БҰЙЫРАМЫН:
1. "Жол жүрісі қағидаларын, Көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2023 жылғы 30 маусымдағы № 534 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33003 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жол жүрісі қағидаларында:
мынадай редакциядағы 18-1) тармақшамен толықтырылсын:
"18-1) жарық шағылыстыратын зат – жарық сәулесін көзге қайтрау мүмкіндігі бар арнайы материалдардан жасалған, жүргізушінің жақын жарық фаралары қосылғанда жүз елу метр және алыс жарық фаралары қосылғанда төрт жүз метр қашықтықта көрінуін қамтамасыз ететін зат, оның ішінде жарық шағылыстыратын киім, киімдегі жарық шағылыстыратын элемент;";
19) және 49) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын:
"19) жаяу жүргінші - жолда көлік құралынан тыс жүрген және онда жұмыс жүргізбейтін адам. Жаяу жүргіншілерге мүгедектігі бар адамдарға арналған кресло-арбалармен қозғалатын, велосипед, электр самокат, шағын электр көлігі құралын, мопед, мотоцикл жүргізетін, шана, арба, балалар арбасын алып жүретін жеке тұлғалар теңестіріледі;
49) механикалық көлік құралы – мопедтер, электр самокаттар, шағын электр көлігі құралдары мен рельстік көлік құралдарын қоспағанда, қозғалтқышпен қозғалысқа келтірілетін, өздігінен жүретін жол көлік құралы. Ұғым тракторлар мен өздігінен жүретін машиналар жол жүрісіне қатысқан кезде оларға да қолданылады;";
мынадай редакциядағы 63-1) және 67) тармақшалармен толықтырылсын:
"63-1) шағын электр көлігі құралы – электр қозғалтқышы бар электр самокаттар мен мопедтерді қоспағанда, электр қозғалтқышпен жарақталған, жеке жүріп-тұруға арналған, бір немесе бірнеше дөңгелегі бар көлік құралы;
67) электр самокат – екі немесе үш дөңгелегі бар, электр қозғалтқышты (электр қозғалтқыштарды) пайдалану арқылы бір адамның жүріп-тұруына арналған, орындығы жоқ, ең жоғары конструктивтік жылдамдығы сағатына жиырма бес километрден аспайтын жеке мобильді көлік құралы.";
24-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"24-тарау. Мопедтердің, электр самокаттардың, велосипедтердің, шағын электр көлік құралдарының, ат-арба көліктерінің жүруіне, сондай-ақ мал айдауға қойылатын қосымша талаптар";
166-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"166. Велосипед жүргізушілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, ал олар болмаған кезде жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей жүреді.";
167-тармақ алып тасталсын;
168-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"168. Мопед жүргізушілердің велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне тыйым салынады.";
мынадай редакциядағы 168-1 тармақпен толықтырылсын:
"168-1. Электр самокат жүргізушілер велосипед жолымен, велосипед жүретін жолақпен жүреді. Электр самокат жүргізушілер велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болмаған кезде:
осы тармақтың екінші бөлігінде белгіленген талаптарға сәйкес, жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда;
жол жиегімен;
жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына алты километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүреді.
Он сегіз жасқа толмаған электр самокат жүргізушілердің өзімен бірге жүргізушінің жеке басын куәландыратын құжаты болған жағдайда, Қазақстан Республикасында берілгендерін қоспағанда, кез келген санаттағы көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінсіз не көлік құралын басқару құқығына арналған жүргізуші куәлігінің орнына берілген уақытша куәліксіз жолдың жүру бөлігінің оң жақ шетімен, оның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруіне жол берілмейді.";
171- тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"171. Мопед, электр самокат және велосипед жүргізушілердің:
1) ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;
2) жолаушыларды тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен тасымалдаудан басқа, жолаушыларды тасымалдауына;
3) тасымалдауға арналған арнаулы бейімдемелері бар велосипедтермен және мопедтермен жүкті, сондай-ақ габаритінен ұзындығы немесе ені елу сантиметрден артық шығып тұрмайтын жүкті тасымалдаудан басқа, жүкті немесе басқаруға кедергі келтіретін жүкті тасымалдауына;
4) трамвай жүретін жолдарда және осы бағытта жүруге арналған біреуден астам жолағы бар жолдарда солға бұрылуына немесе кері бұрылуына;
5) мопедпен және велосипедпен пайдалануға арналған тіркемені сүйретуден басқа, мопедтерді, электр самокаттарды және велосипедтерді, сондай-ақ мопедтермен, электр самокаттармен және велосипедтермен сүйретуіне;
6) көлік құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне;
7) жол жүрісі қағидаларында айқындалған талаптарға сәйкес келетін, басқа көлік құралын жүргізушілерге көрінуді қамтамасыз ететін жарық шағылыстыратын затсыз жолдың жүру бөлігінде тәуліктің қараңғы уақытында жүріп-тұруына;
8) жолдың жүру бөлігінде басқаруы кезінде түймеленген шлемсіз болуына тыйым салынады.";
мынадай редакциядағы 172-1-тармақпен толықтырылсын:
"172-1. Шағын электр көлігі құралын жүргізушілердің:
1) рульсіз шағын электр көлігі құралдарын қоспағанда, ең болмағанда бір қолымен рульден ұстамай жүргізуге;
2) жолаушыларды тасымалдауына;
3) жүкті тасымалдауына;
4) жолдың жүру бөлігімен жүруіне;
5) жанында велосипед жолы, велосипед жүретін жолақ болған кезде тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруіне;
6) шағын электр көлігі құралдарын, шағын электр көлігі құралдарымен сүйретуіне;
7) шағын электр көлігі құралынан түспей, жаяу жүргіншілер өткелімен жолдың жүру бөлігін кесіп өтуіне тыйым салынады.".
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақтан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі |
М. Ахметжанов |