Мәслихаттың 2020 жылғы 19 тамыздағы № 426 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 2022 жылғы 5 мамырдағы № 133 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 6 мамырда № 27920 болып тіркелді. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 2023 жылғы 23 қарашадағы № 57 шешімімен

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - Қостанай облысы Лисаков қаласы мәслихатының 23.11.2023 № 57 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Лисаков қалалық мәслихаты ШЕШТІ:

      Мәслихаттың "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" 2020 жылғы 19 тамыздағы № 426 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9397 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларында:

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Әлеуметтік көмек мерзімді (ай сайын, жартыжылдықта 1 рет):

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      2) Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және басқа да адамдарға, тұрмыстық қажеттіліктеріне, табыстарын есепке алмай, 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде;

      3) адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтырған балаларға, табыстарын есепке алмай, екі еселік ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;

      3-1) туберкулездің белсенді түрімен ауыратын, мамандандырылған туберкулезге қарсы медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған және амбулаториялық емдеудегі адамдарға медициналық мекеменің анықтамасына сәйкес, табыстарын есепке алмай, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ай сайын;

      4) білім беру гранттарының иелері, мемлекеттік бюджет төлемдерінің өзге де түрлерін алушылар болып табылатын тұлғаларды есептемегенде, алғашқы техникалық, кәсіптік, орта білімнен кейінгі не жоғары білім (бұдан әрі - білім) алушы тұлғаларға, оның ішінде:

      өтініш берудің алдындағы соңғы он екi айда Қостанай облысы бойынша белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейі шамасынан төмен жан басына шаққандағы орташа табысы бар отбасылардың жастарына;

      табыстарын есепке алмай, жергiлiктi бюджет қаражаты есебiнен оқуын жалғастыратын халықтың әлеуметтiк жағынан әлсiз топтарына жататын жастарға;

      табыстарын есепке алмай, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасында ұсынымы бар, барлық санаттағы мүгедектерге Қазақстан Республикасының оқу орындарында білім алуына байланысты, нақты құны бойынша оқу ақысын төлеу үшін оқу жылы ішінде екі бөлікпен аударылатын 400 айлық есептік көрсеткіштен аспайтын мөлшерде көрсетiледi.";

      7-тармақтың 1-тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "1) барлық санаттағы мүгедектерге тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кірмейтін дәрілік заттарды сатып алуға және медициналық қызмет көрсетуге, табыстарын есепке алмай, бірақ 50 (елу) айлық есептік көрсеткіштен артық емес;";

      7-тармақтың 4-тармақшасы алып тасталсын;

      7-тармақтың 8-тармақшасы жаңа редакцияда жазылсын:

      "8) Жеңіс күніне орай, Заңның 5, 6, 7, 8-баптарында көрсетілген ардагерлерге және басқа тұлғаларға табыстарын есепке алмай, 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, біржолғы әлеуметтік көмектің жоғарылатылған мөлшері белгіленген азаматтардың келесі санаттарын қоспағанда:

      майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда Ұлы Отан соғысы кезеңінде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағы (әрi қарай – КСР Одағы) iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтарда, мекемелерде штаттық лауазымдар атқарған не сол кезеңдерде майдандағы армия бөлiмдерiнің әскери қызметшілеріне қалалардың қорғанысына қатысқаны үшін белгiленген жеңiлдiкті шарттармен зейнетақы тағайындау үшiн 1998 жылғы 1 қаңтарға дейiн еңбек сіңірген жылдарына есептеліп жазылған, сол қалаларда болған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңiз Флотының, бұрынғы КСР Одағының iшкi iстер және мемлекеттiк қауiпсiздiк әскерлерi мен органдарының еріктi жалдамалы құрамының адамдар, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген бөлiмдердiң, штабтар мен мекемелердiң құрамында полк балалары (тәрбиеленушiлерi) және юнгалар ретiнде болған адамдар, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екiншi дүниежүзiлiк соғыс жылдарында шет елдердiң аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар және басқа да фашизмге қарсы құралымдар құрамында фашистiк Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдар, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариатының, Байланыс халық комиссариатының, кәсiпшiлiк және көлiк кемелерiнiң жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтерілу құрамының, Балық өнеркәсiбi халық комиссариатының, теңiз және өзен флотының, Солтүстiк теңiз жолы бас басқармасының ұшу-көтерілу құрамының арнаулы құралымдарының Ұлы Отан соғысы кезеңінде әскери қызметшiлер жағдайына көшiрiлген және ұрыс майдандарының тылдағы шекаралары, флоттардың жедел аймақтары шегiнде майдандағы армия мен флот мүдделерi үшін мiндеттер атқарған қызметкерлерi, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезiнде басқа мемлекеттердiң порттарында еріксіз ұсталған көлiк флоты кемелерi экипаждарының мүшелерi, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Екінші дүниежүзілік соғыс кезеңінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындары, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты мүгедек болған әскери қызметшілер, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, жарақат алуы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы мемлекеттік қауіпсіздік органдарының және ішкі істер органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      Ленинград қаласындағы қоршау кезеңінде қаланың кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен марапатталған азаматтар, табыстарын есепке алмай, 100 000 (жүз мың) теңге мөлшерінде;

      1944 жылғы 1 қаңтары 1951 жылғы 31 желтоқсан аралағындағы кезеңде Украина КСР, Беларусь КСР, Литва КСР, Латвия КСР, Эстония КСР аумағында болған халықты қорғаушы жойғыш батальондардың, взводтар мен отрядтардың жауынгерлерi мен командалық құрамы қатарындағы, осы батальондарда, взводтарда, отрядтарда қызметтік мiндеттерiн атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы немесе мертігуі салдарынан мүгедек болған адамдар, табыстарын есепке алмай, 60 000 (алпыс мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабар-ошарсыз кеткен) жауынгерлердің ата-аналары және екінші рет некеге тұрмаған жесірлері; екінші рет некеге тұрмаған зайыбын (жұбайы), табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысының қайтыс болған мүгедегінің жұбайы (зайыбы) немесе жеңілдіктері бойынша Ұлы Отан соғысының мүгедектеріне теңестірілген адамдар, сонымен қатар қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын күрескердің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған, жалпы ауруы, еңбекте мертігуі салдарынан және басқа да себептермен (құқыққа қарсы себептерден басқа) мүгедек деп танылған, қайта некеге отырмаған азаматтың жұбайы (зайыбы), табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;

      1941 жылғы 22 маусым-1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар, табыстарын есепке алмай, 30 000 (отыз мың) теңге мөлшерінде;".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихатының хатшысы С. Шалдыбаева