"Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарттар жасау құқығы конкурсын өткiзу туралы Ереженi бекiту туралы"

Қазақстан Республикасының Жекешелендiру жөнiндегi мемлекеттiк комитетi 1996 жылғы 19 наурыздағы N 106 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 1996 жылғы 28 маусым N 178 тіркелді. Қолданылуы тоқтатылды - ҚР Үкіметінің 2005 жылғы 9 ақпандағы N 124 қаулысымен.

Күшін жойған

      ЕСКЕРТУ. Мәтiнiндегi сөздер ауыстырылды - ҚР Қаржы министрлiгiнiң Жекешелендiру жөнiндегi 1997.08.04. N 386 қаулысымен .

     Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1995 жылдың 23 желтоқсандағы заң күшi бар "Жекешелендiру туралы" Жарлығына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Жекешелендiру жөнiндегi департаментiнiң 1996 жылдың 7 ақпанындағы N 37 қаулысымен бекiтiлген акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн аукциондарда сату тәртiбi туралы Ережеге сәйкес және акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарттар жасау құқығы конкурстарын өткiзудiң бiрыңғай тәртiбiн белгiлеу мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Жекешелендiру жөнiндегi департаментi қаулы етеді:
     1. "Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарттар жасау құқығы конкурсын өткiзу тәртiбi туралы ұсынылған Ереже" бекiтiлсiн.
     2. Аукциондарды ұйымдастырушыларды iрiктеу акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарттар жасау құқығы конкурсын өткiзу тәртiбi туралы Ережемен белгiленген процедураға сәйкес жүзеге асырылуы керектiгi белгiленсiн.
     3. Осы қаулының орындалуына бақылау жасау акционерлiк қоғамдар акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi Басқарма бастығы Қ.С. Құттыбаеваға және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн жекешелендiру Басқармасының бастығы Н.Ж.Махимовқа жүктелсiн.

      Төраға

Қазақстан Республикасының  
Жекешелендiру жөнiндегi  
мемлекеттiк комитетiнiң  
1996 жылдың 19 наурызындағы
N 106 Қаулысымен     
Бекітілген        

Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi
аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарттар
жасау құқығы конкурсын өткiзу тәртiбi туралы
ЕРЕЖЕ

I. Жалпы ережелер

     1. Ереже акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi аукциондар ұйымдастыру мен өткiзуге шарттар жасау құқығы үшiн конкурстар өткiзу тәртiбiн Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Жекешелендiру жөнiндегi департаментi (бұдан әрi текст бойынша ЖМК) арқылы анықтайды.<*>
     2. Конкурстың мәнi болып шарты алдын-ала анықталған акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарт жасау болып табылады.
     Акциялардың мемлекеттiк пакетiн сату жөнiнде аукцион ұйымдастыру мен өткiзу шартын орындау Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Жекешелендiру жөнiндегi департаментiнiң 1996 жылдың 7 ақпанындағы N 37 қаулысымен бекiтiлген акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн аукциондарда сату тәртiбi туралы Ережеге сәйкес жүзеге асырылады.
     3. Конкурсқа жеке тұлғалар, құнды қағаздар жөнiндегi Ұлттық комиссия арқылы берiлетiн құнды қағаздар рыногының бiрiншi санатты (дилерлiк-брокерлiк) кәсiби қатысушысы лицензиясы бар және әрi қарай конкурс Қатысушылары аталатын осы Ереженiң 8-тармағында анықталған тәртiпке тiркеуден өткен мемлекеттiк емес заңды және шетелдiк заңды тұлғалар жiберiледi.

II. Конкурсты дайындау

     4. Қазақстан Республикасының облыстар бойынша жекешелендiру жөнiндегi (әрi қарай облыстар бойынша ЖМК) мемлекеттiк комитеттерi конкурс өткiзу туралы шешiм қабылдайды, конкурс барысында шешiмге ұсынылатын шарттар санын және аукционға шығарылатын акциялардың мемлекеттiк пакеттерiнiң тiзiмiн, сондай-ақ оларды сатуды жүзеге асыру үшiн қажеттi ақпаратты қамтитын әрбiр шартқа Аукциондық тапсырма белгiлейдi.
     5. Облыс бойынша ЖМК конкурс өткiзу туралы шешiм қабылданғаннан кейiн:
     а) комитет жұмысшыларынан конкурс өткiзу жөнiнде комиссия құрады;
     ә) әрбiр Аукциондық тапсырмаға шешiм құқығымен конкурсқа ұсынылатын акциялардың мемлекеттiк пакетiн сату жөнiнде аукцион ұйымдастыру және өткiзуге шарт дайындайды;
     б) конкурсқа қатысу үшiн кепiлдiк жарна төлеудiң бiрыңғай көлемiн және оны енгiзу тәртiбiн белгiлейдi;
     в) жарнамалық компанияны өткiзедi;
     г) конкурс қатысушыларының тiркеуiн жүргiзедi;
     д) акциялардың мемлекеттiк пакетiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу жөнiнде шарт жасасу құқығы үшiн конкурс жүргiзедi;
     е) конкурс жеңiмпаздарымен шарт жасасады.
     6. Жарнамалық компания бiрiншi санатты БҚҰК (дилерлiк-брокерлiк) лицензиясы бар фирмалар мекен-жайларына ақпараттық хабар тарату жолымен жүргiзiледi.
     Ақпараттық хабарлау мына мазмұнды қамтиды:
     а) конкурс өткiзiлетiн күн, уақыты және орны;
     ә) шешiм құқығымен конкурсқа ұсынылатын шарттар саны;
     б) шартты орындау үшiн сыйақы берудiң алғашқы процентi;
     в) конкурсқа Қатысушы ретiнде тiркелу үшiн қажеттi құжаттар тiзiмi;
     г) кепiлдiк жарна көлемi және енгiзу тәртiбi;
     д) конкурсқа қатысушыларды тiркеудi жүргiзу орны мен мерзiмдерi;
     е) келiсiмдер мен Аукциондық тапсырмалар шарттарымен танысуға болатын мекен-жайлар;
     ж) шарттардың орындаудың шектi мерзiмдерi;
     з) басқа да қосымша ақпараттар.
     7. Кепiлдiк жарна конкурста жеңiмпаз болған Қатысушы мiндеттемесiн, акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу шартына қол қоюды қамтамасыз етедi.
     Кепiлдiк жарналар Қатысушыларға конкурс өткiзiлген күннен бастап 5 банктiк күн iшiнде кешiктiрiлмей қайтарылады, егер кепiлдiк жарна ЖМК есебiне конкурс өткiзiлген күннен кейiн түссе, онда олардың түскен күнiнен кейiнгi 5 банктiк күн iшiнде қайтарылады.
     Конкурста жеңiске жеткен және акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукцион ұйымдастыру мен өткiзу шартына қол қоюдан бас тартқан жағдайда кепiлдiк жарна қайтарылмайды.
     8. Қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарлама таратылған күннен басталады да, конкурстық процедура өткiзуге бiр сағат қалғанда аяқталады.
     Конкурсқа Қатысушы ретiнде тiркелу үшiн:
     а) конкурсқа қатысу үшiн арыз;
     ә) төлқұжат немесе жекебасын куәландыратын құжат;
     б) кепiлдiк жарна енгiзудi растайтын түпнұсқа немесе төлем құжатының көшiрмесi;
     в) өкiлдiң өкiлеттiгiн куәландыратын құжат;
     г) құнды қағаздар жөнiндегi Ұлттық комиссия арқылы берiлетiн бiрiншi санаттағы кәсiби қатысушы лицензиясының көшiрмесi;
     д) құрылтайшылық құжаттар немесе заңды тұлғаның мемлекеттiк тiркелуi туралы куәлiктi нотариалды куәландыратын көшiрмелер;
     е) аукционды дайындау мен өткiзудiң күнтiзбелiк жоспары болуы керек.
     9. Конкурсқа қатысушы:
     - акцияларының мемлекеттiк пакеттерiн сатуға шығарылатын кәсiпорындар туралы қосымша ақпарат сұрауға;
     - кәсiпорында қарауға;
     - конкурсқа қатысудан бас тартуға құқылы.
     10. Аукционды ұйымдастыру мен өткiзу жөнiндегi жұмыстың негiзгi кезеңдерiнiң орындалу мазмұны мен мерзiмдерi, конкурсқа Қатысушы ретiнде тiркелу арызымен бiрге ұсынылатын аукционды өткiзу мен дайындаудың күнтiзбелiк жоспары негiзiнде анықталады. Конкурста жеңiске жеткен жағдайда және акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiндегi аукцион ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шарт жасау жағдайында күнтiзбелiк жоспар шарттың ажырамас бiр бөлiгi болып табылады және конкурс Жеңiмпазы аукционды ұйымдастыру мен өткiзуде күнтiзбелiк жоспарда көрсетiлген барлық мерзiмдi сақтауға мiндеттi.
     11. Конкурс жеңiмпаздарын анықтау үшiн ЖМК комитет қызметкерлерiнен акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру мен өткiзу үшiн шартқа қол қоюға өкiлеттi төрағасы бар конкурстық комиссия құрады.
     Конкурстық комиссия мынадай қызметтердi жүзеге асырады:
     - акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукциондар ұйымдастыру және өткiзу шартын жасау үшiн конкурс өткiзедi;
     - конкурс қорытындылары туралы хаттамалар дайындайды және оларға қол қояды;
     - конкурс өткiзу барысында туған дауларды қарайды.

III. Конкурс өткiзу және шарт жасау

     12. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукцион ұйымдастыру және өткiзуге шарт жасау құқығы үшiн конкурсы "бiр сауда - бiр шарт" схемасы бойынша өткiзiледi. Конкурсты өткiзу конкурс Қатысушыларының шартты орындау үшiн ұсынылатын сыйақы көлемiнiң әрi қарайғы төмендеуiне негiзделедi.
     13. Конкурсты конкурс комиссиясының төрағасы жүргiзедi.
     Конкурс оны өткiзу тәртiбiн хабарлаудан басталады. Әрбiр шарт бойынша конкурстық сауда шарт нөмiрiн, аукциондық тапсырманың қысқаша мазмұнынан және шарты орындау үшiн ең алғашқы сыйақы көлемiнiң 5%-тен аспауы керектiгiн хабарлаудан басталады.
     14. Конкурс қатысушылары жеке нөмiрлерiн көтерiп, осы шартты орындауға өздерi келiскен сыйақы процентiн ауызша айтады. Сыйақының проценттiк ставкасының өзгеруi 0,05%-тен кем болмауы керек. Конкурсқа Қатысушылар арқылы берiлген сыйақы проценттерiнiң ең азын ұсынушы конкурс жеңiмпазы болып табылады. Конкурстық сауда қорытындылары хаттамамен рәсiмделедi.
     15. Егер конкурстық процедура өткiзу басталғанша осы Ереженiң 6 тармағының талаптарын сақтаумен жарнамалық конкурс өткiзу шартында тек бiр ғана Қатысушы тiркелсе, шарт жасасу бәсекелессiз түрде жүргiзiледi.
     16. Акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукцион ұйымдастыру мен өткiзу шарты шарт бойынша конкурстық сауда бiтiсiмен бiрден жасалады. Егер сауда жеңiмпазы акциялардың мемлекеттiк пакеттерiн сату жөнiнде аукционды ұйымдастыру мен өткiзу шартына қол қоюдан бас тартса, онда ол конкурсқа қатысу құқын жоғалтады және конкурстық сауда осы шарт бойынша жаңартылады.