Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 185 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 маусымда № 32960 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
Г. Бейсембаев

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрі
2023 жылғы 29 маусымдағы
№ 185 бекітілген

Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-1-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың (бұдан әрі – балалар) тұрғын үйін сақтау тәртібін айқындайды.

      2. Балалардың тұрғын үйінің сақталуын бақылауды жергiлiктi атқарушы органдар (бұдан әрі – органдар) қамтамасыз етедi.

      3. Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылық, патронаттық тәрбиелеуге бергенге, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастырғанға дейін олардың тұрғын үйін сақтауды органдар қамтамасыз етедi.

      4. Балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру кезінде олардың тұрғын үйін сақтауды балалардың заңды өкілдері қамтамасыз етедi.

      5. Мемлекеттiк тұрғын үй қорынан берілген тұрғын үй немесе жеке тұрғын үй қорынан орган жалдаған тұрғын үй балаларда олар білім беру ұйымдарында, медициналық және басқа да ұйымдарда, оның ішінде қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін ұйымдарда болған кезеңде, қорғаншылықта немесе қамқоршылықта, патронаттық тәрбиеде болғанда кәмелетке толғанға дейін сақталады.

      6. Он төрт жасқа толмаған балалардың тұрғын үйін иеліктен шығаруға, оның ішінде айырбастау немесе сыйға тарту бойынша мәмілелер жасауға немесе олардың атынан кепілгерлік шартын, тұрғын үйді өтеусіз пайдалануға тапсыру немесе кепілге қою бойынша мәмілелер, заң жүзінде, өсиет бойынша оларға тиесілі мұрагерлік құқықтардан бас тартуына, олардың тұрғын үйін бөлуге немесе одан үлес бөліп алуға әкеп соқтыратын мәмілелер жасасуға жол берілмейді.

2-тарау. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың тұрғын үйін сақтау тәртібі

      7. Органдар балалардың тұрғын үйінің бар-жоғын анықтайды және оларды жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есепке алады.

      8. Балаларда тұрғын үйінің бар екені анықталған жағдайда, органдар:

      1) тексерілетін тұрғын үйде тіркелген адамдар, сондай-ақ нақты тұратын адамдарды көрсете отырып, тұрғын үйдің техникалық, санитариялық жай-күйі туралы актіні;

      2) әрқайсысының ерекше белгілерін көрсете отырып, тұрғын үйдегі мүліктің тізімдемесін жасайды.

      9. Тізімдеме мен акт 2 данада жасалады:

      1) бір данасы тиісті тұрғын үй орналасқан аумақтағы органда;

      2) екінші данасы баланың заңды өкілдерінде болады.

      10. Органдар балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру қажеттілігі туралы белгiлi болған сәттен бастап бiр ай iшiнде балалардың тұрғын үйіне қорғаншылық белгiлейдi.

      11. Тұрғын үйге қорғаншылық осы Қағидалардың 2-тарауда белгіленген рәсімдер орындалғаннан кейін органның тұрғын үйге қорғаншылық белгілеу туралы шешім шығаруы жолымен белгіленеді.

      12. Органдар балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру, баланы қабылдайтын отбасыға, білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру қажеттілігі туралы белгiлi болған сәттен бастап дереу аумақтық әділет органдарына осы Қағидалардың 6-тармағында көзделген мәмілелер жасауға тыйым салу туралы қорғау хаттарын жолдайды.

      13. Баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын органның келісімімен балалардың тұрғын үйін үлгілік шарт негізінде жалға (жалдауға) бере алады.

      14. Тұрғын үйді жалға (жалдауға) беруге келісім алу үшін баланың заңды өкілдері қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға мынадай құжаттарды береді:

      1) еркін нысанда ресімделетін балалардың тұрғын үйін жалға (жалдауға) беру үшін рұқсат алуға өтініш;

      2) 10 жасқа толған, тұрғын үйге меншiк құқығы немесе тұрғын үйді пайдалану құқығы бар кәмелетке толмаған баланың келісім-анықтамасы;

      3) заңды өкілдің және балалардың жеке басын куәландыратын; балаларды қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа, патронаттық тәрбиелеуге беру немесе білім беру ұйымдарына, медициналық және басқа да ұйымдарға орналастыру туралы құжаттардың көшірмесі;

      4) тұрғын үйге құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері.

      15. Балалардың тұрғын үйін жалға (жалдауға) беруге органдардың келісім беруі құжаттар келіп түскен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      16. Заңды өкілдер тұрғын үйді жалға алу (жалдау) шарты бойынша алынған ақшаны балалардың банктік шотына аударуға тиіс.

      17. Балалардың тұрғын үйін жалға (қосымша жалға) беру шартын жасау немесе оның қолданысын тоқтату (бұзу) кезінде тұрғын үй балалардың заңды өкілдерінің, қорғаншылық немесе қамқоршылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган өкілінің, жалға алушының (қосымша жалдаушының) қатысуымен қабылдау-беру актісі бойынша беріледі.

      18. Баланың заңды өкілдері тұрғын үй есепте тұрған органға алты айда кемінде бір рет осы тұрғын үйдің жай-күйі, тұрғын үйге қатысты жүзеге асырылатын іс-әрекеттер туралы мәліметтерді қамтитын қамқорлығындағы баланың тұрғын үйін басқару жөніндегі еркін нысандағы есепті береді.

      19. Балалардың заңды өкілдерінің балалардың тұрғын үйін сақтау бойынша міндеттерін орындауын бақылауды "Мемлекеттік қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 382 қаулысына сәйкес органдар жүзеге асырады.

      20. Баланың заңды өкілдері тұрғын үйді сақтау бойынша міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда, қамқоршылық немесе қорғаншылық жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган заңды өкілдерді олардың міндеттерінен шеттетеді және "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 129-бабына сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.