"Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығына өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2025 жылғы 11 сәуірдегі № 161-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 21 сәуірде № 36003 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 20 сәуірдегі № 98 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20439 болып тіркелген) мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізу қағидалары мен шарттарында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар Қазақстан Республикасының аумағында тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органмен (бұдан әрі – уәкілетті орган) тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстарды жүргізуге берілетін лицензия негізінде жүзеге асырылады.";

      4-1, 4-2 және 4-3 деген тармақтармен толықтырылсын:

      "4-1. Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар уәкілетті орган бекіткен тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспары негізінде жүргізіледі.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың жоспардан тыс жүргізілуіне жол берілмейді.

      4-2. Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстар жоспарын мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстарын ескере отырып, алдағы күнтізбелік жылға қалыптастырады.

      4-3. Мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар ұсыныстарын уәкілетті органға жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 тамызына дейінгі мерзімде ұсынады.

      Уәкілетті орган тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың алдын ала жоспарын қалыптастыруды жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 қазанына дейінгі мерзімде қамтамасыз етеді және жоспарланатын жылдың алдындағы жылдың 1 желтоқсанына дейінгі мерзімде бекітеді.

      Тарих және мәдениет ескерткіштеріндегі ғылыми-реставрациялық жұмыстардың бекітілген жоспарына өзгерістер енгізуді уәкілетті орган мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдардың, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың ұсыныстары негізінде жүзеге асырады.".

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Мәдениет және ақпарат министрі
А. Балаева