"Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 27 қазандағы № ҚР ДСМ-160/2020 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2024 жылғы 27 маусымдағы № 36 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 27 маусымда № 34613 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 27 қазандағы № ҚР ДСМ-160/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21544 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің (тауарлардың) жарнамасын жүзеге асыру қағидалары";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің (тауарлардың) жарнамасын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тағамға биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалауды жүзеге асыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
Е. Оспанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және ақпарат министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушы
2024 жылғы 27 маусымдағы
№ 36 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
міндетін атқарушының
2020 жылғы 27 қазандағы
№ ҚР ДСМ-160/2020
бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің (тауарлардың) жарнамасын жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің (тауарлардың) жарнамасын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 56-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық бақылаудағы және қадағалаудағы мемлекеттік тіркеуге жататын өнімдердің (тауарлардың) жарнамасын Қазақстан Республикасында жүзеге асыру тәртібін, сондай-ақ мемлекеттік тіркеуге жататын жекелеген өнімнің (тауардың) жарнамасын жүзеге асыру ерекшеліктерін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар мынадай өнімнің (тауардың) жарнамасын жүзеге асыруға қолданылады:

      1) балалар тағамына арналған тамақ өнімдері, оның ішінде балалар тағамына арналған ауыз су;

      2) диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтануға арналған тамақ өнімдері;

      3) емдік-асханалық және емдік табиғи минералды су;

      4) спортшылардың, жүкті және бала емізетін әйелдердің тамақтануына арналған тамақ өнімдері;

      5) тағамға биологиялық белсенді қоспалар (бұдан әрі – ББҚ);

      6) жасанды тотығуға арналған парфюмерлік-косметикалық өнімдер;

      7) теріні ағартуға арналған парфюмерлік-косметикалық өнімдер;

      8) татуировкаға арналған косметика;

      9) интимдік косметика;

      10) теріні зиянды өндірістік факторлардың әсерінен жеке қорғауға арналған парфюмерлік-косметикалық өнім;

      11) балалар косметикасы;

      12) шашты химиялық бояуға, ағартуға және іріктеп бояуға арналған парфюмерлік-косметикалық өнім;

      13) шашты химиялық бұйралауға және түзетуге арналған парфюмерлік-косметикалық өнім;

      14) наноматериалдарды пайдалана отырып өндірілген парфюмерлік-косметикалық өнім;

      15) депиляцияға арналған парфюмерлік-косметикалық өнім;

      16) пилингтер;

      17) фторидтердің массалық үлесі 0,15%-дан асатын (ауыз қуысы гигиенасының сұйық құралдары үшін – 0,05%) ауыз қуысы гигиенасына арналған құрамында фтор бар құралдар (фтордың молярлық массасына қайта есептегенде);

      18) құрамында сутегі асқын тотығы бар немесе карбамид асқын тотығы мен мырыш асқын тотығын қоса алғанда, сутегі асқын тотығын бөлетін, сутегі асқын тотығының шоғырлануы (ингредиент ретінде немесе бөлінетін) 0,1%-6,0% болатын басқа да компоненттер бар тістерді ағартуға арналған құралдар;

      19) дезинфекциялау, дезинсекциялау және дератизациялау құралдары (тұрмыста, емдеу-профилактикалық мекемелерде және басқа да объектілерде қолдануға арналған (ветеринарияда қолданылатыннан және өнеркәсіптік өндіріс жағдайында пайдаланылатын биологиялық факторлардың (жәндіктердің) әсерінен дерматологиялық жеке қорғану құралдарына жататын репелленттік құралдардан басқа));

      20) тұрмыстық химия өнімі (тауарлары), лак-бояу материалдары;

      21) ықтимал қауіпті химиялық және биологиялық заттар және олардың негізінде дайындалатын, адамға ықтимал қауіп төндіретін препараттар (дәрілік заттар мен пестицидтерден басқа), өндіріс, қолдану, тасымалдау, қайта өңдеу жағдайларында, сондай-ақ тұрмыстық жағдайларда адам денсаулығына және қоршаған табиғи ортаға қолайсыз әсер етуге қабілетті, табиғи немесе жасанды шығарылған жеке заттар (қосылыстар);

      22) шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау жүйелерінде пайдалануға арналған материалдар, жабдықтар, құрылғылар және су дайындаудың басқа да техникалық құралдары;

      23) ересектерге арналған жеке гигиена заттары;

      24) тамақ өнімдерімен жанасуға арналған бұйымдар (ыдыс-аяқ, асхана керек-жарақтары, технологиялық жабдық пен қаптамадан (тығындау құралдарынан) басқа);

      25) латекстен, резеңкеден жасалған немесе силикон сүт емізіктері, емізіктер;

      26) бір рет пайдаланылатын санитариялық-гигиеналық бұйымдар (құрамында ылғал сіңіретін материалдар (жөргектер, ішкиімдер мен жаялықтар), сондай-ақ гигиеналық мақта таяқшалары (мұрын мен құлаққа арналған) және бала күтіміне арналған басқа да осыған ұқсас бұйымдар);

      27) пластмассадан, шыныдан, металдан жасалған ыдыс-аяқ және асхана құралдары (тамақ өнімдеріне арналған шыныаяқтар, табақшалар, ішетін ыдыстар, тәрелкелер, тостағандар, қасықтар, шанышқылар, пышақтар, бөтелкелер және басқа да балаларға арналған осыған ұқсас бұйымдар), керамикалық (фаянс, шыны керамика, қыш және майолик) ыдыс-аяқ, 3 жасқа дейінгі балаларға арналған бір рет қолданылатын ыдыс-аяқ (қағаздан, картоннан және пластмассадан жасалған);

      28) тіс щеткалары, химиялық ток көздерінен қуаттанатын электрлі тіс щеткалары, қызылиекке арналған массажерлер және басқа да осыған ұқсас бұйымдар;

      29) 3 жасқа дейінгі балаларға арналған трикотаж және тоқыма материалдардан жасалған 1-ші қабаттағы ішкиім (денеге киетін ішкиім және шомылуға арналған) бұйымдары;

      30) 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 1-ші қабаттағы шұлық трикотаж бұйымдары;

      31) 3 жасқа дейінгі балаларға арналған 1-ші қабаттағы трикотаж және тоқыма материалдардан жасалған бас киімдер (жазғы);

      32) Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерімен және (немесе) Бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптарымен сәйкестікті бағалау тіркеу (мемлекеттік тіркеу) нысанында белгіленген өзге де өнім (тауар).

2-тарау. Өнімді (тауарды) жарнамалауды жүзеге асыру тәртібі

      3. Өнімді (тауарды) жарнамалау мынадай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады:

      1) Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама (мерзімді баспасөз басылымдарын, интернет-ресурстарды, ақпараттық агенттіктерді қоспағанда) қазақ тілінде, ал жарнама берушінің қалауы бойынша орыс және (немесе) басқа да тілдерде таратылады;

      2) мәтіндік жарнама оңай оқылады, анық және түсінікті қаріппен басып шығарылады; аудио жарнама түсінікті және анық аудио сүйемелдеумен бірге орналастырылады; бейне жарнама түсінікті және анық дыбыстық және бейне сүйемелдеумен бірге орналастырылады;

      3) сенімді және танылатын болуы;

      4) тұтынушылардың сенімін теріс пайдалану арқылы, оның ішінде сипаттамаларына, құрамына, тұтынушылық қасиеттеріне, құнына (бағасына), қолданудың болжамды нәтижелеріне, зерттеу және сынақ нәтижелеріне қатысты оларды жаңылыстырмауы;

      5) өнімнің (тауардың) сауда атауын және өндірушінің атауын қамтуы;

      6) егер ол өнімнің (тауардың) атауынан туындамаса, өнімнің (тауардың) тағайындалуы;

      7) егер өндіруші көрсеткен болса, арналып жасалған адамдардың санаты туралы мәліметтерді қамтуы тиіс;

      8) негізгі көрсетілімдермен, қолдануға қарсы көрсетілімдермен және жанама әсерлермен (олар болған кезде) танысу қажеттігі туралы нұсқау;

      9) Қазақстан Республикасында және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде мемлекеттік тіркеудің болуы туралы ақпаратты қамтиды;

      10) жарнамаланатын өнімді (тауарды) өндіруге және (немесе) өткізуге Қазақстан Республикасының заңнамасымен рұқсат етіледі;

      11) ББҚ жарнамасы сондай-ақ:

      құрамына кіретін белсенді компоненттер туралы мәліметтерді;

      қолдану тәсілі мен дозаларды;

      негізгі жанама әсерлерді (бар болған жағдайда);

      негізгі қарсы көрсетілімдерді (бар болған жағдайда);

      балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ бала емізу кезеңіне қатысты ерекше нұсқауларды (бар болған жағдайда);

      сату шарттарын;

      қолдануға көрнекі және түсінікті ұсынымдарды;

      өндірушісінің және өндіруші Қазақстан Республикасында шағымдарды қабылдауға уәкілеттік берген тұлғаның атауын, мекенжайын;

      жарнамалау объектісінің дәрілік зат болып табылмайтындығы туралы ескертуді;

      қоғамдық көлікте, оларды тағайындауға, пайдалануға және сатуға қатысы жоқ ұйымдарда, өнеркәсіптік өнімдерде, рецептуралық бланкілерде таратпауды және орналастырмауды көздейді;

      12) дезинфекциялау құралының жарнамасы сондай-ақ:

      дезинфекциялау құралын қолдану жөніндегі ұсынымдарды;

      дезинфекциялау құралымен жұмыс істеу кезіндегі сақтық шараларын көздейді.

      Теле-және радиоарналарға, интернет-ресурстарға арналған жарнама осы тармақтың 5), 6), 8) және 9) тармақшаларында көрсетілген ақпаратты қамтиды.