ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Бұйрық 01.07.2022 бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына және "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Инновациялық экожүйе және ғылыми-техникалық даму департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
| Қазақстан Республикасының | |
| Цифрлық даму, инновациялар және | |
| аэроғарыш өнеркәсібі министрінің | |
| міндетін атқарушы | А. Жамбакин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
| Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі 2022 жылғы 26 мамырдағы № 187/НҚ бұйрығымен бекітілген |
Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау Қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік Кодексінің 100-1-бабы 2-тармағының 9-1) тармақшасына және "Өнеркәсіптік саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету, сондай-ақ "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі көрсететін қызметтерді қоспағанда, осындай қызметтердің құнын айқындау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) акселерация – тәлімгерлік (менторлық), оқыту және сараптамалық қолдау арқылы қарқынды даму бағдарламасы;
2) бизнес-инкубатор – өндірістік үй-жайлар, жабдықтар, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету арқылы шағын кәсіпкерлік субъектілерін қалыптастыру кезеңінде қолдау көрсету үшін құрылатын заңды тұлға;
3) бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеудегі өтінім беруші (бұдан әрі – өтінім беруші) – осы Қағидаларға сәйкес Ұлттық институттың қарауына бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсетуге өтінім берген заңды немесе жеке тұлға
4) бизнес-инкубациялау – шағын кәсіпкерлік субъектілеріне олардың жұмыс істеуінің бастапқы кезеңінде инновациялық жобаны (бұдан әрі – жоба) пысықтау шеңберінде үй-жайлар, жабдықтар беру, ұйымдастырушылық, құқықтық, қаржылық, консалтингтік және ақпараттық қызметтер көрсету;
5) бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы – бизнес-инкубатор мен бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы арасында жасалатын бизнес-инкубациялау бойынша қызметтер көрсету туралы шарттың негізінде осы Қағидаларға сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін алатын шағын кәсіпкерлік субъектісі;
6) инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – инновациялық даму саласындағы басшылықты, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген шектерде салааралық үйлестіруді және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауды іске асыруға қатысуды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
7) конкурстық іріктеу – бизнес-инкубаторларды қолдау шеңберінде конкурстық тапсырмаға сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету үшін бизнес-инкубаторларды іріктеу;
8) ұлттық институт – бизнес-инкубациялау, стартаптарды акселерациялау, технологияларды коммерцияландыру және технологиялар трансферті бойынша мемлекеттік қолдау тетіктерін іске асыруға, инновациялық қызмет субъектілерінің кадрлық, басқарушылық және өндірістік әлеуетін күшейтуге қатысатын, сондай-ақ инновациялық қызмет субъектілеріне маркетингтік және өзге де іс-шаралар жүргізу, әлеуетті инвесторлар іздеу бойынша акселерация, бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсететін инновациялық даму саласындағы ұлттық даму институты (бұдан әрі – Ұлттық институт);
9) шарт – Қағидалар шеңберінде бизнес-инкубациялау процестерін қолдаудың конкурстық тапсырмасына сәйкес Ұлттық институт пен бизнес-инкубатор арасында жасалған бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсету туралы шарт.
2-тарау. Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша қызметтер көрсету тәртібі
3. Ұлттық институт бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу мақсатында:
1) бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеу;
2) конкурстық іріктеуден сәтті өткен бизнес-инкубатормен шарт жасасу және оны бұзу;
3) жасалған шартта көзделген талаптармен бизнес-инкубатор қызметтеріне ақы төлеуге;
4) қажет болған жағдайда бизнес-инкубаторлардың қызметіне ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау көрсету;
5) бизнес-инкубациялауды дамыту бойынша оқыту іс-шараларын ұйымдастыру.
1-параграф. Конкурсты жариялау және өтінімдерді қарау тәртібі
4. Ұлттық институт бұқаралық ақпарат құралдарында және Ұлттық институттың ресми интернет-ресурсында байланыс деректерін және өтінімдерді қабылдау кезеңін көрсете отырып, өтінімдерді қабылдау басталғанға дейін кемінде 15 (он бес) жұмыс күні бұрын бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеудің басталғаны туралы хабарлайды.
Өтінімдерді қабылдау мерзімін Ұлттық институт белгілейді және кемінде күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайды.
5. Ұлттық институт өтінімді қарауды құжат қабылданған күн аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады, олардың ішінде:
1) 10 (он) күнтізбелік күн ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығына тексеру жүргізіледі;
2) келесі күнтізбелік 20 (жиырма) күн ішінде ұсынылған құжаттардың курстық құжаттама талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізіледі және конкурстық іріктеу процесі ұйымдастырылады.
Өтінімдерді қабылдау мерзімі аяқталғаннан кейін ұсынылған өтінімдер тіркеуге және қарауға жатпайды.
6. Өтінім беруші өтінімді Ұлттық институтқа электрондық-цифрлық қолтаңбамен куәландырылған электрондық түрде немесе қағаз тасығышта қолма-қол, қол қойылған, тігілген және нөмірленген түрде парақтар санын көрсете отырып ұсынады. Процесті автоматтандыру кезінде өтінімдерді қабылдау тек электрондық нысанда жүзеге асырылады.
7. Өтінім беруші барлық қажетті құжаттарды Ұлттық институтқа берген кезде көшірмесінде тіркеу күні мен нөмірі көрсетіле отырып, Ұлттық институттың кеңсесінде тіркелгені туралы белгі қойылғаны өтінімнің қағаз жеткізгіште қолма-қол қабылданғанын растау болып табылады.
8. Өтінім беруші ұсынылған құжаттардың, бастапқы деректердің, негіздемелердің толықтығын, дұрыстығын қамтамасыз етеді.
9. Конкурстық іріктеуге қатысу үшін өтінім беруші конкурсқа қатысу үшін қажетті, сондай-ақ осы Қағидалардың 10-тармағында көзделген шарттарды қанағаттандыратын құжаттар тізбесімен бірге өзінің ресми интернет-ресурсында бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеуді бастау туралы хабарлағанға дейін Ұлттық институт жариялаған нысан бойынша өтінімді ұсынады.
10. Бизнес-инкубаторларды конкурстық іріктеуге қатысуға үміткер өтінім берушілер:
1) осы Қағидалардың 17-тармағында көзделген бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсетуге жарамды әкімшілік үй-жайлардың кемінде 100 (жүз) шаршы метр мөлшерінде болуы;
2) қолданылу мерзімі кемінде 1 (бір) жыл жасалған еңбек шарттарын және жоғары білім мен біліктілігін арттыру туралы құжаттарды қамтитын тиісті құжаттармен расталатын білікті кадрлардың болуы;
3) ақша қаражатының бар екендігі туралы құжатпен (анықтамамен) немесе "Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тиісті құжаттармен расталатын, мемлекеттік қолдаусыз кемінде 6 (алты) ай толыққанды жұмыс істеуге мүмкіндік беретін қаржылық ауқаттылығының болуы;
4) қолданылу мерзімі кемінде 6 (алты) ай стартаптарды қолдау және дамыту жөніндегі ынтымақтастық туралы келісіммен расталған жоғары оқу орнымен әріптестік қатынастардың болуы;
5) салық берешегінің, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары бойынша берешегінің, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар бойынша берешегінің, әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің болмауы (конкурстық іріктеуге қатысуға үміткер бизнес-инкубатордың сәйкестігін тексеруді бюджетке салықтар мен төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсынан Ұлттық институт жүзеге асырады;
6) кредиттер бойынша ағымдағы мерзімі өткен берешектің болмауы (өтінім беруші кредиттік бюро берген ақпаратты Ұлттық институтқа ұсыну арқылы өтінім берілген күнге дейін кемінде 15 (он бес) жұмыс күні бұрын дербес бекітеді).
11. Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес жүргізілетін ұсынылған құжаттардың толықтығын тексеру қорытындылары бойынша өтінім беруші құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған кезде оны Ұлттық институттан бұл туралы хабарлама алған кезден бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде жетіспейтін құжаттармен және материалдармен толықтыруға құқылы.
12. Өтінімнің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін тексеру қорытындылары бойынша Ұлттық институт осы Қағидалардың 5-тармағында 2) тармақшасында көрсетілген мерзім ішінде көрсетілген электрондық мекенжайға өтінім берушіге конкурстық іріктеу кезеңіне жіберу туралы хат жібереді не осы Қағидалардың 10-тармағында белгіленген шарттарға сәйкессіздіктер анықталған кезде өтінім берушіге өтінімнің қабылданбауы және анықталған сәйкессіздіктер туралы хабарлама жіберіледі.
2-параграф. Бизнес-инкубаторлар қызметіне ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау көрсету
13. Ақпараттық-талдамалық және әдіснамалық қолдау:
1) бизнес-инкубациялау практикаларын қолдану және инновациялық жобаларды, стартаптарды акселерациялау бойынша консультациялық көмек;
2) бизнес-инкубатордың жұмысын жоспарлауда және ұйымдастыру;
3) бизнес-инкубатордың проблемалық аймақтары мен өсу нүктелерін диагностикалау;
4) бизнес-инкубатор қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жәрдем көрсету;
5) инновациялық жобаларды, стартаптарды іріктеуге және инкубациялауға жәрдем көрсету болып табылады.
3-тарау. Бизнес-инкубациялауды дамытуға жәрдемдесу бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын айқындау тәртібі
14. Конкурстық іріктеу нәтижелері бойынша жеңімпаз деп танылған бизнес-инкубатор Ұлттық институттің оң шешім қабылдаған күннен бастап 20 (жиырма) жұмыс күні ішінде Ұлттық институтпен шарт жасасады.
15. Шарт жасасқан бизнес-инкубатор жасалған шартқа сәйкес бизнес-инкубациялау қызметтерін көрсетеді, сондай-ақ осындай қызметтерді көрсеткені үшін ақы алады.
16. Қызметтер көрсетуге арналған шарт бойынша бизнес-инкубаторлар қызметтеріне ақы төлеуді осы Қағидаларға сәйкес Ұлттық институт жүзеге асырады.
17. Бизнес-инкубатор қызметтерінің құнын айқындау кезінде мынадай шығыстар ескеріледі:
1) инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – бизнес-инкубациялау қызметтерін алушыға коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтері үшін ақы төлеуді қоса алғанда, жобаны іске асыру үшін қажетті әкімшілік, өндірістік, қосалқы мақсаттағы үй-жайларды, сондай-ақ осындай жабдықты пайдалана отырып, қажетті жабдықты немесе көрсетілетін қызметтерді уақытша өтеусіз пайдалануға беру;
2) жобаны бухгалтерлік сүйемелдеу – бухгалтерлік есепті жүргізу бойынша кәсіби қызметтер, бухгалтерлік есепке байланысты әртүрлі мәселелер бойынша бизнес-инкубациялау қызметтерін алушыға консультация беру;
3) жобаны заңдық сүйемелдеу – бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы жүзеге асыратын жобаны іске асыру процесінде туындайтын мәселелер бойынша кәсіби заңдық қызметтер;
4) жобаны консультациялық және инжинирингтік сүйемелдеу – тиісті біліктілігі, ресурстары болуына байланысты бизнес-инкубациялау бойынша жекелеген іс-шараларды іске асыру үшін қатысуы қажет бірлесіп орындаушыларды тарта отырып көрсетілетін, техникалық, технологиялық сипаттағы мамандандырылған қызметтер;
5) жобалық менеджмент – жобаны іске асырумен байланысты басқарушылық шешімдерді дайындау және қабылдау кезінде серіктестер іздеу және қаржыландыру, персоналды, бірлесіп орындаушыларды іріктеу бойынша консультациялық қызметтер көрсету;
6) бизнес-инкубациялау қызметін алушыға бизнес-жоспарды әзірлеу;
7) бизнес-инкубациялау қызметтерін алушы үшін техникалық құжаттаманы әзірлеу – өнімді жобалаудың қазіргі заманғы технологияларын қолдануға, конструкторлық, технологиялық, техникалық, нормативтік құжаттаманы әзірлеуге байланысты кәсіби көрсетілетін қызметтер;
8) инкубациялық жобаны ілгерілету – презентациялық материалдардың логотипін, дизайнын, жобаның өзге де нышанын әзірлеу, көрсетілетін қызметтерді алушының көрмелерге қатысуын қамтамасыз ету, жоба туралы ақпараттық материалдарды бұқаралық ақпарат құралдарында, технологиялар трансферті желілерінде, мамандандырылған ақпараттық жүйелерде орналастыру, жоба бойынша ақпаратты таратуға байланысты өзге де қызметтер;
9) жобаны аудармашылық сүйемелдеу;
10) жобаны іске асыруға байланысты қызметтерді алушының іскерлік сапарларын ұйымдастыруға жәрдемдесу;
11) өндірісті игеру процесінде оның параметрлерін айқындау үшін жоба өнімін сынақтан және апробациядан өткізу;
12) жоба өнімінің тәжірибелік партиясын нарықта іске асыру мақсатында шығаруға жәрдем көрсету;
13) Қазақстан Республикасының аумағында жобаны іске асыру кезінде пайдаланылатын зияткерлік меншік объектілеріне құқық алуға жәрдем көрсету;
14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жобаны іске асыру үшін рұқсат беру құжаттарын алуға жәрдем көрсету.