ЗҚАИ-ның ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес, Күршім аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
1. Қоса беріліп отырған Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу ережесі бекітілсін.
2. "Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін белгілеу Қағидасын бекіту туралы" Күршім аудандық мәслихатының 2019 жылғы 30 жетоқсандағы № 46/3-VI (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 6718 нөмірімен болып тіркелген және 2020 жылғы 10 ақпанында Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде жарияланған) шешімі күші жойылды деп танылсын.
3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Сессия төрағасы | Т. Айкенев |
| Күршім аудандық мәслихат хатшысы | М. Калелов |
| Күршім аудандық мәслихатының 2021 жылғы 16 наурыздағы № 3/4-VII шешімімен бекітілген |
Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібін айқындау ережесі
Осы Тұрғын үй көмегін көрсету ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" № 2314 қаулысына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің кейбір мәселелері туралы" № 512 қаулысына сәйкес әзірленді және аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері және тәртібін белгілейді.
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) шекті жол берілетін шығыстар үлесі – аз қамтылған отбасының (азаматтың) бір айда кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды пайдалануға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының (азаматтың) жиынтық кірісіне проценттік қатынасы;
2) аз қамтылған отбасының (азаматтың) жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда көпбалалы отбасы (азамат) кірістерінің жалпы сомасы;
3) уәкілетті орган - жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын "Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі" мемлекеттік мекемесі;
4) аз қамтылған отбасылар (азаматтар) - Қазақстан Республикасының тұрғын үй заңнамасына сәйкес тұрғын үй көмегін алуға құқығы бар адамдар;
5) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы (бұдан әрі - Мемлекеттік корпорация) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай-ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, орналасқан жері бойынша жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.
2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасының аумағындағы жалғыз тұрғынжай ретінде меншік құқығында тұрған тұрғынжайда тұрақты тіркелген және тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға), сондай-ақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғынжайды жалдаушыларға (қосымша жалдаушыларға):
кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарға;
коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға;
мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегiн есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетiлген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретiнде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жұмсалатын шығыстарды, коммуналдық көрсетілетін қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде көрсетілетін байланыс қызметтерін тұтынуға, мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілген тұрғынжайды және жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалға алған тұрғынжайды пайдаланғаны үшін шығыстарды төлеуге арналған шығыстарға ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсайтын шығыстарының жергiлiктi өкiлдi органдар белгiлеген шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
3. Тұрғын үй көмегі аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстауға, оның ішінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге жеткізушілер ұсынған ай сайынғы жарналар туралы шоттарға және шығыстар сметасына сәйкес бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі. Тұрғын үй көмегiн көрсетудiң мөлшерiн және тәртiбiн республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергiлiктi өкiлдi органдары айқындайды.
3-1. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға немесе "электрондық үкімет" веб-порталына тоқсанына бір рет жүгінуге құқылы.
3-2. Құжаттарды қарау және тұрғын үй көмегін көрсету туралы шешім қабылдау немесе көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап беру мерзімі Мемлекеттік корпорациядан немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталынан құжаттардың толық топтамасын алған күннен бастап сегіз жұмыс күнін құрайды.
2-тарау. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі
4. "Тұрғын үй көмегін тағайындау" мемлекеттік қызметін уәкілетті орган көрсетеді.
5. Аз қамтылған отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) тұрғын үй көмегін тағайындау үшін Мемлекеттік корпорацияға және/немесе "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген, Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің 4-тармағына сәйкес құжаттар тізбесімен өтініш береді.
Осы тармақта көзделмеген құжаттарды талап етуге жол берілмейді. Меншік құқығында (Қазақстан Республикасы бойынша) тұрғын үйдің болуы немесе болмауы туралы мәліметтерді көрсетілетін қызметті беруші ақпараттық жүйелер арқылы алады.
Отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) қайта өтініш берген кезде осы Ереженің 10 тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, отбасының табыстарын растайтын құжаттарды және коммуналдық шығыстардың шоттарын ғана ұсынады.
6. Мемлекеттік корпорация арқылы құжаттар қабылданған кезде көрсетілетін қызметті алушыға тиісті құжаттардың қабылданғаны туралы қолхат беріледі.
7. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген, Тұрғын үй көмегін көрсету ережесінің 4- тармағымен қарастырылған, құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорацияның қызметкері құжаттарды қабылдаудан бас тарту туралы қолхат береді.
8. "Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы өтініш жасаған жағдайда көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетіне" мемлекеттік көрсетілетін қызмет көрсетуге сұрау салуының қабылдағаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік көрсетілетін қызметтің нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетіле отырып, хабарлама жіберіледі.
9. Мемлекеттік корпорация өтінішті ақпараттық жүйе арқылы қабылдайды және оны тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті органға жібереді.
10. Уәкілетті орган отбасы (азамат) (не нотариат куәландырған сенімхат бойынша оның өкілі) ұсынған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) дұрыс емес екенін анықтау негізінде тұрғын үй көмегін беруден бас тартады және өтініш берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде өтініш берушіге "электрондық үкімет" веб-порталы не Мемлекеттік корпорация арқылы дәлелді бас тартуды жібереді.
11. Тұрғын үй көмегін тағайындау туралы шешімді не кызметті көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауапты тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын уәкілетті орган қабылдайды. Тағайындау туралы хабарлама не тағайындаудан бас тарту туралы дәлелді жауап Мемлекеттік корпорацияға немесе электрондық құжат ретінде "жеке кабинетке" жіберіледі.
12. Алғаш өтініш жасаған кезде тұрғын үй көмегі қажетті құжаттар тізбесімен бірге өтініш берген айдан бастап тағайындалады.
13. Өтініш беруші тұрғын үй көмегін тағайындауға тоқсан сайын өтініш жасаған кезде, тұрғын үй көмегі өтініш жасаған тоқсанда құжаттарды ұсыну мерзімінен тәуелсіз тоқсанға тағайындалады. Егер алдыңғы тоқсанда құжаттар ұсынылмаған жағдайда тұрғын үй көмегін есептеу өтініш берген айдан бастап жүзеге асырылады.
14. Жергiлiктi жылумен жылытылатын жеке тұрғын үйлерде тұратын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегi өтiнiш берген айдан тәуелсiз, жылына бiр рет тоқсанға тағайындалады.
15. Тұрғын үй көмегі көрсетілмейді:
1) жеке меншігінде бір бірліктен артық тұрғын үйі (үйі, пәтері) бар немесе тұрғын үй-жайларын жалға берген;
2) құрамында жұмысқа жарамды, бірақ жұмыс істемейтін, оқымайтын, әскер қатарында қызмет етпейтін және жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті органда тіркелмеген тұлғалары бар, келесі тұлғаларды қоспағанда:бірінші және екінші топтағы мүгедектерді, 18 жасқа дейінгі мүгедек-балаларды, сексен жастан асқан тұлғаларды күтетін тұлғаларды, үш жасқа дейінгі баланы тәрбиелеумен айналысатын аналарды;
3) құрамында заңды некеде тұрған, бірақ жоқ жұбайының тұрғылықты жерін білмейтін (көрсетпейтін) және осы мәселе бойынша құқық қорғау органдарына өтініш жасамаған тұлғалары бар;
4) егер ата-аналары ажырасқан және өздерімен бірге тұратын балаларына алимент өндіру туралы талап бермеген отбасыларға көрсетілмейді.
16. Отбасының жұмыссыз мүшелері ұсынған жұмыстан немесе жұмысқа орналасудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, өз еркімен қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуды немесе қайта оқуды тоқтатқан отбасылар жұмысқа орналасуды, оқуды және қайта оқуды қайта бастағанға дейін тұрғын үй көмегін алу құқығынан айырылады.
17. Электр жүйесімен, газбен, канализациямен, жылумен, қоқыс шығару, су құбырымен қамтамасыз ету және үй-жайды ұстау шығындары коммуналдық қызметтер туралы түбіртектер бойынша өтініш жасағанның алдындағы тоқсандағы орташа есеппен есептелінеді. Электр жүйесімен, газбен, канализациямен, жылумен, қоқыс шығару, су құбырымен қамтамасыз ету қызмет көрсетушілердің тарифтері бойынша алынады.
18. Жылу энергиясын тұтынуды үйге ортақ есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша үйге ортақ есепке алу құралдары бар үйлерді жылытуға жылу энергиясын тұтыну нормалары шегінде анықталады.
19. Суық және ыстық сумен қамтамасыз етуді, газбен қамтамасыз етуді тұтынуды есепке алу құралдары бар тұтынушылар үшін есептеуге алынатын шығындар алдыңғы тоқсандағы нақты шығындар бойынша белгіленген тарифтер шегінде анықталады.
20. Үйде орталықтандырылған жылу жүйесі болмаған жағдайда жылу және ыстық су ақыларының мөлшері электроэнергияға есептелген сомадан әлеуметтік нормаға сәйкес есептеледі.
21. Жалғыз басты зейнеткерлерді, мүгедектерді, бірге тұратын жалғыз басты зейнеткерлерді, бірге тұратын зейнеткер мен мүгедекті және жалғыз тұратын ерлі-зайыпты зейнеткерлерді және мүгедектердің отбасыларын, сондай-ақ құрамында кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалары бар отбасыларды қолдау мақсатында, тұрғын үй көмегін есептегенде және құқығын анықтаған кезде, олардың табыстары Қазақстан Республикасының сол уақыт кезеңіне сәйкес бюджеттік заңнамасымен белгіленген екі айлық есептік көрсеткішке түзетіледі (кемітіледі).
22. Тұрғын үй көмегін тағайындаған кезде келесі шарттар қолданылады: 1) өтініш беруші заңды некеде тұрса, бірақ зайыбы сол мекен-жай бойынша тіркелмеген болса - ерлі-зайыптылардың екеуінің де табыстары есептеледі және тұрғын үй көмегі туралы өтініш берген зайыбының мекен-жайы бойынша тұрғын үй көмегі тағайындалады;
2) өтініш берушінің үйінде ата-ана құқығынан айырылмаған және басқа жерде тіркелген ата-анасы бар 18 жасқа дейінгі бала тіркелген жағдайда –баланың ата-анасының табыстары есептеледі.
23. Тұрғын үй көмегін ұсыну үшін негіз уәкілетті органның шешімі болып табылады.
24. Тұрғын үй көмегін алушылар 10 жұмыс күні ішінде уәкілетті органды өз тұрғын үйінің меншік нысанының, отбасы құрамының, оның жиынтық табысы мен мәртебесінің кез келген өзгерістері туралы хабардар етеді.
Өтініш берушілер ұсынылған мәлiметтердiң дұрыстығы үшiн заңнамамен белгіленген тәртіпте жауапты болады.
25. Негізсіз алынған тұрғын үй көмегiнің сомалары алушымен ерiктi түрде, ал бас тартқан жағдайда заңнамамен белгіленген тәртіпте қайтарылуға жатады.
3-тарау. Тұрғын үй көмегінің мөлшері және тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері
26. Тұрғын үй көмегi телекоммуникация желiсiне қосылған телефон үшiн абоненттiк төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергiлiктi атқарушы орган жалдаған тұрғын үйдi пайдаланғаны үшiн жалға алу ақысының ұлғаюы бөлiгiнде тұрғын үйдi (тұрғын ғимаратты) күтiп-ұстауға арналған шығыстарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерiн тұтынуға нормалар шегiнде ақы төлеу сомасы мен аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шектi жол берiлетiн деңгейiнiң арасындағы айырма ретiнде айқындалады.
27. Отбасының шектi жол берiлетiн шығыстарының үлесi отбасының жиынтық табысына қарай 15 пайыз мөлшерiнде белгiленедi.
28. Тұрғын үй көмегінің мөлшерін есептеу кезінде келесі нормалар ескеріледі:
1) алаңдар:
жалғыз тұратын азаматтар үшін - 30 шаршы метр;
екі адамнан тұратын отбасы үшін - 30 шаршы метр;
үш және одан көп адамдардан тұратын отбасы үшін - әрқайсысына 15 шаршы метрден, бірақ 38,5 шаршы метрден артық емес;
2) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін пайдалануға арналған шығын - 1 шаршы метрге 30 теңге;
3) айына бір адамға газ шығыны - 8,2 килограмм;
4) айына электр энергиясы жүйесін пайдалану нормасы бір адамға - 45 киловатт;
5) тұрғын үй құрылысының тұрғын ауданының 1 шаршы метріне көмірдің шығыны - 129,8 килограмм, бірақ бір үйге 5000 килограммнан артық емес.
Жергілікті жылу жүйесімен жылытылатын жеке меншік үй құрылыстарында қолданылатын басқа отын түрлерінің құны мен шығын нормасы, тұрғын үй көмегін есептегенде көмірдің құны мен шығын нормасына балама ретінде есептеледі.
4-тарау. Тұрғын үй көмегін төлеу
29. Тұрғын үй көмегін төлеу екінші деңгейдегі банктер арқылы алушылардың дербес шоттарына аудару жолымен жүзеге асырылады.
5-тарау. Қорытынды ережелер
30. Осы Ережемен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.