Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2023 жылғы 20 қаңтардағы № 2 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 23 қаңтарда № 31752 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 7-бабы 14) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір өкімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық басшысының міндетін атқарушы А.С. Умаровқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасындағы
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл
А. Ластаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік

      қорғау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қорғаныс министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Оқу-ағарту


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі

  2023 жылғы 20 қаңтардағы
№ 2 Бұйрыққа
1-қосымша

Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алдын ала бару үшін ұлттық алдын превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 7-бабы 14) тармақшасының алтыншы абзацына сәйкес әзірленді және алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушылардан топтар қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларынан топтар құру кезінде тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне байланысты немесе кез-келген өзге жағдаяттар бойынша қатысушылардың ешқайсысын ешқандай кемсітуге болмайды.

2-тарау. Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларынан топтар құру тәртібі

      3. Алдын ала бару үшін ұлттық превентивтік тетікке қатысушыларынан топтар (бұдан әрі - ҰАТ топтары) құру Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Үйлестіру кеңесінің отырысында ашық дауыс беру жолымен жүзеге асырылады және Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілмен (бұдан әрі - Уәкіл) келісіледі.

      4. ҰАТ топтарын құру жөніндегі Үйлестіру кеңесінің шешімдері ерікті нысандағы хаттамамен ресімделеді, және Уәкіл оны бекітеді.

      5. ҰАТ топтарын қалыптастыру алдын ала болуға жататын мекемелер мен ұйымдардың ерекшелігін ескере отырып, әрбір облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана үшін ҰАТ топтарының басшылары мен мүшелерінің жеке деректерін көрсете отырып, екі жылдық мерзімге жүзеге асырылады.

      6. Үйлестіру кеңесі Уәкілдің келісімі бойынша есептік кезең ішінде ҰАТ топтарының құрамын өзгерте және толықтыра алады.

      7. ҰАТ тобының басшысын Уәкілдің келісімі бойынша Үйлестіру кеңесі тағайындайды.

      8. Үйлестіру кеңесі Қазақстан Республикасының Үкіметінің 2014 жылғы 26 наурыздағы № 266 қаулысымен бекітілген Ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан құралатын топтардың алдын ала болу қағидаларына сәйкес баратын мекеме мен ұйым қызметінің ерекшелігін ескере отырып, ҰАТ тобының мүшелерін айқындайды.

      9. Алдын ала баруды жүзеге асыратын ҰАТ тобының құрамына басқа облыстар мен республикалық маңызы бар қаладан, астанадан ҰАТ топтарының өкілдері енгізілуі мүмкін.

      10. ҰАТ тобының мүшесі шығып кеткен жағдайда, Үйлестіру кеңесі ҰАТ тобының басқа мүшесін іріктеу туралы мәселені тез арада шешеді.

  2023 жылғы 20 қаңтардағы
№ 2 Бұйрыққа
2-қосымша

Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір өкімдерінің тізбесі

      1. "Алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру қағидаларын бекіту туралы" Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 21 өкімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8893 болып тіркелген).

      2. "Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір өкімдеріне өзгерістер енгізу туралы" Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2014 жылғы 18 қыркүйектегі № 14 өкімімен бекітілген Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір өкімдеріне енгізілетін өзгерістердің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9815 болып тіркелген).

      3. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2019 жылғы 3 сәуірдегі "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кейбір өкімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" № 5 өкімімен бекітілген өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін, Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкімдері тізбесінің 3-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19033 болып тіркелген).

      4. "Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2013 жылғы 26 қыркүйектегі № 21 өкіміне "Алдын ала болу үшін ұлттық алдын алу тетігінің қатысушыларынан топтар құру қағидаларын бекіту туралы" өзгерістер енгізу туралы" Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 17 өкімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19032 болып тіркелген).