БҰЙЫРАМЫН:
1. "Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 21 қазандағы № 395/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21498 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Дербес деректерді жинау, өңдеу қағидаларында:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) дербес деректер – оның ішінде биометриялық, негізінде дербес деректер субъектісіне қатысты айқындалған немесе айқындалатын, электрондық, қағаз және (немесе) өзге де материалдық жеткізгіште тіркелген деректер;
2) дербес деректерді алып тастау – цифрлық объектіден дербес деректерді алып тастауға бағытталған әрекеттер, бұл әрекеттерді жасау нәтижесінде дербес деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайды;
3) дербес деректерді анонимдеу – дербес деректерді сәйкестендіргіштерді қалпына келмейтіндей түрлендіруге бағытталған әрекеттер, бұл әрекеттерді жасау нәтижесінде дербес деректердің қай дербес деректер субъектісіне тиесілігін айқындау мүмкін емес болады;
4) дербес деректерді бұғаттау – дербес деректерді жинауды, жинақтауды, өзгертуді, толықтыруды, пайдалануды, таратуды, иесіздендіруді, жоюды және алып тастауды уақытша тоқтату жөніндегі іс-әрекеттер;
5) дербес деректерді бүркемелеу – нақты дербес деректердің бір бөлігін жалған және (немесе) иесіздендірілген деректермен ауыстыру арқылы ақпаратты қорғау процесі;
6) дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде тарату – жасалуы нәтижесінде адамдардың шектеусіз тобына дербес деректерге қолжетімділік берілетін әрекеттер;
7) дербес деректерді жинақтау – дербес деректерді қамтитын базаға және (немесе) дербес деректер қамтылған цифрлық объектіге дербес деректерді енгізу арқылы оларды жүйелеу жөніндегі іс-әрекеттер;
8) дербес деректерді жинау – дербес деректерді алуға бағытталған іс-әрекеттер;
9) дербес деректерді жою – жасалуы нәтижесінде дербес деректерді қалпына келтіру мүмкін болмайтын іс-әрекеттер;
10) дербес деректерді иесіздендіру – жасалуы нәтижесінде дербес деректердің дербес деректер субъектісіне тиесілігін анықтау мүмкін болмайтын іс-әрекеттер;
11) дербес деректерді қамтитын база (бұдан әрі – база) – ретке келтірілген қағаз жеткізгіштегі дербес деректердің жиынтығы;
12) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің меншік иесі (бұдан әрі – меншік иесі) – қағаз жеткізгіштегі базаны және (немесе) дербес деректерді қамтитын цифрлық объектіні Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын іске асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
13) дербес деректерді қамтитын базаның және (немесе) цифрлық объектінің операторы (бұдан әрі – оператор) – дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган, жеке және (немесе) заңды тұлға;
14) дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік емес сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік емес сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік емес ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;
15) дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі (бұдан әрі – мемлекеттік сервис) – дербес деректер субъектісінен дербес деректерді жинауға, өңдеуге немесе оларды үшінші тұлғаларға беруге келісім алуды қоса алғанда, мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерінде қамтылған дербес деректерге қол жеткізу кезінде меншік иелерінің және (немесе) операторлардың, үшінші тұлғалардың дербес деректер субъектісімен және уәкілетті органмен ақпараттық өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін қызмет;
16) дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – дербес деректерді қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.";
4-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4-2. Субъектінің өзі немесе оның заңды өкілі меншік иесіне және (немесе) операторға, сондай-ақ үшінші тұлғаға Заңның 7-бабының 3-тармағында көзделген келісімді бермей, дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде таратқан жағдайда, мұндай дербес деректерді кейіннен жинау, тарату немесе өзгеше өңдеу заңдылығына дәлелдеме беру міндеті оларды жинаған, таратқан немесе өзгеше өңдеген әрбір тұлғаға жүктеледі;";
4-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4-3. Заңның 7-бабының 3-тармағының талаптары орналастыру міндеті Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жалпыға қолжетімді көздерде дербес деректер таратылған жағдайларда меншік иелеріне және (немесе) операторларға, сондай-ақ үшінші тұлғаларға қолданылмайды.
Бұл ретте меншік иелері және (немесе) операторлар, сондай-ақ үшінші тұлғалар ақпаратты жалпыға қолжетімді көздерде орналастыру кезінде оларды бүркемелеу арқылы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес таратылуға жатпайтын дербес деректердің қорғалуын қамтамасыз етуге міндетті.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, субъектіге немесе оның заңды өкіліне осы тармақтың бірінші бөлігінің негізінде таратылған оның дербес деректеріне қолжетімділік авторландыру және сәйкестендіру рәсімдерінен өткеннен кейін беріледі";
4-4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4-4. Ақпарат көзіне сілтеме болған жағдайда, осы Қағидалардың 4-1, 4-2 және 4-3-тармақтарының негізінде жарияланған дербес деректерді үшінші тұлғалардың қайта жинауына, өңдеуіне және таратуына жол беріледі.";
мынадай редакциядағы 4-5-тармақпен толықтырылсын:
"4-5. Заңның 16-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, дербес деректерді трансшекаралық беру түрінде дербес деректерді өңдеу, дербес деректерді жалпыға қолжетімді көздерде тарату, сондай-ақ оларды үшінші тұлғаларға беру субъектінің келісімімен жүзеге асырылады.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Дербес деректерді сақтауды меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға Қазақстан Республикасының аумағындағы базада және (немесе) цифрлық объектіде жүзеге асырады.";
4-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"4-параграф. Дербес деректерді бұғаттау, жою және алып тастау";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Субъект дербес деректерді жинау, өңдеу шарттарының бұзылғаны туралы ақпарат мәлім болған жағдайда, меншік иесінен және (немесе) оператордан, сондай-ақ үшінші тұлғадан өз дербес деректерін бұғаттауды және (немесе) анонимдеуді талап етеді.
Меншік иесі және (немесе) оператор, сондай-ақ үшінші тұлға Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып жинаған және өңдеген дербес деректер, сондай-ақ Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген өзге де жағдайларда дербес деректер субъектінің талабы бойынша жойылуы, алынып тасталуы тиіс.
Дербес деректерді алып тастау туралы талап Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 41-бабының 4-тармағында айқындалған жағдайларда орындалмауға тиіс.".
2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейінгі он күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
|
Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму министрдің міндетін атқарушы |
Р. Коняшкин |