"Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 25 ақпандағы № 118 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2025 жылғы 25 қыркүйектегі № 333 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 30 қыркүйекте № 36970 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 25 ақпандағы № 118 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6153 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасында пайдалануға ұсынылатын Селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізбесін жүргізу қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Мемлекеттік сынау нәтижелері бойынша Мемлекеттік тізбеге енгізілетін сорттар өнімділігі бойынша стандарттардан жоғары болуы, негізгі ауруларға төзімділігі бойынша олардан төмен болмауы немесе сортты пайдалану мақсатын айқындайтын ерекше шаруашылық бағалы белгілері болуы, сондай-ақ, ерекшелілік, біркелкілік және тұрақтылық өлшемшарттарына сәйкес болуы тиіс.

      Мемлекеттік сынаулар нәтижелері бойынша Мемлекеттік тізбеге енгізілетін буданмен бірге бір уақытта оригинаторлардың келісуі бойынша оның аталық-аналық компоненттері енгізіледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Егіншілік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің міндетін атқарушы
А. Султанов