"Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 19 наурыздағы № 78 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 28 наурызда № 34176 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 908 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12533 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай қағидаларында:

      7-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7-1. Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде еңбекке уақытша жарамсыздық парағы төлемінен басқа қызметкердің орташа жалақысы орташа сағаттық жалақыны орташа күндік жұмыс сағаттарының санына және оқиғаның күнтізбелік күндер санына көбейту жолымен есептеледі.

      Орташа күндік жұмыс сағаттарының саны мынадай формула бойынша айқындалады:

      ОртКЖС = ОртАЖС / ОртАКК, мұндағы:

      ОртКЖС – орташа күндік жұмыс сағаттарының саны;

      ОртАЖС – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасындағы орташа айлық жұмыс сағаттарының саны;

      ОртАКК – оқиғаның басына қолданыста болатын күнтізбелік жылдың жұмыс уақытының теңгеріміне сәйкес мереке күндерін есептегемегенде күнтізбелік күндердің орташа айлық саны.

      Жұмыс уақытының жиынтық есебі кезінде жұмыс берушінің актісінде егер қызметкерлердің жағдайын нашарлатпайтын болса, орташа жалақыны есептеудің өзге тәртібі көзделуі мүмкін.".

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі
С. Жакупова