ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы қаулы 01.10.2023 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәнін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 26 қарашадағы № 209 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19715 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Жеке тұлғамен жасалған күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі кезеңге кепілсіз микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні:
күніне 1 (бір) пайыздан кем, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшерінен аспайтын берілген микрокредит сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын мөлшерде;
күніне 1 (бір) пайыздан кем, бірақ республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткіштің отыз еселенген мөлшеріне тең немесе одан асатын берілген микрокредит сомасының 15 (он бес) пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленсін.
Жеке тұлғамен жасалған, мүлік кепілімен қамтамасыз етілген микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,8 (нөл бүтін оннан сегіз) пайыздан аспайтын, бірақ күнтізбелік қырық бес күнге дейінгі кезеңге берілген микрокредит сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайтын мөлшерде белгіленсін.
Шарттың қолданыс мерзімі күнтізбелік қырық бес күннен асатын мерзімге ұлғайған кезде жеке тұлғамен жасалған микрокредит беру туралы шарт бойынша сыйақының шекті мәні күніне 0,4 (нөл бүтін оннан төрт) пайыздан аспайтын мөлшерде белгіленсін.".
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы 2023 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |