Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 232 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 3 мамырда № 27872 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 34-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Қаржы және бюджетті жоспарлау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Аппарат басшысына жүктелсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі
К. Ускенбаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министрінің 2022 жылғы
26 сәуірдегі № 232
бұйрығымен бекітілген

Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 34-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және республикалық бюджеттен қаржыланатын зерттеулер жүргізудің, консалтингтік қызметтер көрсетудің және мемлекеттік тапсырманы орындаудың құнын айқындау тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) зерттеулер – аналитикалық тәсілдер негізінде экономиканың нақты сегментінде мемлекеттік саясатты іске асыруға және мемлекеттік міндеттерді шешу үшін ұсыныстар дайындауға бағытталған зерттеулер;

      2) консалтингтік көрсетілетін қызметтер – индустрия және инфрақұрылымдық даму саласында қызметінің тиімділігін бағалауды әдіснамалық, талдамалық және ұйымдастырушылық сүйемелдеу бойынша көрсетілетін қызметтер;

      3) мемлекеттік тапсырма – жарғылық капиталына мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға, Ұлттық әл-ауқат қоры тобына кіретін ұйымдарға, Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын оның ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетіне, автономды кластерлік қорға, "Aстана Хаб" халықаралық технологиялық паркіне, дербес білім беру ұйымдарына және олардың ұйымдарына, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын "Елбасы Aкадемиясы" корпоративтік қорына, жекелеген мемлекеттік қызметтер көрсетуге, бюджеттік инвестициялық жобаларды iске асыруға және мемлекеттің әлеуметтiк-экономикалық тұрақтылығын және (немесе) әлеуметтік-мәдени дамуын қамтамасыз етуге бағытталған басқа да мiндеттердi орындауға арналған тапсырыс;

      4) орындаушы - индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеу, консалтингтік көрсетілетін қызметтер және мемлекеттік тапсырма орындайтын заңды тұлға.

2-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі

      3. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау кезінде орындаушының негіздейтін құжаттармен расталған тікелей және жанама шығыстары ескеріледі.

      4. Орындаушының тікелей шығыстарына жүргізілетін зерттеулермен, көрсетілетін консалтингтік қызметтермен және орындалатын мемлекеттік тапсырмамен тікелей байланысты шығыстар жатады.

      Жанама шығыстарға орындаушының тұтастай қызметін қамтамасыз ету үшін қажетті, бірақ зерттеулер жүргізу, консалтингтік қызметтер көрсету және мемлекеттік тапсырма орындау процесінде тікелей қолданылмайтын шығыстар жатады.

      5. Жұмыстар мен қызметтер құны мынадай формула бойынша айқындалады:

      Рбарлығы = Рт + Рж

      мұнда,

      Рбарлығы – зерттеулер жүргізуге, консалтингтік қызметтер көрсетуге және мемлекеттік тапсырма орындауға арналған шығыстар;

      Рт – тікелей шығыстар;

      Рж – жанама шығыстар.

3-тарау. Зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтер мен мемлекеттік тапсырманың құнын айқындауға арналған шығындар түрі

      6. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:

      1) зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтерді және мемлекеттік тапсырманы тікелей жүзеге асыратын персоналдың еңбекақысы;

      2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар;

      3) зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін, мемлекеттік тапсырманы тікелей орындайтын персоналдың іссапар шығыстары (ел ішіндегі және (немесе) елден тыс жерлердегі қызметтік сапарлар);

      4) сарапшыларды тарту (бірлесіп орындаушылар) (шығыстар орындалатын жұмыстар немесе көрсетілетін қызметтер көлемінің екіден бірінен шекті көлемінен аспау қажет);

      5) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету, мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын тауарлар мен материалдарды сатып алу;

      6) зерттеулер жүргізу үшін бағдарламалық қамтамасыз етуді сатып алу;

      7) байланыс қызметтері (қалааралық телефон сөйлесулер, телефон үшін абоненттік төлем, пошта-телеграф шығындары, электрондық пошта, интернет);

      8) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету, мемлекеттік тапсырманы орындау үшін пайдаланылатын үй-жайларды жалға алу төлемі;

      9) ақпараттық дерекқорларға жазылу және қолжетімділік;

      10) жүргізілген зерттеулер материалдарын жариялау шығыстары;

      11) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету және мемлекеттік тапсырманы орындау үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтері.

      7. Жанама шығыстар тікелей өзіндік құнына жатпайды және мынадай шығындарды:

      1) әкімшілік – басқару персоналының еңбек ақысын;

      2) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдарды;

      3) негізгі құралдар мен материалдық емес активтерге қызмет көрсетуді және жөндеуді;

      4) өзге де шығыстарды (режимдік объектілерді қүзету қызметтері, банктік қызметтер, полиграфиялық және типографиялық шығыстар, курьерлік қызметтер және өзгелер) қамтиды.

      8. Зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету және мемлекеттік тапсырманы орындау үшін бюджеттік өтінім қалыптастыруда шығыстардың әрбір бабы негіздеме құжаттармен расталады (орындаушының штаттық кестесі, есептер, шарттар көшірмесі, кемінде үш баға ұсыныстары).

      9. Зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету және мемлекеттік тапсырманы орындау үшін қажетті тауарлардың құнын айқындау кезінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу веб-порталынан орташа баға пайдаланылады.

      10. Адам сағаты құнының шекті мөлшері ресми статистикалық деректерге сәйкес республика бойынша экономикалық сыныптаманың тиісті саласындағы адам сағатының орташа құнынан аспауға тиіс.