"Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 7 ақпандағы № 141 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 7 ақпанда № 31865 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы № 126 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10593 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларында:

      5-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Нысаналы даму трансферттері мыналарға:

      1) білім беру объектiлерiн; жергiлiктi маңызы бар басым білім беру объектiлерiн;

      2) денсаулық сақтау объектiлерiн; жергiлiктi маңызы бар денсаулық сақтаудың басым объектiлерiн;

      3) медициналық-әлеуметтік мекемелерді: психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерді, мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталықтарын, мүгедектігі бар балаларды оңалту және бейімдеу орталықтарын;

      4) автоматтандырылған газды бөлу станцияларын сала отырып, магистральді газ құбырларынан жоғары қысымды газ өткізу-бұру құбырларын және жоғары қысымды кент аралық келтіруші газ құбырларын;

      5) мемлекеттік (салалық) бағдарлама бойынша жалға берілетін (коммуналдық) тұрғын үйлерді;

      6) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, қалалардың және елді мекендердің көшелерін;

      7) қалалар мен ауылдық елді мекендердің сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін;

      8) халықты, объектілер мен аумақтарды дүлей табиғи зілзалалардан инженерлік қорғау объектілерін;

      9) жергiлiктi маңызы бар мәдениет, спорт және туризм, абаттандыру, қоршаған ортаны қорғау, агроөнеркәсіптік кешен, орман, балық шаруашылығы, коммуналдық, су шаруашылығы, көліктік, инженерлік-коммуникациялық, индустриялық-инновациялық инфрақұрылым, жылу-энергетикалық жүйе, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік объектілерін;

      10) мамандандырылған халыққа көмек көрсету орталықтары объектілерін салуға, қайта жаңартуға бөлінеді;

      11) биологиялық қауіпсіздіктің жоғары деңгейдегі ғылыми зертханалары және қауіпті және аса қауіпті штаммдарды жинауға арналған жерасты қоймалары;

      12) иммундық-биологиялық препараттарды өндіру жөніндегі объектілерді салуға, реконструкциялауға бөлінеді.";

      5-1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "5-1. Нысаналы даму трансферттері республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың бюджеттеріне тиісті саланың орталық уәкілетті органдардың ұсыныстарына сәйкес өңірлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету орташа республикалық деңгейден төмен болған кезде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары нәтижелерінің мақсаттарына, міндеттеріне, нысаналы индикаторларына және нәтижелер көрсеткіштеріне сәйкес бөлінеді.

      Бұл ретте, республикалық бюджеттен:

      ауылдарда және қалаларда 3 және одан да көп ауысымды оқыту және оқушылар орындарының тапшылығы проблемасын шешетін апатты жай-күйде тұрған және бұзуға жататын мектептердің орнына қуаттылығы 300 және одан да көп, ал республикалық маңызы бар қалаларға және астанаға іргелес елді мекендерде қуаттылығы 300 аз жалпы білім беру мектептерін;

      медициналық көмектің қол жетімділігіне шектеу қаупін тудыратын апатты және бұзуға жататындардың орнына қуаттылығы кемінде 200 төсектік көп бейінді және туберкулезге қарсы ұйымдардың, сондай-ақ кемінде 200 төсектік перинаталдық орталықтар мен перзентханалардың және ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын қуаттылығы бар емханалардың;

      республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен астананың шетінде орналасқан елді мекендерде, және тіректі ауылдық елді мекендерде ауысымына кемінде 250 адам қабылдайтын амбулаторлық-емханалық ұйымдардың;

      жергілікті денсаулық сақтау ұйымдарына арналған қанды, оның құрауыштары мен препараттарын өндіру орталықтарының;

      психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      балалар психоневрологиялық медициналық-әлеуметтік мекемелерінің;

      мүгедектігі бар адамдарға арналған оңалту орталықтарының, оңалту және мүгедектігі бар балаларды бейімдеу орталықтарының;

      облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының;

      тұрғын үй мен тұрғын үйге инженерлік - коммуникациялық инфрақұрылымның;

      объектілердің, ғимараттардың, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің;

      республикалық маңызы бар қалалардың, елорданың көшелерінің;

      кернеуі 35/10/0,4 кВ жоғары, ал республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес елді мекендерде және халық саны 50 мың адамға дейін шағын қалаларда, сондай-ақ тіректі ауылдық елді мекендерде кернеуі 0,4 кВ және жоғары кіші станциялар мен электртаратушы желілерінің;

      қуаттылығы 100 Гкал/сағ жоғары, ал республикалық маңызы бар қалалар мен астанаға іргелес елді мекендерде және халық саны 50 мың адамға дейін шағын қалаларда, сондай-ақ тіректі ауылдық елді мекендерде барлық қуаттылықтағы жылуэлектрорталықтарының және қазандықтарының;

      магистралды газқұбырларының, магистралды газқұбырларынан жоғары қысымды азқұбырларының-бұрулардың, автоматтандырылған газтаратушы станцияларының, жоғары қысымды кентаралық әкелуші газқұбырларының, елді мекендердің шекаралары (шегі) шегінде газтаратушы желілерінің;

      полигондардың (қауіпсіз, қатты тұрмыстық қалдықтар);

      тұрғындар саны елу мың адамнан аз елді мекендер үшін сұрыптау кешендерінің (станцияларының);

      шағын елді мекендерде қоқысты тиеу кешендерінің (алаңдарының);

      құрылыс материалдарын қайта өңдеуге арналған алаңдардың;

      қалдықтарды орналастыру объектілерін қалпына келтірудің;

      биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейдегі ғылыми зертханалар мен қауіпті және аса қауіпті штаммдарды жинауға арналған жерасты қоймаларының;

      GMP тиісті өндірістік практикасының талаптарына сәйкес келетін иммунобиологиялық препараттар шығаратын субстанциялар өндіру жөніндегі цехтардың құрылысына, оларды реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылады;

      "Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" пилоттық ұлттық жобасы шеңберінде іске асырылатын медициналық-санитариялық алғашқы көмек объектілерін (медициналық пункттер, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар) құрылысына, оларды реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңғыртуға арналған шығыстар қаржыландырылады.";

      6-тармақтың 9) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "9) Астана қаласында, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй құрылысы салаларында объектілер салу шеңберінде іске асыруға жоспарланып отырған пилоттық инвестициялық бюджеттік жобалар бойынша объектінің сметалық құнының лимитін есептеу нәтижелері туралы келісу-хатын, құрылыс құнының есебін ұсынады.";

      7-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Тиісті орталық мемлекеттік орган немесе облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы орган:

      1) Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттар негізінде тиісті саланы дамытудың басымдығын;

      2) өңірдің орналасқан жерін және халқының тығыздығын;

      3) өңірдегі халықтың сырқаттану және өлім-жітім деңгейін (денсаулық сақтау объектілерін салу үшін);

      4) авариялық жай-күйде тұрған объектілердің проблемаларын шешуді;

      5) денсаулық сақтау объектілерінің жай-күйін (үй-жайлардың жеткілікті жиынтығының болмауы, ұйымның іс жүзіндегі қуатының жоспарланғанмен сәйкес келмеуі);

      6) қолданыстағы желіні денсаулық сақтау және білім беру ұйымдары желісінің бекітілген нормативіне сәйкес келтіруді (денсаулық сақтау және білім беру объектілерін салу үшін);

      7) мемлекет кепілдік берген арнайы әлеуметтік қызметтердің жоспарланған көлемдерін;

      8) мүгедектігі бар адамдардың санын, нозология (ауру) түрлері бойынша мүгедектік құрылымын, өңірлер бойынша мүгедектік ауырлығының деңгейін;

      9) қарттар мен мүгедектігі бар адамдардың, оның ішінде жекелеген аурулар бойынша болжамды санын;

      10) әлеуметтік қызмет көрсету объектілерінде орынның тапшылығын қысқартуды;

      11) меншік нысанына қарамастан, тиісті сала ұйымдарының жұмыс істейтін желілерінің болуын (қуаты, іс жүзіндегі жүктеме және олардың техникалық жай-күйі);

      12) әлеуметтік қызмет көрсетудің заманауи нысандарын енгізу үшін инфрақұрылымды дамытуды (құруды);

      13) сумен тұрақты қамтамасыз ету және суды пайдаланудың тиімді деңгейі бойынша жағдай жасау үшін ауыз сумен қамтамасыз ету объектілері жағдайын;

      14) ЖБИ-ні іске асыруға жер учаскелерін бөлу туралы тиісті әкімдік шешімінің болуын;

      15) ЖБИ-ні іске асыруға жергілікті бюджетте қаражаттың болуын;

      16) өткен қаржы жылы бөлінген нысаналы даму трансферттері бойынша нәтижелер туралы келісімдерде айқындалған тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуін;

      17) экономиканың аралас салаларына (аяларына) ЖБИ-ні іске асырудан болжанатын әсерді бағалауды;

      18) облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығын ескере отырып, № 129 бұйрығында белгіленген талаптарға сай келетін ЖБИ объектілер бөлінісінде ЖБИ тізбесіне енгізеді.

      Өткен қаржы жылында объективті себептер бойынша басталған (жалғасып отырған) және аяқталмаған ЖБИ басым тәртіппен іріктеледі.

      Іске асырылуына қаражат республикалық бюджеттен нысаналы даму трансферттері түрінде бөлінетін ЖБИ-ді қаржыландыру көлемі 3 %-дан кем емес мөлшерде айқындалатын Астана қаласының жергілікті бюджетін қоспағанда, ЖБИ-ді жергілікті бюджеттен қаржыландыру көлемі барлық салалар бойынша әрбір жаңа жергілікті инвестициялық жоба бойынша жоспарлы кезеңге кемінде 10 % мөлшерінде айқындалады. Бұл ретте Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдардың резервтерінен нысаналы даму трансферттері түрінде, сондай-ақ білім беру саласындағы ұлттық пилоттық жоба шеңберіндегі бюджеттік инвестициялық жобаларға қаражат бөлу кезінде тиісті жергілікті бюджеттерден қаржыландыру талап етілмейді.";

      9-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) мемлекеттік органның даму жоспары жобасының мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізілуін;".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бюджет заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары -
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі