"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 6-бабының 1-тармағының 12-2)-тармақшасына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 27-бабына сәйкес, Ақмола облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
1. "Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары осы шешімнің 1-қосымшасына сәйкес бекітілсін.
2. Осы шешімнің 2-қосымшасына сәйкес Ақмола облыстық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Ақмола облыстық мәслихатының хатшысы |
Т.Жунусов |
Ақмола облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 7С-20-9 шешіміне 1-қосымша |
"Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы "Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын беру қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және "Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын берудің тәртібін регламенттейді.
2. "Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" атағын (бұдан әрі – атақ) беру облысты (қаланы, ауданды) дамытудағы азаматтардың экономикалық және әлеуметтік белсенділігін арттыруда ынталандырудың, құрметті азаматтардың жемісті еңбегін, олардың қабілеттіліктерін, дарындылығы мен бастамашылдығын қоғаммен танудың маңызды бір моральды түрі болып табылады.
3. Атақ:
1) жоғары мемлекеттік наградалары бар кәсіби міндеттемелерін немесе азаматтық парызын орындауда жеке ерлік көрсеткендерге;
2) өзінің еңбек ету кезеңінде облыстың (қаланың, ауданның) әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқандарға, еңбекке деген мүлтіксіз және шығармашылық көзқарасы, қоғамдық өмірге белсенді қатысқаны үшін;
3) облыстың (қаланың, ауданның) экономикалық өсуіне және әлеуметтік дамуына белсенді ықпал еткен инновациялық қызметі мен алдыңғы қатарлы технологияларды енгізгендігі үшін;
4) ғылым, әдебиет, өнер салаларына, басқа да шығармашылық қызметіне, мәдениет пен спортты дамытуға, білім, денсаулық сақтау сапасын көтеруге ерекше үлес қосқандарға;
5) облыста (қалада, ауданда) тұрып жатқан халықтардың арасында ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты, бейбітшілікті, достықты, ынтымақтастықты нығайту жолындағы жемісті еңбегі үшін;
6) заңдылықты, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз еткендігі үшін;
7) азаматтардың құқығын және заңды мүдделерін қорғаудағы, қайырымдылық қызметі мен мейірімділігі, Ақмола облысының (қаланың, ауданның) елдегі беделін көтерудегі белсенді жұмысы үшін азаматтарға беріледі.
4. Атақ мемлекеттік қызметте өзін көрсете білген мемлекеттік және саяси қызметшілерге, облыстың (қаланың, ауданның) әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына ықпал еткен азаматтарға ерекше құрмет ретінде берілуі мүмкін.
5. Атақ Қазақстан Республикасының азаматтарына тірі кезінде беріледі.
6. Атақ:
1) атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте соттылық мерзімі өтелмеген немесе алынбаған адамдарға;
2) сотпен іс-әрекетке қабілетсіз немесе іс-әрекетке қабілеті шектеулі деп танылған адамдарға;
3) атаққа ұсыну сәтінде заңнамамен белгіленген тәртіпте әкімшілік жазасы өтелмеген немесе алынбаған адамдарға берілмейді.
2-тарау. Атақты беру тәртібі
7. Атақты беру туралы қолдаухатты еңбек және шығармашылық ұжымдар, қоғамдық және діни бірлестіктер, саяси партиялар, тиісті мәслихат депутаттары және өзге де бастамашыл топтар (бұдан әрі – бастамашыл топтар) ұсына алады.
Бұл ретте, бір бастамашыл топтан ағымдағы күнтізбелік жылы тек бір кандидатураға қатысты атақ беру туралы қолдаухат енгізілуі мүмкін.
8. Қолдаухатқа бірінші басшы немесе тиісті уәкілетті адам қол қояды, онда атақ берілетін үміткерлердің нақты еңбегі көрсетіледі.
9. Қолдаухатта үміткердің негізгі өмірбаяндық деректері, оның Ақмола облысының (қаланың, ауданның) алдындағы жетістіктері мен сіңірген еңбегінің қысқаша сипаттамасы көрсетіледі, сонымен қатар:
1) үміткердің сіңірген еңбегінің толық сипаттамасы бар мінездеме;
2) растайтын құжаттардың көшірмелерімен қоса мемлекеттік және басқа да наградаларының тізбесі;
3) бастамашыл топтың жиналыс шешімінің хаттамасы;
4) жеке куәліктің/паспорттың көшірмесі;
5) осы қағидалардың қосымшасына сәйкес нысан бойынша ерекше еңбегін сипаттайтын мәліметтерді қамтитын наградтау парағы;
6) үміткердің 3х4 сантиметр (2 дана) және 6х9 сантиметр (1 дана) көлеміндегі фотосуреттері қоса беріледі.
10. Атақ беру туралы өз кандидатураларын өздігінен ұсынған адамдардан келіп түскен қолдаухаттар қаралмайды.
11. Қолдаухат "Ақмола облысының (қаласының, ауданының) құрметті азаматы" атағына ұсыну мәселелері жөніндегі тиісті жұмыс тобының (бұдан әрі – жұмыс тобы) қарауына жібереді. Жұмыс тобы әкімнің өкімімен құрылады және мемлекеттік, жергілікті өкілді және атқарушы органдары, үкіметтік емес ұйымдардың, қоғамдық пікір көшбасшыларының, қоғамдық кеңестердің өкілдерінен тұрады.
12. Жұмыс тобының шешімі ашық дауыс беру арқылы қабылданады және жұмыс тобының жалпы санының басым бөлігі олар үшін дауыс берген жағдайда қабылданған болып есептеледі.
13. Дауыс саны тең болған жағдайда жұмыс тобының басшысы дауыс берген шешім қабылданады.
14. Жұмыс тобының мүшелері ерекше пікір білдіру құқығына ие болады және оны білдірген жағдайда, жазбаша түрде баяндалуы және хаттамаға қоса берілуі қажет.
15. Жұмыс тобының қызметіне қандай да бір араласуға жол берілмейді.
16. Жұмыс тобы атақ беру немесе тиісті себептерін көрсете отырып, одан бас тарту (кері қайтаруды) туралы шешім қабылдайды (құжаттардың толық емес тізбесі және (немесе) ұсынылған құжаттардың осы қағидалардың талаптарына келмеуі).
17. Жұмыс тобының шешімі ұсынымдық сипатта болады, хаттамамен рәсімделеді және басшысы мен хатшысының қолдары қойылады.
18. Атақ беруге ұсынылатын кандидатура туралы ұсыныс және материалдар тиісті мәслихатқа, оның регламентіне сәйкес жолданады.
19. Атақ облыс (қала, аудан) әкімінің ұсынысы бойынша тиісті мәслихатпен, жылына бір рет беріледі.
20. Мәслихат атақ беру жөнінде шешім қабылдайды. Мәслихаттың атақ беру туралы шешімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.
3-тарау. Төсбелгі мен куәлікті тапсыру тәртібі
21. Атақ берілген адамға "Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматы" төс белгісі, куәлігі салтанатты түрде беріледі және оның есімі тиісті мәслихаттың аппаратында сақталатын Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматтарының кітабына хронологиялық тәртіппен енгізіледі.
22. Атақ алған адамдар куәлік пен төс белгісінің сақталуын қамтамасыз етулері тиіс.
Атақ берілгендігін растайтын құжаттар жоғалған жағдайда, оны иеленген адам өзінің құқықтарын сақтап қалады.
23. Жоғалған жағдайда атақ беру туралы құжаттардың көшірмелері тиісті мәслихаттың шешімімен беріледі.
4-тарау. Қорытынды ережелер
24. Атақтан айыру тек мәслихаттың шешімімен келесі жағдайларда жүргізіледі:
1) соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуі;
2) атаққа ұсыну туралы ұсыныс білдірген ұжымның, сондай-ақ құқық қорғау органдарының ұсынысы бойынша тұлғаның атаққа кір келтіретін әрекет жасауы.
Атағынан айыру жағдайында, атақтан айырылатын тұлғадан куәлігі, төсбелгісі қайтарылады, сонымен бірге Ақмола облысының (қаланың, ауданның) құрметті азаматтарының кітабында тиісті жазба жазылады.
25. Заңсыз сотталған және соттың шешімімен толық ақталған адамдардың атаққа құқықтары қалпына келтіріледі.
Ақмола облыстық мәслихатының 2022 жылғы 14 қыркүйектегі № 7С-20-9 шешіміне 2-қосымша |
Ақмола облыстық мәслихатының күші жойылды деп танылған кейбір шешімдерінің тізбесі
1. "Ақмола облысының (ауданның, Көкшетау, Степногорск қалаларының) құрметті азаматы" атағын беру Ережелерін бекіту туралы" Ақмола обыстық мәслихатының 2009 жылғы 16 қазандағы № 4C-17-5 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3338 болып тіркелген).
2. "Ақмола облыстық мәслихатының 2009 жылғы 16 қазандағы № 4С-17-5 "Ақмола облысының (Көкшетау, Степногорск қалаларының) құрметті азаматы" атағын беру ережелерін бекіту туралы шешіміне толықтыру енгізу туралы" Ақмола облыстық мәслихатының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 4С-25-10 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3365 болып тіркелген).
3. "Ақмола облыстық мәслихатының 2009 жылғы 16 қазандағы № 4С-17-5 "Ақмола облысының (ауданның, Көкшетау, Степногорск қалаларының) құрметті азаматы" атағын беру ережелерін бекіту туралы" шешіміне толықтыру енгізу туралы" Ақмола облыстық мәслихатының 2012 жылғы 7 желтоқсандағы № 5С-8-11 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3593 болып тіркелген).