"Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 31 наурыздағы № 130/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2023 жылғы 14 шiлдедегi № 268/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 18 шiлдеде № 33102 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 31 наурыздағы № 130/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32233 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ұлттық кеңістіктік деректер қорының мәліметтерін қалыптастыру, жинау, сақтау, пайдалану және беру қағидаларында:

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар Қордың мәліметтерін геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган басшысының рұқсатымен беріледі.

      "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар мәліметтерді мемлекеттік органдарға, заңды және жеке тұлғаларға беру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 24 маусымдағы № 429 қаулысымен бекітілген Мәліметтерді таратылуы шектелген қызметтік ақпаратқа жатқызу және онымен жұмыс істеу қағидаларының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      мынадай мазмұндағы 10-1 тармақшамен толықтырылсын:

      "10-1. Қордың мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтері Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 мамырдағы № 743 қаулысымен бекітілген Бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауға байланысты мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді беру қағидаларына (бұдан әрі – Мемлекеттік құпияларды беру қағидалары) сәйкес геодезия, картография және кеңістіктік деректер саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік орган басшысының рұқсатымен мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді пайдалануға байланысты жұмыстарға тапсырыс берушілер (бұдан әрі – тапсырыс беруші) болып табылатын мемлекеттік органға немесе ұйымға беріледі.

      Тапсырыс беруші Мемлекеттік құпияларды беру қағидаларына сәйкес, мәліметтерге билік ететін мемлекеттік органның рұқсатымен және осы жұмыстарды орындау үшін қажетті көлемде ғана, бірлескен және басқа да жұмыстарды орындауына байланысты, мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді заңды және жеке тұлғаларға береді. Бұл ретте тапсырыс беруші мемлекеттік құпиялар болып табылатын мәліметтер берілгенге дейін ұйымда тиісті құпиялылық дәрежесіндегі мәліметтерді пайдалану арқылы жұмыстар жүргізуге арналған рұқсаттың, ал жеке тұлғаларда – тиісті рұқсаттың бар екеніне көз жеткізуге міндетті.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушылар):

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің "Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) мыналарды:

      1) "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алу үшін:

      осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алуға арналған қағаз нысандағы өтініш;

      көрсетілетін қызметтерге ақы төленгені туралы төлем құжатын (түбіртек);

      2) ашық пайдаланудағы материалдар мен геодезиялық деректерді алу үшін www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – портал) арқылы:

      осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес ашық пайдаланудағы материалдар мен геодезиялық деректерді алуға арналған электронды құжат нысанындағы өтініш;

      мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге ақы төленгені туралы төлем құжатын (түбіртек) жібереді.";

      15-тармақта "қызметтік пайдалану үшін" деген сөздер "қызмет бабында пайдалану үшін" деген сөздермен ауыстырылсын;

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Көрсетілетін қызметті алушы осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген мерзімдерге төлем құжатын ұсынғаннан кейін көрсетілетін қызметті берушінің жұмыскері сегіз жұмыс күні ішінде мәліметтерді жинақтауға, жасауға кіріседі және қорытындысы бойынша:

      "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алуға жүгінген кезде "қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар жоспарланған жұмыс учаскелеріндегі жергілікті жердің геодезиялық және картографиялық зерттелгендігі туралы мәліметтерді (бұдан әрі – мәліметтер);

      ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алуға жүгінген кезде мәліметтер беруді қалыптастырады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің жұмыскері бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға сұратылған мәліметтердің дайындығы және алу орны туралы хабарлама жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы портал арқылы жүгінген кезде, мәліметтердің дайындығы және алу орны туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" жолданады.

      Көрсетілетін қызметті алушыға дайын мәліметтерді беру жеке куәлігін не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты және (немесе) өкілдің өкілеттігін растайтын сенімхатты ұсыну бойынша көрсетілетін қызметті беруші Қор арқылы жүзеге асырады.";

      көрсетілген бұйрықтағы 2-қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Геодезия және картография комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін 10 (он) жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бәсекелестікті қорғау және

      дамыту агенттігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрі
2023 жылғы 14 шілдедегі
№ 268/НҚ Бұйрығына
қосымша
  Ұлттық кеңістіктік деректер
қорының мәліметтерін
қалыптастыру, жинау, сақтау,
пайдалану және беру
қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

Мемлекеттік қызметті көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі

1

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы

"Геодезиялық және картографиялық қызмет субъектілеріне жұмыс жоспарланған учаскелеріндегі жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық зерттелгендігі туралы мәліметтер беру"
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің кіші түрінің атауы:
1. "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алу;
2. Ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алу.

2

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Геодезия және картография комитетінің "Ұлттық геодезия және кеңістіктік ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші)

3

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері

Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін:
1) көрсетілетін қызметті беруші:
"Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алуды;
2) "Электрондық үкіметтің" веб-порталы арқылы жүзеге асырады:
Ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алуды жүзеге асырады.

4

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

(15) он бес жұмыс күні

5

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Қағаз түрінде:
1. "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алу;
Электрондық (толық автоматтандырылған):
2. Ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алу.

6

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

1) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алуға жүгінген кезде:
қызмет бабында пайдалану үшін деген белгісі бар жоспарланған жұмыс учаскелеріндегі жергілікті жерлердің геодезиялық және картографиялық зерттелгендігі туралы мәліметтер (бұдан әрі – мәліметтер) не мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап. Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық және (немесе) қағаз түрінде ("Қызмет бабында пайдалану үшін" белгісімен).
2) ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алуға жүгінген кезде:
мәліметтер немесе Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін ұсыну нысаны: электрондық және (немесе) қағаз түрінде.

7

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Қордың мәліметтерін ұсыну бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес есептеледі.

8

Көрсетілетін қызметті берушінің және ақпарат объектілерінің жұмыс кестесі

1) көрсетілетін қызметті берушінің жұмыс кестесі – Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мерекелер туралы заң) 5-бабына сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, дүйсенбі-жұма аралығында сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.
Өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру сағат 13.00-ден 14.00-ге дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден бастап 17.30-ға дейін белгіленеді.
Мемлекеттік көрсетілетін қызмет алдын ала жазылусыз және жеделдетіп қызмет көрсетусіз кезек тәртібінде көрсетіледі;
2) порталдың жұмыс кестесі – жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты техникалық үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы (көрсетілетін қызметті алушы Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және Мерекелер туралы заңның 5-бабына сәйкес жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген жағдайда, өтінішті қабылдау және мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады).
Мемлекеттік қызметті көрсету орындарының мекенжайлары:
1) уәкілетті органның www. gov. kz/ mem leke t/ ent itie s/ mdai интернет-ресурсында;
2) порталда орналастырылған.

9

Мемлекеттік қызметті көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтер тізбесі

Мемлекеттік қызметті берушіге:
1) "Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алу үшін:
"Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар материалдар мен геодезиялық деректерді алуға арналған өтініш;
көрсетілетін қызметтерге ақы төленгені туралы төлем құжаты (түбіртек);
Порталға:
2) ашық пайдаланылатын материалдар мен геодезиялық деректерді алу үшін:
ашық пайдаланудағы материалдар мен геодезиялық деректерді алуға арналған электрондық өтініш;
жеке басты куәландыратын құжаттар туралы, заңды тұлғаны тіркеу (қайта тіркеу), дара кәсіпкерді тіркеу туралы мәліметтер не дара кәсіпкер ретінде қызметін бастағаны туралы төлемді растайтын құжаттарды ("электрондық үкіметтің" төлем шлюзі (бұдан әрі – ЭҮТШ) арқылы төлеген жағдайда) көрсетілетін қызметті беруші ЭҮТШ арқылы тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден алады.

10

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздемелер

1) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс еместігін анықтау;
2) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты оның қызметіне немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік көрсетілетін қызметті алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы;
4) көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік қызмет көрсету үшін талап етілетін, "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес берілетін қолжетімділігі шектеулі дербес деректерге қол жеткізуге келісімінің болмауы.

11

Мемлекеттік қызмет көрсету, оның ішінде электрондық нысанда көрсету ерекшеліктері ескерілген өзге де талаптар

Көрсетілетін қызметті алушы ашық пайдаланудағы мемлекеттік көрсетілетін қызметке өтінішті электрондық нысанда портал арқылы жібереді.
"Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгісі бар мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағаз нысанда ұсынылады.
Көрсетілетін қызметті алушының ашық пайдаланудағы мемлекеттік қызметті көрсетудің тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты қашықтықтан қол жеткізу режимінде порталдағы "жеке кабинеті", сондай-ақ бірыңғай байланыс орталығы арқылы алады.
Бірыңғай байланыс орталығы: 1414, 8 800 080 7777.