Сақтандыруды және қайта сақтандыруды инспекциялау туралы нұсқаулықты бекiту жөнiнде

Қаулы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банк Басқармасы 1999 жылғы 23 қыркүйек N 306 Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 1998 жылғы 19 қарашада тіркелді. Тіркеу N 982

Қолданыстағы
      Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының инспекция жүргiзу шарттарын реттеу және Қазақстан Республикасының сақтандыру заңдарын жетiлдiру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң Басқармасы қаулы етеді:
      1. Сақтандыруды және қайта сақтандыруды инспекциялау туралы нұсқаулық бекiтiлсiн және Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап күшiне енгiзiлсiн.
      2. Сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi олардың қызметiне инспекция жүргiзген кезде Сақтандыруды және қайта сақтандыруды инспекциялау туралы нұсқаулықта белгiленген талаптарға сәйкес тексеру жүргiзуге жағдай жасауды қамтамасыз ететiн болсын.
      3. Сақтандыруды қадағалау департаментi (Мекiшев А.А.):
      1) Заң департаментiмен (Шәрiпов С.Б.) бiрлесiп осы қаулыны және Сақтандыруды және қайта сақтандыруды инспекциялау туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзу шараларын қабылдасын;
      2) Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуден өткiзiлген күннен бастап он күн iшiнде осы қаулы мен Сақтандыруды және қайта сақтандыруды инспекциялау туралы нұсқаулықты Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкiнiң сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына, мүдделi бөлiмшелерi мен облыстық филиалдарына жiберсiн.
      4. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкi Төрағасының орынбасары Ә.З.Нәлiбаевқа жүктелсiн.
     Ұлттық Банк
      Төрағасы


                                                  Қазақстан Республикасы

Ұлттық Банкi Басқармасының 1999 жылғы 23.09 N 306 қаулысымен бекітілген


                 Сақтандыруды және қайта сақтандыруды
                    инспекциялау туралы нұсқаулық

      Осы Нұсқаулық Қазақстан Республикасындағы сақтандыру қызметiн реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлерге сәйкес әзiрленген және сақтандыру және қайта сақтандыру ұйымдарының (бұдан әрi - сақтандыру ұйымдары) қызметiн инспекциялауға (тексеруге) байланысты негiзгi шарттарды және рәсiмдердi белгiлейдi.

                            1. Жалпы ереже

      1. Сақтандыру ұйымдарына оның нақты қаржылық және институционалдық жай-күйi туралы деректердi анықтау, бүкiл қызметiн немесе жекелеген мәселелердi талдау, оның заң талаптарын орындауын тексеру мақсатында инспекция жүргiзiледi.
      2. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкiнiң (бұдан әрi - Ұлттық Банк) сақтандыруды қадағалаушы уәкiлеттi мемлекеттiк орган ретiнде сақтандыру ұйымына өз өкiлеттiгi шегiнде жан-жақты тексеру жүргiзуге немесе оны жекелеген мәселелер бойынша тексеруге құқығы бар.
      3. Сақтандыру ұйымына Ұлттық Банктiң тапсырмасы негiзiнде инспекция жүргiзiледi, онда тексерiлуге тиiстi негiзгi мәселелер, инспекция жүргiзу мерзiмi, инспекция жүргiзушi топтың басшысы және құрамы туралы деректер көрсетiледi.
      4. Ұлттық Банктiң сақтандыру ұйымына болашақта оның қызметiне инспекция жүргiзу туралы алдын ала хабарлауға құқығы бар. Сақтандыру ұйымы инспекция жүргiзушi топқа өткiзiлуге тиiстi қажеттi құжаттарды тексеру жүргiзудiң алдында дайындап қоюға мiндеттi. Сақтандыру ұйымының қызметiне алдын ала хабарламай-ақ инспекция жүргiзуге болады.

                          2. Инспекция жүргізу

      5. Инспекция жүргiзушi топ жұмысын өз бетiнше ұйымдастырады және оның зерттеу үшiн сақтандыру ұйымынан барлық қажеттi құжаттарды, оның iшiнде инспекциялау нәтижесi туралы есепке тiркеп қою үшiн олардың көшiрмесiн алуға құқы бар. Тараптар құжаттарды тиiстi қабылдау-өткiзу актiн ресiмдеу жолымен қабылдап өткiзуге тиiс.
      6. Сақтандыру ұйымының мiндетi:
      1) қажеттi құжаттарды (мәлiметтердi) дайындауға және оларды инспекция жүргiзушi топқа уақтылы өткiзуге жауапты мамандарды белгiлеу;
      2) инспекция жүргiзушi топқа жұмыс iстеу үшiн жеке бөлме және (сақтандыру ұйымымен келiсе отырып) демалыс күндерiн қосқанда сақтандыру ұйымының әкiмшiлiк ғимаратына кiруге рұқсат беру;
      3) өз қызметкерлерiнiң және штаттан тыс қызметкерлерiнiң инспекция жүргiзушi топ мүшелерiнiң сақтандыру ұйымының қызметiне қатысты сұрақтарына түсiнiктеме берудi (ауызша немесе жазбаша) қамтамасыз ету;
      4) инспекция жүргiзушi топқа инспекцияны уақтылы аяқтауға көмектесу.
      7. Инспекция жүргiзушi топтың мүшелерi сақтандыру ұйымына инспекция жүргiзген кезде сақтандыру ұйымынан алынған құжаттардың бүтiндiгiн және олардағы ақпараттың құпиялығын қамтамасыз етуге мiндеттi.
      8. Сақтандыру ұйымына инспекция жүргiзу аяқталғаннан кейiн екi апта мерзiм iшiнде инспекция жүргiзушi топтың басшысы тексеру нәтижесi туралы қорытынды есеп жасайды, ол есеп қол қою үшiн сақтандыру ұйымына жiберiледi.
      Инспекция жүргiзу нәтижесi бойынша есеп дайындау мерзiмiн сақтандыру ұйымының қызметiне қатысты мәселелер бойынша үшiншi адамдардың қорытындысын алу қажет болған жағдайда ұзартуға болады.
      9. Сақтандыру ұйымы он күндiк мерзiм iшiнде инспекциялау нәтижесi бойынша қорытынды есепке қол қоюға мiндеттi.
      Қорытынды есеппен келiспеген жағдайда, сақтандыру ұйымының өзiнiң жазылған қарсы пiкiрiн қоса тiркеуге құқы бар.
      10. Сақтандыру ұйымына инспекция жүргiзу жөнiндегi тиiсiнше ресiмделген қорытынды есеп екi данада жасалады, оның бiреуi Ұлттық Банктiң Сақтандыруды қадағалау департаментiнде сақталады, ал екiншiсi сақтандыру ұйымына жiберiледi.
      11. Инспекциялау қорытындысы Ұлттық Банктiң өз қызметiн қамтамасыз етуiне ғана пайдаланылуға тиiс.
      12. Сақтандыру ұйымының инспекциялау қорытындысы туралы есептi заң актiлерiнде тiкелей көзделген жағдайда болмаса, өзiнiң қаржылық күш-қуатын дәлелдеуге, жарнамалық немесе басқа да мақсатқа пайдалануға, осы құжатты (көшiрмесiн) Ұлттық Банктiң рұқсатынсыз үшiншi адамға беруге құқығы жоқ.
      13. Инспекция жүргiзуге кедергi жасаған жағдайда, оның лауазымды

адамына, Сақтандыру ұйымына заңда көзделген негiзде және тәртiппен тиiстi 
шара қолдана алады.
     14. Сақтандыру ұйымына инспекция жүргiзу қорытындысын Ұлттық Банктiң 
Сақтандыруды қадағалау департаментiнiң басшысында өтетiн сақтандыру 
ұйымдарының басшылары шақырылған мәжiлiсте қарауға болады.
     15. Жекелеген жағдайда инспекция жүргiзу қорытындысын Ұлттық Банктiң 
Төрағасында немесе оның Сақтандыруды қадағалау департаментiне жетекшiлiк 
ететiн орынбасарында өтетiн мәжiлiсте қарауға болады.
     16. Инспекциялау нәтижесi туралы есепте баяндалған қорытындыларды 
Ұлттық Банктегi осындай талқылаудың қорытындысы бойынша түзетуге болады.
     17. Ұлттық Банк сақтандыру ұйымының қызметiне жекелеген мәселелер 
төңiрегiнде инспекция жүргiзген жағдайда, акт қорытынды есеп жасалмай 
ресiмделедi.
     
                           3. Қорытынды ережелер
     
     18. Қаржылық және басқа да есеп жүргiзуде сақтандыру ұйымының 
құжаттық мәлiметтерi инспекциялау нәтижесi туралы есепте келтiрiлген 
мәлiметтермен сәйкеспеген жағдайда, сақтандыру ұйымы өзi жүргiзген есептi 
аталған есептiң нәтижесiне сәйкес келтiруге мiндеттi.
     19. Сақтандыру ұйымы инспекциялау аяқталған күннен бастап бiр ай 
мерзiмнiң iшiнде инспекциялау кезiнде анықталған кемшiлiктердi жою жөнiнде 
қолданылған шара туралы жазбаша ақпаратты Ұлттық Банкке тапсыруға мiндеттi.
     20. Инспекциялауды жүзеге асырған адамдар сақтандыру құпиясын немесе 
коммерциялық құпияны жария еткенi үшiн жауап бередi.
     21. Осы Нұсқаулықта реттелмеген мәселелер заңда белгiленген тәртiппен 
шешiледi.
     
     
     Ұлттық Банк
      Төрағасы
     
     
     
     Оқығандар:
           Омарбекова А.Т.
           Икебаева Ә.Ж.