БҰЙЫРАМЫН:
1. "Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 4 желтоқсандағы № 540 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9934 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бюджеттің атқарылуы және оған кассалық қызмет көрсету ережесінде:
144-11-тармақтың үшінші және төртінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:
"Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты Қазақстан Республикасының әлеуметтік, экономикалық жобаларын, сондай-ақ активтерді қайтару туралы Заңның 32-бабының 1-тармағына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның шығыстарын қаржыландыру мақсатында орталық мемлекеттік органның арнаулы шотына республикалық бюджет комиссиясының шешімімен және әлеуметтік, экономикалық жобалардың мақұлданған Тізбесімен қоса төлеуге берілетін шот негізінде аударылады.
Тиісті саланың орталық уәкілетті органының арнаулы шотынан қаражат республикалық бюджет комиссиясының шешімімен және әлеуметтік және экономикалық жобалардың мақұлданған Тізбесімен қоса төлеуге берілетін шот негізінде тиісті саланың жергілікті уәкілетті органының арнаулы шотына аударылады.";
170-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"170. Шығыстардың экономикалық сыныптамасының 159 "Өзге де қызметтер мен жұмыстарға ақы төлеу" ерекшелігі бойынша аванстық (алдын ала) төлемге ағымдағы қаржы жылына арналған шарт сомасының мынадай:
ауруларды шетелде емдеуді көздейтін шығыстарды төлеу үшін 70 пайыздан;
алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін ұйымдардың ауылда қызмет көрсетуін көздейтін шығыстарды төлеу үшін 50 пайыздан;
Мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде "KazEOSat-MR" айыру қабілеті орташа Жерді қашықтықтан зондтау ғарыштық жүйесін құру және пайдалануға беру жөніндегі шығыстарды және ұшқышсыз ғарыш аппараттарын ұшыруға арналған жаңа буынның орта сыныпты ғарыштық мақсаттағы зымыран базасында "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру жөніндегі шығыстарды төлеу үшін 50 пайыз;
осы тармақта көзделген шығыстардың тізбесіне енбейтін шығыстарды төлеу үшін 30 пайыздан аспайтын мөлшерде рұқсат етіледі.
Шығыстардың экономикалық сыныптамасының 155 "Мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырыс шеңберiндегi қызметтердi төлеу" ерекшелiгi бойынша аванстық (алдын ала) төлемге тек үкiметтiк емес ұйымдарға ғана мемлекеттiк әлеуметтiк тапсырысты орындаған кезде ағымдағы қаржы жылына арналған шарт сомасының 50 пайызынан аспайтын мөлшерде рұқсат етiледi.";
468-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Әкімдерді сайлау облыстық бюджеттен осы мақсаттар үшін жергілікті атқарушы органдарға ашылған арнайы шоттар арқылы қаржыландырылады.";
469-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"469. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жергілікті атқарушы органдарға:
1) Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау, сондай-ақ республикалық референдум кезінде сайлау іс-шараларын жүргізуге арналған шығыстар жөніндегі операцияларды есепке алуға арналған жергілікті атқарушы органның арнайы шоттарын (бұдан әрі – сайлауларды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін шоттар);
2) әкімдерді сайлау кезінде сайлау іс-шараларын өткізуге арналған шығыстар бойынша операцияларды есепке алуға арналған арнайы шоттарды (бұдан әрі – әкімдерін сайлауды қаржыландыруға арналған шоттар) ашуды жүзеге асырады.
Сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін шоттар Орталық сайлау комиссиясының қолдаухаты негізінде ашылады.
Әкімдерді сайлауды қаржыландыру үшін шоттар облыстардың жергілікті атқарушы органдарының қолдаухаты негізінде ашылады.
Сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін шоттар және әкімдерді сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар сайлау іс-шараларын, республикалық референдумды қаржыландыру аяқталғанға дейінгі мерзімге ашылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін шоттарды ашқаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін ашылған шоттардың нөмірі мен күні туралы әрбір аумақтық сайлау комиссиясына жазбаша хабарлама береді.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган әкімдерді сайлауды қаржыландыру үшін шоттарды ашқаннан кейін жергілікті атқарушы органдар әкімдерді сайлауларды қаржыландыру үшін ашылған шоттардың нөмірі мен күні туралы әрбір облыстық, аудандық аумақтық сайлау комиссиясына жазбаша хабарлама береді.
Сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру үшін шот бойынша және әкімдерді сайлауды қаржыландыру үшін шот бойынша операциялар жүргізу үшін аумақтық сайлау комиссиясы аумақтық қазынашылық органына сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы сайлау комиссиясы шешімінің көшірмесі мен нотариалды куәландырылған қолдар мен мер бедерінің үлгілері бар құжатты ұсынады.";
470-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Әкімдерді сайлауды мемлекеттік қаржыландыруды міндеттемелер мен төлемдер және шығыстардың функционалдық және экономикалық сыныптамасы бойынша қаржыландырудың жеке жоспарларына сәйкес облыстардың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.";
471-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"471. Бекітілген қаржыландырудың жеке жоспары шеңберінде сайлау науқанын, республикалық референдумды жүргізу үшін бөлінетін бюджет қаражатына иелік етушілер тиісті сайлау комиссиясының төрағалары болып табылады. Сайлау, республикалық референдум өткізуге арналған бюджет қаражатын жұмсау, әкімдерді сайлауды қоспағанда, республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшін ашылған жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жүргізіледі. Әкімдерді сайлауды өткізуге арналған бюджет қаражатын жұмсау облыстық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшін ашылған жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жүргізіледі. Тиісті бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері тиісті сайлау комиссиясы төрағаларының назарына азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға және төлемдерді жүзеге асыруға берілген рұқсаттарды жеткізеді. Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) беруге арналған шарттарды тиісті сайлау комиссиясының төрағалары ақша алушылармен "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті қаржы жылында міндеттемелер бойынша қаржыландыруды жеке жоспарларында көзделген сома шеңберінде жасасады.";
472-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Құжат жергілікті атқарушы органның елтаңбалы мөрінің үлгісін, аумақтық сайлау комиссиясын сайлау туралы тиісті мәслихат шешімінің (жоғары тұрған сайлау комиссиясының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін - оны мәслихат сайлағанға дейін шығып кеткеннің орнына аумақтық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы шешімінің) нөмірі мен күнін көрсете отырып ресімделеді. Сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыруға арналған шоттан және әкімдерді сайлауды қаржыландыруға арналған шоттан қаражатты жұмсауға аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының өкілеттілігі сайлауларды, республикалық референдумды, әкімдерді сайлауды дайындау және өткізу мерзіміне, қайта дауыс беру не қайта сайлау мерзіміне және олар аяқталғаннан кейін алпыс күнтізбелік күнге дейін, бірақ ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанынан кешіктірмей (егер сайлау қазанның соңғы жексенбісінде өткізілген жағдайда) белгіленеді.";
475-тармақтың бірінші бөлігінің 8) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"8) сайлау комиссиясы үй-жайында және дауыс беруге арналған үй-жайда орналастырылатын Президентке, Парламент және мәслихаттардың депутаттарына, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелеріне кандидаттар туралы, партия тізімін берген саяси партиялар туралы, сондай-ақ республикалық референдум туралы ақпараттық плакаттар дайындауға жұмсалатын шығыстар өтеледі.";
477-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"477. Сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру шотынан және әкімдерді сайлауды қаржыландыру шотынан сайлаулар өткізуге қаражатты жұмсау аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының шешімі бойынша мынадай тәртіппен жүргізіледі:
1) аумақтық сайлау комиссияларын қаржыландыру жоспарларының шегінде ақша аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары есеп беретіндей етіп беріледі, орындалған жұмыстар және сайлау учаскелеріне сатып алынған материалдық құндылықтар үшін шығыстар төленеді. Пайдаланылмаған есеп берілетін сомалардың қалдығын сайлаулар, республикалық референдум аяқталғаннан кейін үш күн мерзімде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру шотына немесе әкімдерді сайлауды қаржыландыру шотына есепке алу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады;
2) аумақтық сайлау комиссияларының шығыстары әкімдерді сайлауды өткізу кезінде орталық сайлау комиссиясы/бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бекіткен олардың қаржыландыру жоспары шегінде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары бекіткен, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжат ұсынылғаннан кейін төленеді. Аумақтық сайлау комиссиясының шығыстарына арналған қолма-қол ақшаны беру осы комиссияның төрағасының өкімі бойынша жүргізіледі. Аванстық есепті алғаннан кейін әкім аппаратының бас бухгалтері (қаржы қызметінің басшысы) растайтын, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжаттардың ресімделу дұрыстығын тексереді және оларды осы комиссия төрағасының бекітуіне береді.
Есеп берілетін соманың пайдаланылмаған қалдығын аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары сайлау, республикалық референдум аяқталғаннан кейін үш күндік мерзімде шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша сайлауды, республикалық референдумды қаржыландыру шотына немесе әкімдерді сайлауды қаржыландыру шотына есептеу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады.";
480-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"480. Президентті, партиялық тізімдер негізінде сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын қоспағанда, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, әкімдерді және жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелерін сайлауды, сондай-ақ республикалық референдумды өткізуге бөлінген бюджет қаражатын пайдалану жөніндегі бухгалтерлік есепті жүргізу және қаржылық есеп беруді жасау Бюджет кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;
2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрі |
Е. Жамаубаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі