Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы

Павлодар облысы Ақсу қалалық мәслихатының 2021 жылғы 30 сәуірдегі № 40/5 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 20 мамырда № 7287 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабының 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" № 504 қаулысына сәйкес, Ақсу қалалық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Қоса беріліп отырған әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешімнің қосымшасына сәйкес Ақсу қалалық мәслихатының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ақсу қалалық мәслихатының экономика және бюджет жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      4. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақсу қалалық мәслихатының сессия төрағасы А. Тугельбаев
      Ақсу қалалық мәслихатының хатшысы М. Омаргалиев

  Ақсу қалалық мәслихатының
2021 жылғы 30 сәуірдегі
№ 40/5 шешімімен
бекітілді

Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының
мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары

      Осы әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 2-3-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" (бұдан әрі – Үлгілік қағидалар) № 504 қаулысына сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) арнайы комиссия – өмірде қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Ақсу қаласы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      2) атаулы күндер – жалпыхалықтық тарихи, рухани, мәдени маңызы бар және Қазақстан Республикасы тарихының барысына ықпал еткен оқиғалар;

      3) ең төмен күнкөріс деңгейі – Павлодар облысындағы статистикалық органдар есептейтін мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері – Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол оны өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Ақсу қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) уәкілетті ұйым – "Азаматтарға арналған Үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша филиалы;

      9) учаскелік комиссия – әлеуметтік көмек алуға өтініш білдірген адамдардың (отбасылардың) материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытындылар дайындау үшін Ақсу қаласы әкімінің шешімі және Ақсу қаласының ауылдық округ әкімдерінің шешімдерімен құрылатын комиссия;

      10) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      2. Осы Қағидаларда әлеуметтік көмек ретінде уәкілетті орган мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ атаулы күндер мен мереке күндеріне ақшалай немесе заттай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      3. "Қазақстан Республикасында мүгедектердi әлеуметтiк қорғау туралы" 2005 жылғы 13 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабында және "Ардагерлер туралы" 2020 жылғы 6 мамырдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      4. Әлеуметтік көмекті төлеуді уәкілетті орган екінші деңгейдегі банктер немесе банк операцияларының тиісті түрлеріне лицензиясы бар ұйымдар арқылы алушының банктік шотына ақшалай қаражатты аудару жолымен көрсетеді.

      5. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын, тоқсан сайын, жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек көрсету үшін атаулы күндер мен мереке күндерінің тізбесі:

      1) 15 ақпан – Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күні;

      2) 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;

      3) 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;

      4) 9 мамыр – Жеңіс күні;

      5) 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні;

      6) қыркүйектің екінші жексенбісі - Отбасы күні;

      7) қыркүйектің соңғы жексенбісі – Еңбек күні;

      8) 1 қазан - Қарттар күні;

      9) 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні.

2-тарау. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Әлеуметтік көмек келесі санаттардағы азаматтарға көрсетіледі:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері (бұдан әрі – ҰОС) атап айтқанда:

      1-1) ҰОС қатысушылар, атап айтқанда, ҰОС кезеңінде, сондай-ақ бұрынғы Кеңестік Социалистік Республикалар Одағын (бұдан әрі – КСР Одағы) қорғау бойынша басқа да ұрыс операциялары кезiнде майдандағы армия мен флоттың құрамына кiрген әскери бөлiмдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет өткерген әскери қызметшiлер, ҰОС партизандары мен астыртын әрекет етушiлерi;

      2) басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, атап айтқанда:

      2-1) оқу жиындарына шақырылған және Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде жiберiлген әскери мiндеттiлер;

      2-2) Ауғанстанға ұрыс қимылдары жүрiп жатқан кезеңде осы елге жүк жеткiзу үшiн жiберiлген автомобиль батальондарының әскери қызметшiлерi;

      2-3) бұрынғы КСР Одағының аумағынан Ауғанстанға жауынгерлiк тапсырмалармен ұшқан ұшу құрамының әскери қызметшiлерi;

      2-4) Ауғанстандағы кеңестік әскери контингентке қызмет көрсеткен, жарақат, контузия алған немесе мертіккен не ұрыс қимылдарын қамтамасыз етуге қатысқаны үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталған жұмысшылар мен қызметшiлер;

      2-5) Тәжікстан-Ауғанстан учаскесінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының шекарасын қорғауды күшейту жөніндегі мемлекетаралық шарттар мен келісімдерге сәйкес міндеттерін орындаған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;

      2-6) Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияға бітімгерлер ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілері;

      2-7) Таулы Қарабахтағы этносаралық қақтығысты реттеуге қатысқан әскери қызметшілер, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдары;

      3) жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер, атап айтқанда:

      3-1) Екiншi дүниежүзiлiк соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердегі, геттолардағы және басқа да мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар;

      3-2) 1986 – 1987 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың, азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жоюға қатысқан, сондай-ақ ядролық сынақтарға тiкелей қатысқан адамдар;

      3-3) бұрынғы КСР Одағын қорғау, әскери қызметтiң өзге де мiндеттерiн басқа кезеңдерде атқару кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі салдарынан немесе майданда болуына байланысты, сондай-ақ Ауғанстанда немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттерде әскери қызметiн өткеру кезiнде ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болған әскери қызметшiлер;

      3-4) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың, ядролық сынақтардың салдарынан мүгедек болған адамдар және мүгедектігі ата-анасының бiрiнiң радиациялық сәуле алуымен генетикалық байланысты олардың балалары;

      4) еңбек ардагерлері, атап айтқанда:

      4-1) Социалистік Еңбек Ерлері, үш дәрежелі Даңқ, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері;

      4-2) "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдар;

      4-3) ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар;

      4-4) 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде алты ай жұмыс iстеген (қызмет өткерген) және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар;

      5) Заңның күші қолданылатын басқа да адамдар, атап айтқанда:

      5-1) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң отбасылары;

      5-2) бейбiт уақытта әскери қызметiн өткеру кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшiлердiң отбасылары;

      5-3) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың салдарларын жою кезiнде қаза тапқан адамдардың отбасылары;

      5-4) Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектiлердегi басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың салдарынан сәуле ауруына шалдығып қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектердiң, сондай-ақ қайтыс болуы белгiленген тәртiппен солардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;

      5-5) ҰОС қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, ҰОС қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, "Ленинградты қорғағаны үшiн" медалiмен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы);

      5-6) 1988 – 1989 жылдары Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың салдарларын жоюға қатысушылар қатарындағы, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылған (өз еркімен кеткен) адамдар;

      5-7) 1979 жылғы 1 желтоқсан – 1989 жылғы желтоқсан аралығындағы кезеңде Ауғанстанға және ұрыс қимылдары жүргізілген басқа да елдерге жұмысқа жiберiлген жұмысшылар мен қызметшiлер;

      5-8) бұрынғы КСР Одағы Мемлекеттік қауiпсiздiк комитетiнiң Ауғанстан аумағында уақытша болған және кеңес әскерлерiнiң шектеулі контингентінің құрамына енбеген жұмысшылары мен қызметшiлерi;

      6) зейнеткерлік жасқа толған, зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын тұлғалар;

      6-1) зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең төмен мөлшерін немесе зейнетақының және (немесе) жәрдемақының ең аз мөлшерінен төмен алатын 80 жастағы және одан (асқан) көп жасқа толған тұлғалар;

      7) мүгедектер, атап айтқанда:

      7-1) 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар;

      7-2) 1 және 2 топтағы мүгедектер;

      7-3) кәмелетке толмаған балалары бар 3 топтағы мүгедектер;

      7-4) отбасы құрамында мектепке дейінгі жастағы балалары (баласы) бар мүгедектер;

      7-5) бір деңгейдегі білім беру ұйымдарында бұрын басқа мамандық бойынша оқығаны үшін өтем алғандарды қоспағанда, мүгедекті оңалтудың жеке бағдарламасының кәсіптік бөлігінен жоғары немесе орта-арнайы (кәсіптік) білім алуға табыстарын есепке алмай үзінді көшірмесі бар мүгедек студенттер;

      7-6) 12 аптаға дейінгі жүктілік мерзімінде есепте тұрған мүгедек әйелдер;

      7-7) санаторлық-курорттық сауықтыруды қажет ететін 1 топтағы мүгедектер;

      7-8) 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар;

      7-9) 1, 2 және 3 топтағы жалғызілікті және жалғыз тұратын мүгедектер;

      8) аз қамтылған азаматтар, атап айтқанда:

      8-1) жедел немесе жоспарлы хирургиялық операция жасалған тоқсанның алдындағы тоқсанның ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспайтын жан басына шаққандағы орташа табысы бар азаматтар;

      8-2) 12 аптаға дейінгі жүктілік мерзімінде есепке тұрған, жан басына шаққандағы орташа табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан аспайтын табысы аз отбасылардан шыққан әйелдер;

      8-3) ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспайтын аз қамтылған отбасылардан мемлекеттік білім грантын алмаған және ағымдағы жылдың жалпы білім беретін мектептер түлектерінің қатарындағы тұлгалар;

      8-4) ағымдағы жылы жалпы білім беретін мектеп түлектері қатарындағы және мемлекеттік білім грантын алмаған жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

      8-5) қала әкімінің гранты бойынша облыстың жоғары оқу орындарында оқитын студенттер, сондай-ақ "Семей медицина университеті" коммерциялық емес акционерлік қоғамында оқитын интерн студенттер;

      8-6) отбасының бір мүшесіне шаққандағы табысы белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспайтын, уәкілетті органның есебінде тұрған жұмыссыз азаматтар;

      8-7) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатарындағы көп балалы аналар (отбасылар);

      9) табиғи зілзаланың (су тасқынының) немесе өрттің салдарынан мүлікке зиян келуіне байланысты, оның ішінде үй тұрмысындағы заттар, заттар, тұрғын үй және шаруашылық құрылыстары ішінара бүлінген кезде өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтар (меншігінде бір бірлектен артық тұрғын үйі бар азаматтарды қоспағанда: пәтерлер, үйлер);

      10) әлеуметтік маңызды аурулары бар азаматтар, атап айтқанда:

      10-1) қатерлі ісіктер ауруларына шалдыққан адамдар;

      10-2) туберкулез ауруынан зардап шегетін адамдар;

      10-3) адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы ауруымен ауыратын 16 жастан асқан адамдар;

      10-4) адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы ауруымен ауыратын 16 жасқа дейінгі балалар;

      10-5) қант диабетінен зардап шегетін адамдар;

      11) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар;

      12) сотпен немесе Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 14 сәуірдегі "Жаппай саяси қуғын-сүргіндер құрбандарын ақтау туралы" Заңында белгіленген тәртіппен саяси қуғын-сүргіндер құрбаны немесе саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен деп танылған азаматтар.

      8. Әлеуметтік көмекті уәкілетті орган көрсетеді:

      1) атаулы күндер мен мереке күндеріне біржолғы әлеуметтік көмек:

      1-1) Ауғанстан Демократиялық Республикасынан Кеңес әскерлерінің шектеулі контингентінің шығарылған күніне орай - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 2-1), 2-2), 2-3), 2-4), 5-1), 5-7), 5-8) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      1-2) Халықаралық әйелдер күніне орай - уәкілетті органның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 8-7) тармақшасында көрсетілген санат үшін;

      1-3) Отан қорғаушы күніне орай - уәкілетті ұйымының тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 2-5), 2-6), 5-2) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      1-4) Жеңіс күніне орай - уәкілетті ұйымының тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 1-1), 2-7), 3-1), 3-2), 3-3), 3-4), 4-3), 4-4), 5-3), 5-4), 5-5), 5-6) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      1-5) Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 12) тармақшасында көрсетілген санат үшін;

      1-6) Отбасы күніне орай - уәкілетті ұйімның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 7-8) тармақшасында көрсетілген санат үшін;

      1-7) Еңбек күніне орай - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 4-1), 4-2) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      1-8) Қарттар күніне орай - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 6), 6-1) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      1-9) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай - уәкілетті ұйымның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 7-1), 7-2) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін;

      осы Қағидалардың 7-тармағының 7-3) тармақшасында көрсетілген санат үшін балалардың туу туралы куәлігі, мүгедектік туралы анықтаманың негізінде;

      2) табыстарын есепке алмағанда біржолғы әлеуметтік көмек:

      2-1) уәкілетті органның тізімі негізінде осы Қағидалардың 7-тармағының 1-1) тармақшасында көрсетілген санат үшін тұрғын үйді жөндеуге 50 (елу) айлық есептік көрсеткіш (бұдан әрі – АЕК) мөлшерінде;

      2-2) осы Қағидалардың 7-тармағының 2), 3-2), 3-3), 3-4), 5-6), 5-7), 5-8) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін тіс протездеуге - жеке басын куәландыратын құжатты, алушының мәртебесін растайтын құжатты, орындалған жұмыстар актісін, шот-фактураға фискалдық түбіртекті қоса бере отырып, өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      2-3) осы Қағидалардың 7-тармағының 2), 3-2), 3-3), 3-4), 5-6), 5-7), 5-8) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін жеке басын куәландыратын құжатты, алушының мәртебесін растайтын құжатты, санаторлық – курорттық сауықтыруға жолдаманы, жүкқұжат, шот-фактураға фискалды түбіртекті қоса бере отырып, өтініш негізінде санаторлық - курорттық емделуге (жол жүруге, тұруға және тамақтануға) 40 (қырық) АЕК мөлшерінде;

      2-4) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-6) тармақшасында көрсетілген санат үшін жеке басын куәландыратын құжатты, емханаға тіркелген жері бойынша дәрігерлік-кеңес комиссиясының анықтамасы, мүгедектігі туралы анықтамасын қоса бере отырып, өтініш негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      2-5) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-1), 7-7) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін жеке басын куәландыратын құжатты, 1 топтағы мүгедектігі туралы анықтаманы, санаторлық-курорттық сауықтыруды (бұдан әрі – СКС) қажет ететін оңалтудың жеке бағдарламасы (бұдан әрі – ОЖБ), санаторлық – курорттық сауықтыруға жолдаманы қоса бере отырып, өтініш негізінде (сауықтыруға) 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      2-6) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-1), 7-7) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін жеке басын куәландыратын құжатты, 1 топтағы мүгедектігі туралы анықтаманы, СКС қажет ететін ОЖБ, жеке көмекшінің мәртебесін растайтын құжатты қоса бере отырып, өтініш негізінде (жеке көмекшінің жол жүруіне, тұруына және тамақтануына) 55 (елу бес) АЕК мөлшерінде;

      2-7) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-7) тармақшасында көрсетілген санат үшін пешпен жылытылатын үйлерде тұратындарға газ талдағыштарды орнату үшін, уәкілетті органның тізімі негізінде нақты құны мөлшерінде;

      2-8) осы Қағидалардың 7-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш, жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың жоқ (бар) екендігі туралы анықтама (1 бірлік тұрғын үй болған жағдайда) негізінде 100 (жүз) АЕК мөлшерінде. Әлеуметтік көмекке өтініш жасау мерзімі - өмірлік қиын жағдай туындаған кезден бастап екі ай ішінде;

      2-9) осы Қағидалардың 7-тармағының 10-1) тармақшасында көрсетілген санат үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақсу қаласының қалалық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізімі, медициналық мекемеге тіркелген жері бойынша ауыруын растайтын дәрігерлік - қеңес комиссиясының қорытындысы негізінде 15 (он бес) АЕК мөлшерінде;

      2-10) осы Қағидалардың 7-тармағының 10-3) тармақшасында көрсетілген санат үшін Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорынның Ақсу бөлімшесімен берілген тізімі негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      2-11) осы Қағидалардың 7-тармағының 10-5) тармақшасында көрсетілген санат үшін шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақсу қаласының қалалық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізімі негізінде 8 (сегіз) АЕК мөлшерінде;

      2-12) осы Қағидалардың 7-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген санат үшін Ақсу қаласының пробация кызметі ұсынған әлеуметтік құқықтық көмек көрсетудің жеке бағдарламасын коса бере отырып, полиция бөлімі мен Ақсу қаласының пробация қызметі ұсынған тізім негізінде 8 (сегіз) АЕК мөлшерінде;

      2-13) осы Қағидалардың 7-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген, жұмыссыз ретінде уәкілетті органның есебінде тұрған санат үшін Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш, әлеуметтік көмектің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжат (жануарларды, малды сату-сатып алу туралы келісім - шарт, фискалды түбіртекті қоса, тауар жүкқағазы) негізінде қажетті құрал-саймандарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды сатып алу үшін 113 (бір жүз он үш) АЕК мөлшерінде;

      3) табыстарын есепке алмағанда тоқсан сайынғы әлеуметтік көмек:

      3-1) осы Қағидалардың 7-тармағының 2), 3-2), 3-3), 3-4), 5-6), 5-7), 5-8) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін жеке басын куәландыратын құжатты, санатың растайтын құжатты қоса бере отырып, өтініш негізінде сауықтыруға 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      4) табыстарын есепке алмағанда ай сайынғы әлеуметтік көмек:

      4-1) осы Қағидалардың 7-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген санат үшін уәкілетті органның тізімі негізінде дәрі-дәрмек сатып алуға 1 (бір) АЕК мөлшерінде, жергілікті бюджет қаражаты есебінен көрсетілетін коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды өтеуге 5 (бес) АЕК мөлшерінде;

      4-2) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-4) тармақшасында көрсетілген санат үшін жеке басын куәландыратын құжатты, баланың (балалардың) туу туралы куәлігін, мектепке дейінгі мекемемен шартты, мүгедектік туралы анықтаманы, өткен айда нақты қатысқан күндерінің төлеу түбіртегін қоса, өтініш негізінде балалардың (баланың) балаларға арналған мектепке дейінгі мекемеге баруды төлеуге белгіленген құны мөлшерінде;

      4-3) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-9) тармақшасында көрсетілген санат үшін ағымдағы айға, ал алғашқы рет жүгінгендерге – өтініш беру күнінен бастап уәкілетті органың тізімі негізінде 3 (үш) АЕК мөлшерінде;

      4-4) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-5) тармақшасында көрсетілген санат үшін жоғары оқу орындарында оқыған кезеңде тұруына, тамағы мен тұрғылықты жері бойынша жолақысына 26186 (жиырма алты мың жүз сексен алты) теңге мөлшерінде;

      4-5) осы Қағидалардың 7-тармағының 10-2) тармақшасында көрсетілген санат үшін амбулаторлық емделу кезінде шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақсу қаласының қалалық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының тізімі негізінде 10 (он) АЕК мөлшерінде;

      4-6) осы Қағидалардың 7-тармағының 10-4) тармақшасында көрсетілген санат үшін Павлодар облысы әкімдігі Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының "Павлодар облыстық ЖИТС-тың алдын алу және күресу жөніндегі орталығы" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорының Ақсу бөлімшесі ұсынған тізімі негізінде Қазақстан Республикасы бойынша күнкөріс деңгейінің екі есе мөлшерінде;

      5) табыстарын есепке ала отырып, біржолғы әлеуметтік көмек:

      5-1) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-1) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 2) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш, шаруашылық жүргізу құқығындағы "Ақсу қаласының қалалық ауруханасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны дәрігерлік-консультациялық комиссиясының анықтамасы, жоспарлы емдеуге жатқызу жолдамасы негізінде 15 (он бес) АЕК мөлшерінде. Әлеуметтік көмекке өтініш жасау мерзімі - өмірлік қиын жағдай туындалған кезден бастап екі ай ішінде;

      5-2) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-2) тармақшасында көрсетілген санат үшін Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 2), тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш, емханаға тіркелген жері бойынша дәрігерлік-кеңес комиссиясының анықтамасы негізінде 20 (жиырма) АЕК мөлшерінде;

      5-3) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-6) тармақшасында көрсетілген жұмыссыз ретінде уәкілетті органның есебінде тұрған, табысы өтініш берген тоқсанның алдындағы тоқсанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспайтын санат үшін Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып өтініш, әлеуметтік көмектің мақсатты пайдаланылуын растайтын құжат (жануарды, малды сату-сатып алу туралы келісім-шарт, фискалды түбіртек қоса бере отырып тауарлық жүкқағаз,) негізінде қажетті жабдықтарды, еңбек құралдарын, технологиялық жабдықтарды, жануарларды, малдарды сатып алу үшін 113 (жүз он үш) АЕК мөлшерінде;

      6) әлеуметтік көмек мерзімді (жартыжылдықта 1 рет) көрсетіледі:

      6-1) осы Қағидалардың 7-тармағының 7-5) тармақшасында көрсетілген санат үшін бір оқу жылына оқу ақысы- жеке басын куәландыратын құжат, мүгедектігі туралы анықтама, жоғары оқу орнының басшысы және мүгедек студент арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсетуге келісім-шартты қоса ОЖБ негізінде жоғары оқу орындарында оқығандары үшін– 60 (алпыс) АЕК, кәсіптік және техникалық оқу орындарында – 30 (отыз) АЕК мөлшерінде . Егер құны әлеуметтік көмектің белгіленген мөлшерінен аз болса, төлем тиісті оқу жылына бекітілген нақты құн бойынша жүргізіледі;

      6-2) осы Қағидалардың 7-тармағының 8-3), 8-4), 8-5) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін білім беру қызметтерін көрсетуге оқудың нақты құны мөлшерінде, Үлгілік қағидалардың 13-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып, жоғары оқу орнының басшысы, Ақсу қаласының әкімі және студент арасында жасалған білім беру қызметтерін көрсетуге үш жақты келісім-шарт негізінде.

      9. Алушылардың жекелеген санаттары үшін атаулы күндер мен мереке күндеріне әлеуметтік көмектің мөлшері Павлодар облысы әкімдігінің келісімі бойынша бірыңғай мөлшерде белгіленеді.

      10. Осы Қағидалардың 8-тармағының 2-5), 2-6), 2-8), 2-13), 5-1), 5-3) тармақшаларында көрсетілген санаттар үшін көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3-тарау. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі

      11. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидалардың 12, 14-25 - тармақтары негізінде анықталады.

4-тарау. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін негіздер

      12. Көрсетілетін әлеуметтік көмекті тоқтату және қайтару үшін Үлгілік қағидалардың 26, 27 тармақтары негізінде анықталады.

5-тарау. Қорытынды ереже

      13. Әлеуметтік көмек көрсету мониторингі мен есепке алуды уәкілетті орган "Е-Собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің дерекқорын пайдалана отырып жүргізеді.

  Ақсу қалалық мәслихатының
2021 жылғы 30 сәуірдегі
40/5 шешіміне
қосымша

Ақсу қалалық мәслихатының күші жойылған кейбір шешімдерінің тізбесі

      1. Ақсу қалалық мәслихатының 2019 жылғы 15 мамырдғы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 313/42 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6373 болып тіркелген).

      2. Ақсу қалалық мәслихатының 2020 жылғы 17 маусымдағы "Ақсу қалалық мәслихатының 2019 жылғы 15 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 313/42 шешіміне өзгеріс енгізу туралы" № 425/62 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6849 болып тіркелген).

      3. Ақсу қалалық мәслихатының 2020 жылғы 23 желтоқсандағы "Ақсу қалалық мәслихатының 2019 жылғы 15 мамырдағы "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және Ақсу қаласының мұқтаж азаматтарының жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың қағидаларын бекіту туралы" № 313/42 шешіміне өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" № 476/71 шешімі (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7179 болып тіркелген).