"Проактивті қызмет көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 364/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 3 қазанда № 29979 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Проактивті қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20495 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе жаңа редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 13-1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Проактивті қызмет көрсету қағидаларында:

      1, 2 және 3-тармақтар жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Осы проактивті қызмет көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 13-1-тармағына сәйкес әзірленді және проактивті қызметтер көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) проактивті қызмет – көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      2) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде географиялық жағынан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке пайдаланылатын байланыс құралы;

      3) көрсетілетін қызметті алушы – орталық мемлекеттік органдарды, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелерін, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарын, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдерін қоспағанда, жеке және заңды тұлғалар;

      4) көрсетілетін қызметті беруші – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсететін орталық мемлекеттік органдар, Қазақстан Республикасының шетелдегі мекемелері, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдары, қаладағы аудандардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар.

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Проактивті қызметтер көрсету көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысының телефон нөмірін "электрондық үкімет" веб-порталында тіркеу кезінде және көрсетілетін қызметті алушының дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі арқылы алынған дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісімі болған кезде мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері арқылы жүзеге асырылады және мыналарды:

      көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салуы бар автоматты хабарламалар жөнелтуді;

      проактивті қызмет көрсету немесе мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамада көзделген жағдайларда проактивті қызмет көрсетуден бас тартуды қамтиды.".

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Әділет министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі