"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 29 қарашадағы № 1143 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 6 желтоқсанда № 30970 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларын және әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2020 жылғы 21 желтоқсандағы № 716 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21869 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларында:

      2-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2-тарау. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелетін, мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыру";

      5 және 6-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелетін, мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыруды жергілікті атқарушы органның (бұдан әрі – ЖАО) медициналық комиссиясы жүргізеді.

      Медициналық куәландыру жүргізілгенге дейін ЖАО медициналық комиссиясының маман-дәрігері куәландырылушының жеке басын куәландырады.

      Әскерге шақыру учаскесіне тіркелуге және мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыру барысында:

      медициналық ақпараттық жүйеден және медициналық ұйымдардан (меншік нысандарына қарамастан) алынған созылмалы аурулар мен соңғы он екі ай ішінде инфекциялық және паразитарлық ауруларға шалдыққанына байланысты диспансерлік есепте тұратыны туралы мәліметтер (анықтамалар), дәрі-дәрмекті және басқа да заттарды көтере алмауы (жоғары сезгіштігі) туралы мәліметтер, жыл сайынғы профилактикалық медициналық қарап-тексеру туралы мәліметтер;

      Кодекстің 7-бабының 31) тармақшасына сәйкес бекітілетін денсаулық сақтау саласындағы есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысанына сәйкес (бұдан әрі – есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысандары) құжаттар: амбулаторлық пациенттің медициналық картасы, профилактикалық қарап-тексеру (скрининг) картасы, әскерге шақыру жасына дейінгінің емдеу картасы (ол бар болған кезде мерзімді әскери қызметке шақырылатын адамдар үшін);

      рентгенограммалар, азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын арнайы зерттеу әдістерінің хаттамалары және медициналық құжаттар тексеріледі.

      6. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге және мерзімді әскери қызметке шақырылуға жататын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарға медициналық куәландыруға дейін кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын:

      1) жалпы қан және несеп талдауы;

      2) мерезге микропреципитация реакциясы (микрореакция);

      3) электрокардиография (бұдан әрі – ЭКГ);

      4) эхокардиография;

      5) кеуде қуысы ағзаларын флюорографиялық (рентгенологиялық) зерттеу (медициналық куәландыратын күні үш айдан кешіктірмей);

      6) құрсақ қуысы ағзаларын және бүйректерді ультрадыбыстық зерттеу;

      7) бруцеллезге (мал шаруашылығында жұмыс істейтіндерге және (немесе) жеке шаруашылығында малы барларға) қан талдауы жүргізіледі.";

      10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21 және 22-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу (мерзімді әскери қызметке шақыру) кезінде тексерілуге (емделуге) мұқтаж деп танылған азаматтар қорғаныс істері жөніндегі бөлімдерде (басқармаларда) (бұдан әрі – ҚІБ(Б) әскери қызметке уақытша жарамсыздар тізімі бойынша немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамдылар тізімі бойынша есепке алынады және олар туралы мәліметтер тіркеу (мерзімді әскери қызметке шақыру) аяқталғаннан кейін он жұмыс күні ішінде медициналық ұйымдарға және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органдарына беріледі.

      Медициналық ұйымдардың және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органдарының басшылары көрсетілген тізімге сәйкес азаматтардың уақтылы тексерілуін (емделуін) қамтамасыз етеді.

      Тексеру және (немесе) емдеу аяқталғаннан кейін медициналық ұйымдардың және денсаулық сақтауды мемлекеттік басқару жергілікті органдарының дәрігері немесе жауапты адамы жеті жұмыс күні ішінде ҚІБ-ға (Б-ға) әскерге шақыру жасына дейінгінің емдеу картасын және есепке алу және есеп беру құжаттамасының нысанына сәйкес азаматтардың денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттарды жолдайды.

      11. Әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге (мерзімді әскери қызметке шақыруға) жататын азаматтың денсаулық жағдайын анықтау және (немесе) аурулар немесе дене бітімінің кемістіктері бар диагнозын нақтылау мақсатында тіркеу (әскерге шақыру) комиссиясы оны медициналық ұйымдарға амбулаториялық немесе стационарлық тексеруге жібереді. Тексерілуге (емделуге) жолдамада осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық ұйымның атауы, алдын ала диагноз, нені нақтылау қажет екені және тексеру (емдеу) нәтижесімен қайта медициналық куәландыруға қайта келу мерзімі көрсетіледі. Азаматтарды медициналық ұйымдарда тексеру (емдеу) негізгі және қосалқы ауруларды ескере отырып жүргізіледі.

      Жолдама әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге (мерзімді әскери қызметке шақырылуға) жататын азаматтарға оларға тіркеу (әскерге шақыру) комиссиясының шешімі жарияланған кезде беріледі.

      Жолдамаға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша денсаулық жағдайын зерттеу актісі (бұдан әрі – акт), амбулаторлық пациенттің медициналық картасы және оның денсаулық жағдайын сипаттайтын медициналық құжаттар қоса беріледі.

      Тексеру (емдеу) аяқталғаннан кейін акт толтырылады, оған тексеруді (емдеуді) жүргізген дәрігер, бөлімше меңгерушісі және медициналық ұйымның басшысы (бас дәрігер) қол қояды, медициналық ұйымның елтаңбалы мөрімен расталады. Актіде зерттеудің зертханалық-аспаптық әдістері нәтижесі және негізгі және қосалқы диагноздарды растайтын объективті деректер көрсетіледі. Диагноз аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес қойылады, сондай-ақ аурудың немесе дене бітімі кемістігінің сатысы, теңелу кезеңі, зақымданған ағзаның (жүйенің) функционалдық бұзылуы көрсетіледі.

      Тексерілуден (емделуден) қайтып оралғаннан кейін азамат қайта медициналық куәландырылуға жатады. Егер қайта медициналық куәландырудан кейін азамат әскери қызметке уақытша жарамсыз немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылса, онда ол әскери қызметке уақытша жарамсыздардың тізімі бойынша немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамдылардың тізімі бойынша есепке алынады.

      12. Медициналық куәландыруды жүргізу кезінде ЖАО медициналық комиссиясының маман-дәрігері әскерге шақырылушының есепке алу картасына аурулардың халықаралық жіктемесіне сәйкес диагнозын (аурулар болмаған кезде – "дені сау" деген жазба жасалады), Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыны, Талаптардың тармақтары мен тармақшаларын жазады. Азамат әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған, бірақ ауыз қуысын санациялауға немесе көру қабілетін түзетуге мұқтаж болған жағдайда ЖАО медициналық комиссиясының маман-дәрігерінің қорытындысы "Емделуге (ауыз қуысын санациялауға, көру қабілетін түзетуге) мұқтаж" деген жазбамен толықтырылады.

      13. Тіркеу немесе мерзімді әскери қызметке шақыру, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін кезде, әскери қызметке жарамды немесе әскери қызметке шамалы шектеулермен жарамды деп танылған азаматтарға ЖАО медициналық комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасына әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындыдан кейін Талаптарға сәйкес әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін белгілейді.

      14. Талаптарға сәйкес әскери қызметке уақытша жарамсыздық көзделетін аурулар болған кезде әскерге шақыру учаскелеріне тіркелетін, мерзімді әскери қызметке шақырылатын, әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарға қатысты ЖАО медициналық комиссиясы мерзімін көрсетумен уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.

      Әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды үш айдан алты айға дейін шығарылады, ол аурудың дәрігерлік-сараптама нәтижесі айқындалмаған кезде қайтадан шығарылады, уақытша жарамсыздық мерзімі он екі айдан аспайды, одан кейін қайта медициналық куәландыру жүргізіледі.

      Тіркеу немесе әскерге шақыру комиссиясының жұмысы (мерзімді әскери қызметке ағымдағы шақыру) аяқталғанға дейін азаматтарды тексеру (емдеу) аяқталған жағдайда әскери қызметке уақытша жарамсыздығы туралы қорытынды шығарылмайды және ЖАО медициналық комиссиясының маман-дәрігері қайта медициналық куәландыруға келу күнін көрсетумен тексерілуге (емделуге) мұқтаж туралы қорытынды шығарады.

      Азаматтарға әскери қызметке уақытша жарамсыздығы мерзімі өткеннен кейін қайта медициналық куәландыру жүргізіледі және ЖАО-ның медициналық комиссиясы әскери қызметке жарамдылығы немесе жарамсыздығы туралы қорытынды шығарады.

      15. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясының медициналық комиссиясы облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясы мерзімді әскери қызметке шақырған азаматтарды бақылау медициналық қарап-тексеруді жүргізеді.

      Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде бақылау медициналық қарап-тексеру нәтижесінде әскери қызметке кедергі келтіретін аурулар немесе дене бітімінің кемістіктері анықталған кезде азаматтар жаңадан анықталған мән-жайларды ескере отырып, қайта медициналық куәландыру жүргізу және әскери қызметке жарамдылық санатын айқындау үшін әскерге шақырылған жері бойынша ҚІБ-ға (Б-ға) жіберіледі.

      Қайтарылатын әрбір азаматқа облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы медициналық комиссиясының маман-дәрігері осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша медициналық куәландыру парағын (бұдан әрі – медициналық куәландыру парағы) ресімдейді.

      16. Тіркеу (әскерге шақыру) комиссиясының хаттамалар кітабына қысқаша анамнез, объективті зерттеу деректері, зерттеудің зертханалық және аспаптық әдістері нәтижесі, диагнозы, сондай-ақ тіркеу (әскерге шақыру) комиссиясының шешімі жазылады.

      17. Әскери командаларға қабылданған азаматтарға облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пункттерінде организмінде есірткі заттарының болуына тестілеу және АИТВ-инфекциясына зерттеу жүргізіледі.

      18. Азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың немесе одан босатудың негізділігін облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) медициналық комиссиясының маман-дәрігерлері әскерге шақырылушылардың барлық жеке істерін, белгіленген диагнозды және шығарылған қорытындыны растайтын медициналық құжаттарды зерделеу және (немесе) аталған азаматтарды ішінара медициналық қарап-тексеру арқылы тексеріледі.

      Құжаттарды тексеру және (немесе) медициналық қарап-тексеру нәтижесі бойынша облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы әскерге шақырылушының есепке алу картасында аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешімін бекіту немесе азаматты қайта медициналық куәландыруға жіберу туралы белгі жасайды.

      19. Қайта медициналық куәландыруға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамдылық санаты туралы аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешімімен келіспейтіні туралы мәлімдеген азаматтар да жатады.

      20. Облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы қайта медициналық куәландыруды жүргізу мерзімі, орны және қайта медициналық куәландыруға жататын азаматтар туралы аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссияларын хабардар етеді.

      21. Азамат жеке ісімен және белгіленген диагнозды және шығарылған қорытындыны растайтын медициналық құжаттармен бірге қайта медициналық куәландыруға жіберіледі.

      Қайта медициналық куәландыру нәтижесінде азаматтың әскери қызметке жарамдылығы санаты өзгерген кезде медициналық комиссияның маман-дәрігері медициналық куәландыру парағын ресімдейді және облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы төмен тұрған әскерге шақыру комиссиясының шешімін жояды және хаттамалар кітабында және әскерге шақырылушының есепке алу картасында ресімделетін өз шешімін шығарады және азаматқа жариялайды.

      22. Әскерге шақырылушының есепке алу картасы, медициналық куәландыру парағы, сондай-ақ қорғаныс істері жөніндегі департаменттің (бұдан әрі – ҚІД) мөрімен расталған облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) әскерге шақыру комиссиясы отырыстарының хаттамалары кітабынан үзінді шешімі қайта қаралған әскерге шақыру комиссиясына жолданады. Егер қайта медициналық куәландыру нәтижесінде аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиясының шешімі өзгермесе, онда хаттамалар кітабында және әскерге шақырылушының есепке алу картасында оны бекіту туралы қысқаша жазба жасалады, бұл ретте медициналық куәландыру парағы ресімделмейді.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер әскери қызмет орнына келгеннен кейін алғашқы медициналық қарап-тексеруден өтеді. Алғашқы медициналық қарап-тексеру нәтижесінде әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеруге кедергі келтіретін аурулары анықталған мерзімді қызмет әскери қызметшілері Талаптарға сәйкес медициналық куәландыруға жіберіледі. Медициналық куәландыруды госпитальдық әскери-дәрігерлік комиссиялар (бұдан әрі – ӘДК) жүргізеді.

      Маман-дәрігерлердің қорытындылары әскери қызметшінің медициналық кітапшасына, ӘДК қорытындысы осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабына (бұдан әрі – ӘДК отырыстарының хаттамалары кітабы) жазылады.";

      26 және 27-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Штаттық ӘДК бекітілген ауруы туралы куәліктің көшірмесін бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарына және әскери қызметшінің әскерге шақырылу орны бойынша ҚІД-ға жолдайды.

      27. Штаттық ӘДК, облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) ҚІД денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен бірлесіп, азаматтарды денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке негізсіз шақыру жағдайын есепке алуды жүргізеді және себептерін зерделейді және мерзімді әскери қызметке шақырылатын азаматтарды тексеру және медициналық куәландыру сапасын жақсартуға шаралар қабылдайды.

      Бұл ретте осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес нысан бойынша азаматты денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке негізсіз шақыру себептерін зерделеу картасы толтырылады.";

      29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Әскери-техникалық және өзге де мамандықтар бойынша даярлау үшін оқуға түсетін азаматтарды медициналық куәландыруды ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) немесе облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) ЖАО медициналық комиссияларының маман-дәрігерлері жүргізеді.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі әскери-дәрігерлік сараптама комиссиялары туралы ереже мынадай мазмұндағы 43 және 44-тармақтармен толықтырылсын:

      "43. Қаланың, ауданның ЖАО медициналық комиссиялары:

      1) осы Ережеге 1-қосымшаға сәйкес маман-дәрігерлердің кабинеттерін әскерге шақыру (жиын) пункттерінде медициналық куәландыру үшін қажетті құралдар, медициналық және шаруашылық мүлік тізбесімен жарақтандыруды тексереді;

      2) амбулаториялық (стационарлық) тексерілуге (емделуге) мұқтаж азаматтар жіберілетін медициналық ұйымдарды айқындайды;

      3) тіркеу (әскерге шақыру) комиссиясы әскери қызметке уақытша жарамсыз деп таныған азаматтарды тексеру (емдеу) жүзеге асырылатын медициналық ұйымдарды айқындайды;

      4) маман-дәрігерлердің мерзімді әскери қызметке шақырылуға (әскерге шақыру учаскелеріне тіркелуге) жататын азаматтардың диспансерлік есепте тұрғаны, медициналық көмекке жүгінгені туралы мәліметтерге, оның ішінде медициналық ақпараттық жүйеге қолжетімділігін қамтамасыз етеді;

      5) мерзімді әскери қызметке шақыру (әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу) кезінде азаматтарды медициналық куәландыру нәтижесін медициналық ақпараттық жүйеге енгізудің толықтығы мен дұрыстығын бақылайды;

      6) азаматтардың Талаптарға сәйкес әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытынды шығарады және әскер түрлері мен тектері бойынша арналу көрсеткішін белгілейді;

      7) азаматтарға әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу, мерзімді әскери қызметке шақыру кезінде медициналық куәландыру мәселелері бойынша түсіндірме береді;

      8) шамалы шектеулермен әскери қызметке жарамды деп танылған, әскери қызметке уақытша жарамсыз, ауыз қуысын санациялауға, көру қабілетін түзетуге мұқтаж азаматтардың тізімін жасайды;

      9) күн сайын қорытынды шығарады, азаматтарды медициналық куәландыру нәтижесін талдайды;

      10) азаматтарды медициналық куәландырудың кемшіліктері туралы мерзімді әскери қызметке шақыру (әскерге шақыру учаскелеріне тіркеу) комиссиясының төрағасына баяндайды;

      11) азаматтарды медициналық куәландыруға байланысты шағымдар мен өтініштерді шешуге қатысады.

      44. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың ЖАО медициналық комиссиялары:

      1) денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдарымен, денсаулық сақтау ұйымдарымен, басқа да ұйымдармен азаматтарды әскери қызметке даярлауды медициналық қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзара іс-қимылды ұйымдастырады;

      2) жиын пункті маман-дәрігерлерінің кабинеттерін құралмен, медициналық және шаруашылық мүлікпен жарақтандыруды тексереді;

      3) маман-дәрігерлерге азаматтарды медициналық куәландыруды ұйымдастыру және жүргізу туралы нұсқау береді, әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерді түсіндіреді;

      4) бағынысты медициналық комиссиялардың жұмысына әдістемелік басшылық жасауды жүзеге асырады, олардың жұмысын бақылайды және оларға әскери-дәрігерлік сараптама мәселелері бойынша практикалық көмек көрсетеді;

      5) азаматтарға денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдырудың және одан босатудың негізділігін зерделейді;

      6) ресімдеу сапасын, бағынысты медициналық комиссиялардың маман-дәрігерлері шығарған қорытындылардың негізділігін және олардың Талаптарға сәйкестігін тексереді;

      7) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарына тікелей жөнелту алдында облыстық (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жиын пунктінде аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) шақыру комиссиясы мерзімді әскери қызметке шақырған азаматтарға бақылау медициналық қарап-тексеруді жүргізеді;

      8) аудандық (қалалық, облыстық маңызы бар қаланың) әскерге шақыру комиссиялары әскери қызметке жарамсыз және әскери қызметке уақытша жарамсыз деп танылған азаматтарға, сондай-ақ медициналық куәландыру нәтижелері бойынша олардың әскери қызметке жарамдылық санаты туралы қорытындылармен келіспейтіні туралы мәлімдеген азаматтарға қайта медициналық куәландыруды жүргізеді;

      9) әскери қызметке жарамдылығы (жарамсыздығы) санатын айқындаумен өзінің келіспейтіні туралы мәлімдеген азаматтардан денсаулық жағдайының өзгеруін растайтын құжаттарды сұратады;

      10) бағынысты медициналық комиссиялардың қорытындыларын қарайды (қайта қарайды), бекітеді (күшін жояды);

      11) штаттық ӘДК-мен келісілгеннен кейін өз қорытындыларын қайта қарайды;

      12) Қарулы Күштерден, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардан мерзімді қызмет әскери қызметшілерін қайтару себептерін есепке алуды, зерделеуді және талдауды жүргізеді;

      13) азаматтарды медициналық куәландыру және тексеру (емдеу) нәтижелерін жинақтайды;

      14) әскерге шақыру (тіркеу) кампаниясының қорытындысы бойынша облыстың (республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың) жергілікті атқарушы органының басшысына (әкіміне), денсаулық сақтауды мемлекеттік басқарудың жергілікті органдары басшысына медициналық комиссиялардың жұмысын жақсарту жөнінде ұсыныстар береді.".

      2. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Бас әскери-медициналық басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі