"Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 13 шілдедегі № 514 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 1 сәуірдегі № 95 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 4 сәуірде № 27386 болып тіркелді

Қолданыстағы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2018 жылғы 13 шілдедегі № 514 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17281 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді аттестаттау қағидаларында:

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Құжаттарды алған сәттен бастап екі жұмыс күні ішінде ұсынылған құжаттардың толықтығы тексеріледі. Көрсетілетін қызметті алушы толық емес құжаттар топтамасын және (немесе) қолданылу мерзімі өткен құжаттарды ұсынған жағдайда, көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы көрсетілген мерзімде көрсетілетін қызметті беруші басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен (бұдан әрі – ЭЦҚ) қол қойылған электрондық құжат нысанында өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тартуды әзірлейді және көрсетілетін қызметті алушының жеке кабинетіне жолдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы МЕӨҚҚ аттестатын алу үшін құжаттардың толық топтамасын ұсынған жағдайда көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы төрт жұмыс күні ішінде құжаттарды рұқсат беру талаптарына сәйкестігі тұрғысынан қарайды.

      Орындаушы көрсетілетін қызметті алушыға тиісті тексеру жүргізілгеннен кейін қағаз форматта аттестат беру құқығына арналған құжаттарды қоса бере отырып, көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына баянат құрайды.

      "Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтерді ұйымдарда, елді мекендерде және объектілерде өрттердің алдын алу және сөндіру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттау" мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартының 9-тармағында көзделген негіздер болған кезде көрсетілетін қызметті берушінің орындаушысы көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы алдын ала шешім, сондай-ақ тыңдауды өткізу уақыты, күні және орны (тәсілі) туралы алдын ала шешім бойынша хабарлайды.

      Тыңдау туралы хабарлама мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 3 (үш) жұмыс күні бұрын жіберіледі. Тыңдау хабардар етілген күннен бастап 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Көрсетілетін қызметті алушыға қағаз форматта тыңдау нәтижелері бойынша аттестат беру құқығына құжаттарды қоса бере отырып, көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына баянат немесе аттестат беруден дәлелді бас тарту жасайды және порталда мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесін қалыптастырады.

      Көрсетілетін қызметті берушінің басшысы бір жұмыс күні ішінде электрондық нәтижеге қол қояды және оны Портал арқылы беруді жүзеге асырады.

      "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 2-тармағының 11) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді енгізуді қамтамасыз етеді.

      Ақпараттық жүйе істен шыққан жағдайда, электрондық байланыс болмаған немесе хабарламаларды жіберуге кедергі келтіретін өзге де жағдайлар туындаған кезде, көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті бөлімшесі техникалық істен шығудың пайда болуы анықталған сәттен бастап дереу көрсетілген себептерді анықтау және жою үшін шаралар қабылдайды (жұмыс күндері сағат 9:00-ден 18:30-ға дейін).

      Хабарламаларды жөнелтудің бір сағаттан артық кідіруіне әкеп соғатын авариялық жағдайдың әрбір оқиғасын көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті бөлімшесінің жауапты орындаушысы арнайы журналда тіркейді..";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызметті көрсету мәселелері бойынша шағымды шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті берушіге, лауазымды адамға береді.

      Шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам егер 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім қабылдаса не әрекет жасаса, ол шағымды қарайтын органға шағымды жібермейді.

      Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті алушының шағымы оны тіркеген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы оның тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Егер заңда өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күнінен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі