"Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 желтоқсандағы № 106 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2024 жылғы 3 мамырдағы № 161 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 6 мамырда № 34338 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 5 желтоқсандағы № 106 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33748 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй беру және пайдалану қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 17-1, 17-2, 17-3, 17-4, 17-5 және 17-6 тармақтармен толықтырылсын:

      "17-1. Тұрғын үй комиссиясы жұп санды кемінде алты адамнан, оның ішінде кәсіподақ ұйымының өкілдерінен (болған жағдайда), жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер өкілдерінен қалыптастырылады.

      17-2. Тұрғын үй комиссияны:

      1) орталық мемлекеттік органда - аппарат басшысы;

      2) жергілікті атқарушы органдарда, мемлекеттік кәсіпорындарда, мемлекеттік мекемелерде - бірінші басшысының орынбасары басқарады.

      17-3. Тұрғын үй комиссияның хатшысы дауыс беру құқығынсыз тұрғын үй комиссиясының мүшесі болып табылады.

      17-4. Тұрғын үй комиссиясының хатшысы тұрғын үй комиссиясы отырысының хаттамасын жүргізеді.

      17-5. Тұрғын үй комиссиясының шешімі дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

      17-6. Тұрғын үй комиссиясының шешімі, егер оны қатысып отырған мүшелердің үштен екісі қабылдаса, заңды деп есептелінеді.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Тұрғын үй комиссиясы өтініш беруші осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген құжаттарды тапсырған күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде тұрғын үйді беру не жазбаша түрде дәлелді бас тарту туралы шешім шығарады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Тұрғын үйдi жалдау (қосымша жалдау) шарты үш данада жасалады. Олардың біреуі мемлекеттік мекеменің (мемлекеттік кәсіпорынның) әкімшілігінде сақталады, екіншісі жергілікті атқарушы органға мемлекеттік мүлік тізіліміне (бұдан әрі – тізілім) тіркеу үшін беріліп, қатаң есептілік құжаты ретінде сақталады, үшіншісі өтініш берушіге беріледі және тұрғын үйге қоныстануға құқық беретін бірден-бір құжат болып табылады.

      Жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) тізілімнің www.e-qazyna.kz веб-порталында олармен жасалған тұрғын үйдi жалдау шарттары бойынша, оның ішінде шарттың талаптары, шарт бойынша есептер, бюджетке аударылған төлемдер және бар болса, өсімпұл бойынша ақпаратты қарауға құқылы.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Жалға алушылар (қосымша жалға алушылар) тұрғын үйді босатқан кезде жалға берушіге тұрғын үйді берген орган белгілеген нысанға сәйкес қабылдау-тапсыру актісі бойынша тұрғын үйді береді, ол туралы ақпаратты жалға беруші үш күн ішінде тізілімге енгізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
К. Шарлапаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі