Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидаларын бекіту туралы

Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 сәуірдегі № 12/76 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінде 2024 жылғы 25 сәуірде № 4702-12 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Ақтау қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1.Осы шешімнің 1 қосымшасына сәйкес Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары бекітілсін.

      2.Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес тізбе бойынша Ақтау қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3.Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтау қалалық мәслихатының төрағасы С. Закенов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      "Маңғыстау облысының жұмыспен

      қамтуды үйлестіру және әлеуметтік

      бағдарламалар басқармасы"

      мемлекеттік мекемесі

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2024 жылғы 19 сәуірдегі
  № 12/76 шешіміне 1 қосымша

Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың Қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ақтау қаласында әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №523 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштерді қабылдау және олардың нәтижелерін көрсетілетін қызметті алушыға беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, мемлекеттік қызметтерді электрондық нысанда көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша қала әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) әлеуметтік көмек – жергілікті атқарушы орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар), сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне орай ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек;

      4) әлеуметтік көмек көрсету жөніндегі уәкілетті орган – "Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      5) ең төмен күнкөріс деңгейі – шамасы бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға шаққандағы ең төмен ақшалай кіріс;

      6) жан басына шаққандағы орташа кіріс – отбасының бір айдағы жиынтық кірісінің отбасының әрбір мүшесіне тура келетін үлесі;

      7) мерекелік күндер (бұдан әрі – атаулы күндер) – Қазақстан Республикасының кәсіптік және өзге де мерекелері;

      8) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      9) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      10) учаскелік комиссия – атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған тұлғалардың (отбасылардың) материалдық жағдайына зерттеп-қарау жүргізу үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктер әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия;

      11) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің 71-бабының 4-тармағында, 170-бабының 3-тармағында, 229-бабының 3-тармағында, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 11-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 12-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында, 13-бабының 2) тармақшасында, 17-бабында көзделген әлеуметтік қолдау шаралары осы Қағидаларда айқындалған тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) көрсетіледі.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      5. Мереке күндері мен атаулы күндерге әлеуметтік көмек бір рет ақшалай нысанда келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы:

      "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға - 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) 9 мамыр - Жеңіс күні:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне – 1 500 000 (бір миллион бес жүз мың) теңге мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдарға - 60 (алпыс) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағының (бұдан әрі - КСР Одағы) ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн (қызметтік мiндеттерді) атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан қаза болған (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердің, партизандардың, астыртын әрекет етушiлердің, "Ардагерлер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 4 – 6 баптарында аталған адамдардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, жергiлiктi әуе шабуылына қарсы қорғаныстың объектiлiк және авариялық командаларының өзiн-өзi қорғау топтарының жеке құрамы қатарындағы адамдардың отбасыларына, Ленинград қаласының госпитальдары мен ауруханаларының қаза тапқан жұмыскерлерінiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қорғаныс министрлiгiнің, ішкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының әскери мiндеттілер жиындарына шақырылған, қоғамға жат көрiнiстерге байланысты төтенше жағдайлар кезiнде қоғамдық тәртiптi қорғау жөнiндегi міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлерінiң, басшы және қатардағы құрам адамдарының отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасыларына - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның, сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналарына және екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне; екінші рет некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      4) 4 маусым – Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері күні:

      жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      5) 6 шілде - Астана күні:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні:

      Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен тұлғаларға - 10 (он) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушыларға (балаларға) - 8 (сегіз) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      7) 1 қазан – Қарттар күні:

      70 (жетпіс) жастан асқан зейнеткерлерге - 2 (екі) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      8) 25 қазан - Республика күні:

      барлық топтағы мүгедектігі бар адамдарға, жеті жасқа дейiнгi мүгедектігі бар балаларға, жетіден он сегіз жасқа дейiнгi бiрiншi, екiнші, үшiншi топтағы мүгедектігі бар балаларға - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      9) 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні:

      "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен ақталған, Қазақстандағы 1986 жылғы 17-18 желтоқсан оқиғаларына қатысқан тұлғаларға - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде.

      6. Мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мезгіл-мезгіл (ай сайын, жылына 1 рет) келесі санаттағы азаматтарға көрсетіледі, өтініші бойынша:

      1) әлеуметтік мәні бар аурулары (қатерлі ісіктер, туберкулез, адамның иммунитет тапшылығы вирусын тудыратын ауру) бар, мемлекеттік жәрдемақы алмайтын тұлғаларға, жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай - 26 (жиырма алты) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) адамның иммунитет тапшылығы вирусын жұқтырып алған балаларға, ай сайын, табыстарын есепке алмай - Қазақстан Республикасы бойынша 2 (екі) ең төмен күнкөріс деңгейінің мөлшерінде;

      3) дүлей апаттың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келгенде, осы жағдай туындаған сәттен бастап он екі айдың ішінде, бір рет, табысын есепке алмай - 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      4) өтініш берген тоқсан алдындағы Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің 1,5 еселенген шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар тұлғаларға (жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы, әлеуметтік мәні бар аурулардың және айналадағыларға қауіп төндіретін аурулардың салдарынан тыныс-тіршілігінің шектелуі, жасының егде тартуына байланысты өзіне-өзі күтім жасай алмауы, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылуы, пробация қызметінің есебінде болуы), жылына 1 рет - 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде;

      5) білім беру қызметтеріне ақы төлеуге:

      өтініш берген алдындағы он екі айға Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінен төмен жан басына шаққандағы орташа табысы және келісім-шарты болғанда, "бакалавр" дәрежесін алу үшін күндізгі нысан бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге (асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттiк әлеуметтiк жәрдемақы алушылар, ата-анасының екеуі де жасы бойынша зейнеткер болып немесе ата-аналарының біреуі мүгедектігі бар адам болып табылатын, құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған балалары, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жалпы орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы немесе кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылардан), жылына 1 рет;

      өтініш берген алдындағы он екі айға Маңғыстау облысы бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің 3 еселенген шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы және келісім-шарты болғанда, "бакалавр" дәрежесін алу үшін күндізгі нысан бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге (мүгедектігі бар адамдар, жетімдік, ата-ана қамқорлығының болмауы), жылына 1 рет;

      "Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесімен келісім бойынша жасалған арнайы шарт негізінде "интернатура" және "резидентура" деңгейін алу үшін күндізгі нысан бойынша Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарында білім алушыларға ("Стоматология" мамандығынан басқа), табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет.

      Тамақтануға және тұруға кететін шығындарды жабу үшін, ай сайын - 5 (бес) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      6) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне және жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдарға, олардың жесiрлерiне, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына, 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдарға, тылда еңбек еткен және әскери қызмет өткерген адамдарға санаториялық-курорттық емделуге табыстарын есепке алмай, жылына 1 рет, бірақ кепілдік берілген сомадан артық емес және темір жол көлігінде жол жүру құнын төлеу;

      7) бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды санаторийлік-курорттық емдеуге алып жүретін адамның уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын санаторийлік-курорттық емдеу құнын өтеу ретінде ұсынылатын кепілдік берілген соманың жетпіс пайызы мөлшерінде жылына 1 рет, табыстарын есепке алмай, санаторийлік-курорттық ұйымда болу құнын жергілікті атқарушы органдардан өтетіп алуға құқығы бар (жұмыс берушінің кінәсінен жұмыста мертігуге ұшыраған немесе кәсіптік ауруға шалдыққан мүгедектігі бар адамдарды қоспағанда);

      8) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық көрсетілетін қызметтерді төлеуге және тұрғын үйді күтіп-ұстауға, табыстарын есепке алмай, ай сайын - нақты шығындар мөлшерінде.

3-тарау. Қорытынды ереже

      7. Әлеуметтік көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру қаланың бюджетінде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегінде жүзеге асырылады.

      8. Әлеуметтік көмек ақшалай нысанда екінші деңгейдегі банктер немесе банктік операциялардың тиісті түрлеріне лицензиялары бар ұйымдар арқылы алушылардың шоттарына аудару жолымен көрсетіледі.

      9. Әлеуметтік көмек көрсетуді мониторингтеу мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Ақтау қалалық мәслихатының
  2024 жылғы 19 сәуірдегі
  № 12/76 шешіміне 2 қосымша

Ақтау қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4501 болып тіркелген).

      2. "Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгеріс енгізу туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 31 наурыздағы №12/100 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №27614 болып тіркелген).

      3. "Маңғыстау облысы Ақтау қалалық мәслихатының 2021 жылғы 16 сәуірдегі №2/18 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақтау қаласында тұратын мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы" Ақтау қалалық мәслихатының 2022 жылғы 4 қазандағы №18/147      шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде №30199 болып тіркелген).