдан әрi Тараптар деп аталатын үкiметтер тұлғасындағы осы Конвенцияға қатысушы-мемлекеттер, 
     жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильмен тасымалдау саласында келiсiлген iс-әрекеттердiң қажеттілiгіне сүйене отырып, 
төмендегiлерге келiстi: 

                         I тарау 
                   Жалпы ережелер      

                        1-бап       

      1. Осы Конвенция жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды олардың тiркелген елiне байланыссыз халықаралық қатынастағы автобустармен орындайтын Тараптардың тасымалдаушыларына, сондай-ақ келiсiм-шартта тасымалдау кемінде екi Тараптың аумақтары бойынша және шығу мекенi немесе бару мекенi Тараптардың бiрiнiң аумағында болғанда жүзеге асырылатындығы тасымалдау келiсiм-шартында жолаушыларды және олардың жүктерiн автобустармен тасымалдау атап көрсетiлген жағдайда таралады және олар үшiн мiндеттi болып табылады. 

      2. Конвенция тасымалдаудың тәртiбi мен ережелерiн, тасымалдаушылардың жауапкершiлiгiн, талаптар мен iзденулер ұсынудың тәртiбiн реттейдi. 

      3. Конвенцияда қолданылатын терминдердiң мағыналары мынадай: 

      а) "жолаушы" - тасымалдаушымен өзi немесе оның атынан жасалған тасымалдау келiсiм-шартын орындау мақсатында ақы үшiн немесе тегiн тасымалданатын жеке тұлға; 

      ә) "тасымалдаушы" - жолаушыларды және жүктердi халықаралық тасымалдауды жүзеге асыратын және мекеннің мемлекеттiк заңына сәйкес кәсiпкерлiк қызметтiң субъектiсi ретiнде тiркелген заңды немесе жеке тұлға; 

      б) "автобус" - жолаушылар мен жүктердi тасымалдауға арналған, жүргiзушiнің орнын санамағанда кемiнде 7 отыру орны бар автомобиль;

      в) "билет" - жолаушының автобусты пайдалануға құқығын куәландыратын және тасымалдаушы мен жолаушы арасында келiсiм-шарт жасалғандығын растайтын құжат;

      г) "жүк" - көлiкпен жөнелтуге оралған (қапталған) және жолаушыдан бөлек тасылатын салмақты зат;

      д) "жүк түбiртегi" - жүктiң тасымалдауға қабылданғанын растайтын құжат.      

                                II тарау
                          Тасымалдау шарттары 

                               2-бап 

      1. Тасымалдауды ұйымдастыру және оларды жүзеге асыруға құқық алуды қоса жолаушылар мен жүктердi халықаралық автомобильмен тасымалдаудың жалпы шарттары, сақтандыру тәртiбi, бақылаудың шекаралық, кедендiк, санитарлық және басқа да түрлерi мынадай құжаттармен реттеледi: 
      көпжақты конвенциялармен және келiсiмдермен; 
      халықаралық автомобильдiк қатынас туралы үкiметаралық екiжақты келiсiмдермен; 
      Тараптардың ұлттық заңдарымен. 
      2. Билеттің, жүк түбiртегiнiң және парағының нысаны тасымалдаушының автомобиль көлiгi саласындағы мемлекеттiк құзыреттi органдары бекiтедi және аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын басқа мемлекеттердің көлiк саласындағы мемлекеттiк құзыреттi органдары таниды. 
      Автомобильдiк көлiк саласындағы мемлекеттік құзыреттi органдар парағының аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттердiң көлiгi саласындағы мемлекеттiк құзыреттi органдары бекiтетiн бiрыңғай билеттердің, жүк түбiртектерiнің және парақтарының нысандарын жасайды.  

                              3-бап  

      Халықаралық қатынастағы жолаушылар мен жүктердi тасымалдауды жеке, ұжымдық, мемлекеттiк немесе аралас меншiк құқығындағы субъектiлер болып табылатын тасымалдаушылар автобусы тiркелген мемлекетте берiлген тиiстi лицензиясы бар болғанда орындай алады. 
      Тараптар құзыреттi органдарға лицензияларды өзара тану туралы құжаттың жобасын дайындауды тапсырады. 

                                4-бап

      Тасымалдаушы жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдауда аумағында тасымалдау жүзеге асырылатын ол мемлекеттiң жол қозғалысы, табиғатын қорғау саласындағы заңын басшылыққа алады. 

                                5-бап 

      Жолаушылар мен жүктердi халықаралық тасымалдаудың ұйымдастыру және бақылау тәртiбi осы Конвенцияның ажырамас бөлiгi болып табылатын Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы-мемлекеттердің халықаралық қатынастағы автомобиль көлiгiмен жолаушыларды және жүктердi тасымалдау ережелерiмен (бұдан әрi - Жолаушыларды тасымалдау ережелерi), оның 17-бабының ережелерiн ескере отырып айқындалады.

                                III тарау 
                   Тасымалдаушылардың жауапкершiлiгi 

                                 6-бап 

      Халықаралық тасымалдаулардағы тасымалдаушылардың жауапкершiлiгi, сондай-ақ талаптар мен iзденулердi ұсыну тәртiбi осы Конвенциямен, халықаралық автомобильдiк қатынас туралы екiжақты келiсiмдермен, сондай-ақ Тараптардың ұлттық Заңдарымен реттеледi. 

                                7-бап 

      1. Тасымалдаушы жолаушының денсаулығына келтiрген зиян немесе тасымалдау кезiндегi залалы үшiн мынадай жағдайларда жауапкершiлiк алады: 
      өлiмiне байланысты, оқиғаның болған жерi мен уақытына байланыссыз (тасымалдау, отырғызу, түсiру немесе жүктi тиеу, түсiру кезiнде) жолаушының денсаулығына тигiзген тән зақымдары және басқа да кез-келген зияндарына байланысты; 
      жүктің толық және бөлiгiнің жоғалуы немесе оның зақымдалуы. 
      Тасымалдаушы жүк үшiн оны тасымалдауға алған сәттен оны жеткiзуге дейiн немесе Жолаушыларды тасымалдау ережелерi қарастырған тәртiппен сақтауға өткiзуге жауапкершiлiк алады. 
      2. Тасымалдаушы өз iс-әрекетi үшiн, сондай-ақ тасымалдау келiсiм-шарты бойынша оған жүктелген мiндеттерiн орындау үшiн қызмет көрсетулерiне жүгiнген басқа тұлғалардың iс-әрекеттерiне де ол тұлғалар өз мiндеттерi аясында iс-қимыл жасаған жағдайда жауапкершiлiк алады. 

                                8-бап

      1. Егер оқиғаның себебiн тасымалдаушы болжай алмаған болса және қабылдаған шараларға қарамастан құтыла алмаған болса, сондай-ақ егер зиян немесе залал тез бүлiнетiн немесе тыйым салынған заттар, жабдықтар немесе құралдары бар жүктiң ақауына байланысты туындаса, тасымалдаушы жолаушыға келтiрiлген зиян немесе жүкке жасалған залал үшiн жауапкершiлiктен босатылады. 
      2. Тасымалдаушы өзiн жауапкершiлiктен босату үшiн жүргiзушiнің дене немесе жүйке жетiмсiздiктерiн, сондай-ақ автобустың жөнделмегендiгiн сылтау ете алмайды. 

                               

   9-бап 

      Тасымалдаушының бiр оқиғаға байланысты төлеуге тиiс зиян мен залалдың орнын толтыруының жалпы сомасын Тараптардың ұлттық заңдарына сәйкес соттар айқындайды. 

                                10-бап

      1. Егер зиян немесе залал жолаушының кiнәсiнен болса, тасымалдаушы жауапкершiлiктен толық немесе жарым-жартылай босатылады. 
      2. Егер зиян немесе залал үшiншi тұлғаның кемшiлiгiнен жасалған болса, онда тасымалдаушы барлық зиян мен залал үшiн жауап бередi. Сонымен қатар, осы Конвенцияның 8-бабында қарастырылған жағдайларды қоспағанда, үшiншi тұлғаға iздену талаптарын ұсыну құқығы өзiнде қалады. 

                                11-бап

      Егер зиян мен залал жолаушыға, жүкке немесе мүлiкке аумағында тасымалдау жүзеге асырылған мемлекеттiң Жол қозғалыстары ережесiн бұзу немесе Жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзу нәтижесiнде келтiрiлген болса, оның жауапкершiлiгiн толық немесе жарым-жартылай шығаратын осы Конвенцияның ережелерiне сүйенуге тасымалдаушы құқылы емес. Бұл Осы Конвенцияның 7-бабына сәйкес iс-қимылы үшiн тасымалдаушы жауап беретiн тұлғаға да қатысты. 

                                 12-бап  

     Осы Конвенцияда атап өтiлген зиян немесе залал аумағында келтiрiлген мемлекеттiң ұлттық валютасымен есептеледi. 

                                IV тарау 
                        Арыздар мен талаптар 

                                  13-бап

      1. Жолаушының тасымалдаушыға жолаушы мен жүктiң жету нүктесiне келген күнiнен бастап жетi күн iшiнде арыз етуге құқығы бар. 
      2. Жолаушының ауырған жағдайында, денсаулығына байланысты арыз ете алмаған кезде, бұл мерзiм ол жолаушы жазылғанынша созылуы мүмкiн. 

                                14-бап

      1. Жолаушы мен жүктi халықаралық тасымалдауға байланысты туындайтын барлық даулы мәселелер бойынша жолаушы құқықтық көмек және азаматтық, отбасылық және қылмыстық iстер бойынша құқықтық қатынастар туралы 1999 жылғы 22 қаңтардағы Конвенцияның 20-бабына сәйкес жолаушы аумағында болған оқиға зиян мен залалға душар қылған мемлекеттiң сотына немесе тасымалдаушы мен жолаушының орналасқан заңды мекен-жайына, сондай-ақ жолаушыны жөнелту немесе келу нүктесiне арыздануға құқылы. 
      2. Сот Тараптардың азаматтарынан тасымалдауға қатысты арыздануға байланысты Осы Конвенцияның iс-әрекетiне жататын сот шығындарын қамтамасыз етуге қарыздық кепiлдi талап етуге құқықсыз. 

                                15-бап  

      1. Жолаушының денсаулығына келтiрiлген зиянға байланысты арыздануға құқық үш жыл бойы сақталады. 
      Ұзақтық мерзiмi тұлғаның тиген зиянды бiлген күннен бастап немесе бiлуге тиiс күннен бастап есептеледi. 
      2. Жүктің толық немесе жарым-жартылай жоғалуына немесе оның зақымдануына байланысты арыздану құқығы бiр жыл бойы сақталады. 
      Ұзақтық мерзімі көлiк Құралының жолаушының жету нүктесiне келу күнiнен бастап есептеледi немесе келмеген жағдайда оның онда келуге тиiс күнiнен бастап есептеледi. 
      3. Арыздың жазбаша берiлуi ұзақтық мерзiмiн тасымалдаушы арыздың қанағаттандырылмайтыны туралы оған тиiстi құжаттарды қоса тiркеп, жазбаша күйде құлақтандырған күнге дейiн тоқтата тұрады. Жасалған арызды жарым-жартылай мойындаған жағдайда ұзақтық мерзiмi арыздың даулы тұсы болып табылатын бөлiгiне қатысты ғана қайтадан басталады. Арызда көрсетiлген фактiлердің дәлелдемесiне немесе оған жауапқа, сондай-ақ iске қатысты құжаттарды қайтаруға байланысты шығындарды осы фактiлерге сiлтеме жасайтын Тарап көтередi. Әрi қарай осы мәселе бойынша арыздар жасау тасымалдаушы оларды қарауға келiспесе, ұзақтық мерзiмiн үзбейдi. 

                            16-бап

      1. Осы Конвенцияның ережелерiнен тiкелей немесе жанама шегiнуге жол беретiн тасымалдау келiсiм-шартының шарты күшi жоқ деп танылады. Мұндай шарттың жарамсыздығы өзiнен кейiнгi тасымалдау келiсiм-шартының басқа шарттарының жарамсыздығына әкелiп соқпайды. 
      2. Тасымалдаушыға сақтандыру келiсiм-шартымен берiлетiн құқыққа сәйкес кез-келген шарт жарамсыз болып табылады. 

                               V тарау 
                      Қорытынды ережелер 

                             17-бап 

      Осы Конвенция Тараптардың қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық келiсiм-шарттардың ережелерiн қозғамайды. 

                                18-бап 

     Осы Конвенцияға Тараптардың жалпы келiсiмi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзiлуi мүмкiн. 

                                 19-бап  

      Осы Конвенцияны пайдалануға немесе түсiнiк беруге байланысты даулы мәселелер қызығушы Тараптардың кеңес беруi немесе келiссөздер жүргiзуi жолымен шешiледi. 

                              20-бап  

      Осы Конвенция оның мақсаттары мен қағидаларын қуаттайтын мемлекеттердiң оған қосылуына мұндай қосылу туралы құжаттарын кепiл қағаздарына беру жолымен жасауға ашық. Оны кешiрек бекiткен тараптар үшiн ол өзiнiң бекіту грамоталарын сақтауға тапсырған күнiнен бастап күшiне енедi. 

                               21-бап  

      Осы Конвенция оған қол қойған Тараптармен олардың мемлекетішілік рәсімдеріне сәйкес бекітуге жатады және үшінші бекіту грамотасын депозитарийге тапсырғаннан кейін күшіне енеді. Оны кейінірек бекіткен Тараптар үшін олар өздерінің бекіту грамоталарын депозитарийге сақтауға тапсырған күні күшіне енеді. 

                                 22-бап

      Осы Конвенция күшiне енген күннен бастап бес жыл iшiнде жүредi.
     Осы мерзiм өткеннен кейiн, егер Тараптар басқалай шешiм қабылдамаса, Конвенция әрдайым бес жылдық мерзімге автоматты түрде ұзартылып отырады.      

                                23-бап  

      Әр Тарап осы Конвенциядан шыққанға дейiн алты ай бұрын кепiлшiге жазбаша құлақтандыру жолдап шыға алады. 
     1997 жылғы 9 қазанда Бiшкек қаласында бiр түпнұсқа данада орыс тiлiнде жасалды. Түпнұсқа дана Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының Атқару Хатшылығында сақталады, ол осы Конвенцияға қол қойған әр мемлекетке оның расталған көшiрмесiн жолдайды.      

     Әзiрбайжан                             Молдова
     Республикасының                        Республикасының
     Үкiметi үшін                           Үкiметi үшiн      

     Армения                                Ресей Федерациясының 
     Республикасының                        Үкiметi үшiн
     Үкiметi үшін                           

     Беларусь                               Тәжiкстан
     Республикасының                        Республикасының 
     Үкiметi үшiн                           Үкiметi үшiн

     Қазақстан                              Өзбекстан
     Республикасының                        Республикасының 
     Үкiметi үшiн                           Үкiметi үшiн

     Қырғыз Республикасының                 Украина Үкiметi үшiн
     Үкiметi үшiн                           

Жолаушылар мен багажды         
халықаралық автомобильмен        
тасымалдау туралы конвенцияға      
қосымша                    

         Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы 
     мемлекеттердiң халықаралық қатынасында автомобиль 
       көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау 
                        ЕРЕЖЕЛЕРI 

                      1. Жалпы ережелер 

      1. Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң халықаралық қатынасында автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды тасымалдау ережелерi (бұдан әрi - Жолаушыларды тасымалдау ережелерi) Жолаушылар мен багажды халықаралық автомобильмен тасымалдау туралы конвенцияға сәйкес әзiрленген, тұрақты және оқтын-оқтын халықаралық автобус қатынасында жолаушылар мен багажды тасымалдау үдерiсiн реттейдi. 

      2. Осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерi Тараптардың жолаушыларына және тасымалдаушыларына таралады және олар үшiн мiндеттi күшi болады. 

      3. Осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерi тасымалдау үдерiсiн ұйымдастыру және бақылау жүйесiн, сондай-ақ тасымалдаушылар мен жолаушылардың құқықтары мен мiндеттерiн көздейдi. 

      4. Жолаушылар мен багажды автобустармен халықаралық тұрақты қатынаста тасымалдауды ұйымдастырудың негiзi Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердiң тасымалдаушылары арасында жасалатын жолаушылар мен багажды тұрақты халықаралық тасымалдау жөнiндегi бiрлескен қызмет туралы шарт (бұдан әрi - Бiрлескен қызмет туралы шарт) болып табылады, Достастық мемлекеттерінің тиiстi құзыреттi көлiк органдарымен алдын ала келiсiлген тарифтердi және қозғалыс кестесiн анықтайды. 

      5. Жолаушыларды тасымалдау ережелерiндегi терминдердiң мағынасы: 

      "автовокзал" - елдi мекендерде жолаушыларға қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ететiн ғимараттар кешенi және оған: 75 адамнан артық сиятын күту залы мен билет кассалары бар ғимарат; жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон; автобустардың тұруына арналған алаңдар, автобусты тазалауға және қарауға арналған бекеттер кiредi; 

      "автостанция" - елдi мекендерде жолаушыларға қызмет көрсетiлуiн қамтамасыз ететiн ғимараттар кешенi және оған: 75 адамнан артық сиятын күту залы мен билет кассалары бар ғимарат; жолаушыларды отырғызуға және түсiруге арналған перрон; автобустардың тұруына арналған алаңдар кiредi; 

      "қол жүгi" - салмағы 20 кг аспайтын және көлемi 600х400х200 мм аспайтын, жолаушы ақысыз тасымалдайтын жолаушының заттары; 

      "жүргiзушi" - автокөлiк құралын басқаратын немесе тасымалдаушының атынан және тапсырмасы бойынша автомобильдi басқару және жүк алушыларға, жүк жөнелтушiлерге немесе жолаушыларға қызмет көрсету функциялары жүктелген жеке тұлға; 

      "тасымалдау шарты" - тасымалдаушы мен жолаушы арасында жасалатын көлiк қызметiн көрсету туралы келiсiм; 

      "бағыт" - автокөлiк құралының анықталған мекендер арасында белгiленген жүру жолы; 

      "маятниктiк тасымалдау" - белгiленген мерзiмде бiр мемлекеттiң аумағынан екiншi мемлекеттің аумағына уақытша болу орнына осы топты осы тасымалдаушының автобустарымен бiрiншi шыққан мемлекетiне кейiннен алып келумен жүзеге асырылатын жолаушылар тобын тасымалдау; 

      "оқтын-оқтын тасымалдау" - жүзеге асыру шарттары әрбiр жағдайда тапсырыс берушi мен тасымалдаушының арасындағы келiсiм бойынша анықталатын тасымалдау; 

      "тұрақты тасымалдау" - жолаушылар мен багажды тасымалдау шарты, тарифтер және жолаушыларды отырғызу және түсiруге арналған аялдама мекендерi көрсетілген бағыт бойынша автобустар қозғалысының кестесi анықталған тасымалдау шарты бойынша тасымалдау; 

      "қозғалыс кестесi" - рейстің орындалу уақыты, орны және кезектiлiгi туралы мәлiметтер бар кесте; 

      "рейс" - автобустың бағыттың бастапқы және соңғы мекенiне дейiнгi жолы; 

      "рұқсат беру жүйесi" - мемлекетаралық автобус тасымалдарын орындауды қамтамасыз ететiн нормативтiк, технологиялық құжаттардың жиынтығы; 

      "бағыттар сызбасы (бағыттар)" - бағыттардың шартты белгiлерi мен графикалық суреттемесi; 

      "тариф" - жолаушылар мен багажды тасымалдау төлемiнiң қашықтық немесе уақыт бiрлiгiне белгiленген шамасы; 

      "трафарет" - жолаушыларға арналған автобустардың бағыты мен жұмыс тәртiбi туралы ақпараты бар көрсеткiш; 

      "формуляр (жол парағы)" - тасымалдау түрiн анықтайтын және сапар бағытының сипаты мен жолаушылардың тiзiмi бар құжат; 

      "құзыреттi көлiк органы" - тасымалдаушыға келiсiлген бағыт бойынша автомобильмен халықаралық жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру құқығына рұқсат беретiн мемлекеттiң көлiк органы; 

      "лицензия" - Тараптың уәкiлеттi мемлекеттiк органы беретiн автомобильмен халықаралық қатынаста жолаушылар тасымалын белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асыру құқығын куәландыратын құжат. 

            II. Жолаушылар тасымалдарын ұйымдастыру

       6. Автомобиль көлiгiмен жолаушыларды халықаралық тасымалдауды орындауға арналған лицензияларды беру, мерзiмiн ұзарту және күшiн жою автобус тiркелген мемлекеттiң қолданылатын заңдарына сәйкес жүзеге асырылады. 

      7. Мыналарды тасымалдауға болмайды: 
      багажда және қол жүгiнде жарылғыш, уландыратын, тез жанатын, радиоактивтi, химиялық, токсикалық, озон қабатын бұзатын, олар құрамында бар заттар мен бұйымдарды, есiрткi, психотроптық және сасық заттарды; 
      жылжымалы құрамды, жолаушылардың киiмiн, сақтау камераларын және сондағы заттарды ластайтын багажды; 
      осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерiнде белгiленген мөлшер мен салмақ нормаларынан асатын багаж, сондай-ақ аумағында тасымалдау орындалатын мемлекеттiң заңдарына сәйкес тасымалдауға тыйым салынған заттарды. 

      8. Халықаралық қатынаста тұрақты жолаушылар тасымалдары бағытын ашу үшін тасымалдаушыға мыналарды орындау қажет: 
      бағыт өтетiн басқа мемлекеттегi әрiптесiмен бағыт ашу туралы ниетiн келiсу; 
      өз мемлекетiнiң құзыреттi көлiк органына мынадай құжаттарды қоса тапсырыс жолдау: Бiрлескен қызмет туралы шарт, халықаралық қатынаста жолаушылар тасымалдарын жүзеге асыру құқығына арналған лицензияның көшiрмесi, сондай-ақ кәсiпорынның деректерiмен бiрге тiркелуi туралы куәлiк, бағыттағы қозғалыс кестесi, шекара өткелдерi, тасымалдау тарифтерi, бағыттағы жүргiзушiлердің еңбек және демалыс режимi көрсетiлген бағыт сызбасы. 
      Тапсырыс берiлген мемлекеттің құзыреттi көлiк органы аумағы арқылы бағыт өтетiн мемлекеттiң құзыреттi көлiк органына рұқсат алу туралы өтiнiштi, жоғарыда көрсетiлген құжаттарды қоса берiп, бағытты ашуға тапсырысты жолдайды. 
      Тапсырыс берiлген мемлекеттiң құзыреттi көлiк органы аумақтары арқылы бағыт өтетiн мемлекеттерден рұқсаттар алғаннан кейiн осы рұқсаттарды тасымалдаушыға бередi. 
      Тасымалдаушы бағыт сызбасын ресiмдейдi және аумағы арқылы бағыт өтетін мемлекеттiң құзыреттi көлiк органына келiсуге жiбередi. 
      Бағытты, аялдамаларды, қозғалыс кестесiн өзгерту, сондай-ақ бағытты жабу аумағы арқылы бағыт өтетiн мемлекеттердің құзыретті көлiк органдарымен алдын ала келiскеннен кейiн жүргiзiледi. 

      9. Құзыреттi көлiк органдары Достастық мемлекеттерiнiң құзыреттi органдарымен тұрақты қатынастағы автобустардың шекарадан өту уақытын келiседi және кезектен тыс шекарадан өтуге арналған рұқсатнама бередi. 

      10. Тұрақты қатынаста жолаушыларды халықаралық тасымалдауға арналған автобустар бағыттың бастапқы және соңғы мекендерi көрсетiлген алдынан және жанынан трафареттермен жабдықталады.

      11. Халықаралық қатынастағы автобустардың шығуы мен келуi автовокзалдан (автостанциядан) жүзеге асырылады. 
      Автовокзалдарда (автостанцияларда) тасымалдау ережелерi, автобус қозғалысының кестесi, жолаушылардың жүру және багажды тасымалдау құны мен шарттары, автовокзал қызмет көрсетулерi туралы, басқа көлiк құралдарының жұмысы туралы ақпарат беріледi. 

     12. Тасымалдау тарифтерi тасымалдаушылармен келiсiледi. 

     13. Билетте мынадай негiзгi мәлiметтер болуы тиiс: 
     шығу және бару автовокзалының (автостанциясының) атауы; 
     билеттiң нөмiрi (типография тәсiлiмен белгiленген); 
     жол ақысы; 
     билеттің берiлген уақыты; 
     шығу күнi мен уақыты; 
     отыру орындарының нөмiрлерi; 
     билет берiлген орын; 
     рейс нөмiрi. 
     Билеттің сатылғаны билеттi есепке алу парағында белгiленедi. 

     14. Жол жүру билеттерiн алдын ала сату, багажды тасымалдауды ресiмдеу автовокзалдардың (автостанциялардың) жеке кассаларында және жеке орналасқан билеттердi алдына ала сату кассаларында жүзеге асырылады. 
      Автобустардың шығатын күнi билеттер бағыттың бастапқы мекендерiндегi автовокзалдардың (автостанциялардың) кассаларынан, ал аралық мекендерде - автобуста бос орындар бар-жоғы туралы ақпаратты алған бойда сатылуы тиiс. 
      Билет онда көрсетiлген шығу күнi мен автобус рейсiне ғана қолданылатын болады. 
      Билеттердi кезектен тыс сатып алу құқығы азаматтарға аумағында билет сатылатын мемлекеттің қолданылатын заңдарына сәйкес берiледi. 

      15. Халықаралық бағыттағы автобустармен тасымалданатын жолаушылардың саны осы автобус моделi үшiн жасаушы зауыт белгiлеген санға сәйкес болады. 

      16. Халықаралық қатынастағы автобустың жүргiзушiсi мен жолаушыларында шекарадан өту құқығына тиiстi түрде ресiмделген құжаттары болуы тиiс. 

      17. Шекарадан өту кезiнде жолаушылардың құжаттары, багаж, қол жүгi, валюта және құндылықтар аумағы арқылы тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттің қолданылатын шекара және кеден заңдарының талаптарына сәйкес ресiмделуi тиiс. 

      18. Багаж тасымалдаушы оны багаж түбiртегiн көрсеткен адамға тапсырған жағдайда жолаушыға берiлген деп есептеледi. 

      19. Егер багаж түбiртегi болмаса, тасымалдаушы осы багаждың тиесiлiгiн дәлелдеген тұлғаға багажды беруге құқылы. Егер багажды түбiртексiз алуға талап қойған тұлға оған багаждың тиесiлiгiнiң дәлелдемелерiн жеткiлiксiз ұсынса, тасымалдаушы одан тиiстi кепiл енгiзудi талап етуге құқылы, кепіл енгiзiлген күнiнен бiр жыл өткен соң қайтып берiледi. 

      20. Автобус соңғы мекенге келген бойда талап етiлмеген багаж, оған багаж түбiртегi берiлдi ме, жоқ па қарамастан, жауапты сақтауға тапсырылады, сол үшiн жолаушыдан багажды алған кезiнде ақы алынады. Тасымалдаушы багажды сақтауды үшiншi тұлғаға тапсыруы мүмкiн, үшiншi тұлға оны сақтағаны үшiн сыйақы алуға құқылы. 
      Багажды сақтау тәртiбi сақтау жүзеге асырылатын мемлекеттiң қолданылатын заңдарымен реттеледi. 

      21. Жолаушының беру туралы арызы түскен күннен бастап он төрт күн ішінде жеткiзiп берiлмеген багаж жоғалған деп есептеледi. 

      22. Егер жоғалды деп есептелген багаж жолаушы берудi талап еткен күннен бастап бiр жылдың iшiнде табылса, тасымалдаушы осы туралы жолаушыға хабарлайды. Хабарландыру алған күннен бастап отыз күннің iшiнде жолаушы багажды не шығу мекенiне, не бару мекенiне жеткiзудi талап ете алады. 

              III. Жолаушының мiндеттерi мен құқықтары 

       23. Халықаралық автобус тасымалдарын жүзеге асыру кезiнде жолаушы мыналарға мiндеттi: 
      билет сатып алуға және тасымалдаушы белгiлеген жол жүру құнына сәйкес багаж тасымалына ақы төлеуге, билетте белгіленген орынға отыруға, билеттi салардың соңына дейiн сақтауға және оны бақылаушы тұлғаларға көрсетуге; 
      автобусқа отыратын орынға осы мемлекеттiң аумағында қолданылатын ережелерге сәйкес келуге; 
      аумағы арқылы халықаралық тасымалдау жүзеге асырылатын мемлекеттің шекарасынан өту үшiн белгiленген ережелердi сақтауға; 
      багаж түбiртегi болуға және өзінің багажы мен басқа мүлкiн қарау, сондай-ақ өзiне тиесілі заттар мен материалдардың үлгілерi мен сынамаларын тиiстi бақылау органдары жедел талдау үшiн таңдау кезiнде жанында болуға. 

      24. Халықаралық бағыттың жолаушысы мыналарға құқылы: 
      өзiмен бiрге автобуста жасы 5-ке толмаған бiр баланы ақысыз, жеке орынсыз, жасы 5-пен 10-ның арасындағы баланы бiр орын берiп, билеттiң толық құнының 50 процентiн төлеп, алып жүруге және жасы 10-ға толмаған екi және одан көп баланы алып жүргенде олардың бiреуi ақысыз, ал қалғандары жеке орын берiліп, билеттің толық құнының 50 процентiн төлей отырып, тасымалданады; 
      қол жүгiнiң бiр орнын ақысыз тасымалдауға, торларда ұсақ аңдар мен құстарды, жануарларды (ит, мысық) тасымалдаушы белгiлеген ақыға, тасымалданатын жануарларды отырғызу кезiнде жануар шығарылатын мемлекеттiң малдәрiгерлiк қызметi берген құжаттарды ұсына отырып, өзiмен тасымалдауға; 
      көрсетiлетiн қызметтердiң тiзбесi, оларды көрсету шарттары және қозғалыс бағыты туралы уақтылы және анық ақпарат алуға; 
      халықаралық тасымалдауды жүзеге асыру кезiнде жолаушының денсаулығына немесе оның багажына келтiрiлген залал үшiн өтемақы талап етуге; 
      тасымалдаушылардан тасымалдау шартын орындауды талап етуге; 
      багажды тасымалдауға тапсыру кезiнде оның құнын жариялауға. 
      Багаждың жарияланған құндылығының сомасын жолаушы жөнелтушi мемлекеттiк ұлттық валютасында анықтайды және багаж түбiртегінде көрсетедi. 
      Түбiртек бүкiл тасымалдау уақытында және багаж бен оған тиесiлi басқа мүлiктi қарау уақытында сақталуы тиiс. 

      25. Жолаушыға: 
      бос орын болмаған жағдайда; 
      багаж кеденге қатысты ресiмделмеген жағдайда; 
      тасымалдауға тыйым салынған немесе номенклатура, салмақ не болмаса көлемдерi бойынша белгiленген нормаларға сәйкес келмейтiн багажды алып өтуге тырысқанда тасымалдауды орындаудан бас тартылуы мүмкiн. 

     26. Жолаушы: 
     қозғалыс уақытында жүргiзушiге кедергi жасауға немесе автобусты басқарудан оның назарын бөлуге; 
     автобустың есiгiн толық тоқтағанға дейiн ашуға; 
     билеттерге және басқа жол құжаттарына түзету енгiзуге және оларды басқа жолаушыларға беруге; 
     багажды отырғыштарда тасымалдауға; 
     көзделген жағдайлардан басқа кезде, қажетсiз апаттық жабдықты пайдалануға құқысыз. 

     27. Жолаушы оның кiнәсi бойынша келтiрiлген залал үшiн, соның iшiнде тасымалдаушыға тиесiлi автобусты немесе жабдықты зақымдағаны не болмаса ластағаны үшiн, сондай-ақ осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзғаны үшiн жауап бередi.
     Өтемақы көлемi келтiрiлген залалдың шамасымен анықталады. 

         IV. Тасымалдаушының мiндеттерi мен құқықтары 

     28. Тасымалдаушы: 
     халықаралық қатынастығы билеттердi алдын ала сатуды қамтамасыз етуге; 
     сапар алдында жүргiзушiнi бағытының сызбасымен таныстыруға және оған қозғалыс кестесiн тапсыруға; 
     автобусты тиiстi техникалық және санитарлық күйде уақтылы беруге; 
     жолаушыға тасымалдау шарты мен бекiтiлген кестеге сәйкес автобуста қауiпсiз, қолайлы сапарды қамтамасыз етуге; 
     жолаушыға тасымалдау шартында көзделген қосымша қызметтер көрсетуге мiндеттi. 

     29. Тасымалдаушы мыналарға құқылы: 
     өзi болжамаған және барлық қабылдаған шараларға қарамастан алдын ала алмаған жағдайлар кезiнде рейсті тоқтатуға құқылы. Бұл жағдайда тасымалдаушы билеттi көрсеткеннен кейiн жолаушыға оның құнын, сондай-ақ жолаушы ақысын төлеген қосымша қызмет көрсетулердің құнын қайтарады. Сонымен қатар жолаушы көтерген тиiстi құжаттармен расталған және билетте көрсетiлген сапардың басталу орнына оның қайтып келу мүмкiндiгi мен одан ең арзан көлiк құралымен кетуге байланысты шығыстары қайтаруға жатады. Билет құнын және ақысын төлеген қосымша қызмет көрсетулердiң құнын жолаушыға қайтару шарттары Бiрлескен қызмет туралы шартта анықталады; 
      эпидемия, табиғи апат немесе жойқын күш (форс-мажор) жағдайларында өз мемлекетiнің аумағында халықаралық тасымалдарды шектеуге немесе тоқтатуға; 
      багаж түбiртегінде жолаушының келiсуiмен багаждың немесе оның орамының күйi туралы белгi соғуға. Егер жолаушы белгiнi растамаса, онда тасымалдаушы багажды тасымалдауға қабылдаудан бас тарта алады. Егер багажды тасымалдаушы белгiсiз қабылдаса, багаж тиiстi күйiнде және тиiстi орамда қабылданды деп есептеледi.  

        V. Жүргiзушiнің мiндеттерi мен құқықтары

      30. Халықаралық жолаушылар тасымалдарын орындайтын автобус жүргiзушiсi мыналарға мiндеттi: 
      Жол қозғалысы ережелерiн, автобусты техникалық пайдалану ережелерiн, лауазымдық нұсқаулықты басшылыққа алуға және диспетчер қызметiнiң жедел нұсқауларын орындауға; 
      аумағы арқылы халықаралық тасымалдау жасалатын мемлекеттiң шекаралық, кедендiк, санитарлық-карантиндiк және басқа бақылау түрлерiнің ережелерiн сақтауға; 
      көлiк құралының тiркеу құжаттары және 1968 жылғы 8 қарашадағы Жол қозғалысы туралы конвенцияның талаптарына жауап беретiн жүргiзушi куәлiгi болуға; 
      жолаушыларды шекарадан өту кезiнде бақылаудан өткiзу үшiн ұйымдастыруға, уақтылы хабарландыруға және дайындауға құқылы; 
      шекарадан өту кезiнде тексеруге мыналарды көрсетуге: 
      а) тұрақты тасымалдар кезiнде: 
      жүргiзушi куәлiгiн, жол парағын, билеттi есепке алу құжаттамасын, рұқсаттың түпнұсқасын, автобус қозғалысының кестесiн, лицензияны, Мемлекеттiк шекарадан өту құқығына құжаттарды; 
      б) оқтын-оқтын тасымалдар кезiнде: жүргiзушi куәлiгiн, жол парағын, лицензияны, оқтын-оқтын тасымалдауға арналған рұқсатты (егер осы халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келiсiмде көзделсе), мемлекеттiк шекарадан өту құқығына құжаттарды; 
      халықаралық автомобиль тасымалдарын орындайтын көлiк құралдары экипаждарының жұмысына қатысты келiсiмге сәйкес жүргiзушiнiң жұмыс режимiн растауға; 
      белгiленген бағыт бойынша жүруге және автобустың қозғалыс кестесiн орындауға; 
      жолаушыларды отырғызу уақытында жүру және багажды тасымалдау билеттерінің бар-жоғын және сәйкестiгiн тексеруге; 
      тасымалдауға арналған багажды қабылдауға және орналастыруға, жолаушыларға кестеде көзделген аялдамаларда багажды беруге; 
      аялдамалардың аттарын және оларда тұру уақытын жариялауға; 
      халықаралық тасымалдарды бақылау құқығы бар тұлғалардың белгiсi бойынша автобусты тоқтатуға, олардың нұсқауларын орындауға және бақылау жүргiзуде көмек көрсетуге; 
      отырғызуды (түсiрудi) көлiк құралы тоқтағаннан кейiн тек отырғызу алаңынан, ал ондай алаң болмаған жағдайда - тротуардан немесе жолдың шетiнен жүзеге асыруға. Егер бұл мүмкiн болмаса, онда бұл қауiпсiз және басқа қозғалысқа қатысушыларға кедергi жасамайды деген шартпен жүрiс бөлiгi жағынан; 
      жол-көлiк оқиғасы жағдайында мүмкiндiгiнше жапа шеккендерге көмек көрсетуге және болған жағдай туралы тиiстi билiк органдарына хабарлауға; 
      алғашқы медициналық көмектi қажет ететiн жолаушыға оны көрсету, сондай-ақ жақын жердегi кезек күттiрмейтiн көмек көрсету пунктiне жеткiзу шараларын қабылдауға. Егер жолаушы сапарды ауру салдарынан тоқтатса, оның багажы осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерiнiң 20-тармағында көзделген тәртiппен сақтауға тапсырылады; 
      қозғалысты автобустың есiктерi толық жабылғаннан кейiн бастауға және оларды аялдамаларда ғана ашуға құқылы. 

      31. Жүргiзушi мыналарға құқылы: 
      тасымалдау шартын бұзған немесе өзiнiң тәртiбi, ауруы және жанындағы жолаушыларға қауiп төндiретiн басқа себептердiң салдарынан жолаушыны сапарға жiбермеуге немесе жақын жердегi аялдамада түсiруге; 
      жолаушыдан оның мiндеттерiн орындауын талап етуге; 
      багаж түбiртегi көрсетiлмесе, багажды бермеуге; 
      автобус пен багажды қарау уақытында жанында болуға.   

                  VI. Төлемдердi қайтару 

       32. Автовокзалдың (автостанцияның) кассасына халықаралық қатынастағы автобустың шығуынан екi сағат бұрын билеттi қайтарғанда, жолаушыға билеттi алдын ала сатқаны үшiн алуға көзделген алымды алып қалып, билеттiң құны қайтарылады. Билеттi осы мерзiмнен кеш, бiрақ қозғалыс кестесiнде көзделген автобустың шығу уақытынан 15 минут бұрын тапсырған кезде жолаушыға билеттiң тасымалдаушы анықтайтын мөлшердегi құны қайтарылады. 
      Билеттi жоғалтқан жағдайда жолаушы автобусқа отырғызуға жiберiлмейдi, билет құны қайтарылмайды, көшiрмесi берiлмейдi, талаптар қабылданбайды. 

      33. Егер бiр мемлекеттiң тасымалдаушысы екiншi мемлекеттiң аумағы арқылы өту уақытында қандай да бiр себеппен қозғалысты жалғастыра алмаса, онда осы мемлекеттің Халықаралық автомобиль тасымалдаушылары қауымдастығы көрсетiлген автобус жүргiзушiсiнiң өтiнiшi бойынша тасымалдаушы есебiнен осы автобус жолаушыларын қажеттi бағытта жөнелту мүмкiндiгi бар жақын жердегi мекенге тасымалдауды ұйымдастыруға қажеттi көмек көрсетедi. 
      Тоқтауға мәжбүр болған жағдайда және жолаушыны бару орнына жеткiзу мүмкiндiгi болмағанда, сондай-ақ егер жолаушы ауру немесе кездейсоқ жағдай салдарынан сапарды тоқтатса, сынған немесе мәжбүрлi тоқтау орнынан соңғы бару мекенiне дейiнгi қашықтықты есептей отырып, жол ақысы және багажды тасымалдау құны (комиссиялық алымнан басқасы) оған қайтарылады, бұл Бiрлескен қызмет туралы шартпен реттеледi. 

      34. Жолаушы автобус рейске шыққанға дейiн кассаға билеттердi қайтаруға және алдын ала сатылған билеттер бойынша алымдарды қоса толық жол ақы құнын алуға мына жағдайларда құқылы: 
      автобус қозғалыс кестесiнде көзделген уақытпен салыстырғанда рейске бiр сағаттан артық кешiккенде; 
      жолаушыға билетте көзделгеннен төмен кластағы орын берілгенде. 
      Жолаушы төменгi кластағы автобуспен жүруге келiсiм берсе, оған билет құнындағы айырмашылық қайтарылады. 
      Егер кестеде көзделген автобустың орнына басқа жүру құны қымбатырақ автобус келсе, осы туралы жарияланғанға дейiн билет сатып алған жолаушылар осы билеттер бойынша қосымша ақы төлеусiз жүруге құқылы. 
      Автобус үлгiсiн ауыстыру туралы хабарланған сәттен бастап билеттер жолаушыларға тиiстi ескерту жасай отырып, белгiленген жоғары тариф бойынша сатылады. 
      Билет сатып алынған автобустың шығу уақытынан үш сағаттай кешiккен жағдайда, ауырған немесе кездейсоқ жағдай салдарынан үш тәулiк iшiнде жолаушы билет құнының 25 процентiн төлей отырып, жол құжаттарын қалпына келтiруге немесе билет құнының 25 процентiн алып қалумен жолақы құнын қайтып алуға құқылы. 
      Ақшаны қайтаруды: 
      билеттi сатқан немесе жеткiзіп берген билеттi алдын ала сататын кассалар - автобус рейске шыққанға дейiн бiр күнтiзбелiк тәулiк (18 сағатқа дейiн) iшiнде; 
      бастапқы бағыт мекенi автовокзалдың (автостанцияның) ағымдағы билеттер сату кассалары - автобус рейске шығатын күнi жүзеге асырады.  

          VII. Жолаушылар мен багажды тасымалдауды бақылау  

      35. Автомобиль көлiгiмен жолаушылар мен багажды халықаралық тасымалдау кезiнде тасымалдауды бақылау халықаралық автомобиль қатынасы туралы екiжақты үкiметаралық келiсiмдердiң және аумақтары арқылы тасымалдар жүзеге асырылатын мемлекеттердiң ұлттық заңдарының негiзiнде жүзеге асырылады. 

     36. Осы Жолаушыларды тасымалдау ережелерiн бұзғаны үшiн  тасымалдаушылар мен жолаушылардың жауапкершiлігi 1997 жылғы 9 қазандағы Жолаушылар мен багажды халықаралық автомобильмен тасымалдау туралы конвенцияда, халықаралық автомобиль қатынасы туралы көптарапты және екіжақты үкіметаралық келісімдерде, сондай-ақ аумақтарында бұзу жасалған мемлекеттің ұлттық заңдарында көзделеді.