"Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 2 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2022 жылғы 8 тамыздағы № 48/қе бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 9 тамызда № 29061 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2016 жылғы 13 қаңтардағы № 2 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13104 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 10-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бектілген Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ресми интернет-ресурстарына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықпен Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері таныстырылсын.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасы
Е. Сагимбаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық қауіпсіздік
комитеті Төрағасының
2022 жылғы 8 тамыздағы
№ 48/қе бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы Ұлттық
қауіпсіздік комитеті
Төрағасының
2016 жылғы 13 қаңтардағы
№ 2 бұйрығына
бекітілген

Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асырып жатқан Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери, арнаулы оқу орындарына оқуға қабылдау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 5-1-бабының 9) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 10-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының азаматтарын (бұдан әрі – азаматтар) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша әскери, арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ҰҚО ЖОО) оқуға қабылдау тәртібін белгілейді.

      2. ҰҚО ЖОО "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-1-бабының 16) тармақшасына сәйкес жоғары білім және жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша білім алушыларды қабылдауды жүзеге асырады.

      3. ҰҚО ЖОО-ға оқуға азаматтарды қабылдау тәртібі:

      1) кадрларға қажеттілікті анықтауды;

      2) ҰҚО ЖОО-ға қабылданатын азаматтарды іріктеуді, зерделеуді және тексеруді;

      3) ҰҚО ЖОО-ға оқуға азаматтарды қабылдау бойынша конкурстық іріктеуді көздейді.

2-тарау. ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдау тәртібі 1-параграф. ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттарды іріктеу тәртібі

      4. ҰҚО ЖОО-да жоғары білім және жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша кадрларды дайындау кадрларға қажеттіліктің және Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (бұдан әрі – ҰҚК) Кадрлар департаменті әзірлейтін және оқу жылының алдындағы жылдың 1 қарашасына дейін ҰҚК Төрағасы бекітетін тәртіптеменің (бұдан әрі – тәртіптеме) негізінде жүзеге асырылады.

      5. Тәртіптеме бекітілгеннен кейін ҰҚК органдарының кадр бөлімшелері:

      1)  өтініш беру мерзімдері туралы бұқаралық ақпарат құралдарына, ақпараттық стендтерде, оның ішінде ҰҚК ресми интернет-ресурсына хабарландырулар, сондай-ақ осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес қосымша тұрғылықты жері, оқу және жұмыс (қызмет) орындары бойынша ҰҚО-ға ұсынылатын құжаттар тізбесін орналастыру ұйымдастырады;

      2) оқуға кандидаттарды олардың тұрғылықты, оқу немесе жұмыс (қызмет) ету орны бойынша кәсіби жарамдылығы, іріктеу және арнайы тексеру жөніндегі жұмыстарды жүргізеді.

      6. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ҰҚК ЖОО-ға:

      1) орта немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, әскери қызмет өткермеген, оқуға түсетін жылы он жеті жасқа толған, бірақ жиырма бір жастан аспаған азаматтар;

      2) оқуға түсетін жылы жиырма төрт жасқа толмаған, әскери қызмет не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткерген азаматтар және мерзімді әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер;

      3) оқуға түсетін жылы жиырма бес жасқа толмаған, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеріп жүрген әскери қызметшілер не арнаулы мемлекеттік органдарда қызмет өткеріп жүрген қызметкерлер қабылданады.

      7. Жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға Заңның 10-бабы 1-тармағы 2) тармақшасымен көзделген талаптарға сай келетін, сондай-ақ:

      1) қажетті жеке, моральдық және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы және дене шынықтыру бойынша дайындығы бар;

      2) оқу жетістіктерін бағалаудың балл-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес жоғары білімінің орташа балы 2,67 (В-)-ден төмен емес (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша 4 балдан төмен емес) азаматтар қабылданады.

      Кандидатта санаулы бағыттағы мамандығы, оның ішінде техникалық бейіні болған кезде алған жоғары білімі бойынша орта балды оқу жетістіктерін бағалаудың балл-рейтингтік әріптік жүйесіне сәйкес (дәстүрлі бағалау шкаласы бойынша 3 балдан төмен емес) 1,0 (D-)-ға дейін төмендетуге жол беріледі.

      8. Жоғары білім және жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға кандидаттардың жасы ҰҚО ЖОО-ға қабылдау күні анықталады.

      9. ҰҚО ЖОО-ға түсуге кандидаттар оқуға қабылдау жылына дейінгі жылдың 1 қарашасына дейін тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны бойынша ҰҚК органдарына оқу тілін көрсете отырып, өтініш (баянат) жазады және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес құжаттарды тапсырады.

      10. Оқуға кандидаттар "Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында әскери-дәрігерлік сараптама өткізу қағидаларын және Қазақстан Республикасы ұлттық қауіпсіздік органдарының әскери-дәрігерлік сараптама органдары туралы ережелерді бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 2014 жылғы 31 желтоқсандағы № 437/ҚБП бұйрығына (бұдан әрі – ӘДС өткізу қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10328 болып тіркелген) сәйкес олардың тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны бойынша әскери-дәрігерлік комиссияларда, психофизиологиялық және медициналық куәландырудан, сондай-ақ полиграфологиялық зерттеуден өтеді.

      11. ҰҚК органдарының кадр бөлімшелері ҰҚО ЖОО-ға жоғары білімнің және жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсуге кандидаттардың жинақталған жеке істерін оқуға түсетін жылдың 20 мамырына дейін ұсынады.

      ҰҚК Кадрлар департаментінің қызметкерлері тексеретін ҰҚК Шекара академиясына қабылданатын азаматтардың арнайы тексеру материалдарын қоспағанда, ҰҚО ЖОО-ға түскен кандидаттардың жеке істерін конкурстық іріктеу басталғанға дейін ҰҚО ЖОО-ның кадр бөлімшелері Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген талаптарға сәйкестігін тексереді.

2-параграф. ҰҚО ЖОО-ға қабылдау тәртібі

      12. ҰҚК Кадрлар департаменті оқуға түсетін жылдың 10 маусымына дейін оқуға түсетін кандидаттарға ҰҚО ЖОО-ға қабылдау мерзімі туралы ҰҚК органдарының кадр бөлімшелері арқылы хабарлайды.

      13. ҰҚО ЖОО-ға қабылдау конкурстық негізде жүзеге асырылады және медициналық сараптамадан өту мен соңғы кәсіби іріктеуден тұрады.

      14. Кандидаттарды медициналық куәландыру, әскери-дәрігерлік комиссияның (бұдан әрі – ӘДК) өкілеттігі мен құрамы ӘДС өткізу қағидаларына сәйкес анықталады.

      15. Соңғы кәсіби іріктеу медициналық куәландыруды қоспағанда осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген іс-шаралардан тұрады.

      16. Кандидаттарды түпкілікті кәсіби іріктеу ҰҚО ЖОО-да жүргізіледі.

      Тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктерде (жекелеген объектілерде) төтенше жағдай, шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген, төтенше жағдайлар жарияланған жағдайларда кандидаттардың соңғы кәсіби іріктеуі ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдана отырып, қашықтық форматында жүргізіледі.

      17. Конкурстық іріктеуді өткізу үшін ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдау алдында бір ай бұрын ҰҚК Төрағасының бұйрығымен (ҰҚО ЖОО-ның әр қайсысына жеке):

      уақытша әрекет ететін штаттан тыс ӘДК;

      ұйымдастыру-техникалық комиссиялар;

      қабылдау комиссиялары;

      апелляциялық комиссиялар құрылады және бекітіледі.

      18. Комиссия мүшесі (мүшелері), егер ол:

      1) комиссия мүшесі ретінде басқа комиссия құрамында болса;

      2) конкурсқа қатысатын кандидаттарының біреуіне туыс, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болып табылса, комиссия жұмысына қатыса алмайды (қатысады) және бас тартуға (өздігінен бас тартуға) жатады.

      Өздігінен бас тарту болмаса, комиссия мүшелері немесе кандидат қарсылық білдіреді.

      19. Өздігінен бас тарту және қарсылық білдіру комиссия жұмысына дейін де, комиссия жұмысының барысында да жасалады.

      20. Комиссия мүшесінің өздігінен бас тартуы (қарсылық білдіруі) туралы шешімді мәжіліске қатысатын оның мүшелерінің көпшілік дауысымен жазбаша түрде комиссия қабылдайды және комиссия мүшесінің қатысуымен оқылады.

      Қарсылық білдіруден бас тарту немесе қанағаттандыру туралы шешім шағымдануға жатпайды.

      21. Ұйымдастыру-техникалық, қабылдау және апелляциялық комиссиялар құрамына бөлімшелер мен ҰҚК органдарының (ЖОО) басшылары, ҰҚК заң, кадрлар, жеке қауіпсіздік, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшерлерінің және мақсатты оқуға тапсырыс беруші болып табылатын ҰҚК органдарының қызметкерлері (әскери қызметшілері) кіреді.

      22. ҰҚО ЖОО-ға түсу үшін конкурстық іріктеуге қатысатын кандидаттар келген кезде қабылдау комиссиясына осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес құжаттарды тапсырады.

      Қабылдау комиссиясына құжаттарды тапсырмаған кандидаттар қабылдауға қатыспайды.

      23. ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттар соңғы кәсіби іріктеуден:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша – кәсіби жарамдылығын және дене шынықтыру дайындығын, "Құқық негіздері" пәні бойынша білімі мен жазбаша дағдыларын тексеруден;

      2) жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша – кәсіби жарамдылығын, дене шынықтыру дайындығын тексеру, саясаттану бойынша білімдерін және жазбаша дағдыларын тексеруден өтеді.

      ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттарды соңғы іріктеуден өткізу барысында кандидаттардың жеке деректері мен жұмыстарына сәйкестендіру нөмірі берілу арқылы шифрлау қолданылады.

      24. Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы төраға, төраға орынбасары, хатшы және комиссияның бес мүшесінен кем болмайтын құрамнан тұрады.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы хатшысының дауыс беру құқығы жоқ және ол комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы:

      1) соңғы кәсіби іріктеуге қатысуға рұқсат етілген оқуға түсетін кандидаттардың тізімдерін бекітеді;

      2) кандидаттарды соңғы кәсіби іріктеуден өткізу алгоритмін дайындайды;

      3) соңғы кәсіби іріктеуді ұйымдастырады және өткізеді;

      4) конкурс тізімдері мен кандидаттарды оқуға қабылдау туралы бұйрық жобасын әзірлейді;

      5) оқуға түсетін кандидаттарды іріктеу мен тексеру жөніндегі жұмыстарды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді.

      25. Ұйымдастыру-техникалық комиссиясының төрағасы ҰҚК органдарының бастықтары (бастықтарының орынбасарлары) қатарынан тағайындалады.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы төрағасының орынбасары ҰҚО ЖОО немесе ҰҚК органдары бастықтарының орынбасарлары қатарынан тағайындалады.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясы төрағасының орынбасары ұйымдастыру-техникалық комиссиясы мүшелері мен хатшысының қызметін ұйымдастырады және бақылайды.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясының хатшысы ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) қатарынан тағайындалады.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясының хатшысы ұйымдастыру-техникалық комиссиясына жүктелген функцияларды жүзеге асыру бойынша құжаттарды, отырыс материалдарын, сондай-ақ комиссия жұмысының есеп жобасын дайындайды.

      26. Ұйымдастыру-техникалық комиссиясының шешімі бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған кезде көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен рәсімделеді, оған ұйымдастыру-техникалық комиссиясының барлық мүшелері қол қояды. Дауыстар тең болған жағдайда ұйымдастыру-техникалық комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Комиссия мүшелері өздерінің ерекше пікірлерін жазбаша баяндауы және оны хаттамаға енгізуі мүмкін, ол туралы соңғысында белгі жасалады.

      Ұйымдастыру-техникалық комиссиясының отырысы қабылдау комиссиясының төрағасы бекіткен жұмыс жоспарына сәйкес, сондай-ақ ұйымдастыру-техникалық комиссиясы төрағасының шешімімен жүзеге асырылады.

      27. Қабылдау комиссиясы төраға, екі орынбасары, хатшы және комиссияның бес мүшесінен кем болмайтын ҰҚО басшылық құрамы қатарынан құрылады.

      Қабылдау комиссиясы мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Қабылдау комиссиясы хатшысының дауыс беру құқығы жоқ және ол комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Қабылдау комиссиясы:

      1) ӘДК нәтижелерін қарастырады;

      2) апелляциялық комиссия шешімін іске асырады;

      3) ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттарды қабылдау немесе бас тарту туралы шешім қабылдайды;

      4) кандидаттарды оқуға қабылдау үшін конкурстық іріктеудің қорытындыларына талдау жүргізеді және осы жұмысты одан әрі жетілдіру бойынша шаралар әзірлейді.

      28. Қабылдау комиссиясының төрағасы болып ҰҚК Төрағасы орынбасарларының бірі тағайындалады.

      Қабылдау комиссиясы төрағасының орынбасарлары ҰҚК органдары және ҰҚО ЖОО-ның бастықтары қатарынан тағайындалады.

      Қабылдау комиссиясының хатшысы болып ҰҚО ЖОО кадр бөлімшелерінің қызметкерлерінің (әскери қызметшілерінің) бірі тағайындалады.

      Қабылдау комиссиясының мүшелері болып ҰҚК органдарының және ҰҚО ЖОО басшылық құрамынан тағайындалады.

      29. Қабылдау комиссиясы жыл сайын құрылады және ҰҚО ЖОО-ның конкурстық іріктеу өткізу кезеңінде қызмет етеді.

      Қабылдау комиссиясының жұмысын ұйымдастыру комиссия төрағасы орынбасарларының біріне, ал іс қағаздарын жүргізу комиссияның хатшысына жүктеледі.

      30. Кандидаттарды ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдау туралы қабылдау комиссиясының шешімі хаттамамен рәсімделеді және бекітілген мүшелерінің кемінде үштен екісі болған кезде көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда қабылдау комиссиясы төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Комиссия мүшелері өздерінің ерекше пікірлерін жазбаша баяндауы және оны хаттамаға енгізуі мүмкін, ол туралы соңғысында белгі жасалады.

      Қабылдау комиссиясының хаттамасы негізінде ҰҚО ЖОО-ның бастықтары кандидаттарды оқуға қабылдау туралы бұйрық шығарады.

      31. Кандидаттарды ҰҚО ЖОО-ға оқуға қабылдауды қызметкерлерді (әскери қызметшілерді) дайындау курстары бойынша ҰҚК ЖОО-ның басшылары бөлек жүргізеді.

      32. Конкурстық іріктеу нәтижелерімен келіспеген кандидаттар конкурстық іріктеу нәтижелері жарияланғаннан кейін келесі күні сағат 13:00-ге дейін апелляциялық комиссияға апелляциялық комиссия төрағасының атына өтініш ұсынады, апелляциялық комиссия оны бір тәулік жұмыс күні ішінде қарайды.

      Егер өтініш ұсыну және (немесе) қарау күні жұмыс істемейтін күнге сәйкес келсе, өтініш ұсыну және (немесе) қарау уақыты жақын келесі жұмыс күніне ауыстырылады.

      33. Апелляциялық комиссия төраға, төраға орынбасары, хатшы және комиссияның бес мүшесінен кем болмайтын құрамнан құрылады.

      Апелляциялық комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Апелляциялық комиссия хатшысының дауыс беру құқығы жоқ және комиссия мүшесі болып табылмайды.

      Апелляциялық комиссия конкурстық іріктеудің шешімімен келіспеген кандидаттардың өтініштерін қабылдайды және қарастырады.

      34. Апелляциялық комиссияның төрағасы ҰҚК Төрағасы орынбасарларының бірі тағайындалады.

      Апелляциялық комиссия төрағасының орынбасары ҰҚК органдары бастықтарының қатарынан тағайындалады.

      Апелляциялық комиссия төрағасының орынбасары апеляциялық комиссия мүшелері мен хатшысының қызметін ұйымдастырады және бақылайды.

      Апелляциялық комиссияның хатшысы ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) қатарынан тағайындалады.

      Апелляциялық комиссия хатшысы апелляциялық комиссияға жүктелген функцияларды жүзеге асыру бойынша құжаттарды, отырыс материалдарын, сондай-ақ, комиссия жұмысының есеп жобасын дайындайды.

      35. Апелляциялық комиссияның шешімі бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған кезде көпшілік дауыспен қабылданады және хаттамамен рәсімделеді, оған апелляциялық комиссияның барлық мүшелері қол қояды. Дауыстар тең болған жағдайда апелляциялық комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Комиссия мүшелері өздерінің ерекше пікірлерін жазбаша баяндауы және оны хаттамаға енгізуі мүмкін, ол туралы соңғысында белгі жасалады.

      Апелляциялық комиссияның жұмысы төраға және барлық комиссия мүшелері қол қойған хаттамамен ресімделеді.

      36. Соңғы кәсіби іріктеу өткізу үшін ҰҚО ЖОО бастықтарының бұйрықтарымен:

      1) кандидаттардың кәсіби жарамдылығын бағалау бойынша сараптамалық комиссиялардан;

      2) дене шынықтыру дайындығы, "Құқық негіздері" пәні бойынша білімі, саясаттану, сондай-ақ жазбаша дағдылары (эссе) бойынша пәндік комиссиялардан тұратын арнайы комиссиялар құрылады.

      37. Арнайы комиссиялар:

      1) кандидаттардың жазбаша дағдылары (эссе) бойынша шифрланған емтихан жұмыстарын қарастыруға алады;

      2) кандидаттардың кәсіби жарамдылығын, дене шынықтыру дайындығы бойынша нормативін, "Құқық негіздері" пәні бойынша ауызшы емтихандарды, саясаттану, сондай-ақ жазбаша дағдыларын (эссе) тексеру және бағалауды жүзеге асырады;

      3) емтихан ведомостарын қабылдау комиссиясына жинақтайды және жібереді.

      38. Кандидаттың оқуға кәсіби жарамдылығын бағалау қызметтік іс-қимылдың жоспарланып отырған учаскесіне (бағытына) сәйкес келу дәрежесін анықтауға бағытталған және арнайы (сараптамалық) комиссия ассесмент-орталық технологияларын пайдалана отырып жүзеге асырады.

      Комиссия құрамына үш адамнан кем болмайтын, қызмет іс-қимылының бағыттары бойынша бес жылдан кем емес жұмыс тәжірибесі, салалық білімі бар ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) енеді.

      39. Кандидаттардың дене шынықтыру дайындық деңгейін осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес ҰҚО ЖОО-ға оқуға түсетін кандидаттардың дене шынықтыру дайындығын бағалау нормативтеріне сәйкес арнайы (пәндік) комиссия бағалайды.

      Комиссия құрамына үш адамнан кем болмайтын, міндеттеріне дене шынықтыру дайындығын ұйымдастыру мен жүргізу енетін ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) енеді.

      Дене шынықтыру нормативтерін тапсырар алдында арнайы комиссия (пәндік) мүшелері кандидаттарды жаттығуларды жасау барысында қауіпсіздік техникасын сақтау жөніндегі шаралармен қол қойғыза отырып таныстырады.

      Әрбір дене жаттығуын тапсыру нәтижелерін арнайы комиссия (пәндік) мүшелері жеке ведомоске тіркейді және кандидатқа қол қойғыза отырып жеткізеді.

      40. "Құқық негіздері" пәні немесе саясаттану бойынша білім ауызша емтихан түрінде тексеріледі және арнайы (пәндік) комиссия осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес бағалайды.

      Комиссия құрамына үш адамнан кем болмайтын, жоғары филологиялық білімі бар ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) енеді.

      41. Жазбаша дағдылар жазба жұмысты (эссе) орындау түрінде тексеріледі және арнайы (пәндік) комиссия осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес бағалайды.

      Комиссия құрамына үш адамнан кем болмайтын, жоғары заң білімі немесе әлеуметтік (саясаттану) білімі бар ҰҚО қызметкерлері (әскери қызметшілері) енеді.

      42. Соңғы кәсіби іріктеуден өту кезінде кандидаттың: өзімен бірге қабылдайтын-тарататын электронды құралдарды, оқу материалдарын, шпаргалкаларды, сондай-ақ іс-шараның өткізілу барысына кедергі келтіретін іс-қимылдарды жасауына рұқсат берілмейді.

      43. Қабылдау тәртібі туралы ақпарат, ҰҚО ЖОО қабылдау комиссиясының оқуға қабылдау мәселелері және соңғы кәсіби іріктеу нәтижелері бойынша шешімі ақпараттық стендінде орналастырылады немесе қабылдау комиссиясының мүшелері ҰҚО ЖОО-ға оқуға кандидаттардың алдында ауызша жариялайды.

      44. ҰҚО ЖОО-ға қабылдау конкурстық іріктеудің қорытындылары бойынша кандидаттың рейтингі негізінде қабылдау комиссиясының шешімімен жүргізіледі:

      жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша кандидаттың рейтингі Ұлттық бірыңғай тестілеудің (бұдан әрі – ҰБТ) балдары мен соңғы кәсіби іріктеу көрсеткіштерін қосу арқылы айқындалады;

      жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша кандидаттың рейтингі соңғы кәсіби іріктеу нәтижелерін қосу арқылы айқындалады.

      45. Қызмет өткеру кезінде қайтыс болған немесе мүгедектік алған арнайы мемлекеттік органдары қызметкерлерінің балалары, осы Қағидалардың 6, 7, 9, 10, 22-тармақтарында бекітілген талаптарға сәйкес келген жағдайда ҰҚО ЖОО-ға конкурстан тыс қабылданады.

      46. Конкурс өткізу кезінде бірдей көрсеткіштер болған жағдайда:

      1) жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша:

      жетім балалар және ата-анасының асырауынсыз қалған балалар, сондай-ақ кәмелеттік жасқа толғанға дейін ата-анасынан айырылған немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастардың қатарындағы азаматтар;

      қызмет өткеру уақытында қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен немесе əскери қызмет өткерген кезеңде мүгедек болып қалған əскери қызметшілердің балалары (ҰҚК Шекара академиясына түсушілер үшін);

      "Алтын белгі" белгісімен марапатталған адамдар;

      үздік білімі туралы құжаты (куәліктер, аттестаттар, дипломдар) бар адамдар;

      патриоттық танытқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін ерекшелік белгісімен наградталған адамдар;

      техникалық және кәсiптiк, орта бiлiмнен кейiнгi білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйымдарда білім алғандығы туралы құжаты бар, біліктілігін дәлелдеген және мамандығы бойынша бір жылдан кем емес жұмыс тәжірибиесі бар адамдар;

      тізбесін білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындайтын жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған), халықаралық және республикалық орындаушылар конкурстарының және спорттық жарыстардың (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) соңғы үш жылдағы жеңімпаздарының, сондай-ақ өздері таңдаған мамандықтары олимпиаданың, конкурстың немесе спорттық жарыстың пәніне сәйкес келген жағдайда, жалпы білім беретін пәндер бойынша ағымдағы оқу жылындағы президенттік, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (бірінші, екінші және үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған) жеңімпаздары;

      әскери дайындық бойынша қосымша бағдарламалары бар білім беру ұйымдарының түлектері (ҰҚК Шекара академиясына түсушілер үшін);

      2) жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша:

      үздік білімі туралы құжаттары (дипломы) бар адамдар;

      диплом қосымшасында (транскриптте) анағұрлым жоғары орташа балы бар адамдар басымдыққа ие болады.

  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
ұлттық қауіпсіздік органдарының
әскери, арнаулы оқу орындарына
оқуға қабылдау қағидаларына
1-қосымша

Тұрғылықты жері, оқу немесе жұмыс (қызмет) орны бойынша ҰҚО-ға ұсынылатын құжаттар тізбесі

      1. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ҰҚО ЖОО-ға түсетін адамдар өтінішке (баянатқа) қосымша мыналарды ұсынады:

      1) жалпы орта білімі туралы қосымшасымен бірге аттестат көшірмесі немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не болмаса орта білімнен кейінгі білім туралы қосымшасымен бірге диплом көшірмесі;

      2) "Білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтаманың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылыми министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) бекітілген нысанына сәйкес жалпы орта, техникалық және кәсіби білім алуды, сондай-ақ орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарын аяқтамаған адамдарға берілетін анықтама (түпнұсқа);

      3) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      4) туу туралы куәліктің көшірмесі;

      5) алты фотосурет (бас киімсіз, көлемі 4,5 х 6 см);

      6) өмірбаян және сауалнама.

      2. Жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламасы бойынша ҰҚО ЖОО-ға түсетін адамдар өтінішке (баянатқа) мыналарды қоса ұсынады:

      1) жоғары білімі туралы дипломның көшірмесі, дипломға қосымшаның көшірмесі (транскрипт). Шетелдік білім беру ұйымдарында, Қазақстан Республикасында құрылған және жұмыс жасайтын халықаралық және шетелдік білім беру ұйымдарында (олардың филиалдарында) білімі туралы құжаттар алған кандидаттар, егер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларында және халықаралық шарттарында (келісімдерде) өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрінің міндетін уақытшы атқарушы бекіткен 2021 жылғы 19 шілдедегі № 352 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23626 болып тіркелген) белгіленген тәртіпте білім туралы құжаттарды тану қағидаларын, сондай-ақ білім туралы құжаттары Қазақстан Республикасының аумағында танылатын шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының тізбесіне сәйкес берілген тисті куәліктерді ұсынады;

      2) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      3) алты фотосурет (бас киімсіз, көлемі 4,5 х 6 см);

      4) әскери билеттің немесе тіркеу куәлігінің көшірмесі;

      5) еңбек өтілін растайтын құжаттың көшірмесі;

      6) өмірбаян және сауалнама.

  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
ұлттық қауіпсіздік органдарының
әскери, арнаулы оқу орындарына
оқуға қабылдау қағидаларына
2-қосымша

ҰҚО ЖОО-ға оқуға түсу үшін ұсынылатын құжаттар тізбесі

      1. Жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ҰҚО ЖОО-ға түсуші адамдар мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа);

      2) "Білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, сондай-ақ білім беру ұйымдарында білім алуды аяқтамаған адамдарға берілетін анықтаманың нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылыми министрінің 2015 жылғы 28 қаңтардағы № 39 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10348 болып тіркелген) сәйкес берілген жалпы орта білімі туралы аттестат қосымшасымен бірге немесе техникалық және кәсіби білімі туралы не орта білімнен кейінгі білімі туралы диплом қосымшасымен бірге;

      3) "Бакалавр" немесе "магистр" дәрежелері берілетін жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуға ақы төлеу үшін білім беру грантын беру ережелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысында бекітілген шектік деңгейден төмен болмайтын тестілеу нәтижелері бойынша ҰБТ сертификатын, соның ішінде, Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы (білім алған тілінде) бойынша 5 балдан төмен емес, әр бейіндік пән бойынша 5 балдан төмен емес. ҰҚК Академиясы мен ҰҚК Шекара академиясына оқуға түсу үшін кандидат жалпы орта білімнің жалпы білім беру, техникалық және кәсіптік (бастауыш және орта кәсіптік), орта білім беруден кейінгі білім беру бағдарламаларының кез келген екі пәнін таңдайды.

      2. Жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша ҰҚО ЖОО-ға түсуші адамдар мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) жеке басын куәландыратын құжат (түпнұсқа);

      2) жоғары білімі туралы диплом, дипломға қосымша (транскрипт);

      3) әскери билет немесе тіркеу куәлігі.

  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
ұлттық қауіпсіздік органдарының
әскери, арнаулы оқу орындарына
оқуға қабылдау қағидаларына
3-қосымша

ҰҚО ЖОО-ға түсуші кандидаттардың дене шынықтыру дайындығының нормативтері

      1. Орта білім беру ұйымдарын бітіргеннен кейін жоғары білімнің білім беру бағдарламалары бойынша ҰҚО ЖОО-ға оқуға түсетін адамдар үшін:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

ҰҚК Шекара академиясына түсушілер үшін белағашта тартылу (қанша рет)

14

12

10

ҰҚК Академиясына түсушілер үшін белағаштан тартылу (қанша рет)

11

9

7

100 метрге жүгіру (сек)

14,0

14,2

14,8

3000 метрге жүгіру (мин.сек)

12,15

12,45

13,30

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

23

24

26

Берпи (1 минут ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      2. ҰҚО ЖОО-ға жоғары білімнің оқу бағдарламалары бойынша оқуға түсетін қызметкерлер (әскери қызметшілер) үшін, соңдай-ақ ҰҚО ЖОО-ға жоғары білімнің оқыту мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсетін адамдар үшін:

      Ерлер

      1-топ 25 жасқа дейін:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Белағашта тартылу (қанша рет)

15

13

9

100 метрге жүгіру (сек)

13,9

14,4

15,2

3000 метрге жүгіру (мин.сек)

12,10

12,25

12,50

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

23,5

24,5

26,5

Берпи (1 минут ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      2-топ 25-30 жас аралығы:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Белағашта тартылу
(қанша рет)

14

12

8

100 метрге жүгіру (сек)

14,0

14,5

15,3

3000 метрге жүгіру (мин.сек)

12,20

12,35

13,0

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

25,0

26,0

28,0

Берпи (1 минут 15 секунд ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      3-топ 30 жас және одан жоғары:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Белағашта тартылу
(қанша рет)

12

10

6

100 метрге жүгіру (сек)

14,8

15,4

16,2

3000 метрге жүгіру (мин.сек)

14,0

14,45

15,30

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

25,5

26,5

29,0

Берпи (1 минут 30 секунд ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      Әйелдер

      1-топ 25 жасқа дейін:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Кешенді-күштік жаттығу (қанша рет)

34

30

26

100 метрге жүгіру (сек)

16,6

17,2

18,0

1000 метрге жүгіру (мин.сек)

4,15

4,35

4,55

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

32,0

33,5

35,5

Берпи (1 минут 30 секунд ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      2-топ 25-30 жас аралығы:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Кешенді-күштік жаттығу (қанша рет)

30

26

22

100 метрге жүгіру (сек)

17,2

17,8

18,6

1000 метрге жүгіру (мин.сек)

4,35

4,55

5,20

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

34,0

35,0

37,0

Берпи (2 минут ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      3-топ 30 жас және одан жоғары:

Жаттығу

Өте жақсы

Жақсы

Қанағаттанарлық

Кешенді-күштік жаттығу (қанша рет)

26

22

18

100 метрге жүгіру (сек)

17,8

18,4

19,2

1000 метрге жүгіру (мин.сек)

4,55

5,10

5,30

10х10 метрге сырғымалы жүгіру (сек.)

35,5

36,5

38,5

Берпи (2 минут 15 секунд ішінде)

30 және астам

25-тен 29-ға дейін

20-дан 24-ке дейін

      Физикалық жаттығуларды орындау шарттары:

      1) 100, 1000, 3000 метрге жүгіру стадионда немесе тегіс жерде орындалады;

      2) 10х10 метрге сырғымалы жүгіру бір бірінен 10 метр қашықтыққа орналасқан екі сызықпен белгіленген тегіс жерде орындалады. Жаттығу "жоғары сөре" қалпынан басталады. "Марш" командасы бойынша (шартты белгі бойынша) 10 метрді жүгіріп өтіп, сөре сызығына қолын (аяғын) тигізу керек, артқа оралып, мәре сызығына қолын (аяғын) тигізу керек. Барлығы 10 метрден тұратын 10 бөлікті жүгіріп өту қажет;

      3) берпи бастапқы қалыпта аяқты түзу иықтың деңгейінде, қолды денені бойлай ұстап орындалады. Бастапқы позициядан жамбасты артқа алып, алақанға сүйене отырып (қолдар иықтың енінде), еңкею қажет. Еңкейген кезде өкше еденнен көтерілмейді. Жартылай секіруде дененің салмағы қолдарға беріліп, бір мезгілде аяқ артқа тасталады. Бүгілген қолдарға сүйене отырып, жату позициясы жасалады. Жамбас пен кеуде бір уақытта еденге жанасады. Содан кейін, жартылай секіруде алақан еденнен жұлынып алынып, аяқтар ішке қарай тартылып, жартылай отыру күйіне оралады. Жерге өкшені тигізбей жоғарыға секіреді және осы сәтте қолдарымен бастың үстінен шапалақ жасалады, дене түзу қалыпта болады;

      4) кешенді күш жаттығулары бір минут ішінде жасалады: алғашқы 30 секундта – бастапқы қалыпта арқада жатып, білекте бүгілген қолдарын кеудесінде бір-біріне түйістіріп қояды. Қолды түзу ұстап (қолдың саусақтарын аяқтың саусақтарына тигізіп) мүмкіндігінше көбірек кеудені көтереді, аяқтар бүгілмейді (аяқтарды елеусіз бүгуге рұқсат етіледі), бастапқы қалыпқа оралған кезде тірекке жауырынмен жанасу қажет, одан әрі "ауыс" командасы бойынша тоқтамаған күйі қалған 30 секундта ауысып жерге қарап жатып тіреніп қолды бүгеді және жазады (дене тік, қолдар 90 градус бұрышқа дейін бүгіледі, кеуде еденнен параллель көтеріледі);

      5) биік белағашқа тартылу бастапқы жағддайда жоғарыдан ұстап асылып тұрып (бас бармақ төменде), қолдарын түзу ұстап аяқ тірекке тимей жасалады. Иекті белағаштың үстіңгі деңгейіне көтерген кезде және қол түзуленген бастапқы жағдайға қайта оралғанда жаттығу орындалған болып саналады. Қозғалыссыз жағдайдағы дененің аздаған иілуі мен аяқты алшақтатуға рұқсат етіледі. Жаттығуды секіріп барып жасауға, жұлқынуға және серпілуге рұқсат етілмейді.

  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
ұлттық қауіпсіздік органдарының
әскери, арнаулы оқу орындарына
оқуға қабылдау қағидаларына
4-қосымша

"Құқық негіздері" немесе саясаттану пәндері бойынша білімді бағалау өлшемшарттары

      "Өте жақсы" бағасы:

      қойылған сұраққа дұрыс, сауатты, жан-жақты, түбегейлі, негізделген, мәнін толық және кеңінен ашатын жауап берген;

      материалды терең және жүйелі білетінін көрсеткен, тұжырымдамалық-ұғымдық аппаратын, ғылыми тіл мен терминологияны еркін меңгерген;

      жауап логиякалық негізделген және сенімді баяндалған жағдайда қойылады.

      "Жақсы" бағасы:

      қойылған сұрақтардың мәні ашылған, бірақ тұжырымдау кезінде жекелеген кемшіліктері бар;

      бағдарламалық материалдың негізгі бөлігін меңгерген, және тұжырымдамалық-ұғымдық аппаратты қолдана алатынын көрсеткен;

      жалпы логикалық дұрыс, бірақ үнемі нақты емес және дәлелді жауап берілген жағдайда қойылады.

      "Қанағаттанарлық" бағасы:

      қойылған сұрақ жеткілікті көлемде ашылмаған, тұжырымдауларда қателіктер бар, жауап әліз негізделген;

      пән бойынша үзік, атүсті білім көрсетілген;

      ғылыми-ұғымдық аппарат пен терминологияны қолдануда қиындықтары анықталған жағдайда қойылады.

      "Қанағаттанарлықсыз" бағасы:

      билеттің сұрағына толық жауап берілмеген немесе қойылған сұрақ толық ашылмаған, жауапта өрескел қателіктер жіберілген;

      тиісті тақырыптарған қатысты терминология және ғылыми-ұғымдық аппарат қате және толық пайдаланылмаған;

      емтихан сұрақтарына берілген жауапта дәлелдер келтірілмеген;

      түсу емтиханының белгіленген рәсімдері бұзылған жағдайда қойылады.

  Жоғары білімнің білім беру
бағдарламаларын іске асырып
жатқан Қазақстан Республикасы
ұлттық қауіпсіздік органдарының
әскери, арнаулы оқу орындарына
оқуға қабылдау қағидаларына
5-қосымша

Жазу дағдыларын (эссе) бағалау өлшемшарттары

Өлшемшарттар

Балдары*

1

Ойды нақты және ашық тұжырымдау, композициялық тұтастықтың және тұжырымдау логикасының болуы

2

2

Эссе мазмұны нақты құрылымдалған, эссенің негізгі тақырыпқа сәйкес келуі

1

3

Өзіндік дәлелді пікірдің болуы, автордың жеке позициясы

1

4

Тақырыптың толық ашылуы

1

Ең жоғары балл

5

      Ескертпе:

      *балл саны бағаға сәйкес келеді:

      0 – 2 балл – қанағаттанарлықсыз;

      3 балл – қанағаттанарлық;

      4 балл – жақсы;

      5 балл – өте жақсы.

Қателіктер саны бойынша өлшемшарттар
(орфографиялық және пунктуациялық)

Баға

1

0/0, 0/1, 1/0 (өрескел емес қателік)

"5"

2

2/2, 1/3, 0/4, 3/0, 3/1 (қателіктер бір типті болса)

"4"

3

4/4, 3/5, 0/7, 5/4 (бір типті және өрескел емес қателіктер болса)

"3"

4

7/7, 6/8, 5/9, 8/6

"2"