"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8-8) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Халықтың тығыздығына және елді мекендердің қашықтығына қарай білім білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
А. Аймагамбетов |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі 2022 жылғы 6 мамырдағы № 185 бұйрығына қосымша |
Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі
1. Білім беру ұйымдары желісінің кепілдік берілген мемлекеттік нормативі Қазақстан Республикасының Конституциясымен және "Білім туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен кепілдік берілген азаматтардың тегін мектепалды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында айқындалған.
2. Білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жалпы саны әрбір ауылдық елді мекенде:
1) мектепалды жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі;
2) кіші мектеп жасындағы адамдардың саны 5 және одан көп болғанда, мемлекеттік бастауыш білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі;
3) кіші және орта мектеп жасындағы адамдардың саны 41 және одан көп болғанда, мемлекеттік негізгі орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі;
4) кіші, орта және жоғары мектеп жасындағы адамдардың саны 81 және одан көп болғанда, мемлекеттік жалпы орта білім беретін ұйымның жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.
3. Қалалық жерде тұрғындардың тегін мектепалды және орта білім алуға қажеттілігін қанағаттандыру үшін мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдар мен орта білім беретін ұйымдар желісінің жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.
4. Тиісті жалпы білім беретін мектептері жоқ елді мекендерде тұратын 10 және одан да көп білім алушы болған жағдайда мемлекеттік жалпы білім беретін мектептер жанындағы интернаттардың жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.
5. Аз тұрғыны бар елді мекендерде тұратын білім алушылардың контингенті 150 және одан көп болған жағдайда ашылатын мемлекеттік мектеп-интернаттардың жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.
6. Әрбір облыста:
1) мемлекеттік санаториялық мектеп-интернаттардың;
2) мемлекеттік арнайы білім беру ұйымдарының;
3) девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мемлекеттік білім беру ұйымының жұмыс істеуіне кепілдік беріледі.
7. 2-тармақта көрсетілген нормативтер білім беру ұйымдары мектепалды және мектеп жасындағы тәрбиеленушілер мен білім алушылар тұрақты тұратын елді мекендерден 3 километрден астам қашықтықта болған кезде белгіленеді.
Елді мекендердің арасында табиғи кедергілер (өзендер, көлдер) болған жағдайда мұндай білім беру ұйымдары бір-бірінен аз арақашықтықта құрылады.