БҰЙЫРАМЫН:
1. "Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдану жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2019 жылғы 10 қыркүйектегі № 461 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19387 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Орындаушыларға және фонограммалар шығарушыларға берілетін сыйақының ең төменгі ставкаларын қолдану жөніндегі нұсқаулықта:
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Сыйақы төлеуге арналған қаражат сомасын есептеуді жабдықтар мен материалдық тасығыштарды дайындаушы дербес жүзеге асырады. Есепті кезең үшін төленуге жататын сыйақыны төлеуге арналған қаражат сомасы жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірлігін өткізу бағасын жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер үшін мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым белгілеген сыйақы төлеуге арналған қаражат мөлшеріне, сондай-ақ есепті кезең ішінде сатылған жабдықтар мен материалдық жеткізгіштер бірліктерінің санына көбейту арқылы есептеледі.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Әділет министрі |
К. Мусин |