"Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 382 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің м.а. 2022 жылғы 16 тамыздағы № 241 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 17 тамызда № 29162 болып тіркелді.

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы № 382 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25801 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялау қағидаларында:

      3-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) санитариялық-гигиеналық торап (бұдан әрі – СГТ) – туристер үшін тартымды аумақтарда және (немесе) оларға баратын автомобиль жолдарының бойында, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан немесе жол бойындағы сервис объектісіне кіретін абаттандырылған жеке тұрған стационарлық немесе жылжымалы құрылыс (унитаздармен, раковиналармен, желдету, жарықтандыру жүйелерімен және жеке гигиена құралдарымен жабдықталған мүгедектерге қолжетімді ерлер мен әйелдерге арналған жеке кабиналары бар абаттандырылған дәретхана);";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Субсидиялауды алу үшін СГТ орналасқан жердегі кәсіпкерлік субъектісі күнтізбелік жыл ішінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органына (бұдан әрі – ЖАО) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіпкерлік субъектілерінің санитариялық-гигиеналық тораптарды күтіп-ұстауға арналған шығындарының бір бөлігін субсидиялауға арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) қағаз немесе электрондық нысанда пошта арқылы не қолма-қол тиісті күнтізбелік жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап 1 желтоқсанына дейін ұсынады.";

      5-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) мәлімделген СГТ және оның орналасқан жерінің фото- және бейнетіркеу материалдары.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Комиссия құжаттар топтамасы келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде олардың осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкестігін қарайды және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:

      1) осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес келген кезде кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін субсидиялау туралы;

      2) осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес келмеген кезде кәсіпкерлік субъектісіне шығындардың бір бөлігін субсидиялаудан бас тарту туралы.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Комиссияның кәсіпкерлік субъектісіне субсидиялау туралы шешімінің негізінде ЖАО оны күтіп-ұстауға субсидиялау жүзеге асырылатын СГТ тізбесінің жобасына (бұдан әрі – жоба) 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша енгізеді және бес жұмыс күні ішінде оны уәкілетті органға келісуге жібереді.

      Уәкілетті орган жобаны ол келіп түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде келіседі.

      Жобаны келіскеннен кейін ЖАО әкімдік қаулысымен күтіп-ұстауға субсидиялау жүзеге асырылатын СГТ тізбесін (бұдан әрі – тізбе) бекітеді.

      Бекітілген тізбе тиісті күнтізбелік жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданылады.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. ЖАО өтінімде көрсетілген екінші деңгейдегі банкте ашылған тізбеге кіретін, СГТ кіретін кәсіпкерлік субъектісінің есептік шотына ай сайын келесі айдың оныншы күніне дейінгі мерзімде 83 300 (сексен үш мың үш жүз) теңге мөлшерінде субсидиялау сомасын тізбеде көрсетілген субсидиялау мерзімі ішінде аударуды жүзеге асырады.";

      қосымшада:

      оң жақ жоғарғы бұрыш мынадай редакцияда жазылсын:

  "Кәсіпкерлік субъектілерінің
санитариялық-гигиеналық
тораптарды күтіп-ұстауға
арналған шығындарының бір
бөлігін субсидиялау
қағидаларына
1-қосымша";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Санитарлық-гигиеналық торап туралы мәліметтер:

      сипаттамасы _________________________

      санитарлық-гигиеналық тораптың орналасқан мекен-жайы ____________

      субсидиялау мерзімі ________________.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 2-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
міндетін атқарушы
Н. Дауешов
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

  министрдің міндетін атқарушы
2022 жылғы 16 тамыздағы
№ 241 бұйрығына
қосымша
Кәсіпкерлік субъектілерінің
санитариялық-гигиеналық
тораптарды күтіп-ұстауға
арналған шығындарының бір
бөлігін субсидиялау
қағидаларына
2-қосымша
Нысан

Күтіп-ұстауға субсидиялау жүзеге асырылатын санитариялық-гигиеналық тораптардың тізбесі

Кәсіпкерлік субъектісі (жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)/заңды тұлғаның атауы)

Санитарлық-гигиеналық тораптардың орналасуы (облыс, қала / аудан (ауыл), көше, үй)

Санитарлық-гигиеналық тораптардың географиялық координаттары

Субсидиялау мерзімі*

Санитариялық-гигиеналық тораптардың аумақтық тиесілігі**

Пайдалануға берілген күні







      Ескертпе:

      *күнтізбелік жыл ішіндегі субсидиялау кезеңі көрсетіледі.

      ** санитариялық-гигиеналық торап орналасқан аумақтар (туристер үшін тартымды аумақтар, туристер үшін тартымды аумақтарға баратын жолдағы автомобиль жолдарының бойында орналасқан, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, жол бойындағы сервис объектісінің құрамында).