Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. 2023 жылғы 5 шiлдедегi № 464 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 10 шiлдеде № 33048 болып тіркелді.

Жаңартылған

      "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің мәселелері" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу қағидалары бекітілсін.

      2. Мыналардың:

      1) "Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 6 мамырдағы № 246 бұйрығы (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2019 жылғы 8 мамырда № 18632 болып тіркелген);

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 14 маусымдағы № 500 бұйрығының 2-тармағы (Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 маусымда № 23026 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице - министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің м.а.
Б. Жакселекова

  Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің
міндетін атқарушының
2023 жылғы 5 шілдедегі
№ 464 бұйрығымен
бекітілген

Нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеудің қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Әділет министрінің 30.05.2025 № 294 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеудің, келісудің және мемлекеттік тіркеудің қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі-Заң) 18-бабының 6-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 28 қазандағы № 1120 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі туралы ереженің 14-тармағының 263) тармақшасына сәйкес әзірленді және нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу, мемлекеттік тіркеу тәртібін айқындайды.

      2. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуге жатпайтын нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу және келісу Заңның және осы Қағидалардың нормативтік құқықтық актілерінің әзірленген жобаларының жария талқылау үшін ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталына орналастыру, қоғамдық кеңестің ұсынымдарын, Қазақстан Республикасы Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және сараптамалық кеңес мүшелерінің сараптамалық қорытындыларын, заңнамамен көзделген өзге де қорытындыларын, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялауға, соның ішінде деректемелер ретінде жіберуге қатысты талаптарын ескере отырып, сондай-ақ, әділет органдарын осындай актілердің қабылданғаны туралы хабардар ете отырып жүзеге асырылады.

2-тарау. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын әзірлеу тәртібі

1-параграф. Инициация

      3. Жоғары тұрған заңнамада нормативтік құқықтық актіні қабылдау құзыретінің болуы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеуге бастамашылық жасау үшін негізгі шарт болып табылады.

      Бұл ретте нормативтік құқықтық актіні қабылдау құзыреті Заңның 24-бабының 1-тармағы мен 34-бабының 3-тармағы ескеріле отырып айқындалады.

      Әзірлеуші мемлекеттік орган әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасы орналастырылғанға дейін оны қабылдаған жағдайда ықтимал қоғамдық-саяси, құқықтық, ақпараттық және өзге де салдарына бағалау жүргізеді.

      4. Күші жойылды деп тану туралы нормативтік құқықтық актіні әзірлеудің шарты мынадай жағдайлардың бірі немесе бірнешеуі (Заңның 27-бабына сәйкес) болып табылады:

      1) іске асыру үшін нормативтік құқықтық акт қабылданған жоғары деңгейдегі нормативтік құқықтық актінің күші жойылды деп тану не одан жекелеген нормаларды алып тастау;

      2) Егер нормативтік құқықтық актінің ережелері бірінші енгізілген құқық нормаларына қайшы келсе немесе солармен қамтылса, жаңа нормативтік құқықтық актіні қабылдау;

      3) басқа нормативтік құқықтық актілердің құқық нормаларын қайталайтын және құқықтың жаңа нормаларын қамтымайтын нормативтік құқықтық актілер.

      5. Нормативтік құқықтық актіні әртүрлі органдар әзірлеген және бекіткен жағдайда, әзірлеуші әділет органдарында жобаның тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасынан өткеннен кейін жобаны нормативтік құқықтық актіні қабылдауға уәкілетті органға береді.

      6. Өзге органдар, ұйымдар мен азаматтар нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу жөнінде ұсыныстар енгізеді немесе әзірлеуші органдардың қарауына бастамашыл жобаларды береді.

      Әзірлеуші органдар оларды өздері әзірлейтін нормативтік құқықтық актілердің жобалары үшін негіз ретінде қабылдай алады немесе оларды одан әрі әзірлеу мен қабылдауды тиімсіз деп тани алады. Нормативтік құқықтық актілер қазақ және орыс тілдерінде әзірленеді.

      7. Нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеу сапасын, әдеби тiл нормаларының, заң терминологиясы мен заң техникасының сақталуын, мәтіндердің әзірлеу, келісу және тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасының барлық кезеңдерінде, сондай-ақ қазақ және орыс тілдеріндегі теңтүпнұсқалығын әзірлеуші мемлекеттік органдар қамтамасыз етеді.

2-параграф. Ресімдеу және мазмұнға қойылатын талаптар

      8. Нормативтiк құқықтық актілердің мынадай деректемелері болады:

      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы;

      2) актінің нысанын көрсету: Министрдің бұйрығы; орталық мемлекеттік орган басшысының бұйрығы; ведомство басшысының бұйрығы; мәслихаттың шешімі; әкімдіктің қаулысы; әкімнің шешімі; тексеру комиссиясының қаулысы және Заңда көзделген нормативтік құқықтық актінің өзге де нысаны;

      3) нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын білдіретін тақырып;

      4) нормативтік құқықтық актінің қабылданған орны мен күні;

      5) нормативтік құқықтық актінің тіркеу нөмірі;

      6) нормативтік құқықтық актілерге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе адамдардың қолтаңбалары;

      7) Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актінің мемлекеттік тіркелген күні мен нөмірін көрсету;

      8) елтаңбалы мөр.

      Осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген деректеме электрондық бланкінің өзінде орналастырылады.

      Осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларында көрсетілген нормативтік құқықтық актінің деректемелері Мемлекеттік органдардың интранет порталының (бұдан әрі – МО ИП) немесе нормашығаруда пайдаланылатын ақпараттық жүйенің электрондық тіркеу бақылау карточкасында (бұдан әрі – НАЖ) және электрондық бланкіде орналастырылады.

      Заңның 35-бабы негізінде тиісті нормативтік құқықтық актіге қол қоюға уәкілеттік берілген адамның немесе оның міндетін атқарушы адамның (бұдан әрі – НҚА-ға қол қоюға уәкілетті тұлға) лауазымын, тегін және аты-жөнін карточкада әзірлеуші мемлекеттік орган (бірлескен нормативтік құқықтық акт әзірленген жағдайда – негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган) көрсетеді.

      Тиісті нормативтік құқықтық актіні келісетін мүдделі мемлекеттік орган адамының немесе оның міндетін атқарушы адамның лауазымы (оның ішінде әдепкі бойынша), тегі және аты-жөні электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі, электрондық бланкіде мүдделі мемлекеттік органның деректемелері көрсетіледі.

      Осы тармақтың 8) тармақшасында көрсетілген деректеме электрондық тіркеу-бақылау карточкасы болып табылады.

      Осы тармақтың 4), 5), 6) және 7) тармақшаларында көрсетілген деректемелер электрондық тіркеу-бақылау карточкасында орналастырылады.

      Электрондық бланкідегі нормативтік құқықтық акт пен электрондық тіркеу-бақылау карточкасы, сондай-ақ нормативтік құқықтық актіге жекелеген файлдар түрінде тіркелетін құжаттар бірыңғай электрондық құжатты құрайды.

      9. Қосымшаларды қоса алғанда, нормативтік құқықтық актінің негізгі де, туынды да түрінің әрбір беті парақтың жоғарғы жиегінің ортасында тыныс белгілерінсіз нөмірленеді.

      Нормативтік құқықтық актінің негізгі түрінің бірінші беті нөмірленбейді.

      Нормативтік құқықтық актінің негізгі және туынды түрі беттердің толассыз нөмірленуін қамтиды.

      10. Тармақтар, тараулар, параграфтар, бөлімдер, кіші бөлімдер маңыздылығы бойынша логикалық кезектілікпен, сондай-ақ мәселені шешу кезеңдерінің хронологиясын ескере отырып орналастырылады.

      11. Нормативтік құқықтық актінің тармақтары тармақшаларды, бөліктерді және абзацтарды қамтуы мүмкін.

      12. Нормативтік құқықтық актінің тақырыбы қабылданатын нормативтік құқықтық актінің реттеу нысанасын белгілейді.

      13. Нормативтік құқықтық актінің тақырыбында және мәтіні бойынша сөздерді буынға бөліп тасымалдауға жол берілмейді.

      14. Нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында актінің тақырыбына, қабылданған күніне, тіркеу нөміріне және нысанына сілтеме қамтылуға тиіс.

      Нормативтік құқықтық актіге немесе нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін нормативтік құқықтық актінің тақырыбында бірінші кезекте "өзгерістер" немесе "өзгеріс" деген сөздер көрсетіледі.

      15. Нормативтік құқықтық актіні қабылдау мақсаттарын, негіздерін және оның алдында тұрған негізгі міндеттерді түсіндіру қажет болған жағдайларда құқық нормаларын жазудың алдынан кіріспе бөлік (кіріспе) беріледі.

      Нормативтік құқықтық актінің кіріспе бөлігінде (кіріспесінде) іске асыру үшін осы акт қабылданатын Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілеріне сілтемелер келтіріледі.

      Кiрiспе бөлiк (кiрiспе) нормативтік құқықтық актілерге өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзу туралы нормативтік құқықтық актілердің жобаларында жазылмайды.

      16. Нормативтік құқықтық актілердің жобалары мынадай параметрлер ескеріле отырып ресімделеді ("docx" кеңейтіле отырып, мәтіндік редакторды қолдану арқылы):

      1) сол жақтағы жиек – 2,5 см, оң жақтағы жиек – 1,5 см, колонтитулдар – 2,5 см;

      2) қаріп – көлемі № 14 "Тімеs New Rоmаn" (қосымшаларда кішірек, бірақ кемінде № 10 қаріп пайдаланылуы мүмкін);

      3) жоларалық интервал – бір;

      4) абзацтық шегініс (бірінші жолдың шегінісі) – 1,25 см.

      Нормативтік құқықтық актілердің мәтіндері анық тұжырымдалып, түзетулерсіз, орфографиялық және грамматикалық қателерсіз бірыңғай қаріппен басылады.

      17. Нормативтiк құқықтық актінің мәтінінде қою әріптермен жазылатын тақырыпты, параграфтардың, тараулардың, кіші бөлімдердің, бөлімдердің атауларын, "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ", "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)", "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ ЖӘНЕ БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)", "БҰЙЫРАМЫН (МЫЗ)", ("ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ", "ҚАУЛЫ ЕТЕДІ (МІЗ)") деген сөздерді, қол қоюшы адамның лауазымын, аты-жөні мен тегін қоспағанда, жекелеген сөздер мен сөз тіркестерін қою қаріппен жазуға және астын сызуға жол берілмейді.

      18. Абзацтарға және бөліктерге сілтеме жасалғанда, олардың нөмірленуі реттік сан есіммен (жазумен) белгіленеді.

      19. Нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасау кезінде қазақ тілінде оның тақырыбы, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы нормативтік құқықтық актінің нысаны мынадай ретпен көрсетіледі.

      Нормативтік құқықтық актіге орыс тілінде сілтеме жасаған кезде оның нысаны, қабылданған күні, тіркеу нөмірі және осы нормативтік құқықтық актінің тақырыбы мынадай ретпен көрсетіледі.

      Мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актіге сілтеме жасаған кезде мәтінде оның Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген нөмірі қосымша көрсетіледі.

      Сол сияқты мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуді, сондай-ақ олардың күші жойылды деп тануды көздейтін нормативтік құқықтық актілердің мәтінінде деректемелер көрсетіледі.

      20. Тиісті нұсқауларды нормативтік құқықтық актінің мәтінінде құқық нормасының мәніне нұқсан келтірмей жазу мүмкін болмаған кезде, нормативтік құқықтық актінің құрылымдық элементі ескертпемен толықтырылуы мүмкін.

      21. Нормативтік құқықтық актіні шешімдері қаулы түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайда, актінің: "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ" нысаны көрсетіледі.

      Нормативтік құқықтық актілерді шешімдері бұйрықтар (шешімдер) түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаған жағдайларда, актінің: "БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" нысаны көрсетіледі.

      Егер нормативтік құқықтық актіні біреуінің шешімі қаулы түрінде, ал екіншісінің шешімі бұйрық (шешім) түрінде ресімделетін екі немесе одан да көп мемлекеттік орган қабылдаса, актінің: "БІРЛЕСКЕН ҚАУЛЫ ЖӘНЕ БҰЙРЫҚ (ШЕШІМ)" нысаны көрсетіледі.

      22. Бірлескен нормативтік құқықтық актілер түрінде қабылданатын нормативтік құқықтық актілер ресми бланкілерді пайдаланбай ресімделеді.

      23. Бірлескен актіні безендіру кезінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бірінші парақтың жоғарғы бөлігінің ортасында орналасады.

      Нормативтік құқықтық актінің қабылданған орны мен күні, сондай-ақ тіркеу нөмірі мемлекеттік органның әрбір ресми атауының астында орналасады.

      24. Жаңа құрылымдық элементтер, сондай-ақ қосымшалар нормативтік құқықтық актінің мәтініне дәл сол түрдегі соңғы құрылымдық элементтен кейін келесі реттік нөмірлермен немесе сол түрдегі құрылымдық элементтердің арасында нормативтік құқықтық актінің өзінің алдындағы құрылымдық элементтерінің нөмірлерін қайталайтын қосымша нөмірлермен енгізіледі, мысалы: 2-1, 2-2-тармақтар; 8-1), 8-2) тармақшалар; 5-1-бөлім; 3-1, 3-2, 3-3-қосымшалар.

      Егер нормативтік құқықтық акт қосымшамен толықтырылған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің мәтініне нормативтік құқықтық актіні қосымшамен немесе туынды түрдегі нормативтік құқықтық актімен толықтыру туралы тармақ (тармақша) енгізіледі.

      25. Бір ғана нормативтік құқықтық актіге енгізілетін барлық өзгерістер және (немесе) толықтырулар бір тармақпен немесе тармақшамен көзделеді. Өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілетін нормативтік құқықтық актілер олардың заң күшінің арақатынасына қарай, сондай-ақ олардың қабылданған күні бойынша хронологиялық тәртіппен орналастырылады.

      Нормативтік құқықтық актілер бірдей қабылданған күндері олардың тіркеу нөмірлеріне сәйкес көрсетіледі.

      26. Негізгі нормативтік құқықтық акт те, оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген нормативтік құқықтық актілер (немесе олардың құрылымдық бөліктері) де күші жойылды деп тануға жатады.

      27. Үш және одан да көп нормативтік құқықтық актінің немесе олардың құрылымдық элементтерінің күші жойылды деп танылған кезде жеке қосымшамен ресімделетін тізбе жасалады.

      28. Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі жағынан қомақты бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге бүкіл нормативтік құқықтық акт енгізіліп, өзінің заңдық күшін сақтайтын құрылымдық элементтер туралы ескертіледі.

      Егер нормативтік құқықтық актіде нормативтік құқықтық актінің көлемі жағынан шағын бөлігінің күші жойылды деп танылса, онда күші жойылды деп тануға арналған тізбеге жаңадан қабылданған нормативтік құқықтық актіге қайшы келетін не онда қамтылатын құрылымдық элементтер ғана енгізіледі.

      Мұндай жағдайларда нормативтік құқықтық актінің көлемі Заңның 26-бабының 9-тармағына сәйкес айқындалады.

      29. Нормативтік құқықтық актінің құрылымына қосымшалар (графиктер, кестелер, схемалар, карталар, тізбелер және басқа да ажырамас бөліктер) енгізілуі мүмкін.

      Егер нормативтік құқықтық актіде қосымшаларға сілтемелер болса, онда нормативтік құқықтық актіге бір қосымша болған жағдайларды қоспағанда, актінің мәтінінде қосымшаларды атап өту тәртібімен берілетін қосымшалардың нөмірлері көрсетіледі.

      Қолданба сілтемесі қолданбаның атауына сәйкес келуі керек.

      30. Туынды нормативтік құқықтық актінің бірінші парағының не негізгі нормативтік құқықтық актіге қосымшаның жоғарғы оң жақ бұрышында оған сәйкес бекітілген Нормативтік құқықтық акт көрсетіледі.

      Егер негізгі нормативтік құқықтық актіге екі және одан да көп туынды нормативтік құқықтық актілер не қосымшалар болған жағдайда, олардың әрқайсысының бірінші парағының жоғарғы оң жақ бұрышында оның реттік нөмірі де көрсетіледі.

3- параграф. Ілеспе құжаттарды дайындау

      31. Нормативтік құқытық актілердің жобасына әзірленеді:

      1) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нормативтік құқықтық актінің жобасына түсіндірме жазба. Әзірлеуші мемлекеттік орган түсіндірме жазбаның барлық тармақтары бойынша толық және шынайы ақпаратты қамтамасыз етеді;

      2) әрбір өзгеріс және (немесе) толықтыру қою қаріппен жазылып, олардың әрқайсысы бойынша жоғары тұрған нормативтік құқықтық актілердің нормаларына, жоғары тұрған мемлекеттік органдардың тапсырмаларына сілтемелер, нақты негіздемелері көрсетілетін бұрынғы және жаңа редакцияның салыстырма кестесі (қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) (бұдан әрі – салыстырма кесте).

      32. Нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеуші мемлекеттік органның заң қызметі басшысы (міндетін атқарушы тұлға), заң қызметі болмаған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің тиісті жобасын келісуге жауапты деп айқындалған тиісті құрылымдық бөлімшенің басшысы (оның міндетін атқарушы тұлға) немесе заңгер функцияларын атқаратын тұлға электроннық цифрлық қолтаңбасымен келіседі.

3-тарау. Орталық және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілердің жобаларын келісу тәртібі

Параграф 1. Жалпы ережелер

      33. Әзірленген нормативтік құқықтық актілердің жобалары орталық немесе жергілікті орган басшысының, басшысының орынбасарының не тиісті жергілікті орган аппараты басшысының немесе әкімнің не оның міндетін атқарушы тұлғаның (бұдан әрі-басшы) ЭЦҚ-мен куәландырылған салыстырмалы кесте мен түсіндірме жазбаны қоса бере отырып, электрондық құжат айналымы шеңберінде мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарға МО ИП (НАЖ) арқылы келісуге жіберіледі.

      Егер заңнамада өзгеше мерзім белгіленбесе, әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар келісу ол келіп түскен күннен кейін он жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Мүдделі мемлекеттік органдар келіскен кезде жауаптар электрондық түрде басшының ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      34. Қолайсыз эпидемиологиялық жағдайдың себебі бойынша уақытша шектеу іс – шараларына байланысты, оның ішінде карантинмен әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасын не "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес құрылған Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі - Мемлекеттік комиссия) шешімдерін іске асыруға келісу, ол келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      35. Бірлескен нормативтік құқықтық актінің жобасы бойынша негізгі жауапты болып айқындалған орган бірлескен нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге жіберілгенге дейін бірлескен автор-органдармен бірлесіп әзірлеуді қамтамасыз етеді.

Параграф 2. Мемлекеттік органдармен келісу және қорытындылар алу

      36. Нормативтік құқықтық актінің жобасын мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, оның ішінде қорытындылар алу жолымен келісу ол қабылданғанға дейін жүзеге асырылады.

      Бұл ретте мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актінің жобасын келісуге мүдделілігі мынадай шарттар негізге алына отырып белгіленеді:

      1) Мұндай келісу міндетті болып табылатын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес;

      2) нормативтік құқықтық актінің жобасы мүдделі органның реттелетін саласын қозғайтын нормаларды қамтиды.

      37. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындылары бойынша келісуші мүдделі мемлекеттік орган немесе ұйым мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынады:

      1) келісу;

      2) пысықтауға қайтару;

      3) келісуден бас тарту;

      4) келісуден бас тартуға (мемлекеттік органның, ұйымның құзыретінен тыс).

      38. Пысықтауға қайтару немесе келісуден бас тарту туралы жауап болған жағдайда, нормативтік құқықтық актінің қаралған жобасының тиісті нормаларының негіздемелерімен және (немесе) ұсынылатын редакцияларымен нақты ескертулер және (немесе) ұсыныстар ұсынылады, олар тікелей келісуші мемлекеттік органның құзыретіне жатқызылуға тиіс.

      Мүдделі мемлекеттік органнан келісуден бас тартылған нормативтік құқықтық актінің жобасы әділет органдарына енгізілмейді.

      39. Мүдделі мемлекеттік органдардың, ұйымның келісу барысында алған ұсынымдарымен, ескертулерімен және ұсыныстарымен келіскен кезде әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын пысықтайды.

      Алынған ұсынымдарды, ескертулер мен ұсыныстарды ескере отырып пысықталған нормативтік құқықтық актінің жобасын қайта келісу, сондай – ақ олармен келіспеген жағдайда, ол қайта келісуге келіп түскен күннен кейін бес жұмыс күні ішінде, ал осы Қағидалардың 34-тармағында көрсетілген жобалар бойынша-бір жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      Осы Қағидалардың 36-тармағының талаптарын ескере отырып, алынған ұсынымдармен, ескертулермен және ұсыныстармен келіспеген жағдайда:

      1) әзірлеуші орган тиісті мүдделі мемлекеттік органдармен және (немесе) ұйымдармен келісу консультацияларын жүргізеді;

      2) әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасына тиісті негіздемелері бар мүдделі ұйымдардың атына әзірлеуші мемлекеттік органның жауаптары қоса беріледі.

      40. Мүдделі мемлекеттік орган немесе ұйым белгіленген мерзімде жауап ұсынбаған жағдайда нормативтік құқықтық актінің жобасы ескертусіз келісілген болып есептеледі.

Параграф 3. Тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасы

      41. Заңның 35-1-бабы негізінде әділет органдарында мемлекеттік тіркелуге жататын нормативтік құқықтық актілердің жобалары барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар келіскеннен кейін әділет органдарындағы мемлекеттік сарапшылармен міндетті тіркеуге дейінгі заң сараптамасын жүргізуге жатады.

      Орталық мемлекеттік және жергілікті органдардың нормативтік құқықтық актілерінің жобалары Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне (бұдан әрі – Әділет министрлігі) тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасына жіберіледі.

      42. Әділет органдарына жіберілген кезде әзірленген нормативтік құқықтық актінің жобасына мыналар қоса беріледі:

      1) салыстырмалы кесте (қолданыстағы нормативтік құқықтық актіге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда) және түсіндірме жазба;

      2) мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен келісу нәтижелері;

      3) жария талқылау нәтижелері;

      4) осы Қағидалардың 34-тармағында көзделген жобаларды қоспағанда, міндеттілігі тиісті саладағы құқықтық қатынастарды реттейтін заңнамада көзделген қорытындылар, ұсынымдар, сараптамалардың нәтижелері.

      43. Тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасына әділет органдарына нормативтік құқықтық актінің әзірленген жобасы және оған қоса берілетін құжаттар МО ИП (НАЖ) арқылы басшының ЭЦҚ-мен куәландырылған *DOCX форматында қазақ және орыс тілдерінде жіберіледі.

      44. Нормативтік құқықтық актінің жобасын қарау қорытындысы бойынша әділет органдары мынадай жауап нұсқаларының бірін ұсынады:

      1) келісу;

      2) пысықтауға қайтару;

      3) заң техникасы бойынша пысықтауға қайтарылсын (заң техникасын сақтамауға байланысты және нормативтік құқықтық акт жобасының семантикалық мазмұнын өзгертуге әкеп соқпайтын ескертулер бойынша). Пысықталғаннан кейін мұндай жобалар басқа мүдделі органдармен және ұйымдармен қайта келісусіз әділет органдарына жіберіледі.

      Нормативтік құқықтық актінің жобасын пысықтау кезінде оның семантикалық мазмұнын өзгертуге әкеп соғатын түзетулер енгізілген жағдайда, әзірлеуші мемлекеттік орган нормативтік құқықтық актінің жобасын осы Қағидалардың 36-тармағына сәйкес қайта келісуді жүргізеді;

      4) келісуден бас тартуға құқылы.

      45. Әділет органдары Нормативтік құқықтық актілер жобаларын тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасының нәтижесін Қазақстан Республикасы Әділет Министрінің не Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрінің ЭЦҚ куәландырады;

      46. Әділет органдарынан ескертусіз келісу туралы жауап алған күннен кейін нормативтік құқықтық актінің жобасы түпкілікті келісілген болып есептеледі.

4-тарау. Нормативтік құқықтық актілерді қабылдау және мемлекеттік тіркеу

Параграф 1. Жалпы ережелер

      47. Қабылдау Нормативтік құқықтық актінің түпкілікті келісілген жобасына қатысты жүзеге асырылады.

      48. Әділет органдарының келісімін алғаннан кейін дара орган 10 жұмыс күнінен кешіктірмей, ал алқалы органдар – 20 жұмыс күнінен кешіктірмей нөмір мен күн беріле отырып, Нормативтік құқықтық актіні қабылдайды.

      49. Нормативтік құқықтық акт МО ИП (НАЖ) арқылы қабылданады және автоматты түрде мемлекеттік тіркеуге жіберіледі.

      Мемлекеттік органда нормативтік құқықтық актіні электрондық құжат айналымы шеңберінде қабылдау НҚА-ға қол қоюға уәкілетті тұлғаның ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      Нормативтік құқықтық актіні қабылдайтын мемлекеттік органның заң қызметінің басшысы нормативтік құқықтық актіні ЭЦҚ-мен келіседі.

Параграф 2. Бірлескен актілерді қабылдау ерекшеліктері

      50. Бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдау осы нормативтік құқықтық актіні бірлесіп қабылдайтын екі және одан да көп мемлекеттік органдар электрондық түрде бекіту жолымен жүргізіледі.

      Негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік орган МО ИП (НАЖ) арқылы басқа уәкілетті мемлекеттік органдарға бірлескен нормативтік құқықтық актіні жібереді

      Бірлескен нормативтік құқықтық актіні қабылдау НҚА қол қоюға уәкілетті адамдардың ЭЦҚ-мен куәландырылады.

      51. Бірлескен нормативтік құқықтық актінің қабылданғаны туралы белгілер, сондай-ақ қабылданған күні мен нөмірі электрондық тіркеу бақылау карточкасында "НҚА-НЫҢ ҚАБЫЛДАНҒАН НӨМІРІ МЕН КҮНІ" деген сөздерге және әзірлеуші-негізгі жауапты мемлекеттік орган бұрын электрондық тіркеу бақылау карточкасына енгізген әрбір уәкілетті мемлекеттік органның ресми атауына қарама-қарсы көрсетіледі.

      Қабылданған бірлескен нормативтік құқықтық актінің электрондық тіркеу бақылау карточкасын толтыру әзірлеуші негізгі жауапты мемлекеттік органның бақылауымен автоматты түрде жүргізіледі.

      52. Бірлескен нормативтік құқықтық актіні бірлескен автор қабылдауды оның МО ИП (НАЖ) бойынша келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.

Параграф 3. Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу

      53. Нормативтік құқықтық акт әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге мынадай бөлімдерде электрондық құжат түрінде ұсынылады:

      1) Нормативтік құқықтық актінің мазмұндық бөлігі *docx форматында электрондық бланкіде;

      2) қоса беріліп отырған файлдардың мазмұндық бөлігі құжаттау қағидаларында көзделген форматтарда;

      3) қалыптастырылған электрондық тіркеу бақылау карточкасы арқылы деректеме бөлігі.

      54. Жүргізілген заң сараптамасының нәтижелері бойынша әділет органы нормативтік құқықтық акт келіп түскен күннен кейін 5 жұмыс күні ішінде мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) тіркеу;

      2) пысықтауға қайтару;

      3) тіркеуден бас тартуға құқылы.

      55. Заңнаманың талаптарына сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, мемлекеттік тіркеуге түскен нормативтік құқықтық акт пысықтау мақсатында әзірлеуші мемлекеттік органға немесе негізгі жауапты әзірлеуші мемлекеттік органға қайтарылады және мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен қайта келісуді талап етпейді.

      Келіп түскен нормативтік құқықтық актіні әзірлеуші мемлекеттік орган немесе оны пысықтау мақсатында әзірлеуші негізгі жауапты мемлекеттік орган тікелей кері қайтарып алуы мүмкін.

      Қайтарылған немесе кері қайтарып алынған Нормативтік құқықтық актіні пысықтау 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      56. Пысықтауға қайтарылған не кері қайтарып алынған нормативтік құқықтық акт әділет органдарында қайта тіркеу алдындағы мемлекеттік заң сараптамасынан өтеді.

      57. Әділет органдары заңның 35-1-бабының 4-тармағында көзделген жағдайларда нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеуден бас тартады және МО ИП (НАЖ) бойынша мемлекеттік органдарға бас тарту себептерін көрсете отырып хат жібереді.

      58. Мемлекеттік тіркеуден бас тартуды алған кезде нормативтік құқықтық актінің әзірлеуші мемлекеттік орган, ал бірлескен актілер бойынша-сондай – ақ бірлескен авторлар органдары күшін жояды және тиісті мәліметтер мемлекеттік тіркеуден бас тартылған күннен кейін бес жұмыс күні ішінде электрондық тіркеу бақылау карточкасына енгізіледі.

      Алқалы мемлекеттік органдар мен мәслихаттар нормативтік құқықтық актінің күшін жою туралы мәліметтерді кезекті (кезектен тыс) отырыста немесе сессияда бекітілген күннен кейін бес жұмыс күні ішінде электрондық тіркеу бақылау карточкасына енгізеді.

      59. Мемлекеттік комиссияның хаттамалық шешімдерін, сондай-ақ заң күші бар, Заңның 17-1-бабының 15-тармағына сәйкес әзірленген Қазақстан Республикасы Үкіметінің уақытша қаулыларын іске асыруға қабылданған нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу осындай акт әділет органдарына келіп түскен күннен кейін бір жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      60. МО ИП (НАЖ) – та мемлекеттік тіркеу күні мен нөмірін нормативтік құқықтық Қазақстан Республикасының Әділет министрі немесе оның орынбасары (вице – министр) мемлекеттік тіркеу туралы шешім қабылдаған кезде автоматты түрде береді және электрондық тіркеу бақылау карточкасында көрсетіледі.

      61. Нормативтік құқықтық актіні мемлекеттік тіркеу туралы мәліметтер осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізіліміне автоматты түрде енгізіледі.

5-тарау. Орталық мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық актілерін әзірлеу, келісу және мемлекеттік тіркеу кезінде "ақылмен реттеу" және Аджайл (Agile) қағидаттарын қолдану

      62. Осы тараудың ережелерін қолдану мақсатында "ақылмен реттеу" деп құқықтық саясаттың мынадай қағидаттарын қолдану түсініледі:

      1) ақылға қонымды реттеу;

      2) ашық реттеу;

      3) дәлелдемелік реттеу;

      4) нәтижелі реттеу;

      5) адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

      63. Ведомстволық реттеу саласындағы ақылға қонымды реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) қоғамдық қызметті реттеу қоғамдық өмірде туындайтын мәселелерді шешу кезінде ең соңғы шара ретінде қолданылады, себебі реттеушілік шаралардың ақылға қонымды шектен асып кететін саны оның адресаттары үшін реттеушілік ауыртпалық туғызады;

      2) әзірлеуші алдында тұрған міндеттерді шешу кезінде, ең алдымен реттеушілік араласумен байланысты емес балама тәсілдерді іздеу маңызды;

      3) реттеушілік шараларды енгізу қажет болса, олар болжанатын мақсаттарға қол жеткізу үшін қолайлылығы және азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін барынша төмен дәрежеде шектеу тұрғысынан зерделенеді;

      4) ұсынылатын шаралар оң әсердің басым деңгейін көрсетеді, сондай-ақ теріс жанама салдарларды ескереді;

      5) қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолданудың нәтижесінде қаржылық, кадрлық және ұйымдастыру-техникалық ресурстардың ең аз шығындары кезінде мемлекеттік реттеудің барынша тиімділігіне қол жеткізу.

      64. Ведомстволық реттеу саласындағы ашық реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) реттеуші стейкхолдерлердің көптеген қол жеткізу нүктелерін қалыптастыруды, оның ішінде енгізілген реттеу әсер етуі ықтимал барлық тараптар мүдделерінің ескерілуін қамтамасыз ететін жаңа құралдарды дамыту және қолдану арқылы қамтамасыз етеді;

      2) шешім қабылдау кезінде тұрақты сипаттағы салалық саясат қағидаттарын сақтай отырып, барлық тараптардың мүдделерін неғұрлым оңтайлы тепе-теңдігі таңдалады, бұл неғұрлым оңтайлы шешім қабылдауға ықпал етеді, құқықтық реттеуді жүзеге асыру процесінде еркін шешімдердің әсер ету дәрежесін төмендетеді;

      3) құқықтық нормаларды қалыптастырудың бланкеттік тәсілдерін пайдалануды барынша азайту.

      65. Ведомстволық реттеу саласындағы дәлелдемелік реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) дәлелдемелік тәсіл ведомстволық реттеуді дамытудың негізгі векторларының біріне айналады;

      2) ведомстволық реттеудің сапасын арттыру мақсатында реттеушілік шешімдер сенімді әрі объективті деректерге, оның ішінде ғылыми және сараптамалық зерттеулерге, қоғамдық пікірді, статистикалық деректерді зерделеу нәтижелеріне негізделеді;

      3) реттеудің қандай да бір тәсілінің басымдығын көрсететін мәліметтер тексеру үшін қолжетімді.

      Осыған байланысты сандық деректерді жинау, сақтау, өңдеу, талдау және оларды басқару арқылы ауқымды дәлелдемелік базаны қалыптастыру дәлелдемелік саясаттың ажырамас элементі болып табылады.

      66. Ведомстволық реттеу саласындағы нәтижелі реттеу деп мыналар түсініледі:

      1) құқықтық реттеу шараларын эпизодтық сипаттағы емес жүйелі ретроспективті бағалау;

      2) енгізілген реттеуден туындаған әсерлердің пәрменділігі мен мәлімделген мақсаттарға сәйкестігі тұрғысынан жүйелі түрдегі мониторингі;

      3) адресаттардың мүдделері мен қажеттіліктерін барынша қанағаттандыруды болжайтын реттеудің клиентке бағытталуы;

      4) болжанған нәтижеге қол жеткізілмеген жағдайда, бастапқы реттеушілік тәсілдерді жетілдіруге бағытталған шараларды қабылдау.

      67. Қоғамдық және мемлекеттік өмірдің барлық салаларында бірінші кезектегі және тиімді қорғаудың негізгі қағидаты адам құқықтары мен бостандықтары нормативтік құқықтық актілердің мазмұнын айқындайды деген конституциялық ережені іске асыру болып табылады.

      Әртүрлі бұзушылықтарды болдырмаудың маңызды аспектісі Конституцияның "Адам және азамат" деген II бөлімімен бекітілген негізгі құқықтарды, бостандықтар мен міндеттерді, сондай-ақ нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, келісу және қабылдау кезінде осы Қағидаларды сақтау болып табылады.

      Халықтың қажеттіліктеріне бағдарланған функцияларды құру және ретке келтіру қоғамдық игілікті жасау және әділ тарату үшін реинжиниринг жүргізу және бизнес-процестерді оңтайландыру арқылы ведомстволық реттеуді тұрақты дамыту жүргізіледі.

      68. Тиімді ведомствоаралық өзара іс-қимыл жасауға мүдделі әзірлеуші мемлекеттік органдар осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нормативтік құқықтық акт жобасына "ақылмен реттеу" қағидаттарын сақтау чек-парағын және әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің жобалары ережелерін түсінуді реттеу мен жеңілдетудің релевантты мәтінін құру үшін енгізілетін реттеудің бизнес-процесі моделінің сипаттамасын (БиПиЭМЭН (BPMN) бизнес-процесін нотациялау және модельдеу, Флоучарт (Flowchart) блок-схемалары, Унификацияланған Модельдеу Жүйесі (UML), интеллект карталар, не әзірлеушіге қолайлы өзге құрал) қоса береді.

      69. Модельденген бизнес-процестер түріндегі чек-парағы мен реттеу схемалары бар нормативтік құқықтық актілердің жобалары бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган мен әділет органдары арасында нысаналы келісу рәсімдерін жүргізуге, сондай-ақ бірыңғай шешімді әзірлеу үшін икемді және итеративті тәсілдерді қоса алғанда, өзге де Аджайл (Agile) құралдарын пайдалануға жол беріледі.

      Нормативтік құқықтық актілер жобаларын келісу кезінде Аджайл (Agile) қолдану икемділігін және нормативтік құқықтық акт жобасын пысықтау процесінің бейімделуін қамтамасыз етеді.

      70. Әділет органдарында мемлекеттік тіркеуден өткен нормативтік құқықтық акт бойынша әзірлеуші мемлекеттік орган 5 (бес) жұмыс күні ішінде ресми интернет-ресурста енгізілетін реттеу бизнес-процесі моделінің сипаттамасын орналастырады.

      71. Ведомстволық реттеу сапасын және тараптардың мүдделігін одан әрі жақсарту мақсатында әділет органдары "ақылмен реттеу" және "Аджайл (Agile)" қағидаттарын қолдана отырып, жұмыстың есебін жүргізеді.

  Нормативтік құқықтық
актілерді әзірлеу, келісу
және мемлекеттік
тіркеудің қағидаларына
1-қосымша

      нысан

Жобаға түсіндірме жазба _____________________________________________ жобаның атауы

      1. Әзірлеуші мемлекеттік органның атауы.

      2. Тиісті құқықтық актілерге, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына, Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне, Президенттің, Президент Әкімшілігі, Үкімет және Үкімет Аппараты басшылығының хаттамалық және өзге де тапсырмаларына сілтеме жасай отырып, жобаны қабылдау үшін негіздемелер және/немесе оны қабылдау қажеттігінің басқа да негіздемелері.

      3. Жоба бойынша қаржы шығындарының қажеттігі және оның қаржылық қамтамасыз етілуі, оның ішінде қаржыландыру көзі, сондай-ақ қажет болған жағдайда Республикалық бюджет комиссиясының шешімі (тиісті есеп-қисаптар, қаржыландыру көзіне сілтеме, Республикалық бюджет комиссиясы шешімінің көшірмесі міндетті түрде түсіндірме жазбаға қоса беріледі).

      4. Жоба қабылданған жағдайда болжанатын халықтың ауқымды топтары үшін әлеуметтік-экономикалық, құқықтық және (немесе) өзге салдары, сондай-ақ жоба ережелерінің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге ықпалы.

      5. Әлеуетті стейкхолдерлер (мемлекет, бизнес-қоғам, халық, өзге санаттар) үшін мүмкін салдарды егжей-тегжейлі сипаттайтын нақты мақсаттар мен күтілетін нәтижелердің мерзімдері.

      6. Енгізілетін жоба қабылданған жағдайда заңнаманы оған сәйкес келтіру қажеттігі (басқа нормативтік құқықтық актілерді қабылдау немесе қолданыстағы актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу талап етілетін-етілмейтінін көрсету) не ондай қажеттіліктің болмауы.

      7. Нормативтік құқықтық акті жобасының Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға және Қазақстан Республикасы қатысушысы болып табылатын халықаралық ұйымдардың шешімдеріне сәйкестігі.

      8. Нормативтік құқықтық акті жобасының қолданысқа енгізілуіне байланысты жеке кәсіпкерлік субъектілері шығынының азаюын және (немесе) ұлғаюын растайтын есеп-қисаптар нәтижелері.

  Нормативтік құқықтық
актілерді әзірлеу, келісу
және мемлекеттік
тіркеудің қағидаларына
2-қосымша

      нысан

Мемлекеттік органдардың интранет-порталында Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмi

Мемлекеттік тіркеу күні

Мемлекеттік тіркеу нөмірі

НҚА қабылдаған мемлекеттік органның (-дардың) атауы

НҚА қабылдаған күні, тіркеу нөмірі және атауы

НҚА өзгеріс (терді) және/немесе толықтыру(ларды) енгізуді көздейтін мемлекеттік тіркеу нөмірі және күні

НҚА-ның (немесе оның құрылымдық элементін) қолданысын тоқтата тұруды көздейтін мемлекеттік тіркеу нөмірі және күні

НҚА (немесе оның құрылымдық элементін) күші жойылды деп тануды көздейтін мемлекеттік тіркеу нөмірі және күні

Сот шешімінің күні мен нөмірі көрсетіле отырып, НҚА мемлекеттік тіркеуді жою туралы сот шешімінің күшіне енген күні

Өзге мәліметтер

1










      Нормативтік құқықтық акт туралы мәліметтер осы нормативтік құқықтық актіге мемлекеттік тіркеу нөмірі берілген күннен кейін хронологиялық тәртіппен автоматты түрде электрондық тізілімге енгізіледі.

      Бұл ретте мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыру кезінде облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу нөміріне өңірдің тиісті индексін береді: Астана қ. – 01, Алматы қ. – 02, Ақмола облысы – 03, Ақтөбе облысы – 04, Алматы облысы – 05, Атырау облысы – 06, Батыс Қазақстан облысы-07, Жамбыл облысы – 08, Қарағанды облысы – 09, Қостанай облысы – 10, Қызылорда облысы – 11, Маңғыстау облысы – 12, Түркістан облысы – 13, Павлодар облысы-14, Солтүстік Қазақстан облысы – 15, Шығыс Қазақстан облысы-16, Шымкент қаласы – 17, Абай облысы – 18, Жетісу облысы – 19, Ұлытау облысы – 20.

  Нормативтік құқықтық
актілерді әзірлеу, келісу
және мемлекеттік
тіркеу қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

"Ақылмен реттеу" қағидаттарын сақтау сақтау чек-парағы

№ р/б "Ақылмен реттеу" қағидаты атауы Әзірлеуші мемлекеттік орган еркін нысанда қағидаттың реттеуді енгізу барысында сақталғаны туралы баяндайды

1

ақылға қонымды реттеу


2

ашық реттеу


3

дәлелдемелік реттеу


4

нәтижелі реттеу


5

адам құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау