Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігi және Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi қаулы етедi:
Қазақстан Республикасы Кәсiподақтар Федерациясының Кеңесiмен келiсiлген "Еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде жұмысшылар мен қызметкерлердiң зақымдануы салдарынан денсаулығының бұзылуына немесе жарымжан болуына себепкер кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар тарапынан келтiрiлген зиянның барлық түрi бойынша орнын өтеудiң Қағидасын қолданудың тәртiбi туралы" Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 17 наурыздағы N 201 P930201_ Қаулысымен бекiтiлген осы Түсiндiрме бекiтiлсiн.
Қазақстан Республикасының Қазақстан Республикасының
Еңбек министрi Халықты әлеуметтiк қорғау
министрi
Қазақстан Республикасының
Еңбек министрлiгi мен
Қазақстан Республикасының
Халықты әлеуметтiк қорғау
министрлiгiнiң 1993 жылғы
17 мамырдағы N 27/3
қаулысымен бекiтiлген
ТҮСIНДIРМЕ
Жұмысшылар мен қызметкерлердiң еңбек мiндеттерiн орындау
кезiнде зақымдануы салдарынан денсаулығының бұзылуына
немесе жарымжан болуына себепкер кәсiпорындар,
мекемелер, ұйымдар тарапынан келтiрiлген зиянның
барлық түрi бойынша орнын өтеудiң Қағидасын қолданудың
тәртiбi туралы
I. Жалпы ереже
1. Еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде қызметкерлердiң зақымдануы* немесе кәсiптiк ауруға ұшырауына байланысты денсаулығына келтiрiлген зиянның орнын өтеу мәселесi, Қазақ ССР Азаматтық кодексi, "Еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесiнiң 1993 жылғы 30 қаңтардағы "Экономикалық реформаларды өткiзу кезiнде азаматтардың құқылық қатынастарын реттеу туралы" қаулысымен, Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1993 жылғы 17 наурыздағы N 201 қаулысымен бекiтiлген жұмысшылар мен қызметкерлердiң еңбек мiндеттерiн орындау кезiнде* зақымдануы салдарынан денсаулығының бұзылуына немесе жарымжан болуына себепкер кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар тарапынан келтiрiлген зиянның барлық түрi бойынша орнын өтеудiң Қағидасы" бойынша реттелiп отырады. ______________________
* Бұдан былай еңбек мiндеттерiн орындаумен байланысты зақымдану немесе денсаулығының бұзылуы сөзi, еңбекте зақымдану деп аталады.
* Бұдан былай "Жұмыс берушi" деген термин жекеменшiктiң барлық түрiндегi кәсiпорындарды, мекемелердi, ұйымдарды қамтиды.
2. Жұмысшылар мен қызметшiлердiң, колхоз мүшелерiнiң, кооперативтердiң, азаматтардың, тапсырыс және көтерме азаматтық-құқықтық келiсiм-шарты бойынша iстейтiн адамдардың денсаулығына зиян келтiрiлсе, жұмыс берушiнiң территориясында не одан басқа сырт жерлерде тосын оқиғаға тап болса, сол сияқты жұмыс берушiнiң автокөлiгiмен жұмысқа бара жатқанда немесе келе жатқан жолында зақымданса, онда жұмыс берушi<*> келтiрген зияны үшiн материалдық жауапкершiлiктi өз мiндетiне алады. (Қағиданың 1-тармағы).
3. Еңбек қауiпсiздiгi жағдайын дұрыс қамтамасыз етпеудiң салдарынан (еңбектi қорғау, техника қауiпсiздiгi, өндiрiс санитариясы ережесiн сақтамау т.б.) зақымға ұшыраса, жұмыс берушiнiң кiнәсінен еңбекте зақымданған болып есептеледi.
4. Келтiрiлген зиян үшiн жұмыс берушiнiң жауапты екенiн дәлелдеу, тиiстi құжаттар арқылы немесе куәлердiң анықтауы бойынша жүзеге асырылуы мүмкiн, атап айтқанда:
өндiрiстегi бақытсыздық оқиғасы туралы актi; соттың үкiмi, шешiмi, прокурордың қаулысы, тергеу органы немесе алдын ала тергеу жүргiзу;
кәсiптiк ауру туралы дәрiгердiң шешiмiн, денсаулықтың бұзылу себептерiн, еңбек туралы заңды сақтау мен еңбектi қорғау жағдайын қадағалап, бақылау жасау iсiн жүзеге асырып отыратын техникалық еңбек инспекторының немесе басқа да лауазымды адамның (органдардың) қорытындысы;
айыпты адамға әкiмшiлiк немесе тәртiп жөнiндегi шара қолдану туралы шешiм;
Еңбекте зақымданумен байланысты уақытша еңбекке жарамсыздығына орай, жұмысшылар мен қызметкерлерге жәрдемақы төлеу үшiн мемлекеттiк сақтандыру бюджетiнен жұмсалған шығынның орнын, жұмыс берушiнiң өтейтiнi жөнiнде әлеуметтiк сақтандыру орындарының қаулысы.
5. Ұшу сапарында немесе әуе кемесiн қондыру кезiнде, тiке аспанға ұшып шығу сияқты қызмет бабындағы мiндеттердi орындау барысында әуе кемесi экипажының мүшелерi еңбекте зақымдануы мүмкiн. Мұндай жағдайда, келтiрiлген зиянның қаскүнемдiктiң салдарынан болғаны дәлелденбесе, онда жеке меншiгiне әуе кемесi тән немесе әуе кемесiн оперативтi басқаруға құқы бар жұмыс берушi келтiрген зияны үшiн жауапты болады.
6. Келтiрiлген зиянды зардап шегушiге төлеу оның еңбекке жарамсыздығы немесе еңбек қабiлетiнiң азаюы салдарынан айрылған еңбек-ақысының, кiрiсiнiң (немесе оның тиiстi бөлiгi) ақшалай сомасы мөлшерiнде; денсаулықтың бұзылуымен байланысты қосымша шығындар үшiн өтемақы; белгiленген жағдайларда бiржолғы жәрдемақы төлеу түрiнде болады.
7. Еңбекте зақымдануына байланысты зардап шегушiнiң өзiнiң келiсiмi бойынша еңбекақысы тым аз жұмысқа уақытша ауыстырылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда, еңбек ету қабiлетi қалпына келгенiнше немесе ұзақ уақытқа жұмысқа жарамай не мүлде жарамай қалса, бұрынғы еңбекақысы мен жаңа еңбекақы арасындағы айырма төленедi.
Зардап шегушiнi басқа жұмысқа ауыстыру қажеттiлiгi туралы қорытындыны, оның ұзақтығын (бiр жылға дейiнгi уақыт шамасында) және ұсынылған жұмыстың сипатын дәрiгерлiк-консультациялық комиссия бередi.
Көрсетiлген уақыт iшiнде жұмыс берушi тарапынан оған лайықты қызмет берiлмеген жағдайда, зардап шегушi еңбекте зақымданғанға дейiн алып келген орташа айлық табысының мөлшерiнде келтiрiлген зиянның өтемiн алуға құқылы.
Мұндай жағдайда, бұрынғы жұмыс орнындағы орташа айлық табыс, сол сияқты осы түсiнiктеменiң 8-тармағында көрсетiлгенiндей, қазiргi қолданылып жүрген бекiтiлген тәртiп бойынша еңбекте зақымданудың алдындағы екi айдың айлық табысынан анықталады.
8. Жұмыс берушi зардап шегушiнi жаңа кәсiпке жұмыс берушiнiң қаржысы есебiнен оқытуды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Ол үшiн мынадай шарт қажет:
еңбекте зақымдануына байланысты зардап шегушiнi бұрынғы жұмысында одан әрi пайдалану мүмкiншiлiгi болмаса;
зардап шегушiнiң оқуға келiсiмi;
жаңа кәсiптiң МӘСК-ның сипаттамасымен сай келуi.
Зардап шегушiнiң жаңа кәсiптi оқыған уақытына бұрынғы жұмыс орнындағы орташа айлығы төленедi. Осы уақытың iшiнде келтiрiлген зиянның өтеуi үшiн төлем төленбейдi.
9. Зардап шегушi қайтыс болған жағдайда келтiрiлген зиянның өтеуi үшiн төлем алуға қайтыс болған адамның қарауындағы еңбекке жарамсыз адамдардың немесе ол қайтыс болған күнге дейiн одан күнделiктi күн-көрiсiне көмек алып тұруға құқы бар адамдардың, ол қайтыс болғаннан кейiн туған баласының, сол сияқты әке-шешесiнiң бiреуiнiң, жұбайының немесе қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларын, iнi-қарындастарын және немерелерiн күтумен байланысты отбасындағы жұмыс iстемейтiн басқа да адамдардың құқы бар.
Қарауында балаларының болғандығы болжаумен ұйғарылады және оны дәлелдеу талап етiлмейдi.
Еңбекке жарамсыз отбасы мүшелерi болып саналатындар:
18 жасқа толмаған балалары (кәсiптiк-техникалық училищелердiң, орта арнаулы жоғары оқу орындарының оқушылары оны бiтiргенге дейiн, бiрақ 23 жастан аспауға тиiс);
60 жастан асқан еркектер мен 55 жастан асқан әйелдер немесе белгiленген тәртiп бойынша мүгедек деп танылғандар.
Қайтыс болған адамның алимент төлеп келген немесе алимент төлеуге мiндеттi кәмелетке толмаған балалары оның қарауындағылар деп танылады.
II. Еңбекке қабiлеттiлiктi сараптау
10. Жұмысшылар мен қызметшiлердiң кәсiби еңбекке қабiлеттiлiгiн жойып алу дәрежесi, тап осы еңбекте зақымданғанымен немесе денсаулықтың басқаша бұзылуы салдарынан кәсiби еңбекке қабiлеттiлiгiнiң азаюымен байланыстырыла отырып, медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиялары (МӘСК) тарапынан белгiленетiн процентпен анықталады.
11. Еңбекте зақымдану немесе денсаулықтың басқаша бұзылуы салдарынан кәсiби еңбекке қабiлеттiлiгiн жойып алу дәрежесiн МӘСК-сы тарапына анықтау тәртiбiн Қазақстан Республикасының Еңбек министрлiгiмен бiрлесе отырып, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлiгi және Қазақстан Республикасының Халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi бекiтедi.
Кәсiби еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалту дәрежесiн анықтаумен бiр мезгiлде оны негiзге ала отырып, мүгедектiктiң тиiстi тобы берiлген және зардап шегушiнiң көмектiң қосымша түрлерiне қаншалықты мұқтаж екенi анықталады.
12. Кәсiби еңбекке қабiлеттiлiгiн жоғалту (процент) дәрежесi туралы анықтама, көмектiң қосымша түрлерiне мұқтаждығы куәландырылған адамның қолына берiледi; куәландыру актiсiнiң көшiрмесi аталған мәлiметтермен бiрге зардап шегушiнi медициналық-әлеуметтiк сараптау комиссиясына (МӘСК-ына) жолдаушы кәсiпорынға немесе халық сотына жiберiледi.
III. Зардап шегушiге төленуге тиiстi зиянның
мөлшерi
13. Зардап шегушiге төленуге тиiстi зиянның мөлшерi оның кәсiби еңбекке қабiлетiн жоғалту дәрежесiне сәйкес еңбек жарақатына ұшырағанға шейiн алып жүрген еңбекақысының процентiмен анықталады.
Мысалы, жұмысшы өндiрiсте жарақаттанып, денсаулығын зақымдауы салдарынан кәсiби еңбек қабiлетiнiң 20 процентiн жоғалтты, ал, мүгедектiк тобы анықталған жоқ делiк. Мертiгiп, денсаулығын жоғалтқанға дейiнгi айлық еңбек табысы 8400 сом. Ол жеңiлдеу жұмысқа ауысқан соң, оның еңбек табысы айына орташа 5600 сомнан айналады. Демек, қайтарымға тиiс залалдың мөлшерi - 1600 сом болады.
14. Еңбек табысының немесе оның бiр бөлiгiнiң орнына өтем төлер кезде зардап шегушiге еңбек жарақатын алуына орай жарақат алғанға шейiн, алғаннан кейiн тағайындалған мүгедектiгiне байланысты және басқа зейнетақылар келтiрiлген зиянның орны үшiн төленетiн төлемге қосылмайды.
Мысалы, Сидоровке I-топтағы мүгедектiгiне байланысты айына 6825 сом мөлшерiнде зейнетақы тағайындалған. Ол кәсiби еңбек қабiлеттiлiгiн 100 процентке жоғалтқан. Кәсiби ауруға шалдыққанға дейiнгi еңбекақысы 7229 сом, зиянның орнын өтеу төлемi мүгедектiгiне байланысты зейнетақысы есепке алынбастан айына 7229 сом мөлшерiнде толығымен берiледi.
IV. Асыраушысының қайтыс болуына байланысты
келтiрiлген зиянның орнын өтеу
15. Қайтыс болған асыраушының қарауында болған және оның қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқылы еңбекке жарамсыз азаматтарға, қайтыс болған адамның орташа айлық табысы мөлшерiнде зиянның өтемi анықталады. Алайда, орташа айлықтан оның өзiне тиесiлi және оның қарауында болған еңбекке қабiлеттi, бiрақ келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқы жоқ адамдардың үлесi есептелiп, шығарып тасталады.
Келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқылы әрбiр азаматқа келтiрiлген зиян орнын өтеу мөлшерiн анықтау үшiн асыраушы табысының сол азаматтарға тиiстi бiр бөлiгi олардың барлығының санына бөлiнедi.
Қайтыс болған адамның қарауында болмаған, бiрақ келтiрiлген зиянның орны үшiн өтем алуға құқылы еңбекке жарамсыздарға төлем мөлшерi мынадай тәртiпте белгiленедi: асырау үшiн қаржы сот тәртiбiнде талап етiлсе, келтiрiлген зиянның орнын өтеу сомасы сот белгiлейтiн мөлшерде, ал асырау үшiн қаржы сот тәртiбiнде талап етiлмеген жағдайда, келтiрiлген зиянның орны үшiн берiлетiн өтем сомасы азаматтардың материалдық жағдайы және қайтыс болған адамның тiрi кезiнде көмек көрсету мүмкiндiгi (алимент процентi) ескерiле отырып төленедi.
Келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға қайтыс болған адамның қарауында болған және болмаған азаматтар бiр уақытта құқылы болған жағдайда, келтiрiлген зиян үшiн берiлетiн өтем мөлшерi алдымен қайтыс болған адамның қарауында болмағандар үшiн белгiленедi. Мұндай азаматтар үшiн келтiрiлген зиянның орнын өтеуге белгiленген сома асыраушының жалақысынан шегерiледi де, содан кейiн жалақының қалған мөлшерiне сүйене отырып, осы тармақтың 1 және 2 абзацтарында көзделген тәртiпке сәйкес қайтыс болған адамның қарауында болғандар үшiн келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн мөлшер белгiленедi.
1-мысал. Қайтыс болған адамның отбасында жұмысқа жарамды жұмыс iстемейтiн әйелi мен екi баласы (2 және 6 жаста) болған, қайтыс болған адамның жалақысы 4000 сом : 4 x 3 = 3000 сом. Бұл жағдайда еңбекке жарамды жұмыс iстемейтiн әйел де келтiрiлiген зиян үшiн өтем алуға құқылы, өйткенi ол жас балаларға күтiм жасайды.
2-мысал. Қайтыс болған адамның отбасында жұмысқа жарамды жұмыс iстемейтiн әйелi мен екi баласы (10 және 17 жаста) болған. Келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға тек он жасар баласы ғана құқылы. Қайтыс болған адамның жалақысы 8000 сом болған жағдайда, келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн ай сайын төленетiн сома мына мөлшерде белгiленедi: 8000 : 4 x 1 = 2000 сом.
3-мысал. 5 мың сом жалақы алып отырған қайтыс болған шопанның отбасында өзi және 2-шi топтағы мүгедектiгiне байланысты 3000 сом зейнетақы алатын әйелi болған. Күйеуi әйелiн асырап келген, өйткенi күйеуiнiң айлығы әйелi мүгедектiгiне байланысты алатын зейнетақы мөлшерiнен едәуiр артық болған. Келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн төленетiн ақшаның мөлшерi 2500 сомды құрайды. (5000 : 2 x 1).
4-мысал. Қайтыс болған адамның жалақысы 2400 сомды құраған, оның қарауында 13 және 15 жасар кәмелеттiк жасқа толмаған балалары болған, әйелi жұмыс iстеген. Келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға басқа балаларымен тұратын қарт анасы да құқылы. Анасының материалдық жағдайын ескере отырып, алимент принципi негiзiнде анасына 300 сом тағайындалады да, қалған 2100 сом ақша (2400-300) қайтыс болған адамның және екi баласының үлестерiн ескере отырып, үшке бөлiнедi (әйелi жұмыс iстеп жүргендiктен, есепке алынбайды). Сонымен кәсiпорын келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн 1400 сом (2100 : 3 x 2 = 1400 сом) төлеуге мiндеттi.
Қайтыс болған адамның кәмелеттiк жасқа толмаған балаларына келтiрiлген зиянның орны олардың қайтыс болған адаммен бiрге немесе бөлек тұрғанына, сондай-ақ қайтыс болған адам оларды асырау үшiн алимент төлегендiгiне немесе төлеуге мiндеттi екендiгiне қарамастан әр уақытта да үлес принципi негiзiнде өтеледi.
5-мысал. Зардап шегушi қайтыс болғаннан кейiн оның екiншi некеден жұмысқа жарамды әйелi мен 5 жасар қызы қалды. Әйелi жұмыс iстемей, қызына күтiм жасаған. Қайтыс болған адамның бiрiншi некеден 14 жасар ұлы және анасы бар, анасы бөлек, қайтыс болған адамның ағасымен бiрге тұрды да, толық емес стажына сәйкес жасына байланысты 720 сом зейнетақы алып отырған. Қайтыс болған адамның жалақысы 7840 сомды құраған. Келтiрiлген зиянның орны былайша өтеледi: анасына алимент принципi бойынша - 100 сом төленедi. Отбасының қалған мүшелерiне (сондай-ақ қайтыс болған адамның бiрiншi некеден туылған ұлына қайтыс болған адам ақша төлегендiгiне немесе төлеу қажеттiлiген қатыссыз 2280 сомнан (7840 - 1000 : 3 = 2280) төленедi.
16. Ереженiң 6-тармағында бекiтiлген тәртiпке сәйкес асыраушы қайтыс болған уақытта жоғарыда аталған азаматтың әрқайсысына белгiленген жалақының бiр бөлiгi асыраушы қайтыс болғаннан кейiн туған балаға және қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларына, iнiлерiне, қарындастарына немесе немерелерiне күтiм жасаған ата-ананың бiреуiне, жұбайына немесе отбасының басқа мүшелерiне тағайындалған (тоқтатытылуы) төлемдерден басқа бөлiгi одан әрi қайта есептелуге жатпайды.
Аталған жағдайларда отбасының мұндай мүшелерiнiң көбейетiндiгiн немесе азаятындығын ескере отырып, келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға құқылы отбасының әр мүшесiне тиесiлi асыраушы жалақысының бөлiгi қайта есептелуге жатады.
1-мысал. Келтiрiлген зиян үшiн 3000 сом әкесiнiң жалақысынан әр балаға 750 сомнан төлем белгiленген (3000 : 4 x 3), баланың бiреуi 18 жасқа толып, жұмысқа кiргеннен кейiн де қалған екi баланың алатын үлес ақшалары қайта есептелуге жатпайды, яғни, әрқайсысы 750 сомнан ала беретiн болады.
2-мысал. Асыраушы қайтыс болған кезде оның қарауында 10 жасар ұлы болған. Әйелi жұмыс iстеген. Асыраушы 12000 сом жалақы алып отырған болса, оның жалақысының ұлына тиесiлi бөлiгi 6000 сомды құрайды (12000 : 2). Асыраушы қайтыс болғаннан кейiн оның жесiрi үш айдан кейiн қыз туып, жұмыстан шығып кеттi. Бұл жағдайда келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға құқылы отбасындағы әр мүшеге бөлiнетiн асыраушы жалақысының тиiстi бөлiгi қайта есептелуге жатады. Бiздiң жағдайда ол 3000 сом (1200 : 4) болады, үшеуiне айына 9000 сомнан ақша төленедi.
3-мысал. Асыраушы қайтыс болған кезде оның қарауында 4 жасар қызы және оған күтiм жасаған әйелi болды. Асыраушының 8247 сом жалақысынан отбасының әр мүшесiне жалақының тиiстi бөлiгi 2249. Қызы 8 жасқа толған кезде, жесiр әйелi жұмысқа шықты да, оған келтiрiлген зиян орнына өтем төлеу тоқтатылды. Бұл жағдайда асыраушы жалақысының қызына тиiстi бөлiгi қайта есептелуге тиiс: ол 4123 сом 50 тиынды құрайды (8247 : 2).
4-мысал. Қайтыс болған асыраушының жұмысқа жарамды жұмыс iстейтiн әйелi екi баласына келтiрiлген зиянның орнына өтем алу жөнiнде өтiнiш жасаған. Отбасының екi мүшесiне келтiрiлген зиянның орнын өтеу ретiнде төленген ақша қайтыс болған азаматтың алып отырған жалақысының 2/3 бөлiгiн құрады. Бiр жылдан кейiн бiрiншi некеден қалған 14 жасар ұлдың анасы да тура осындай өтiнiш берген. Келтiрiлген зиянның орнын өтеу сомасы қайта қаралады да, қайтыс болған азаматтың жалақысының 3/4 бөлiгiн құрайды (әр алушыға 1/4 бөлiгiнде).
Асыраушысынан айрылуына байланысты келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға құқылы азаматтардың зейнетақылары, жалақылары, стипендиялары және басқа кiрiстерi келтiрiлген зиянның орнын өтеу есебiнен есептелмейдi.
V. Аралас жауапкершiлiк кезiнде келтiрiлген
зиянның орнын өтеу
17. Зардап шегушiнiң өрескел сақтанбаушылығы зиянды iс-әрекеттiң пайда болуына немесе ұлғаюына әкеп соғатын болса, зардап шегушi кiнәсiнiң дәрежесiне байланысты зиянның орнын өтеу мөлшерi, тиiсiнше кемидi.
Зардап шегушiнiң қаншалықты кiнәлi екендiгiн белгiлеу кезiнде осы мәселе жөнiнде өкiлеттi орган (еңбектi қорғау органдары) өкiлiнiң қорытындысы ескерiледi.
Келтiрiлген зиянның орнын өтеудiң қосымша түрлерiне аралас жауапкершiлiк қолданылмайды. (Ереженiң 13, 14-тармақтары).
1-мысал. Жұмысшы айына 9870 сом алып отырған, МӘСК шешiмiне сәйкес ол кәсiптiк жұмысқа жарамдылығының 80 процентiн жоғалтып алған, зардап шегушiнiң кiнәсi 25 процент мөлшерiнде белгiленген, зейнетақы 3426 сом мөлшерiнде тағайындалған. Келтiрiлген зиян былайша есептеледi: 9870 сомның 80 процентi = 7896 сом. (денсаулығына зақым келуiне байланысты шартты түрде жоғалған жалақы мөлшерi);
7896 сомның 75 процентi = 5922 сом. (кәсiпорынның кiнәсi себебiнен шартты түрде жоғалған жалақы мөлшерi);
7896 сомның 25 процентi = 1974 сом. (зардап шегушiнiң есебiне жатқылызылатын шартты түрде алынатын жоғалған жалақының бөлiгi).
Келтiрiлген зиянның орнын өтеуге тиiс мөлшер - айына 5922 сом.
Асыраушы қайтыс болып, аралас жауапкершiлiк жүктелген кезде келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерiн белгiлеуде де осы принцип қолданылады: келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға құқылы отбасының әр мүшесiнiң үлесi зардап шегушiнiң кiнәсiне сәйкес процентке азаяды.
2-мысал. Қайтыс болған адамның жалақысы 3200 сом болған. Оның кiнәсi - 20 процент мөлшерiнде, ал кәсiпорындiкi - 80 процент деп белгiленген. Отбасы құрамында 12 жасар ұлы, жұмысқа жарамды әйелi, сондай-ақ қайтыс болған адамның қарауында болмаған, бөлек тұратын, бiрақ одан көмек алуға құқылы қарт анасы бар.
Анасына келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн төленетiн сома 600 сом мөлшерiнде белгiленген, ол зардап шегушiнiң кiнәсiне сәйкес 20 процентке төмендейдi. Сонымен, 600 сомның 20 процентi = 120 сом;
Баласының үлесi - 1360 сом (3200 - 480 : 2). Ол да сондай-ақ 20 процентке кемидi де 1088 сом болады.
(1360 сомның 20 процентi = 272 сом; 1360 - 272) = 1088 сом.
Сөйтiп, келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн ұлына айына 1088 сом төленетiн болды.
VI. Келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлем мен
бiр жолғы жәрдем ақша мөлшерiн есептеу үшiн
алынатын орташа айлық еңбекақыны белгiлеу
18. Келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлем мен бiр жолғы жәрдем ақша мөлшерi зардап шегушiнiң еркi бойынша еңбек зақымын туғызған немесе осы еңбек зақымына байланысты еңбекке жарамдылығын жоғалту алдындағы жұмыстың, қызметтiң (мерзiмдi әскери қызметтi қоспағанда) соңғы 12 календарлық айдың орташа айлық жалақысы негiзiнде есептеледi. Кәсiптiк ауруға шалдыққан жағдайда зардап шегушiнiң еркi бойынша келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлемдi есептеу үшiн осы ауруды туғызуға әсер еткен жұмысты тоқтату алдындағы 12 календарлық айдың орташа айлық жалақысы есепке алынуы мүмкiн.
Еңбек жарақаты алдындағы (еңбекке жарамдығын жоғалту кезеңi) соңғы екi жыл iшiнде қызметкер жалпы алғанда 12 айдан аз жұмыс iстесе, сондай-ақ бiр жылдан да аз жұмыс iстеген барлық жағдайларда келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлемдi есептеу үшiн толық iстелiнген айлардың орташа айлық еңбекақысы есепке алынуы мүмкiн. Бұл үшiн есепке алынған айлардағы еңбекақының жалпы сомасы айлар санына бөлiнедi.
Егер қызметкер толық бiр ай жұмыс iстемеген жағдайда жұмыс iстеген бүкiл уақыты үшiн берiлген еңбекақы жұмыс iстеген күндердiң санына бөлiнедi де, алынған сома бiр айдағы жұмыс күндерiне көбейтiледi, (алты күндiк жұмыс аптасы кезiнде орта есеппен алғанда 25,4; бес күндiк жұмыс аптасы кезiнде 21,2). Бұл кезде келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлем мөлшерi екi тарифтiк (есептiк) ставканың немесе осы қызметкердiң екi кесiмдi жалақысының мөлшерiнен аспауға тиiс.
1-мысал. Еңбеккер 1992 жылдың қазан айында бақытсыз жағдайға ұшырайды. Зиянның орнына өтем алуға зардап шегушi 1993 ж. сәуiр айында өтiнiш жасайды. Келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлем зақым алынғанға дейiнгi, яғни, 1994 қазан айының алдындағы толық жұмыс iстеген айынан есептелiнетiн болады.
2-мысал. Зардап шегушi зақым алған 1987 жылға дейiн (басының зақымдануы) шахтада бұрғылаушы болып жұмыс iстеген, онда еңбекақысы айына 1500 сом болған, ауырғаннан кейiн де жұмысқа жарамдылығынан тұрақты түрде айырылмағандықтан орман шаруашылығындағы жұмысқа ауысқан, онда 230 сом алып отырған, ал бұрын алған жарақты себебiнен 1993 жылы жұмысқа жарамдылығы төмендегендiктен, ол келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн төлемдi белгiлету үшiн орташа айлық еңбекақысы ретiнде жарақат алу алдындағы жалақыны (яғни 1500 сомды) таңдауы мүмкiн.
19. Қызметкердiң заңда көзделген маңызды себептерге (жұмысқа орналасуына және босануына, науқастануына, жұмыстың тоқтап қалауына, демалуына, оның iшiнде үш жасқа дейiнгi балаға күтiм жасауына байланысты демалыс алуы, сондай-ақ азамат еңбек жарақатының салдарынан мүгедек болған немесе еңбек жарақаты себебiнен келтiрiлген зиянның орнына өтем алған уақыты; 1 топ мүгедегiн, жалғызiлiктi 2 топ мүгедегiн және бiреудiң көмегiне мұқтаж жасына байланысты зейнеткердi, сондай-ақ 80 жасқа толған қарт адамды, 16 жасқа дейiнгi мүгедек балаға күтiм жасауға кеткен уақыты және басқа себептерге байланысты жұмыстан босауы) байланысты жұмыс iстемеген немесе толық жұмыс күндерiн iстемеген айларының орташа айлық жалақысын белгiлеу кезiнде зардап шегушiнiң қалауы бойынша мұндай күндер есептеуден шығарылады да, тiкелей алдындағы айлармен ауыстырылады. Мұндай ауыстыру еңбек жарақатын алу алдындағы немесе жұмысқа жарамдылық жоғалғаннан кейiнгi (18 тармақ) екi жыл жұмыс шегiнде жүргiзiледi.
Қызметкер шын мәнiнде жұмыс iстемеген немесе маңызды себептерсiз (мәселен, жұмысқа себепсiз шықпай қалу) жұмысқа шықпай қалған айлар есептен алынып тасталмайды, басқа айлармен алмастырылмайды.
20. Еңбек жарақатын алу жағдайы қайталаған кезде, зардап шегушiнiң қалауы бойынша орташа айлық жалақысы алғашқы немесе қайталап жарақаттану алдындағы тиiстi мерзiмдер үшiн есептеледi. (18 және 19-тарм.).
Егер адам еңбек жарақаттарына жұмыс берушiнiң бiрiнде ғана жұмыс iстеп жүрген кезде ұшыраса, онда келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерi бiрiншi және қайталап алынған жарақаттың жиынтығы бойынша МӘСК белгiлейтiн кәсiптiк жұмысқа жарамдылықты жоғалтудың жалпы принципi бойынша есептеледi.
Егер еңбек жарақаты әр түрлi жұмыс берушiлердiң жұмыстарында алынатын болса, онда келтiрiлген зиянның орнын өтеу сомасының мөлшерi МӘСК белгiлейтiн кәсiптiк еңбек жарамдылығын жоғалту принципiне сүйене отырып, әр жарақат үшiн жеке-жеке есептеледi.
21. Келтiрiлген зиянның орнына өтем алуға өтiнiш жасалған кезде зардап шегушiнiң еңбек жарақатын алғанға дейiнгi нақты жалақысы жөнiндегi құжаттар сақталмаған жағдайда, төлем сол адамның атқарып келген жұмысының тарифтiк ставкасынан (кесiмдi жалақы) белгiленедi. Зардап шегушiнiң нақты жалақысы жөнiндегi құжаттарды алу мүмкiн еместiгiн ұйымның немесе архивтiң анықтамасы растайды.
22. Келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерiн, бiр жолғы өтемақыны есептеу үшiн ескерiлетiн жалақыда сақтық жарна есептелiнетiн еңбекке ақы төлеудiң барлық түрлерi ескерiледi (колхоз мүшелерiнiң жалақысы ескерiлмейдi), бiрақ еңбекке ақы төлеуде қолданылып жүрген заңда көзделмеген бiр жолғы төленетiн төлемдер (пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақы, демалысқа берiлетiн жәрдемақы т.б.) есепке алынбайды, олардың тiзбесi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 26.09.91 ж. N 556 және 26.03.92 ж. N 282 қаулыларымен белгiленген.
Колхоз мүшелерiне келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерiн есептеу кезiнде колхоздың қоғамдық жұмысының барлық түрлерiне төлеген жалақылары жинақталады.
23. Өндiрiстiк оқудан (тәжiрибеден) өту кезеңiнде еңбек жарақатын алған адамдарға келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерi зардап шегушiнiң оқып жүрген мамандығы үшiн белгiленген ставкадан (кесiмдi жалақы) (2-шi разрядтан төмен емес) немесе қалауы бойынша осы өндiрiстiк оқу (тәжiрибе) алдындағы оқудың немесе жұмыс мерзiмiнiң нақты жалақысынан есептеледi.
24. Шет елде жұмыс iстеген азаматтардың орташа айлық жалақысы жалпы негiзде, шет елде iстеген жұмысына төленген ақшасы ескерiлмей есептеледi. Бұл жағдайда Қазақстан Республикасының шет елдердегi мекемелерi мен ұйымдарына немесе халықаралық ұйымдарға жiберiлген азаматтарға келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерi олардың қалауы бойынша келтiрiлген зиян белгiленген уақытта Қазақстан Республикасында сәйкес мамандықпен жұмыс iстейтiн жұмысшылар мен қызметшiлер үшiн белгiленген орташа айлық жалақысынан есептелуi мүмкiн.
VII. Еңбек жарақатын алуына байланысты зардап
шегушiге қосымша шығындарды өтеудiң
тәртiбi мен шарттары
25. Жоғалтып алған жалақысын өтеумен қатар жұмыс берушi зардап шегушiге еңбек жарақатын алуына байланысты жұмсалатын қосымша шығындарды (қосымша тамақ, дәрi-дәрмек алу, протез жасату, зардап шегушiге күтiм жасау, санаторий-курортта емделу - бұл жағдайда зардап шегушiнiң емделу орнына барып қайтқаны өтеледi, ал қажет жағдайларда оны алып жүрушi адамдардың да жолы өтеледi; арнайы автокөлiк алу, көлiктi күрделi жөндеуден өткiзу, жанар май алу т.б.) өтейдi шартты нәрсе - МӘСК-нiң оны көмектiң осы түрлерiне мұқтаж деп негiздеуi және зардап шегушiнiң жоғарыда аталған көмектi сәйкес ұйымдардан тегiн алмауы.
Жұмыс берушi қолмен басқарылатын арнайы көлiктi алу және оны күрделi жөндеуден өткiзу шығындарын сол заттардың құны мөлшерiнде төлейдi.
Зардап шегушiнi арнайы көлiкпен тасымалдау облыстық, Алматы, Ленинск қалалық халықты әлеуметтiк қорғау басқармасының есебiне ақша аударғаннан кейiн жүзеге асырылады. Бұл мiндеттердi орындаудан бас тартқан жағдайда жоғарыда көрсетiлген мақсаттарға жұмсалған қаражат жұмыс берушiден сот тәртiбiмен өндiрiлiп алынады. Зардап шегушiнiң басқа да мәселелерi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 27 мамырдағы N 465 қаулысына сай мүгедектердi арнайы тасымалдау көлiгiмен қамтамасыз ету туралы Ережеге сәйкес арнайы тасымалдау құралдары арқылы реттеледi.
1 топтағы мүгедектерге (арнайы дәрiгерлiк күтiмге мұқтаж жағдай басқа) күтiмнiң қажеттiлiгi туралы МӘСК-ның қорытынды талап етiлмейдi.
Зардап шегушi көмектiң бiрнеше түрiне бiрден мұқтаж болған жағдайда, көмектiң әр түрiн жеке алуына байланысты шыққан өтемнiң орны толтырылады.
Зардап шегушiнi арнайы автокөлiкпен қамтамасыз ету iсi облыстық, Алматы, Ленинск қалалық халықты әлеуметтiк қорғау басқармасының есебiне қаржы аударғаннан кейiн жүзеге асырылады. Бұл мiндеттi орындаудан бас тартқан жағдайда жоғарыда көрсетiлген мақсаттарға арналған қаржы жұмыс берушiден сот тәртiбiмен өндiрiп алынады. Зардап шегушiнi арнайы автокөлiкпен қамтамасыз етудiң бұдан басқа мәселелерi Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 27 мамырдағы N 465 қаулысымен бекiтiлген мүгедектердi арнайы автокөлiкпен қамтамасыз ету туралы Ережеге сәйкес реттелiп отырады.
1 топтағы мүгедектерге (арнайы дәрiгерлiк күтiмдi қажетсiнбейтiндерден басқа) күтiмнiң қажеттiлiгi туралы МӘСК-ның қорытындысы талап етiлмейдi.
Зардап шегушi бiрден көмектiң бiрнеше түрiне мұқтаж болған жағдайда, көмектiң әр түрiн жеке алуына байланысты шыққан шығынның орны өтеледi.
26. Қосымша шығындардың мөлшерi тиiстi ұйымдардың есеп шоты және басқа да құжаттар негiзiнде немесе зардап шегушiге ауыртпалық келтiрiп отырған сол жерде қалыптасқан баға негiзiнде белгiленедi.
Жанар-жағар майға бағаның өсуiне байланысты зардап шегушiнiң иелiгiндегi арнаулы жеңiл автокөлiкке немесе мотоқорапқа жұмсалған шығынның орнын төлеу iсi Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен (Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетiнiң 1992 жылғы 22 қазандағы "Жанар-жағар майға ақшалай өтем төлеу туралы" N 891 қаулысын қараңыз) жұмыс берушi тарапынан жүзеге асырылады.
27. Зардап шегушiнi күту үшiн шыққан қосымша шығындарды кiмнiң жүзеге асыратынына қарамастан, оның орны өтелуi тиiс. Бұл шығындар дәрiгерлiк күтiмге мұқтаж мүгедектерге еңбекақының ең төменгi мөлшерiнде кемiнде бiр рет, ал тұрмыстық күтiмге мұқтаж адамдарға, кемiнде ең төменгi еңбекақының 50 процентi мөлшерiнде күтiм талабының сипатына қарай анықталады.
Арнайы дәрiгерлiк те, тұрмыстық та күтiмге мұқтаж зардап шегушiге арнайы дәрiгерлiк күтiмнiң сыртында тұрмыстық күтiм үшiн шыққан шығындардың да орны өтеулi тиiс.
Күтiм үшiн зейнетақыға қосылған қосымша үстемақы зардап шегушiнiң күтiмiне байланысты шыққан шығын үшiн жәрдемақы алу хұқынан айырмайды.
28. Осы Ережеге сәйкес белгiленген зиянның орнын өтейтiн ақша сомасы, қосымша шығындар үшiн тиiстi өтемақы екi жақтың келiсiмi бойынша немесе ұжымдық шарт негiзiнде көбейтiлуi мүмкiн.
29. Зардап шегушiнiң санаторий-курортта емделуге мұқтаждығы туралы МӘСК-ның қорытындысы болған жағдайда, оған жыл сайын берiлетiн еңбек демалысынан тыс емделуi үшiн қосымша демалыс берiледi. Емделуi үшiн берiлген демалыс кезiнде еңбекақы төлеу жыл сайынғы еңбек демалысына төлеу жөнiнде белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
Емделу үшiн еңбек демалысы кезiндегi зиянның орнын өтеу жалпыға бiрдей жүргiзiледi. Зардап шегушi мен оны алып жүрушi адамның жол шығындары төлемiнiң мөлшерi, қызмет бабындағы iссапар туралы Заңға сәйкес анықталады.
30. Төленбеген еңбекақының орнын өтеу, келтiрiлген зиянның қосымша түрлерiнiң орнын өтеуден тысқары, кәсiпорын зардап шегушiге және келтiрiлген зиян үшiн асыраушының қайтыс болуымен байланысты өтем алуға құқылы адамдарға бiржолғы жәрдемақы төлейдi. (Еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 30-бабы). Бiржолғы жәрдемақының мөлшерi ұжымдық шарттың негiзiнде анықталады, бiрақ мынадан кем болмауы тиiс:
- Жұмыстар өндiрiсте бақытсыздық оқиғасына тап болуы немесе кәсiптiк ауруға шалдығу салдарынан қайтыс болса жұмыскердiң он есе жылдық еңбекақысынан;
- еңбекте зақымдану немесе кәсiптiк ауру салдарынан болған бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек ретiнде танылған жұмыскердiң бес есе жылдық еңбекақысынан;
- еңбекте зақымдану немесе кәсiптiк ауру салдарынан болған үшiншi топтағы мүгедек ретiнде танылған жұмыскердiң екi есе жылдық еңбекақысынан;
- Жұмыскерге мүгедектiк белгiленбей, тұрақты еңбекке жарамдылығын жоғалтқаны анықталған жағдайда жылдық еңбекақы көлемiнен кем болмауы тиiс.
Мысалы; Еңбекте зақымдану салдарынан 1 топтағы мүгедек ретiнде танылған Ивановтың 12 айға есептеп шаққандағы орташа еңбекақысы 14000 сом. Жылдық орташа табыстың кем дегенде бес есе мөлшерiндегi төленетiн сомасы (14000 сом х 12 ай х 5 жыл) яғни, 840000 сом.
Еңбекте зақымданған жағдайда төленетiн бiржолғы жәрдемақы "Еңбектi қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы күшiне енген күннен бастап төленедi.
VIII. Жұмыс берушiнiң зиянның орнын өтеу
туралы өтiнiштi қарау тәртiбi
31. Зиянның орнын өтеу туралы өтiнiш жұмыс берушiге (кәсiпорын әкiмшiлiгiне) берiледi, ол еңбек жарақатының салдарынан шеккен зиян үшiн жауап бередi.
Кәсiпорын қайта құрылғанда немесе жойылғанда өтiнiш оның орнындағыларға немесе оның жоғарғы ұйымына берiледi.
32. Еңбек жарақатын шетелдерде жұмыс iстеп жүргенде алған қызметкерлер және олардың отбасы мүшелерi келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы өтiнiштi қызметкердi шетелге жұмысқа жiберген министрлiк, ведомство, ұйым, кәсiпорынға бередi, ал шетелде жұмысқа қабылданғандар - зиян келтiрушi жеке кәсiпорынға бередi.
33. Келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы өтiнiшке қосымша МӘСК-ның кәсiптiк еңбек қабiлетiнен айрылу дәрежесi туралы, тиiстi жағдайларда зиян шегушiнiң қосымша көмек түрлерiн қажет ететiндiгi туралы қорытындысы қоса берiледi.
Зиянның орнын өтеу төлемдерiн ұзарту үшiн де сол құжаттар өткiзiледi.
34. Асыраушысынан айрылуына байланысты келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқы бар азаматтарды келтiрiлген зиян үшiн өтем туралы өтiнiшiне қоса мына құжаттар берiлуге тиiс:
а) азаматтық жағдайын тiркейтiн органдардың (ЗАГС) асыраушының қайтыс болғаны туралы куәлiгiнiң көшiрмесi;
б) тұрғын үй - пайдалану ұйымның, немесе халық депутаттары ауылдық (поселкелiк) Кеңесiнiң қайтыс болған адамның отбасының құрамы туралы, (немесе басқа құжаттар), соның iшiнде оның қарауындағылардың саны туралы анықтамасы немесе соттың тиiстi шешiмiнiң көшiрмесi;
в) келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқы бар 18 жастан 23 жасқа дейiнгi адамның күндiзгi оқу орнында оқитындығы туралы оқу орындарының анықтамасы;
г) тұрғын үй-пайдалану ұйымның, немесе халық депутаттары ауылдық (поселкелiк) Кеңесiнiң ата-ана, күйеуi немесе қайтыс болған адамның отбасының басқа мүшесi қайтыс болған адамның 8 жасқа толмаған балаларына, iнi-қарындастарына немесе немересiне күтiм жасайды, жұмыс iстемейдi деген анықтамасы.
Келтiрiлген зиян үшiн төленетiн өтемдердi ұзарту үшiн оны одан әрi алуға құқы бар екенiн растайтын құжаттар (оқуы туралы анықтама, МӘСК-ның мүгедектiк туралы қорытындысы т.б.) өткiзiледi.
Тұрғын үй-пайдалану ұйымының немесе халық депутаттары ауылдық (поселкелiк) Кеңесiнiң асыраушының отбасы құрамы туралы, соның iшiнде қайтыс болған адамның қарауындағылар туралы анықтамасында (немесе басқа құжаттарда) отбасы мүшелерiнiң әрқайсысының фамилиясы, аты-жөнi, туған жылы мен айы көрсетiлуге тиiс.
Қалалық жерлердегi жекеменшiк үйде тұратын, келтiрiлген зиянның орнын өткiзуге құқы бар адамдарға қатысты анықтаманы көше (квартал) комитетiнiң төрағасы куәландырады.
Тиiстi құжаттары болмаған және оларды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, сондай-ақ мүдделi азамат анықтамамен келiспеген жағдайда олардың сол адамның қарауында болған фактiсi Қазақстан Республикасының азаматтық заңы белгiлейтiн сот тәртiбiнде анықталады.
Жұмыс берушi өтiнiш берушiнiң келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы талап қоюы үшiн қажеттi құжаттарын алуына және тиiстi жағдайларда оларды басқа ұйымдардан талап етiп алуына көмектесуге мiндеттi.
Зардап шегушiнiң немесе басқа мүдделi азаматтардың өтiнiшi бойынша кәсiпорынның кәсiподақ комитетi немесе өкiлеттi орган зардап шегушi адам жағынан жұмыс берушiлермен келiсiм сөз жүргiзуге қатысу үшiн өз өкiлiн жiбередi.
35. Жұмыс берушi келтiрiлген зиянның орнын өтеу туралы өтiнiштi қарап, қажеттi бүкiл құжаттары немесе қосымша құжаттары келiп түскесiн он күннен кешiктiрмей тиiсiнше шешiм қабылдауы керек.
Келтiрiлген зиянның орнын өтеу туралы кәсiпорынның шешiмi оның басшысының бұйрығымен (үкiмiмен) рәсiмделедi. Бұйрық (үкiм) дәлелдi болуға тиiс, онда келтiрiлген зиянның орнын өткiзетiн адам, отбасының әрбiр мүшесiне оның төленетiн мөлшерi және төлеу мерзiмдерi көрсетiлуге тиiс.
Жұмыс берушiнiң келтiрiлген зиянның орнын өтеу туралы бұйрығының (үкiмiнiң) көшiрмесi немесе дәлелдi жазбаша түрдегi бас тартуы мүдделi адамға қажеттi бүкiл құжаттармен қоса өтiнiш берген күннен бастап он күн iшiнде тапсырылады.
Мүдделi азамат жұмыс берушiнiң шешiмiмен келiспеген жағдайда немесе жауабын белгiленген мерзiмде ала алмаған жағдайда таласты сот қарайды. Кәсiпорынның кәсiподақ комитетi немесе қызметкерлердiң өкiлеттi органының өкiлi мүдделi азаматтардың келiсiмiмен сотқа өтiнiш жасауына және процеске қатысуына құқы бар.
Келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы өтiнiш жасаушының ұйғарымымен немесе жұмыс берушiнiң тұрған жерi бойынша не өзiнiң тұрған жерi бойынша, не зиян келтiрiлген орын бойынша сотқа берiледi.
Қызметкер еңбек мiндетiн орындау барысында келтiрiлген жарақат салдарынан немесе асыраушының қайтыс болуына байланысты келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы талапқа уақытында шағымданбаса кейiн оның күшi болмайды.
IХ. Зиянның орнын өтеу сомасын төлеудiң
тәртiбi мен мерзiмдерi
36. Келтiрiлген зиянға жауапты жұмыс берушi зардап шегушiге келтiрiлген зиян сомасын төлейдi.
Шетелде жұмыс iстеп жүрген кезiнде еңбек жарақатын алған жұмысшылар мен қызметшiлерге зиянның орнын оларды шетелге жұмысқа жiберген кәсiпорын, министрлiк және ведомстволар өтейдi.
37. Қазақстан Республикасының кәсiпорындарында денсаулығына зиян келтiрiп кейiн басқа мемлекеттерге тұрақты тұруға көшiп кеткен азаматтарға келтiрiлген зиянның орны Ережеде белгiленген шарттар негiзiнде осы кәсiпорындардың қаржысы есебiнен өтеледi.
38. Кәсiпорындар, мекемелер, ұйымдар жойылып кеткенде (бiрiккенде, қосылғанда, бөлiнгенде, жеке бөлiнiп кеткенде, қайта құрылғанда) ол соманы оның орнындағылар төлейдi.
Егер жойылып кеткен кәсiпорынның құқы мен мiндетi оның орнындағыларға берiлмесе, онда оны капиталға айналдырып, зиянның орнын өтеу үшiн төленетiн сома мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру органдарына берiлуге тиiс. Жойылғандығы туралы есеп алдағы уақытта зиянның орнын өтеуге қажеттi соманы капиталдандырып, оны мемлекеттiк сақтандыру органдарына аударғаннан кейiн бекiтiледi. Осыдан кейiн барып тиiстi ұйым зардап шегушiге келтiрiлген зиянды өтеу сомасын заң белгiленген тәртiпте төлейдi.
Егер кәсiпорын жойылған кезде келтiрiлген зиян орнын өтейтiн төлемдер капиталдандырылмаса, келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы шағым мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру органына берiледi.
39. Зиянның орнын өтеу сомалары мыналарға төленедi:
а) зардап шеккен жұмысшылар мен қызметшiлерге - олар еңбек жарақатының салдарынан кәсiптiк еңбек қабiлетiнен толығынан немесе жарым-жартылай айрылған күннен бастап;
б) асыраушысынан айрылуына байланысты зиянның орнын өтеткiзуге құқы бар адамдарға асыраушысы қайтыс болған күннен бастап, бiрақ келтiрiлген зиянның орнын өтейтiн соманы алуға құқы болған күннен ерте болмауға тиiс.
Келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға өтiнiш берген күн деп өтiнiш өткiзген күн саналады.
Келтiрiлген зиян үшiн өтем алу туралы өтiнiштi еңбек жарақатына байланысты бұрынғы алып жүрген жалақысынан айрылғаннан кейiн немесе асыраушысы қайтыс болғаннан кейiн үш жыл өткесiн берген кезде зиянның орнын өтеу сомасы өтiнiш жасаған күннен бастап төленедi.
Келтiрiлген зиян үшiн төленетiн төлемдер зардап шегушiнiң және басқа мүдделi адамдардың жұмыс берушiге өтiнiш жасаған күнiне қарамастан алдыңғы төленген төлемдер бiткен күннен бастап ұзартылады. Бұл орайда өткен уақыт үшiн келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн төленетiн сома егер МӘСК осы уақыт үшiн еңбекке қабiлеттiлiгiнен айрылған мерзiм бойынша, сонымен бірге осы Түсініктеменің 31, 32 пункттеріндегі көрсетілген құжаттарды өткізгенде төленеді.
40. Келтірілген зиян зардап шегушінің МӘСК-тің еңбекке қаблеттілігінен айрылғанын анықтаған мерзімінен бастап жоғалтқан жоғалтқан жалақысының бөлігі бойынша, ал қосымша шығындары оған мұқтаж болған уақыты бойынша өтеледi.
Асыраушысынан айрылуына байланысты келтiрiлген зиян үшiн төлем алуға құқы бар мына адамдарға өтем төленедi:
жасы кәмелетке толмағандарға - 18 жасқа толғанға шейiн (кәсiптiк-техникалық училищенiң орта арнайы оқу орындарының оқушыларына - оларды бiтiргенге шейiн, бiрақ олар 23 жасқа толғаннан аспауға тиiс);
60 жастан асқан еркектерге және 55 жастан асқан әйелдерге - өмiр бойына;
мүгедектерге - еңбекке жарамсыз болған уақытына;
қайтыс болған асыраушысының балаларына, аға-iнi, қарындастарына, немерелерiне күтiм жасайтын, жұмыс iстемейтiн ата-анаға, күйеуiне немесе отбасының басқа мүшесiне - бала 8 жасқа толғанға шейiн.
41. Зардап шегушiге зиянның орнын өтеу төлемi алатын жалақысына (табысына), зейнетақысына, стипендиясына және басқа да әлеуметтiк төлемдерге қарамастан толық мөлшерде төленедi.
42. Асыраушысынан айрылуына байланысты келтiрiлген зиян үшiн өтем алатын адамдарға берiлетiн өтемақы да олардың еңбекақысына немесе басқа табысына (алимент, материалдық көмектiң барлық түрлерi, стипендия және т.б.) қарамастан толық мөлшерде төленедi.
43. Келтiрiлген зиян үшiн өтем төлеу белгiленген сомадан аз мөлшерде төленген, немесе мүлдем төленбеген, сондай-ақ оның мөлшерi қайта қарауға жатқызылатын (еңбекке жарамдылығынан айрылу дәрежесiнiң өзгеруi, еңбекке жарамсыз адамдардың саны және т.б.) жағдайлардың бәрiнде өтем алушы адам болған өзгерiстер туралы жұмыс берушiге жазбаша түрде хабарлауға мiндеттi.
44. Зардап шегушiнiң еңбекке жарамдылығынан айрылу дәрежесi өзгерген, сондай-ақ қайтыс болған адамның отбасы мүшелерiнiң құрамы өзгерген жағдайда зиянның орнын өтеу үшiн төленетiн төлем сомасы қайта есептеледi.
45. Осы ереженiң шарттары бойынша зиянның орнын өтеу үшiн тағайындалған соманың мөлшерi тұрмыс құны индексiнiң және кәсiпорындардағы жалақының өсуiне сәйкес тоқсан сайын қайта қаралуға тиiс.
Тұрмыс құнының өсуiне байланысты зиянның орнын өтеу сомасы қолданылып жүрген заң белгiленген тәртiпте өсiрiледi, ал кәсiпорында жалақы өскен жағдайда зиян орнын өтеу төлемi осы төлем мөлшерi қызметкердiң сол немесе сол сияқты жұмыс орнында тиiстi мамандығы бойынша зиянның орнын өтеу төлемiн қайта есептеу алдындағы соңғы тоқсан үшiн төленген еңбекақысымен салыстырыла отырып белгiленген орташа еңбекақысын қайта есептеу жолымен есептеледi.
Мәселен, зардап шегушi еңбек жарақатының салдарынан кәсiптiк еңбекке жарамдылығының 75 процентiн жоғалтып алды делiк, демек оған 1993 ж., 20 наурыздан бастап бұрғылаушының 9000 сом орташа айлық табысынан зиян орнын өтеуге айына 6750 сом мөлшерiнде төленедi.
Ақыр соңында, тоқсанда еңбекақының өсуiне орай орташа айлық табыс бұрғылаушының осы сияқты нақты табысынан (зардап шегушiнiң жұмыс iстеген бұрынғы жерi) 1993 жылдың сәуiр, мамыр, маусым айлары үшiн тағы да қайта есептеледi. Осыған орай 1993 ж. 1 шiлдесiнен бергi шығын айына (30000 : 3 х 75 процент) = 7500 сомды құрайды.
Еңбекақының одан әрi өсуiне қарай зиян орнын өтеу төлемiнiң мөлшерiн тағы да қайта қарау жоғарыда көрсетiлген тәртiппен тоқсан сайын жүргiзiледi.
46. Шығын орнын өтеудiң тағайындалған мөлшерiн қайта есептеу мынадай мерзiмдерде жүргiзiледi:
келтiрiлген зиянның орнын өтеу мөлшерiн көбейту құқы пайда болумен байланысты келтiрiлген зиянды қайта есептеу туралы зардап шегушi өтiнiш бiлдiрiп, олар тарапынан тиiстi өтiнiш қажеттi құжаттармен қоса айдың 15-iнен кейiн берiлсе, онда айдың алғашқы күнiнен;
келтiрiлген зиянның орнын өтеудi азайтатындай жағдай болатын болса, айдың 15-iне дейiнгi уақытта қоса алғанда осы жағдай болған айдың бiрi күнiнен бастап, ал айдың 15-iнен кейiн болса, онда келесi айдың бiрiнен.
Келтiрiлген зиянды қайта есептеу туралы жұмыс берушi бұйрық (өкiм) шығарады да, көшiрмесiн мүдделi адамға тапсырады немесе жiбередi.
47. Келтiрiлген зиянның сомасын төлеу iсi ай сайын айдың екiншi жартысының еңбекақысын берген күнi жүзеге асырылады.
Келтiрiлген зиянның орнын өтеуге төленетiн сомаларды жеткiзiп беру және жiберу жұмыс берушiнiң есебiнен жүзеге асырылады. Алушылардың тiлегi бойынша бұл сомалар жинақ кассасындағы олардың есебiне аударылуы мүмкiн.
48. Зардап шегушi адам стационарлық емдеу мекемелерiне келген кезiнде (аурухана, клиника, госпиталь, емдеу-еңбек профилакториясы) келтiрiлген зиянды өтеу жалпыға бiрдей негiзде төленедi.
49. Зиян келтiрiлдi деп танылған адам қарттар мен мүгедектерге арналған интернат-үйге орналастырылған жағдайда, келтiрiлген зиянды өтеу толық мөлшерде төленедi.
Толық мемлекеттiк қамсыздандырудағы кәсiптiк-техникалық училищелердiң зардап шеккен оқушыларына келтiрiлген зиянның орнын өтеу де осы тәртiппен төленедi.
50. Бас бостандығынан айыруға байланысты жазаны өтеу кезiнде, сол сияқты қылмыскер ретiнде шара қолдану үшiн қамауға алынған жағдайда белгiленген келтiрiлген зиянның орнын өтеу төлемi тоқтатылады.
Бас бостандығынан айыру орнынан (алдын ала қамаудан) босағаннан кейiн бұл сомаларды төлеу, оларды алу үшiн хабарлаған күннен бастап, қайта жалғастырылады.
51. Келтiрiлген зиянның орнын өтеуге төленетiн сомаларға салық салынбайды.
52. Келтiрiлген залалдың орнын өтеу үшiн тағайындалған, алайда зардап шегушi немесе келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқылы адам тарапынан өз кезiнде алынбаған сомалар, өткен барлық уақыттарға, бiрақ оны алу жөнiнде хабарласу алдындағы үш жылдан аспайтын мерзiмге төленедi.
Келтiрiлген зиянға жауап беретiн жұмыс берушiнiң кiнәсiнен дер кезiнде алынбаған төлемдер өткен уақыт үшiн мерзiмi шектелместен төленедi.
53. Келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн тағайындалған төлемдi, бiрақ зардап шегушi немесе оның отбасы мүшелерi өз кезiнде ала алмаса, келтiрiлген залал үшiн өтем алуға асыраушының қайтыс болуына байланысты құқы бар, сол сияқты қайтыс болуына байланысты алынбаса, онда жалпыға бiрдей негiзде мұрагерлерiне төленедi. Қайтыс болған адамның жерлеудi атқарушы отбасыларына бұл сомалар мұрагерлiктi қабылдағанға дейiн төленедi.
54. Зардап шегушi тарапынан немесе келтiрiлген залал үшiн төлем алуға асыраушысының қайтыс болуына байланысты құқылы адамдар тарапынан, келтiрiлген залал есебiнен алынған сомалар, жұмыс берушi тарапынан тек мынадай жағдайларда ғана қайта өндiрiлiп алынуы мүмкiн: егер оларды төлеу жөнiндегi шешiм мүдделi азаматтар тарапынан жалған жасалған құжаттарды тапсыруға негiзделген болса немесе олар бiле тұра өтiрiк мәлiметтердi хабарлау арқылы iстесе, есептiк қателерге байланысты немесе мәлiметтердi жасырған жағдайда, осы түсiнiктеменiң 41-тармағында қаралған мiндеттердi орындамаудың салдарынан келтiрiлген залалдың мөлшерiн анықтауға нұқсан келтiрiлсе.
Келтiрiлген зиянның өтеуi үшiн дұрыс алынбаған сомаларды керi өндiрiп алу, еңбекке ақы төлеу барысында сомалардан ұстап қалу жайындағы заңмен белгiленген кепiлдiктi сақтай отырып, жұмыс берушi тарапынан жүзеге асырылады.
Зиян үшiн өтем тоқтатылған жағдайда қарыздың қалғаны сот тәртiбiмен өндiрiлiп алынады.
55. Жұмыс берушi келтiрiлген зиянның өтеуiн тағайындау туралы жұмыс берушi бұйрығының көшiрмесiн (халық сотының шешiмi), келтiрiлген зиянның өтеуiн тағайындау туралы зардап шегушi мен басқа да мүдделi адамдардың өтiнiшiн барлық қажеттi құжаттармен қоса әрбiр адамға арнап жеке iс-қағазында сақтайды. Жұмыс берушi бұл құжаттардың сақталуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
Келтiрiлген зиянның орнын өтеуге арналған сомалар, оларды тағайындау туралы зардап шегушiнiң жеке iсi жұмыс берушiнiң бухгалтериясында сақталады.
Келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн берiлетiн төлем тоқтатылғасын екi жыл өткеннен кейiн аталған iс жұмыс берушiнiң архивiнде сақталуға жiберiледi.
Х. Келтiрiлген зияның орнын өтеуге арналған
бұрын тағайындалған сомаларды жаңа ереже
жағдайында қайта есептеу туралы
56. Келтiрiлген зиянның орнын өтеу үшiн бұрын тағайындалған сомаларды жаңа ереже күшiне енгiзiлген күннен бастап қайта есептеу азаматтардың жеке iсiндегi құжаттар, сол сияқты зардап шегушi немесе асыраушының қайтыс болуымен байланысты келтiрiлген зиян үшiн өтем алуға құқы бар адамдар тарапынан тапсырылған қосымша құжаттар негiзiнде жүргiзiледi.
Егер зардап шегушi ақырында жаңа Ереженiң енуiмен байланысты келтiрiлген зиянның өтеу сомасын одан әрi көбейтуге құқық беретiн қосымша құжаттар тапсырса, онда келтiрiлген зиян үшiн төлеу көрсетiлген Ереженiң нормасы бойынша қайта қаралады.