"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 12 қыркүйектегі № 63 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 қыркүйекте № 29698 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқаенгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 1-тармағының 10-6) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы Қаулыға қосымшаға сәйкес қоса беріліп отырған Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қорының тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын Талаптар (бұдан әрі - Талаптар) бекітілсін.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Талаптардың 2023 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін 17-тармағының 6) тармақшасын қоспағанда, осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2022 жылғы 12 қыркүйектегі
№ 63 Қаулысына
қосымша

"Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамындағы тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Сақтандыру қызметі туралы" 2000 жылғы 18 желтоқсандағы, "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" 2003 жылғы 3 маусымдағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" АҚ-тың (бұдан әрі – Қор) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне қойылатын талаптарды қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2.Талаптарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) басқару есептілігі – ішкі бақылау және Қордың қызметін бағалау құралы;

      2) кепілдік беру резервтері – "Сақтандыру төлемедріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес зиянды өтеу резерві, "жалпы сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резерві және "өмірді сақтандыру" саласы бойынша сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері;

      3) лимиттеу - қабылданатын тәуекелдердің сапалық, сандық шектеулерін белгілеу, Қордың мәмілелеріне (операцияларына) шектеулерді белгілеу.

      Лимиттеу кезінде мынадай өлшемдер анықталады:

      лимит белгіленетін көрсеткіш;

      лимит белгіленетін көрсеткішті есептеу әдісі;

      көрсеткіштің шекті (ең жоғары, ең төмен) мәні;

      4) мүдделер қақтығысы - Қордың лауазымды тұлғаларының және (немесе) оның қызметкерлерінің жеке мүддесі мен олардың өздерінің лауазымдық өкілеттіктерін тиісінше орындауы немесе Қордың және (немесе) оның қызметкерлерінің Қор үшін қолайсыз салдарлар туындатуы мүмкін мүліктік және өзге де мүдделері арасында қайшылықтар туындататын ахуал;

      5) стресс-тесттер-Қордың қаржылық жағдайына және кепілдік беру резервтері қаражатының сақталуына әлеуетті ықпалды, айрықша, бірақ Қордың қызметіне ықпал етуі мұмкін ықтимал оқиғаларды өлшеу әдістері;

      6) тәуекел - Қор қызметінің күтілетін нәтижесін алу сенімсіздігін немесе мүмкін еместігін туындататын жағдаяттардың пайда болу, кепілдік берудің меншікті активтері мен резервтері бойынша шығыстардың (зиянның) туындау ықтималдығы;

      7) тәуекелдерді бағалау жүйесі - Қордың қаржылық жай-күйіне және кепілдік беру резервтерінің сақталуына кешенді талдау жүргізуге арналған коэффициенттердің жиынтығы;

      8) Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше – тәуекелдерді мониторингтеу, қамтамасыз ету және қадағалау, тәуекелдерді тиімді басқару және ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын Қордың құрылымдық бөлімшесі;

      9) тәуекелдерді басқару жүйесі - өзара байланысты элементтердің: акционер үшін қолайлы тәуекел деңгейі шеңберінде іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерді басқару жөніндегі бірыңғай процеске біріктірілген және тәуекелдерді басқару жөніндегі мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған рәсімдердің, әдістемелердің, ақпараттық жүйелердің жиынтығы. Қордың қызметіне әсер ететін іске асырылған және әлеуетті тәуекелдерді анықтау және басқару процесіне өзіне жүктелген құзырет пен жауапкершілік шегінде директорлар кеңесі, басқарма, құрылымдық бөлімшелердің басшылары мен қызметкерлері тартылады;

      10) тәуекелдерді басқару саясаты - Қордың тиімді жұмыс істеуін және оның қызметінің стратегияға және тәуекелдің жол берілетін деңгейіне сәйкестігін қамтамасыз ететін қажетті өлшемшарттарды, өлшемдерді, тәсілдерді, қағидаттарды, стандарттарды, рәсімдер мен тетіктерді айқындайтын саясатты және (немесе) өзге де ішкі құжаттарды қамтитын ішкі құжаттардың жиынтығы;

      11) тәуекелді идентификаттау - тәуекел элементтерін табу, тізбесін құру, және сипаттау процесі;

      12) тәуекел картасы – кепілдік беру резервтерінің төмендеу тәуекелдерін қоса алғанда, бір "ось" бойынша тәуекелдің ықпал ету күші немесе маңыздылығы көрсетілген, ал екіншісінде оның пайда болу ықтималдылығы не жиілігі көрсетілген кестеде орналастырылған Қор тәуекелдерінің графикалық және мәтіндік сипаттамасы;

      13) тәуекел лимиті - қабылданатын тәуекелді сандық не сапалық шектеу құралы;

      14) тәуекел-менеджері – Қордың тәуекелдерді мониторингтеу, қамтамасыз ету және қадағалау, тәуекелдерді тиімді басқару және ішкі бақылау функцияларын жүзеге асыратын штаттағы қызметкері;

      15) тәуекелді өлшеу - оқиғаның басталу салдары мен ықтималдығын математикалық жолмен ықтималдық теориясын және статистикалық деректер негізінде үлкен сандар заңын қолдана отырып бағалау арқылы жүзеге асырылатын тәуекелдің ықтималдығы дәрежесін және әлеуетті шығыстар (шығындар) мөлшерін анықтау;

      16) уәкілетті орган - қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті орган;

      17) ішкі аудит - ішкі аудит қызметі Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамаларға, ішкі құжаттарға, ішкі аудиттің халықаралық кәсіби стандарттарына сәйкес келу дәрежесін одан әрі көрсету мақсатында қаржылық есептілікті, сондай-ақ Қор қызметін сандық және сапалық жағынан бағалауға келетін басқа деректер мен ақпаратты бағалайтын басқарушылық бақылаудың ажырамас элементі;

      18) ішкі бақылау - бұл Қордың директорлар кеңесі, алқалы органдары, басқармасы, қызметкерлері жүзеге асыратын, мынадай санаттар бойынша мақсаттарға жетуді қамтамасыз етуге бағытталған процесс:

      қызметінің тиімділігі;

      кепілдік беру резервтері қаражатының сақталуын және олардың нысаналы пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      қаржылық есептіліктің және өзге де басқарушылық есептіліктің сенімділігі, толықтығы мен уақтылылығы;

      Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы заңнамасын және Қордың ішкі құжаттарын сақтау;

      19) ішкі бақылау жүйесі - мыналарды қамтамасыз ететін бақылау рәсімдерінің, іс-шаралар мен әдістемелердің жиынтығы:

      Қордың қаржы-шаруашылық қызметін тиісінше және тиімді жүргізу;

      Сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы Қазақстан Республикасы заңнамаларының және Қордың ішкі құжаттарының талаптарын сақтау;

      жауапкершілікті тиімді бөлу;

      Қор қызметкерлерінің ішкі құжаттардың талаптарын уақтылы және тиісінше орындауы;

      мүліктің сақталуын қамтамасыз ету;

      алаяқтық фактілерін және басқарушылық қателердің алдын алу және анықтау;

      қаржылық есептілікті және өзге есептілікті дайындау уақтылығы, шынайылығы мен толықтығы.

2-тарау. Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібі

      3. Қор тәуекелдері мынадай болып жіктеледі:

      1) кепілдік беру резервінің жеткіліксіздігі тәуекелі – уәкілетті органның қатысушы сақтандыру ұйым(дар)ын лицензиядан айыру туралы шешім қабылдауы салдарынан "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2-2-тармағында көзделген жағдайлар бойынша Қор резервінің жеткіліксіздігінің туындау тәуекелі.

      2) инвестициялық тәуекелдер - инвестициялық қызмет барысында туындайтын тәуекелдер.

      Инвестициялық тәуекелдерге мыналар жатады:

      кредиттік тәуекел - дебиторлардың дәрменсіздігі, Қордың инвестициялық портфеліндегі (инвестициялық портфельдеріндегі) облигациялар эмитенттерінің кредиттік рейтингтерінің өзгеруі салдарынан шығыстардың (зиянның) пайда болу тәуекелі;

      өтімділік тәуекелі - Қордың өз міндеттемелерін, оның ішінде "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы" Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген міндеттемелерін орындау үшін активтерін тез арада сату мүмкіндігінің болмауына байланысты тәуекел;

      нарықтық тәуекел - қаржы құралдарының нарықтық құнының, пайыздық мөлшерлемелерінің, шетел валюталары бағамдарының, бағалы металдар құнының өзгеруі салдарынан қаржы нарықтарының жағымсыз қозғалыстарына байланысты шығыстардың (зиянның) ықтималдығы.

      Нарықтық тәуекелге мыналар жатады:

      валюталық тәуекел - шетелдік валюта бағамдарының жағымсыз өзгеруі салдарынан шығындар пайда болуы тәуекелі;

      баға тәуекелі - нарықтық факторлардың ықпалымен қаржы құралдарының және туынды қаржы құралдарының нарықтық бағаларының жағымсыз өзгеруі салдарынан шығыстардың (зиянның) пайда болу тәуекелі;

      пайыздық тәуекел - ұйымның активтері, пассивтері бойынша пайыздық мөлшерлемелерінің жағымсыз өзгеруі салдарынан қаржы шығыстарының (зиянының) пайда болу тәуекелі;

      3) операциялық тәуекел - ішкі процестерді жүзеге асыру барысында басшы және басқа қызметкерлер тарапынан болған кемшіліктердің (қателердің), ақпараттық жүйелердің (технологиялардың) тиісінше жұмыс істемеуі салдарынан, сондай-ақ сыртқы оқиғалар салдарынан шығындардың пайда болу тәуекелі;

      4) стратегиялық тәуекел - дұрыс емес басқарушылық шешімдер, қабылданған басқарушылық шешімдерді тиісінше іске асырмау және (немесе) Қордың бизнес-ортаның өзгерістеріне бейімделуге қабілетсіздігі салдарынан шығындардың туындау тәуекелі;

      5) ілеспе тәуекелдер:

      аудиторлық тәуекел - аудиторлық тексерудің қорытындысы бойынша аудитор қаржылық есептіліктің шынайылығын растағаннан кейін анықталмаған елеулі бұрмалауларды қамтуы мүмкін деп субъективті түрде анықтайтын не шын мәнінде бұрмалану болмаған кезде елеулі бұрмалануды қамтиды деп тану ықтималдығы;

      жүйелік тәуекел - сақтандыру ұйымының және (немесе) бірнеше сақтандыру ұйымдарының лицензиясын қайтарып алу, Қазақстан Республикасының бейрезидент - сақтандыру ұйымы филиалының және (немесе) Қазақстан Республикасы бейрезидент - сақтандыру ұйымының бірнеше филиалының қызметін тоқтатуы нәтижесінде резервтер жеткіліксіздігінің туындау тәуекелі;

      алаяқтық тәуекелі - қызметкерлердің және үшінші адамдардың алаяқтық іс-әрекеттері нәтижесінде шығыстардың (зиянның) пайда болу ықтималдығына байланысты тәуекел;

      бедел тәуекелі - ұйымға теріс қоғамдық пікірдің немесе оған деген сенімнің төмендеуі салдарынан шығыстардың (зиянның) пайда болу тәуекелі;

      елдер бойынша тәуекел - шет мемлекеттің немесе шет мемлекет резидентінің өз міндеттемелері бойынша төлемге қабілетсіздігі немесе жауапкершілік атқармауы салдарынан шығыстардың (зиянның) пайда болу тәуекелі.

      4. Директорлар кеңесі мен басқарма тәуекелдерді басқарудың және ішкі бақылаудың барабар жүйесінің болуын қамтамасыз етеді және Қор қызметкерлерінің тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау саласындағы өз міндеттерін орындауы үшін жағдай жасайды, сондай-ақ ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың) функционалдық және ұйымдық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді.

      5. Қордың директорлар кеңесі комитеттерді құру кезінде мүдделер қақтығысын болдырмайды.

      6. Инвестициялық тәуекелдерді басқарудың барабар жүйесін қалыптастыру мақсатында Қор инвестициялық комитетті (инвестициялық комитеттерді) құрады.

      Инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің) шешімдері оның отырысына қатысқан мүшелерінің көпшілік дауысымен қабылданады және жазбаша түрде ресімделеді.

      Инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің) шешімдеріне шешім қабылдау барысын жан-жақты көрсете отырып хаттама жасалады және мыналарды көрсете отырып, шешім қабылдау үшін негіз болып табылатын құжаттар қоса беріледі:

      қаралатын мәселелердің тізбесі және толық сипаттамасы;

      Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) ұсынымдарын қоса алғанда, шешім қабылдау үшін инвестициялық комитетке ұсынылған құжаттар тізбесі; (инвестициялық комитеттерге)

      әрбір қаралатын мәселе бойынша дауыс беру қорытындылары;

      мүшелердің пікірлері, оның ішінде олар қабылданған шешіммен келіспеген және ерекше пікірі болған кезде, негіздемесімен қоса беріледі.

      Хаттамаға инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің) төрағасы мен отырысқа қатысқан барлық мүшелері қол қояды және Қорда сақталады.

      Инвестициялық комитет (инвестициялық комитеттер) Қордың ішкі құжатында белгіленген нысандар бойынша Қордың басқармасына жыл сайын Қордың меншікті активтеріне, кепілдік беру резервтерінің қаражатына қатысты инвестициялық шешімдердің қабылдануы туралы есепті ұсынады.

      Директорлар кеңесі инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің) және басқарманың жұмысына олардың жұмыс нәтижесі туралы жыл сайынғы есептерінің негізінде бағалайды.

      7. Тәуекелдерді басқару барысы мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) тәуекелдерді анықтау:

      тәуекел құраушы факторлар мен тәуекелді бағалау (шығыстардың (шығындардың) барлық ықтимал себептерін, олардың ықтималдығы мен мөлшерін жүйелі және тұрақты қадағалау, талдау);

      тәуекелдерді жіктеу (тәуекелдердің ерекшелігін және олардың туындауына әкелетін, олардың дамуына әсер ететін факторларды зерттеу, тарихи деректерді сараптамалық бағалау, тәуекелдер картасын талдау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады);

      2) өткізу мерзімділігін директорлар кеңесі тәуекелдің маңыздылығына қарай, бірақ жылына кемінде екі рет белгілейтін тәуекелдерді өлшеу;

      3) тұрақты стресс-тестілеуді және тәуекелдерді талдауды жүзеге асыру;

      4) тәуекелдерді басқару әдісін таңдау және қолдану;

      5) тәуекелдерді басқару жүйесін түзету.

      8. Ішкі бақылау жүйесі Қордың мыналар үшін қабылдаған ұйымдастыру жүйесін, саясатын, рәсімдері мен әдістерін білдіреді:

      1) Қор қызметінің тиімділігін, оның ішінде Қордың меншікті активтері мен міндеттемелерін басқару тиімділігін қамтамасыз ету, Қордың меншікті активтері мен кепілдік резервтерінің сақталуын қамтамасыз ету;

      2) ішкі және сыртқы пайдаланушылар үшін қаржылық және басқа есептіліктің толықтығын, дәйектілігін және уақтылығын, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;

      3) Қордың Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, акционерлік қоғамдар туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы және Қордың ішкі құжаттарын, Қор органдарының шешімдерін орындауын қамтамасыз ету;

      4) Қор мен оның қызметкерлерін заңсыз қызметті жүзеге асыруға тартуға, оның ішінде алаяқтыққа, қателерге, дәлсіздіктерге, алдауға жол бермеу.

      9. Қор қызметінің барлық салалары бойынша тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің жұмыс істеу тиімділігін тексеру және объективті бағалау үшін ішкі аудит жүргізуді қамтамасыз етеді.

      10. Қор Талаптарға 1-қосымшаға сәйкес тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің ішкі құжаттарына қойылатын талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді.

      11. Қордағы ішкі бақылау рәсімдерін Қордың басшы қызметкерлері өздеріне жүктелген өкілеттіктерге сәйкес жүзеге асырады.

      12. Қордың қызметкерлері өздерінің функционалдық міндеттері шеңберінде тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесіне, кәсіптік этика нормалары мен ішкі құжаттарға қойылатын талаптарды сақтайды.

      13. Қор жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылғы 15 қаңтардан кешіктірмей уәкілетті органға Басқарма әзірлеген және директорлар кеңесі бекіткен нысан бойынша тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін бағалау туралы мәліметтерді ұсынады.

      14. Қордың қаржылық және өзге де есептілігі негізінде есепті күнге Қор тоқсан сайын тәуекелдер бойынша стресс-тестілеу жүргізеді және Қор басқармасы бекіткен нысан бойынша тәуекелдер бойынша стресс-тестілеуді директорлар кеңесіне ұсынады.

      Тәуекелдер бойынша стресс-тестілеуге Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше басшысының (тәуекел-менеджерінің) қорытындысы қоса беріледі, ол мыналарды қамтиды:

      Қордың тәуекелдерге ұшырағыштығын талдау;

      Қордың қаржылық жағдайына аса ықпал ететін тәуекелдерді анықтау.

3-тарау. Тәуекелдерді басқару жүйесін қалыптастыру тәртібі

      15. Тәуекелдерді басқарудың тиімді жүйесін ұйымдастыру мақсатында директорлар кеңесі:

      1) тәуекелдерді басқару жөніндегі саясатты және Талаптарға сәйкес әзірленетін ішкі құжаттарды бекітеді;

      2) басшы қызметкерлердің функционалдық міндеттемелеріндегі ықтимал мүдделер қақтығысын төмендету бойынша шаралар қабылдайды;

      3) анықталған сәйкессіздіктерді, сондай-ақ олардың ұсынымдарын көрсете отырып, олардың тексеру нәтижелері бойынша ішкі, сыртқы аудиторлардың есебін қарайды;

      4) корпоративтік басқару бөлігінде:

      корпоративтік стратегияға, саясаттарға, рәсімдерге және өзге ішкі құжаттарға қайшы келетін операцияларды жасау мүмкіндігін болдырмау мақсатында, сондай-ақ оларды түзету мақсатында құрылған алқалы органдар, ішкі аудит қызметі арқылы Қор қызметін тұрақты мониторингтеуді жүзеге асырады;

      ішкі аудит қызметі (ішкі аудитор), Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) функцияларының ұйымдастырушылық тәуелсіздігін қамтамасыз етеді;

      уәкілетті орган шараларының, оның ішінде кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар жоспарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) инвестициялық шешімдері мен ұсынымдарының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

      қабылданатын тәуекелдердің лимиттерін және мәмілелерге (операцияларға)шектеулерді бекітеді;

      Қордың тәуекелдерін азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      осы Қағидаларда көзделген Қордың тәуекелдері туралы есептерді қарайды.

      16. Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) тәуекелдерді басқару саясатын әзірлейді және стресс-тестілеуді, сценарийлік талдауларды тұрақты жүргізуді көздейді және мыналарды айқындайды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қордың ұйымдық құрылымының құрамында инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің), Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) болуын;

      2) басшы қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары;

      3) жоғары білімінің болуы талабын қоса алғанда, тәуекелдерді басқаруға тікелей қатысы бар қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары, Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің басшысы үшін тәуекелдерді басқару саласындағы халықаралық сертификаттың (FRM (Financial Risk Manager) - Қаржы тәуекел-менеджері, PRM (Professional Risk Manager) - Кәсіби тәуекел-менеджер, CFA - Сертификатталған қаржы талдаушысы) және (немесе) ISO 31000 сериялы стандарт бойынша сертификаттың немесе Қорда Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше құрылатын кезде тәуекел-менеджері немесе Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің басшысы үшін қаржы ұйымдарында тәуекелдерді басқару немесе ішкі аудит саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс стажының болуы жөніндегі талаптар;

      4) алқалы органдардың, ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың), басқарманың, Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) тәуекелдерді басқару жөніндегі өкілеттіктері мен функционалдық міндеттері;

      5) Қордың алқалы органдары, басқармасы және директорлар кеңесі арасында есептілікті ұсынудың ішкі рәсімдері және тәуекелдерді басқару үшін қажетті ақпаратпен алмасу жөніндегі тәртіп;

      6) Қордың қызметіне байланысты тәуекелдер көрсеткіштерінің сандық мәндерін айқындау тәртібін қоса алғанда, тәуекелдерді идентификаттау, бағалау, мониторингтеу және бақылау жөніндегі рәсімдер;

      7) басқарушылық шешімдердің орындалуына тұрақты мониторинг жүргізу және қабылданған басқарушылық шешімдердің тиімділігін айқындау рәсімдері;

      8) тәуекелдерді басқару жүйесінің тиімділігін бағалаудың ішкі өлшемшарттары;

      9) сапалық және сандық тәсілдерді қоса алғанда, тәуекелдер картасын әзірлеу тәртібі;

      10) тәуекелдердің жол берілетін мөлшеріне лимиттер;

      11) Қордың қызметі процесінде туындайтын тәуекелдерді басқару жөніндегі шаралар;

      12) идентификатталған (анықталған) тәуекелдерді мониторингтеу, бағалау және бақылау, Қордың тәуекелдер картасын жасау жөніндегі рәсімдер, оның ішінде:

      Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) басқа алқалы органдармен, Қор қызметкерлерімен бірлесіп, тәуекелдерді идентификаттау бойынша қабылдайтын шаралары;

      тәуекелдердің туындау жиілігін бағалауды, осы тәуекелдерге байланысты әсерлердің кейіннен жіктелуін мен тәуекелдер лимиттерін белгілеуді қоса алғанда, тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) жүзеге асыратын тәуекелдерді бағалау рәсімі;

      тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері мен тәуекелдер көрсеткіштерінің барынша жол берілетін мәндерінің өзгеруін мониторингтеу, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері тәуекелдер лимиттеріне сәйкес келмеген кезде тәуекелдерді барынша азайту мақсатында қабылданатын шараларды қамтитын тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) жүргізетін тәуекелдер мониторингі;

      Қордың шығыстарына (шығындарына) әкеп соғуы және (немесе) оның қызметіне ықпал етуі мүмкін немесе заңсыз сипаттағы кез келген елеулі жағдайлар туралы директорлар кеңесіне дереу есеп беру тетігі;

      13) стресс-тестілеу және тәуекелдерді бағалауды модельдеу рәсімдері;

      14) тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) директорлар кеңесіне тәуекелдерді басқару есебін беру тәртібі, оның ішінде:

      тәуекелдерді басқару бойынша ағымдағы жағдай (тәуекелдерді азайту және жою бойынша атқарылып жатқан жұмыс);

      анықталған тәуекелдер және осы тәуекелдерді азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ оларды төмендету не болдырмау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері;

      Қордың ағымдағы қызметін жүргізу процесінде туындауы мүмкін тәуекелдер және оларды төмендету мен болдырмау жолдары;

      Қордың корпоративтік стратегиясын іске асырудың ағымдағы кезеңінде туындауы мүмкін тәуекелдерді және оларды барынша азайту мен алдын алу жолдарын бақылау және мониторингтеу;

      тәуекелдерді басқару жүйесінің барабарлығы мен тиімділігі;

      15) бақылауды жүзеге асыруға жауапты тұлғалар лауазымдарының тізбесін көрсете отырып, Қордың инвестициялық қызметі және кез келген басқа мәмілелері (операциялары) бойынша белгіленген лимиттердің орындалуын бақылауды жүзеге асыру тәртібі.

      16) басшы қызметкерлер, ішкі аудит қызметі (ішкі аудитор), тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері), заң қызметі, корпоративтік хатшы (ол бар болса) ауысқан кезде өкілеттіктерді қабылдау-тапсыру тетіктері, оның ішінде қабылдау-тапсыру актілерін жазбаша ресімдеу.

      17. Басқарма тәуекелдерді басқару жүйесінің тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау бойынша белгіленген мақсаттар мен әдістерге сәйкес Қорды басқаруды күн сайын жүзеге асырады;

      2) директорлар кеңесі, алқалы органдар, басқарма және тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) арасында тәуекелдерді тиімді басқаруды және ішкі бақылауды қамтамасыз ететін ақпарат беру тәртібін бекітеді;

      3) директорлар кеңесінің шешімдерін, ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың) ұсынымдары мен ескертулерін, Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) ұсынымдарын, уәкілетті органның талаптары мен шараларын жүзеге асырады;

      4) директорлар кеңесі бекіткен тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жөніндегі саясатты іске асыру мақсатында ішкі құжаттарды бекітеді;

      5) директорлар кеңесінің бекітуіне операциялардың түрлері бойынша тәуекелдер лимиттерін әзірлейді;

      6) сақтандыру саласының ерекшеліктерін, сақтандыру ұйымының тәуекел-бейінін, оның бизнес-стратегиясын, сақтандыру нарығындағы атқаратын үлесін және кепілдік беру резерві жеткіліксіздігінің тәуекелін ескере отырып, міндетті, қосымша жарналар мен шартты міндеттемелердің мөлшерлемелерін есептеу әдістемесін әзірлейді;

      7) тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) ай сайынғы есептеулері негізінде көрсетілген лимиттердің сақталуын бақылау бойынша тиімді шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді;

      8) тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) инвестициялық шешімдері мен ұсынымдарын орындау туралы тоқсан сайынғы есептерді дайындайды және директорлар кеңесінің қарауына шығарады;

      9) директорлар кеңесіне ағымдағы және болашақ экономикалық орта, нормативтік құқықтық базаны ескере отырып, жылдық бюджеттерді, стратегиялық жоспарларды жасау бойынша ұсынымдар береді;

      10) Қордың қызметі бойынша іс-шаралар жоспарларының орындалуын бақылайды;

      11) ықтималды және болжалды тәуекелдерді басқарудағы саясаттардың, белгіленген лимиттер шегінде тәуекелдер мөлшерінің сақталуын бақылайды;

      12) қаржы құралдарының нарықтық құнының серпінін ескере отырып, олармен операциялардан кіріс-шығыстардың өзгеруіне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді;

      13) ішкі және сыртқы аудиторлардың ұсынымдарын ескере отырып, есепке алу және есептілік жүйесін жақсартуды қамтамасыз етеді;

      14) аудиторлық есептерге талдау жүргізеді және анықталған кемшіліктерді жою бойынша тиісті шаралар қабылдау жөнінде директорлар кеңесіне ұсыныстар береді.

      15) Қордың ішкі құжаттарында көзделген нысан бойынша жыл сайын Директорлар кеңесіне өз жұмысының нәтижелері және Директорлар кеңесі тапсырмаларының орындалуы бойынша есеп береді.

      18. Қорда тәуекелдерді басқаруды тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше немесе тәуекел-менеджері жүзеге асырады.

      Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) функцияларына мыналар кіреді:

      1) тәуекелдерді басқару бойынша тиімді жүйені ұйымдастыру, оның ішінде:

      тәуекелдерді басқару саясатын әзірлеу;

      сапалық және сандық тәсілдерді қамтитын тәуекелдер картасын әзірлеу;

      басқарушылық шешімдер қабылдау процесіне қатысу;

      басқарушылық шешімдердің орындалуын тұрақты мониторингтеу және

      қабылданған басқарушылық шешімдердің тиімділігін айқындау;

      инвестициялық мәмілелер (операциялар) бойынша белгіленген лимиттердің орындалуын бақылау;

      2) Қор қызметіне байланысты тәуекелдер көрсеткіштерінің сипаттамалық және сандық мәндерін айқындап, тәуекелдерді сәйкестендіру және бағалау, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштерінің барынша жол берілетін мәндерін айқындау;

      3) Қордың қызметі процесінде туындайтын тәуекелдерді басқару бойынша шаралар қабылдау;

      4) сәйкестендірілген (анықталған) тәуекелдерді мониторингтеу, бағалау және бақылау, оның ішінде:

      Қордың басқа да қызметкерлерімен бірлесіп тәуекелдерді анықтау бойынша шараларды қабылдау;

      тәуекелдер мен олардың туындау жиілігін бағалау, кейін ол тәуекелдердің әсерлерін жіктеу және тәуекелдер лимиттерін белгілеу;

      тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері мен рұқсат етілген ең жоғары мәндерінің өзгеруін мониторингтеу, сондай-ақ тәуекелдер көрсеткіштерінің мәндері рұқсат етілген ең жоғары мәндерге сәйкес келмеген кезде тәуекелдерді барынша азайту үшін қабылданатын шараларды қамтитын тәуекелдерді мониторингтеу;

      Қордың қызметіне залал келтіруі және (немесе) ықпал етуі мүмкін немесе заңсыз сипаттағы кез келген елеулі жағдайлар туралы басқармаға және директорлар кеңесіне дереу есеп беру;

      5) Қордың анықталған тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу жөніндегі процесті ұйымдастыру және директорлар кеңесі бекіткен Қордың тәуекелдерін барынша азайту жөніндегі іс-шаралар жоспарын одан әрі мониторингтеу;

      6) төтенше жағдайлар болған жағдайда жоспарды орындау және Қор қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;

      7) тұрақты талдау:

      қаржы көрсеткіштерін (стресс-тесттер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      баға өзгерістерінің қаржы құралдарына, өтімділік көрсеткіштеріне ықпалын, меншікті активтер мен кепілдік беру резервтерін, Қордың есеп саясатына сәйкес санаттар бойынша қаржы құралдарын жіктеуді (стресс-тесттер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      Қордың меншікті активтері, кепілдік беру резервтерінің қаражаты есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфельдің (инвестициялық портфельдердің) құрылымын "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру резервтері және зиянды өтеу резерві есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін және "Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры" акционерлік қоғамының комиссиялық сыйақыны алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы №199 қаулысымен (бұдан әрі - №199 Қаулы) белгіленген, Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 20 қыркүйекте № 17396 нөмірімен тіркелген сатып алуға рұқсат берілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкестігі;

      8) макроэкономикалық факторлардың өтімділікке, меншікті активтер мен кепілдік беру резервтерінің жеткіліктілігіне әсерін болжау;

      9) директорлар кеңесіне және басқармаға тоқсан сайынғы негізде тәуекелдерді басқару жүйесін бағалау және талдау жөніндегі есепті мынадай бағыттар бойынша беру:

      тәуекелдерді басқарудың ағымдағы жағдайы (тәуекелдерді азайту және жою бойынша жүргізілетін жұмыс);

      анықталған тәуекелдер және осы тәуекелдерді азайту жөніндегі іс-шаралар жоспары, сондай-ақ оларды азайту не болдырмау бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижелері;

      Қордың ағымдағы қызметін жүргізу процесінде туындауы мүмкін тәуекелдер және оларды төмендету және болдырмау жолдары;

      Қордың корпоративтік стратегиясын іске асырудың ағымдағы кезеңінде туындауы мүмкін тәуекелдерді бақылау және мониторингтеу және оларды барынша азайту мен болдырмау жолдары;

      тәуекелдерді басқару жүйесінің барабарлығы мен тиімділігі;

      есепті кезеңдегі қаржылық көрсеткіштердің қысқаша талдауы;

      тәуекелдер картасын бағалау және талдау;

      қолданылатын тестілеу рәсімдерінің және тәуекелдерді бағалау модельдерінің барабарлығы мен тиімділігі;

      тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) орындалған инвестициялық шешімдері мен ұсынымдары бойынша талдау;

      10) корпоративтік стратегияны және тәуекелдерді басқару жөніндегі ішкі саясатты түзету мақсатында басқармаға жылына кемінде бір рет ұсыну:

      барлық тәуекелдер, олардың ықтималдылық дәрежесі, Қордың әзірлік дәрежесі, оларды барынша азайту бойынша жүргізілген іс-шаралар, ден қою шаралары туралы сандық және сапалық деректерді ескере отырып, ұйымның ағымдағы жай-күйіне егжей-тегжейлі шолуды қамтитын есеп;

      Қор қызметінің қаржылық жай-күйі мен нәтижелеріне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Акционерлік қоғамдар туралы, Бағалы қағаздар нарығы туралы, Қордың қаржылық жай-күйіне, Қордың тәуекелдер картасына әсер етуге қабілетті актілеріндегі заңнамадағы өзгерістерге егжей-тегжейлі шолу жасалатын есеп;

      11) басқармаға және инвестициялық комитетке (инвестициялық комитеттерге) тоқсан сайынғы негізде мыналарға шолуды қамтитын есепті ұсыну:

      баға өзгерістерінің қаржы құралдарына, өтімділік көрсеткіштеріне, меншікті активтерге кепілдік беру резервтеріне әсерін, Қордың есеп саясатына сәйкес санаттар бойынша қаржы құралдарын жіктеуді (стресс-тестілер және қабылданған тәуекелдер деңгейінің тұрақты мониторингі шеңберінде);

      Қордың меншікті активтері және кепілдік беру резервтері қаражаты есебінен қалыптастырылған инвестициялық портфель (инвестициялық портфельдер) құрылымының № 199 Қаулыда белгіленген сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкестігі бойынша;

      19.Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) директорлар кеңесіне есеп береді.

      20. Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімше (тәуекел-менеджері) Қордың барлық алқалы органдарынан және қызметкерлерінен өз функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті кез келген құжаттар мен ақпаратты Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) сұратуында көрсетілген мерзімде алады.

      21. Қордың басшы қызметкерлері мен өзге де қызметкерлері тәуекелдерді бағалауға байланысты барлық қажетті ақпараттың Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшеге (тәуекел-менеджеріне) уақтылы және толық жеткізілуіне жауапты.

      22. Басқарма Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) жұмысын бағалауға қатыспайды. Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшені (тәуекел-менеджерін) бағалауды Директорлар кеңесі жүзеге асырады.

4-тарау. Ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру тәртібі

      23. Қордағы ішкі бақылау жүйесі мыналарды қамтамасыз ету мақсатында құрылады:

      1) Қор қызметінің операциялық және қаржылық тиімділігін қамтамасыз ету, бұл Қордың меншікті активтерін басқару тиімділігін және шығындардың ықтималдығын айқындауға кепілдік беру резервтері қаражатын тексеруді болжайды;

      2) қаржылық және басқарушылық есептіліктің сенімділігін, толықтығын және уақтылылығын қамтамасыз етеді, бұл дәйекті және сапалы қаржылық есептіліктің және Қор шешім қабылдаған кезде пайдаланатын басқа да қаржылық құжаттардың жасалуын тексеруді көздейді;

      3) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Сақтандыру төлемдеріне кепілдік беру қоры туралы, Қордың ішкі құжаттары және Қордың басқару органы мен Қордың атқарушы органының шешімдерінің талаптарын сақтау.

      24. Қордың ішкі бақылау жүйесі өзара байланысты бес құрауыштан тұратын тұрақты процесті білдіреді:

      1) басқарушылық бақылау;

      2) тәуекелдерді анықтау және бағалау;

      3) бақылауды жүзеге асыру және өкілеттіктерді бөлу;

      4) ақпараттық алмасу және өзара іс-қимыл;

      5) мониторинг (ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін бағалау) және бұзушылықтар мен сәйкессіздіктерді (кемшіліктерді) болдырмау.

      25. Ішкі бақылау жүйесінің жұмыс істеуі мынадай үш кезеңнің үздіксіз кезекпен өту принципі бойынша жүреді:

      1) рәсімдерді Қордың ішкі құжаттарына енгізу арқылы ішкі бақылау жүйесін (тиімділікті бағалауының нәтижелерін ескере отырып) қалыптастыру;

      2) жұмыста Қордың ішкі құжаттарын орындау;

      3) ішкі бақылау жүйесінің тиімділігіне бағалау жүргізу.

      26. Ішкі бақылау рәсімдері мыналар болып табылады:

      1) құрылымдық бөлімшелердің өздеріне жүктелген функциялары шеңберінде директорлар кеңесіне және басқармаға қаржы қызметінің жоспарлы көрсеткіштерін қоса бере отырып, қаржы қызметінің ағымдағы нәтижелері туралы есептерді ұсынуы арқылы Қордың корпоративтік стратегиясында қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу процесін тоқсан сайын тексеру;

      2) мүлікті мерзімді түгендеу, сондай-ақ қаржы құралдарын салыстырып тексеру;

      3) тәуекелдің белгіленген лимитінің сақталуын және анықталған сәйкессіздіктерді жою бойынша іс-шаралардың іске асырылуын тексеру;

      4) операция талаптарын және тәуекелдерді басқару үлгілерін қолдану нәтижелерін тексеру;

      5) жүргізілген операциялардың есепте және есептілікте уақтылы, дұрыс, толық және дәл көрсетілуін тексеру.

5-тарау. Ішкі аудит

      27. Директорлар кеңесі Қордың ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін қамтамасыз ету, ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың) функционалдық және ұйымдастырушылық тәуелсіздігін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) ішкі аудит саясатын бекітеді;

      2) ішкі аудит қызметі туралы ережені бекітеді;

      3) ішкі аудиттің жылдық жоспарын бекітеді;

      4) ішкі аудит қызметінің қызметкерлерін (ішкі аудиторды) тағайындайды;

      28. Ішкі аудит саясатына мыналар кіреді, бірақ бұлармен шектелмейді:

      1) ішкі аудиттің мақсаты мен міндеттері;

      2) ішкі аудит қызметі қызметкерлерінің (ішкі аудитор) кәсіби сапасына қойылатын талаптар, олардың өкілеттіктері мен жауапкершілігі;

      3) тәуекелдерді және ішкі бақылауды басқару, бағалау өлшемшарттарын көрсете отырып, корпоративтік басқару жүйелерін бағалау әдістемесі кіретін ішкі аудитті жүзеге асыру тәртібі мен рәсімдері;

      4) Қорда өзара іс-қимыл жасау және ақпарат алмасу тәртібі;

      5) ішкі аудит қызметінің бюджеті.

      29. Ішкі аудит саясатын әзірлеген кезде мына факторлар ескеріледі:

      Қордың стратегиясы;

      Қор қызметіне тән тәуекелдердің деңгейі мен тәуекелдері.

      30. Ішкі аудит мәселелері жөніндегі алқалы орган:

      1) ішкі аудит саясатын, ішкі аудит қызметі туралы ережені, ішкі аудиттің жылдық жоспарын және бағдарламасын әзірлеуді және келісуді қамтамасыз етеді;

      2) Қордың және оның қызметкерлерінің ішкі аудит саясаты сақтауына мониторинг және бақылау жүзеге асырады;

      3) ішкі аудитор үшін кандидатураны іріктеуді жүзеге асырады.

      31. Ішкі аудиттің мақсаттары ішкі аудит қызметі ішкі бақылау жүйесінің, тәуекелдерді басқару жүйесінің жағдайына, корпоративтік басқаруға және оларды жетілдіру бойынша ұсыныстарға объективті баға беру болып табылады.

      32. Ішкі аудит қызметі (ішкі аудитор) өз қызметінде Қордың жарғысын, Қордың ішкі бақылау жүйесін және ішкі аудит қызметін ұйымдастыру туралы ережелерді, сондай-ақ Қордың қызметін регламенттейтін басқа да ішкі құжаттарды басшылыққа алады.

      33. Ішкі аудит қызметі (ішкі аудитор) ішкі аудит жоспарын және ішкі аудит бағдарламасын жасайды.

      Ішкі аудит жоспары Қордың мақсаттарына сәйкес ішкі аудиттің басым бағыттарын айқындайтын тәуекелге бағдарланған тәсілге негізделеді.

      Ішкі аудит жоспарын іске асыру үшін ішкі аудит қызметінің басшысы бекітетін ішкі аудит бағдарламасы әзірленеді.

      34. Ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитор) міндеттеріне мына мәселелерді қарау және талқылау кіреді:

      1) ішкі бақылау жүйесінің жұмыс істеуі;

      2) директорлар кеңесі үшін ішкі аудит қызметінің жұмысы туралы есептілік дайындау;

      3) ағымдағы жылы ішкі және сыртқы аудиттен өтуі қажет қажет, Қор мәмілелеріндегі (операцияларындағы) тәуекел салалары;

      4) менеджментке ұсынылатын қаржылық ақпараттың анықтығы мен дәлдігі;

      5) сыртқы немесе ішкі аудиторлар анықтаған, бухгалтерлік есептегі немесе ішкі аудиттегі кез келген елеулі кемшіліктер.

      35. Ішкі аудит қызметінің негізгі функциялары мыналар болып табылады:

      1) ішкі аудит қызметінің саясатын, ережесін, бюджетін, қызмет жоспарын, аудиторлық қорытындыны, Қор қызметін бағалау критерийлерін әзірлеу және оларды директорлар кеңесінің бекітуіне ұсыну;

      2) ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін тексеру және бағалау, сондай-ақ ішкі бақылау жүйесін үнемі жетілдіруге жәрдем ету;

      3) Қордың тәуекелдерін бағалау әдіснамасының және ұйым тәуекелдерін басқару жүйесінің толық қолданылуын және тиімділігін тексеру;

      4) бөлімшелердің қызметін тексеру және оның нәтижелері бойынша директорлар кеңесіне есеп беру;

      5) Қор бөлімшелерінің уәкілетті органға, басшылыққа және басқа да мүдделі тараптарға тиісті есептік немесе сұратылған ақпаратты ұсынуының анықтығын, толық ашылуын, объективтілігін, уақтылығын тексеру;

      6) аудит (ішкі, сыртқы) процестерінің тиімділігі мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету;

      7) ішкі аудиттің халықаралық кәсіптік стандарттарына және Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, акционерлік қоғамдар туралы, бағалы қағаздар нарығы туралы, заңнамасының талаптарына сәйкес келетін бақылау ортасын бекітілген жоспарға сәйкес тұрақты тексерулер жүргізу арқылы қалыптастыру;

      8) бухгалтерлік есеп жүргізуді бақылау;

      9) ішкі аудитті жетілдіру бойынша директорлар кеңесіне ұсыныстар беру;

      10) активтер мен міндеттемелерді басқару бөлігінде қабылданған басқарушылық шешімдерді орындаудың тиімділігін бағалау;

      11) ұйым қызметінің қаржылық есептілікте уақтылы, дұрыс, толық және дәл көрсетілуін және оның халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес келуін тексеру;

      12) ақпаратты талдау, оның ішінде:

      өткен кезеңмен және жоспарланған қаржылық көрсеткіштермен салыстырғанда қаржылық есептілік;

      баланстық және нарықтық құнын, кірістілігін және сатып алудың (сатудың) жалпы сомасын көрсете отырып, инвестициялық портфельдер бойынша қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялар туралы есеп;

      13) корпоративтік басқару, ұйымның операциялық қызметі және оның ақпараттық жүйелері саласындағы тәуекелдерді бақылаудың барабарлығы мен тиімділігін бағалау;

      14) ұйымның ішкі құжаттарында көзделген ішкі аудит қызметінің құзыреті шеңберінде өзге де функциялар кіреді.

      36. Ішкі аудит қызметі (ішкі аудитор) өз функцияларын жүзеге асыру үшін қажетті, оның ішінде жергілікті есептеу желілерінде және автономды компьютер желілерінде тұрған барлық материалдарға, мәліметтерге, құжаттарға (файлдарға) ақпаратқа оларға өзгерістер енгізу құқығынсыз шектеусіз кіру рұқсатына ие.

      37. Қор Басқармасының ішкі аудит қызметіне араласуына және ішкі аудитті тексеру нәтижелеріне түзетулер енгізуге жол берілмейді.

      38. Басқарма ішкі аудит қызметінің (ішкі аудитордың) жұмысын бағалауға қатыспайды. Ішкі аудит қызметін (ішкі аудиторды) бағалауды директорлар кеңесі жүзеге асырады.

      39. Ішкі аудит қызметінің басшысы (ішкі аудитор):

      1) ішкі аудит бағдарламасын бекітеді;

      2) ішкі аудиттің ұйымдық тәуелсіздігі мен объективтілігі фактісін директорлар кеңесіне жылына кемінде бір рет растайды;

      3) ішкі аудит қызметінің тәуелсіздігін бұзу фактілері (мүдделер қайшылығының туындауы, ұйымның материалдарына, мәліметтеріне, құжаттарына (файлдарына) кіру өкілеттіктерін шектеу) туралы ақпаратты директорлар кеңесіне жеткізеді;

      4) аудиторлық тексеруді жүргізу басталғанға дейін бір айдан кешіктірмей басшы қызметкерлерден мыналар:

      қаржылық есептілікті айтарлықтай бұрмалау тәуекелін бағалау нәтижелерін толық ашу;

      ішкі бақылау жүйесінде маңызды рөл атқаратын қызметкерлер (оның ішінде жұмыстан босатылған) және қаржылық есептілікке маңызды ықпал етуі мүмкін басқа да тұлғалар тарапынан алаяқтық іс-қимылдар немесе алаяқтыққа күдік туғызатын жайттар туралы ақпаратты ашу туралы жазбаша өтініш сұратады.

      40. Ішкі аудит қызметінің қызметкерлері (ішкі аудитор) күн сайынғы жұмыс барысында:

      1) Қазақстан Республикасының сақтандыру және сақтандыру қызметі туралы, Акционерлік қоғамдар туралы, Бағалы қағаздар рыногы туралы заңнамасының және Қордың ішкі құжаттарының талаптарын сақтайды (сақтайды);

      2) ішкі аудиттің халықаралық кәсіптік стандарттарын басшылыққа алады;

      3) алаяқтық нәтижесінде есептіліктің бұрмалануын анықтайды;

      4) аудиторлық шешімдер мен дәлелдемелерді құжаттайды;

      5) өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың құпиялылығын сақтайды;

      6) алынған аудиторлық дәлелдемелерді бағалау барысында мәмілелерді (операцияларды) алаяқтық мәніне және Қордың негізгі мақсатына сәйкес келмейтін тексеру рәсімдерін орындайды;

      7) аудиторлық дәлелдемелердің сенімділігін бағалау қағидаттарын басшылыққа алады:

      сыртқы ресми дереккөздерден алынған дәлелдемелер ішкі дереккөздерден алынғандарға қарағанда сенімдірек;

      егер бухгалтерлік есепті және ішкі бақылауды жүргізу тиімді болса, ішкі дереккөздерден алынған дәлелдердемелер неғұрлым сенімді;

      аудиторлар жинаған дәлелддемелер құрылымдық бөлімшелер берген дәлелдемелерге қарағанда сенімдірек;

      құжаттар және жазбаша өтініштер нысанындағы дәлелдемелер ауызша нысанда ұсынылған өтініштерге қарағанда сенімдірек.

      Дәлелдер бір-біріне қайшы келген кезде ішкі аудит қызметі істің дәйектілігін анықтау мақсатында қосымша рәсімдер жүргізеді.

      41. Ішкі аудит қызметінің басшысы мен қызметкерлері (ішкі аудитор) бір мезгілде өзге құрылымдық бөлімшелердің басшысы және (немесе) қызметкерлері (қызметкері), сондай-ақ алқалы органдардың мүшелері (мүшесі) бола алмайды.

      42. Ұйымның қызметкерлері ішкі аудит қызметіне мынадай мәмілелер (операциялар) туралы хабарлайды:

      1) қолма-қол нысанда төленетін, 1 (бір) миллион теңгеден астам сомаға кез келген мәмілелерді (операцияларды);

      2) олардың заңдылығына күмән туғызатын басқа да мәмілелерді (операцияларды).

  "Сақтандыру төлемдеріне
кепілдік беру қоры" акционерлік
қоғамындағы тәуекелдерді
басқару және ішкі бақылау
жүйесіне қойылатын талаптарға
1-қосымша

Тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесінің ішкі құжаттарына қойылатын талаптар

      1. Ішкі құжаттарда қамтылатын ақпарат көлемі дұрыс және Қордың қызметін бағалау және директорлар кеңесінің, алқалы органдардың, басқарманың және басшы қызметкерлердің тиімді шешімдер қабылдауы үшін жеткілікті болуға тиіс.

      2. Директорлар кеңесі тәуекелдерді тиімді басқару және ішкі бақылау мақсатында мынадай ішкі құжаттарды:

      1) корпоративтік стратегияны;

      2) Қордың ұйымдық-функционалдық құрылымы туралы ережені;

      3) басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақы есептеу, сондай-ақ материалдық көтермелеудің басқа да түрлері жөніндегі ішкі саясатты;

      4) есеп саясатты;

      5) басқарушылық есептілікті ұсыну мерзімдері мен нысандары туралы ережені бекітеді.

      3. Корпоративтік стратегияны басқарма әзірлейді және:

      1) Қордың қысқа мерзімді (бір жылға дейін), орта мерзімді (1 (бір) жылдан 3 (үш) жылға дейін) және ұзақ мерзімді (3 (үш) жылдан астам) мақсаттарын айқындайды;

      2) Мыналарды:

      Қордың негізгі мақсаттары және қызмет бағыты;

      Қор қызметінің қаржылық және өзге де көрсеткіштерінің болжамды мәндері;

      Қор қызметінің болжамды көрсеткіштеріне қатысты өзге де мәселелерді қамтиды.

      4. Қордың ұйымдық-функционалдық құрылымы туралы ережені басқарма әзірлейді және ол мыналарды қамтиды:

      1) алқалы органдардың, басқарудың, ішкі аудит қызметінің, басшы қызметкерлердің құрылымы, өкілеттіктері;

      2) қызметкерлерге қойылатын біліктілік талаптары;

      3) өзара іс-қимыл және есептілік тәртібі;

      4) ішкі аудит қызметінің, Тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің (тәуекел-менеджерінің) қызметкерлеріне басқа бөлімшелердің функцияларын жүктеуге жол бермеу;

      5) Басқарма, құрылымдық бөлімшелер және қызметкерлер қызметінің тиімділігін бағалау өлшемшарттары, оның ішінде оларға жүктелген функциялар мен міндеттерді орындамағаны (тиісінше, уақтылы орындамағаны) үшін шаралар қолдану тәртібі.

      5. Басшы қызметкерлерге еңбекақы төлеу, ақшалай сыйақы есептеу, сондай-ақ материалдық тұрғыдан ынталандырудың басқа да түрлері жөніндегі ішкі саясатты (қағидаларды) басқарма әзірлейді және:

      1) директорлар кеңесі, басқарма мүшелерінің, өзге де басшы қызметкерлердің лауазымына кандидаттарды іріктеудің, сыйақы мөлшерін айқындаудың қағидаттарын, өлшемдерін;

      2) сыйақылардың түрлерін, құрауыштары, жүзеге асыру негіздерін (тіркелген сыйақы мөлшері, сыйақылардың, өтемақы төлемдерінің басқа да түрлері);

      3) басшы қызметкерлердің жұмысын бағалау және сыйақыларды қолдану өлшемдерін;

      4) жүргізілген сыйақылар мен басқа да өтемақы төлемдері бөлігінде бюджетті игеруге, басшы қызметкерлердің уәкілетті органның біліктілік талаптарына және лауазымдық нұсқаулық талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге қатысты директорлар кеңесіне берілетін басқарма есебінің нысаны мен кезеңділігін;

      5) Қордың кадрлық саясатына қатысты өзге де мәселелерді регламенттейді.

      6. Есеп саясаты:

      1) оны басқарма халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына, Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік заңнамасына сәйкес әзірлейді;

      2) ол бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілікті жасаудың қағидаттарын, негіздерін, шарттарын, қағидалары мен тәжірибесін қамтиды;

      3) кірістерді (шығыстарды) динамикасы бойынша ай сайынғы салыстырып тексеруге жауапты бөлімшені айқындайды;

      4) регламенттейді:

      тәуекелді бағалау моделі және ағымдағы бағаларды нарықтық бағаларға келтіру негізінде қаржы құралдарының құнын бағалауға қойылатын талаптарды;

      халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қаржы құралының нарықтық құны болмаған кезде қаржы құралының құнсыздануына тестілерді жүзеге асыру әдістемесін;

      қаржылық активтерді есепке алу және бағалауға қатысты өзге де мәселелерді.

      7. Басқарушылық есептілікті ұсыну мерзімдері мен нысандары туралы ережені басқарма әзірлейді және басқарманың инвестициялық комитеттің (инвестициялық комитеттердің) және тәуекелдерді басқару жөніндегі бөлімшенің директорлар кеңесіне және Қор акционерлеріне басқарушылық есептілікті ұсыну тәртібін регламенттейді, ол мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      қаржылық есептілік (оның ішінде өткен жылдардың алдыңғы кезеңімен салыстырғанда және қызметтің жоспарланған көрсеткіштері);

      инвестициялар туралы есептер (баланстық және нарықтық құнын, кірістілігін, сатып алу мен сатудың жалпы сомасын көрсете отырып, қаржы құралдарының түрлері бойынша);

      активтер мен міндеттемелер көлемін салыстыру туралы есеп;

      Қор тәуекелінің картасын талдау;

      Қордың директорлар кеңесі мен акционерлерінің талап етуі бойынша өзге де есептілік.