Қазақстан Республикасының кейбір нормативтік құқықтық актілеріне банктік және микроқаржылық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 29 наурыздағы № 17 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 29 наурызда № 34193 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілетін Банктік және микроқаржылық қызметті реттеу мәселелері жөніндегі Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі бекітілсін.

      2. Қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2024 жылғы 29 наурыздағы
№ 17 Қаулыға
қосымша

Банктік және микроқаржылық қызметті реттеу мәселелері жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің тізбесі

      1. "Ақпарат берушiлердiң кредиттiк бюроларға ақпарат беру тәртiбiнiң шарттары мен ең төмен талаптарын, Кредиттiк тарих субъектiлерiнiң өздерi туралы ақпаратты кредиттiк бюроларға (мемлекет қатысатын кредиттік бюроны қоспағанда) беруге келiсiмiн ресiмдеу, кредиттік бюродан кредиттiк есептi беруге келiсiмiн ресімдеу қағидаларын, сондай-ақ Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 27 наурыздағы № 53 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15115 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Кредиттiк есептi берудiң қағидалары мен шарттары:

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Кредиттік есепте кредиттік тарих субъектісінің банктік қарыздар және (немесе) микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілегені не оны алып тастағаны туралы ақпарат көрсетіледі.".

      2. "Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2017 жылғы 28 шілдедегі № 136 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 15541 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктік қызметтерді көрсету және банктердің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың банктік қызметтерді көрсету үдерісінде туындайтын клиенттердің өтініштерін қарау қағидалары:

      мынадай мазмұндағы 8-3-тармақпен толықтырылсын:

      "8-3. Банк банктік қарыз беру туралы шешім қабылдағанға дейін клиенттің кредиттік есебінде оның банктік қарыз алудан ерікті түрде бас тартуын белгілеу туралы ақпараттың болуын тексереді.

      Клиентте оның кредиттік есебінде банктік қарыздар алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу туралы ақпарат болған жағдайда, банк банктік қарыз беруден бас тартады.".

      3. "Микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесін, сондай-ақ Микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 210 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19683 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Микрокредит беру туралы шарт бойынша кредиттік дерекнама жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Кредиттік дерекнама осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес Микрокредит алу үшін қажетті құжаттардың тізбесінде көзделген құжаттарды, сондай-ақ мынадай құжаттар мен мәліметтерді қамтуға тиіс:

      1) микрокредит беру туралы шарт;

      2) микрокредит беру туралы шартқа қосымша келісімдер;

      3) тараптар қол қойған микрокредитті өтеу кестесі;

      4) сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің нақтыланған мәнінің есептері (бар болса);

      5) кепілдік немесе кепілгерлік шарты, өкiлдiң кепіл берушінің атынан кепiлдiк беру шартына немесе кепілгердің атынан кепілгерлік шартына қол қою өкiлеттiгiн растайтын құжаттар (мiндеттеменің орындалуы кепiлдiкпен немесе кепілгерлікпен қамтамасыз етiлген микрокредит жағдайында);

      6) микроқаржы ұйымы мен қарыз алушы арасындағы хат алмасу;

      7) микрокредит беру туралы шарттар бойынша берешектiң толық немесе iшiнара өтелгенiн растайтын, микрокредиттi өтеу көзiн (қарыз алушы аударған не кепiл мүлкін сатудан түскен ақша) көрсететін құжаттар (немесе олардың көшірмелері);

      8) кредиттiк тарих субъектiсiнiң өзi туралы ақпаратты кредиттік бюроларға беруге келісім алғанын растайтын ақпарат;

      9) кредиттiк тарих субъектiсiнiң кредиттік бюродан кредиттiк есептi алушыға кредиттік есептi беруге келісім алғанын растайтын ақпарат.

      Мемлекеттік органдардың және (немесе) мемлекеттік заңды тұлғалардың ақпараттандыру объектілерімен интеграциялану болмаған, технологиялық құралдарды пайдалана отырып, субъектіні сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайларды қоспағанда, микроқаржы ұйымына жеке басты куәландыратын құжаттардың қағаз тасымалдағыштағы көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.".

      4. "Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібін, оның ішінде шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарды, сондай-ақ микрокредитті өтеу кестесінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 29 қарашадағы № 232 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19697 болып тіркелген) мынадай өзгерістер және толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Микрокредит беру туралы шартты жасасу тәртібі:

      мынадай мазмұндағы 4-тармақпен толықтырылсын:

      "4. Микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушының кредиттік есебінде оның микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуының белгіленгені туралы ақпараттың болуын тексеруді жүзеге асырады.

      Қарыз алушының кредиттік есебінде микрокредит алудан ерікті бас тартуды белгілеу туралы ақпарат болған жағдайда, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым микрокредит беруден бас тартады.";

      Шарттың мазмұнына, ресімделуіне және микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төленетін сома, микрокредит мәні) туралы ақпаратты қамтитын оның бірінші бетіне, микрокредит беру туралы шарттың міндетті шарттарына қойылатын талаптарында:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Шарттың жалпы талаптарында мыналар қамтылады:

      1) шарт жасасқан күн;

      2) ұйымының атауын және қарыз алушы (тең қарыз алушы) - жеке тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (ол бар болса) немесе қарыз алушы (тең қарыз алушы) - заңды тұлғаның атауы;

      3) микрокредиттің сомасы (микрокредиттің мәні), кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – микрокредиттің жалпы сомасы (микрокредиттің мәні), микрокредит бойынша артық төлеу сомасы, микрокредитті пайдалану мақсаты туралы мәліметтер (бар болса), бұл ретте микрокредиттің толық құны (микрокредит бойынша артық төлеу сомасы (микрокредиттің мәні) туралы ақпарат шарттың бірінші бетінде көрсетіледі;

      4) микрокредитті өтеу мерзімі, кредит желісін ұсыну (ашу) туралы келісім үшін – шарттың жалпы мерзімі;

      5) Шарт жасалған күнгі жағдай бойынша сыйақы мөлшерлемесінің жылдық пайызбен көрсетілген мөлшері немесе сыйақы мәні (Заңның 4-бабының 3-1-тармағында көрсетілген шарт жасалған жағдайда), сондай-ақ Заңның 5-бабының 1-тармағына сәйкес есептелген сыйақының жылдық тиімді мөлшерлемесінің (микрокредиттің нақты құнының) мөлшері;

      6) микрокредитті өтеу тәсілі: бір уақытта не бөліктермен, қолма-қол ақшамен – касса не электронды терминалдар арқылы, қолма-қол ақшасыз тәсілмен – ұйымның банктік шотының деректемелерін көрсете отырып;

      7) микрокредитті өтеу әдісі (аннуитеттік, дифференциалды немесе микрокредиттерді беру қағидаларына сәйкес басқа әдіс);

      8) микрокредит бойынша берешекті өтеу кезектілігі;

      9) негізгі борыштың уақтылы өтелмегені және сыйақының төленбегені үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) есептеу тәртібі және мөлшері;

      10) қарыз алушының шарт бойынша міндеттемелерді (ол бар болса) орындауын қамтамасыз ету;

      11) қарыз алушы шарт бойынша міндеттемелерін орындамаған не тиісінше орындамаған жағдайда ұйым қабылдайтын шаралар;

      12) шарттың қолданылу мерзімі;

      13) ұйымның пошталық және электрондық мекенжайы туралы ақпарат, сондай-ақ оның ресми интернет-ресурсы (ол бар болса) туралы деректер;

      14) қарыз алушы – жеке тұлғаның тіркелген жерінің не тұрғылықты жерінің мекенжайы, қарыз алушы – заңды тұлғаның тұрақты жұмыс істейтін органының тіркелген жерінің не орналасқан жерінің мекенжайы;

      15) ұйым шарт бойынша құқықты (талап етуді) үшінші тұлғаға берген кезде Қазақстан Республикасының заңнамасында кредитордың қарыз алушымен шарт шеңберіндегі өзара қатынастарына қойылатын талаптар мен шектеулердің қарыз алушының құқық (талап ету) берілген үшінші тұлғамен құқықтық қатынастарына қолданылатынын көздейтін талап.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Ұйымға қойылатын шектеулер:

      1) сыйақы мөлшерлемелерін (оларды төмендету жағдайларын қоспағанда) және (немесе) микрокредитті өтеу әдісі мен тәсілін біржақты тәртіппен өзгертуге;

      2) микрокредит бойынша сыйақы мен айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) қоспағанда, кез келген төлемдерді белгілеуге және қарыз алушыдан алуға;

      3) ұйымға микрокредит сомасын мерзімінен бұрын толық немесе ішінара қайтарған жеке тұлға болып табылатын қарыз алушыдан микрокредитті мерзімінен бұрын қайтарғаны үшін айыпақыны (айыппұлды, өсімпұлды) және басқа да төлемдерді талап етуге;

      4) шарт бойынша микрокредит сомасын ұлғайтуға;

      5) егер негізгі борышты және (немесе) сыйақыны өтеу күні демалыс не мереке күніне сәйкес келсе, айыпақы (айыппұл, өсімпұл) алуға және негізгі борышты және (немесе) сыйақыны төлеу одан кейінгі келесі жұмыс күнінде жүргізіледі;

      6) кез келген валюта баламасына байланыстыра отырып, теңгемен берілген микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелер мен төлемдерді индекстеуге;

      7) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті өндіріп алу үшін борышкердің шартта көрсетілген мекенжайы бойынша нотариус қызмет ететін аумаққа сәйкес емес нотариусқа атқарушылық жазба жасау туралы өтініш беруге тыйым салуды көздейді.".

      5. "Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 28 қарашадағы № 217 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19714 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Электрондық тәсілмен микрокредиттер беру қағидаларында:

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Электрондық тәсілмен микрокредит берілгенге дейін микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым:

      1) клиентті Қазақстан Республикасының қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына және ішкі құжаттарға сәйкес клиентті тиісінше тексеруді жүзеге асырады;

      2) клиентті микрокредиттер беру қағидаларымен таныстырады;

      3) клиентке микрокредитті алумен, қызмет көрсетумен және өтеумен (қайтарумен) байланысты төлемдер және аударымдар туралы толық әрі дәйекті ақпарат береді;

      4) клиентке микрокредитті өтеу әдісімен танысу және таңдау үшін түрлі әдістермен (сараланған төлемдер, аннуитеттік төлемдер әдісімен немесе микрокредиттер беру қағидаларына сәйкес есептелген әдіспен) есептелген өтеу кестелерінің жобаларын ұсынады;

      5) клиентті микрокредит алумен байланысты құқықтары мен міндеттер туралы хабардар етеді;

      6) клиенттен микрокредит беру тәсілін сұратады (клиентке терминал немесе касса арқылы қолма-қол ақша беру немесе микрокредитті клиенттің банктік шотына (төлем карточкасына) немесе микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымда сатып алынатын тауарға немесе қарыз алушының орындаған жұмыстарына, қызметтеріне ақы төлеуді көздейтін шарт жасалған заңды тұлғаның банктік шотына аудару арқылы);

      7) микрокредит клиенттің банктік шотына (төлем карточкасына) берілген жағдайда, клиенттің банктік шотының деректемелерін (IBAN) және (немесе) төлем карточкасының деректемелерін сұратады.

      8) кредиттік есепте клиенттің микрокредит алудан ерікті түрде бас тартуын белгілеу туралы ақпараттың болуын тексереді.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), және терророизмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздер бойынша, сондай-ақ клиенттің микрокредит алудан ерікті бас тартуын белгілеген кезде клиентке микрокредит беруден бас тартарды.".

      6. "Банктік қарыз шартын жасасу қағидаларын, оның ішінде банктік қарыз шартының мазмұнына, ресімделуіне, міндетті талаптарына қойылатын талаптарды, қарызды өтеу кестесінің және қарыз алушы – жеке тұлғаға арналған жадынаманың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 23 желтоқсандағы № 248 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19774 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Банктік қарыз шартын жасасу қағидалары:

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Банктік қарыз беру туралы шешім қабалдағанға дейін банк кредиттік есепте олардың банктік қарыз алудан ерікті түрде бас тартуының белгіленгені туралы ақпараттың болуын тексеруді жүзеге асырады.

      Қарыз алушының кредиттік есебінде банктік қарыз алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу туралы ақпарат болған жағдайда, банк банктік қарыз беруден бас тартады.".