"Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік аттарды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 38/НҚ бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің м.а. 2022 жылғы 20 қыркүйектегі № 337/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қыркүйекте № 29863 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде домендік аттарды тіркеу, пайдалану және бөлу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы № 38/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16654 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Интернеттің қазақстандық сегментiнiң кеңістігінде домендiк аттарды тiркеу, пайдалану және бөлу қағидаларында:

      2 және 3 тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – ақпараттық қауіпсiздiкті қамтамасыз ету саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) домендiк ат – Интернетті адрестеу қағидаларына сәйкес қалыптастырылған, белгiлi бiр желiлiк адреске сәйкес келетiн және Интернеттің объектiсiне атауландырып өтініш жасауға арналған символдық (әрiптiк-цифрлық) белгiлеме;

      3) домендік аттар жүйесі (Domain Name System, бұдан әрі – DNS) – домендік аттар туралы ақпарат алу үшін бөлінген деректер қоры. Домендік аттарға және Internet Protocol (IP) мекенжайларына сәйкестігі туралы ақпаратты қамтиды және 1032, 1034, 1035, 1122, 1133, 1591 Request for Comments стандарттарына (бұдан әрі – RFC) сәйкес жұмыс істейді;

      4) домендік аттардың тіркелушісі (бұдан әрі – тіркелуші) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік аттарды тіркегішке Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік аттарды тіркеу үшін өтінім жіберген және домендік аттарды Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігінде тіркеу кезеңінде оның иесі болып табылатын жеке немесе заңды тұлға;

      5) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігі – Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан аппараттық-бағдарламалық кешендерде орналастырылатын интернет-ресурстар жиынтығы;

      6) Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістігіндегі домендік аттардың әкімшісі (бұдан әрі – әкімші) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістігін дамытуды жүзеге асыратын "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті орган белгілеген коммерциялық емес қоғамдық ұйым;

      7) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі бірінші деңгейлі домендiк ат (бұдан әрі – бірінші деңгейлі домендік ат) – .KZ және (немесе) .ҚАЗ, Қазақстан Республикасы мүддесінде пайдалану үшін ICANN халықаралық ұйымы бөлген, Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында негізгі домендік аттан бір саты төмен орналасқан және негізгі домендік аттың (RFC-882) тікелей нақты ішкі домені болып табылатын домендік ат;

      8) Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі екінші деңгейлі домендік ат (бұдан әрі – екінші деңгейлі домендік ат) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында бірінші деңгейлі домендік аттан бір саты төмен орналасқан және бірінші деңгейлі домендік аттың тікелей (нақты) ішкі домені болып табылатын (RFC-882) домендік ат;

      9) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік аттардың тізілімі (бұдан әрі – тізілім) – тіркелген домендік аттар туралы барлық мәліметтер қамтылған Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі барлық тіркелген домендік аттар дерекқорының орталықтандырылған жиынтығы;

      10) Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік аттарды тіркеу орны (бұдан әрі – тіркеу орны) – тізілімін жүргізуді жүзеге асыратын және бірінші деңгейлі қазақстандық домендік аттың тұрақты жұмысын жүзеге асыратын заңды тұлға;

      11) Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігіндегі домендік аттарды тіркегіш (бұдан әрі – тіркегіш) – домендік аттарды тіркеу, тізіліміне домендік ат туралы ақпарат енгізу және оны жою, сондай-ақ тіркеу орны мен тіркеуші арасындағы келісімнің негізінде домендік аттарды тіркеушінің домендік атты пайдалану бойынша құқығын қамтамасыз ету тізіліміне енгізілетін мәліметтерді өзгерту бойынша қызметтерді көрсету үшін (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет) әкімші аккредиттеген заңды тұлға, Қазақстан Республикасының резиденті. Қазақстан Республикасының бейрезиденті ICANN Тіркеушісі ретінде аккредитациясы болған жағдайда ғана ұлттық домендік атаулар әкімшісінің аккредитациясын алуға құқылы;

      12) Интернеттің қазақстандық сегментi кеңістігіндегі үшінші деңгейлі домендік ат (бұдан әрі – үшінші деңгейлі домендік ат) – Интернеттің қазақстандық сегментiнің домендік кеңістік иерархиясында екінші деңгейлі домендік аттан бір саты төмен орналасқан және екініші деңгейлі домендік аттың тікелей (нақты) ішкі домені болып табылатын (RFC-882) домендік ат;

      13) интернет-ресурстың резервтік көшірмесі - негізгі интернет-ресурс істен шыққан кезде қолданылатын интернет-ресурс деректерінің резервтік жиынтығы;

      14) негізгі домендік ат – Интернетте RFC-882 стандартының негізінде жұмыс істейтін, "." нүктесімен белгіленетін домендік ат;

      15) отандық қауіпсіздік сертификаты – отандық куәландырушы орталығы берген, шифрлауды қолдайтын, хаттамаларды қамтитын, трафикті өткізу үшін қолданылатын электрондық цифрлық символдардың жиынтығы;

      16) өтінім – Интернеттің қазақстандық сегментiнің кеңістігіндегі домендік аттарды тіркеу (тіркеу мерзімін ұзарту) үшін барлық мәліметтерді, бұрын мәлімделген мәліметтерді өзгертуді, домендік атты беруді, тасымалдауды немесе қолданыстағы тіркелуінің күшін жоюды қамтитын тіркеушінің тіркегішке өтініші;

      17) резервтелген домендік аттар – осы Қағидаларда белгіленген қысқартылған аттарға сәйкес келетін мемлекет мұқтажына арналған домендік аттар;

      18) фишинг – Интернетті пайдаланушының есептік немесе құпия деректерін заңсыз алуға бағытталған әдістер жиынтығы;

      19) шетелдік қауіпсіздік сертификаты – шетелдік куәландырушы орталығы берген, шифрлауды қолдайтын, хаттамаларды қамтитын, трафикті өткізу үшін қолданылатын электрондық цифрлық символдардың жиынтығы;

      20) DNS-сервер – домендік аттар жүйесіне қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған бағдарламалық қамтылым, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым орындалатын жабдық;

      21) RFC – Интернеттің жұмыс істеуінің техникалық және ұйымдастырушылық жағдайларын айқындайтын және Internet Engineering Task Force және Internet Engineering Steering Group қоғамдық ұйымдар қабылдайтын құжат;

      22) WHOIS-сервер – RFC-3912-ге сәйкес жұмыс істейтін, тіркелген домендік аттар туралы мәліметтер алуға арналған мамандандырылған бағдарламалық қамтылым, сондай-ақ бағдарламалық қамтылым орындалатын жабдық.

      3. Домендік атты тіркеу үшін тіркелуші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша электрондық немесе қағаз түрінде дұрыс және толық ақпарат берілген тіркелуші өтінімін (бұдан әрі – өтінім) ұсынады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Тіркелуші жеке тұлғаның барлық өзгерістері немесе келісімде көрсетілген заңды тұлға туралы мәліметтерді тіркеушіге осындай өзгерістер орын алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей хабарлайды. Келісімде көрсетілген жеке тұлға туралы мәліметтер құпия болып табылады және заңдарда көзделген жағдайлар мен тәртіп бойынша ғана үшінші тұлғаға берілуі мүмкін.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Тіркеуші ұсынылған хабарламада тіркелуші көрсеткен пайдалану тоқтатылған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде домендік атауды тізілімнен алып тастауды жүргізеді және тіркелушіні Келісімнің қолданылуы тоқтатылғаны туралы, сондай-ақ қашықтағы домендік атауды қайта тіркеудің мүмкін еместігі туралы күнтізбелік 60 (алпыс) күннен ерте емес хабардар етеді.";

      мынадай мазмұндағы 14-1 және 14-2 тармақтармен толықтырылсын:

      "14-1. Домендік ат тіркеуші мен тіркелуші арасында домендік атауды оның қолданылу мерзімі өткенге дейін ұзартуға келісім болған кезде ұзартылады.

      14-2. Домендік аттың қолданылу мерзімі өткен кезде тіркелуші 30 (отыз) күнтізбелік күн ішінде осы Қағидалардың 14-1-тармағында көрсетілген шартқа сәйкес домендік атты ұзартады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Домендік атты Интернеттің қазақстандық сегментінің кеңістігінде пайдалану:

      1) тіркелуші домендік атты тіркеу үшін ұсынған өтінімде тіркелуші туралы дұрыс емес мәліметтер анықталған;

      2) интернет-ресурста Интернетті қауіпсіз пайдалануға қатер төндіретін, зиянды бағдарламалық қамтылым анықталған;

      3) домендік атты пайдалануды уақытша тоқтату туралы заңды күшіне енген сот шешімі болған;

      4) уәкілетті органнан немесе Ақпараттық қауіпсіздікті ұлттық үйлестіру орталығынан ақпараттық қауіпсіздік оқыс оқиғасы туралы хабарлама түскенде, оны тіркеуші жоймаған;

      5) қауіпсіздік сертификаты (отандық немесе шетелдік) болмаған;

      6) Қазақстан Республикасының аумағынан тыс аппараттық-бағдарламалық кешендерде интернет-ресурстар орналастырылған;

      7) интернет-ресурста Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығынан немесе Ақпараттық қауіпсіздіктің оқыс оқиғаларына ден қою қызметінен, салалық Ақпараттық қауіпсіздіктің жедел орталығынан келіп түскен фишингтің анықталғаны туралы хабарлама болған жағдайларда уақытша тоқтатылады.";

      19-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "19. Тіркеу орнынан хабарлама алғаннан кейін тіркеуші 1 (бір) жұмыс күні ішінде заңды күшіне енген сот шешімінде басқа мерзім белгіленбесе, хабарламаны алған сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жол берілген бұзушылықтарды жою қажеттілігі туралы тіркелушіні хабардар етеді.".

      Қосымша осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а. А. Оразбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
Вице-министрі
2022 жылғы 20 қыркүйектегі
№ 337/НҚ бұйрығына
қосымша
  Интернеттің қазақстандық
сегментінің кеңістігінде
домендік аттарды тіркеу,
пайдалану және бөлу
қағидаларына
қосымша

      Нысан

  Тіркеушіге
_______________________
(тіркеушінің атауы)

Тіркелушінің өтінімі

      1. *Домендік аттың атауы.

      2. *Домендік атты тіркеу кезеңі.

      3. *Тіркеу мақсаты.

      4. *Төрт байланыс туралы мәліметтер:

      1) *тіркелуші;

      2) әкімшілік байланыс;

      3) техникалық байланыс;

      4) қаржылық байланыс.

      5. *Әрбір байланыс мынадай деректерден тұруы қажет:

      1) *байланыс тұлғасының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), ЖСН (егер байланыс жеке тұлға болса);

      2) *ұйымның атауы, БСН (егер байланыс заңды тұлға болса);

      3) *пошталық мекенжай (қаланы, облысты қосқанда);

      4) *пошталық индекс;

      5) *елдің екі әріптік коды;

      6) *телефон;

      7) факс;

      8) *электрондық пошта мекенжайы.

      6. *DNS-серверлер туралы мәліметтер:

      1) *алғашқы DNS-сервердің мекенжайы;

      2) *екінші DNS-сервердің мекенжайы;

      3) қосымша DNS-серверлердің мекенжайлары;

      4) *домендік ат пайдаланатын серверлік жабдық орналасқан жерінің пошталық мекенжайы (қаланы, облысты қосқанда).

      7. Тауар белгісінің Қазақстан Республикасының аумағында тіркелгенін растайтын құжаттардың көшірмелері.

      Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын растаймын.

      Тіркеушінің интернет-ресурсында жарияланған домендік атты тіркеу бойынша қызмет көрсетудің толық шарттарын қамтитын домендік атты тіркеу туралы келісімнің мәтінімен келісетінімді растаймын.

      ___________________

      (тіркелушінің қолы/тіркелушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы)

      _________________

      (күні)

      Ескертпе:

      Тіркелуші мәліметтерді тіркеушіге ұсынады және барлық тіркеу мерзімі ішінде тізілімде сақталады.

      * белгіленген тармақтар толықтыруға міндетті болып табылады.

      Барлық мәліметтер латын транскрипциясында беріледі.

      Техникалық және қаржылық байланыстар туралы деректер болмаған жағдайда, олардың қызметін автоматты түрде әкімшілік байланыс орындайды.

      Әкімшілік байланыс туралы деректер болмаған жағдайда, оның қызметін автоматты түрде тіркелуші орындайды.

      Серверлік жабдыққа қойылатын міндетті талап – оның физикалық орналасқан жерінің Қазақстан Республикасының аумағы болуы.

      Тіркеу кезінде жеке тұлғаны куәландыратын құжаттың көшірмесі (егер тіркелуші жеке тұлға болса), тіркеу туралы куәлік немесе анықтама (егер тіркелуші заңды тұлға болса) ұсынылуы қажет.