"Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2021 жылғы 22 желтоқсандағы № 418 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 23 желтоқсанда № 25964 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 2024 жылғы 29 қазандағы № 500-НҚ бұйрығымен.

Күшін жойған

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 29.10.2024 № 500-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2012 жылғы 29 маусымдағы № 89/1 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7820 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету тәртібін айқындайды.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) абоненттік жол – жергілікті телекоммуникация желісінің бір бөлігі болып табылатын және абоненттік құрылғыны осы желінің телекоммуникация құралдарымен жалғайтын байланыс жолы;

      2) жария шартқа қосылу – телерадио хабарларын тарату операторы мен абонент арасында шарт жасасу тәсілі, мұндай шарт кезінде қосылған абонент ұсынылған жария шарттың талаптарын оператор ұсынған осындай жария шартта көзделген тәртіппен қабылдайды;

      3) дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларын таратушы – телерадио хабарларын тарату саласында лицензиясы бар және Қазақстан Республикасының аумағында өзінің спутниктік хабар тарату жүйелеріне ие телерадио хабарларын тарату операторларының көрсетілетін қызметтеріне шартты қолжетімді карталарды, телерадио хабарларын тарату операторларының теле-, радиосигналын жеке-дара қабылдауға арналған жабдықты тарататын жеке немесе заңды тұлға;

      4) пайдаланушы жабдығы – теле-, радиоарналардың сигналдарын қабылдауға, өңдеуге және ойнатуға арналған техникалық құралдар (оның ішінде қабылдаушы спутниктік жиынтық, телевизиялық қабылдағыш, радиоқабылдағыш);

      5) теле-, радиоарнаның сигналы – технологиялық параметрлері техникалық нормаларға және стандарттарға сәйкес анықталатын теле-, радиоарнаның электрлік сигналы;

      6) телерадио хабарларын тарату операторының желісі – телерадио хабарларын тарату операторы пайдаланатын, теле-, радиоарналарды осы құралдардың параметрлерімен айқындалатын аумақта ретрансляциялауды қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен байланыс арналарының жиынтығы;

      7) телерадио хабарларын тарату – телекоммуникацияның техникалық құралдарын пайдалана отырып және тұтынушының ашық немесе кодталған жария түрде қабылдауына арналған телекоммуникация желілерінде теле-, радиоарналарды қалыптастыру және (немесе) тарату;

      8) шартты қолжетімділік картасы – дара спутниктік және эфирлік қабылдау құрылғыларының сәйкестендіргішін қамтитын, абоненттің телерадио хабарларын тарату операторының көрсететін қызметтеріне қол жеткізуін қамтамасыз ететін құрылғы;

      9) хабар тарату арнасы – шығу көзінен абонентке дейін теле-, радиоарналар сигналын жеткізуді жүзеге асыратын радиоэлектрондық техникалық құралдар қалыптастырған физикалық орта;

      10) телерадио хабарларын тарату операторы – теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға лицензия алған жеке немесе заңды тұлға;

      11) интернет – электрондық ақпараттық ресурстарды жіберуге арналған телекоммуникациялардың біріктірілген желілерінің және есептеу ресурстарының дүниежүзілік жүйесі.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Телерадио хабарларын тарату операторы теле-, радиоарналар топтамаларын қалыптастыру кезінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 171 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18861 болып тіркелген) бекітілген Міндетті теле-, радиоарналардың тізбесіне сәйкес міндетті теле-, радиоарналарды цифрлық хабар таратуда және телекоммуникациялар желілерінде сандар тізбегін таратуда біріншіден бастап, одан жоғары ретті сандарды беру жолымен басым тәртіппен, ал аналогты хабар таратуда бөлу торының басына арналардың жиіліктерін қою арқылы реттік нөмірдің бірізділігін сақтай отырып орналастырады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Телерадио хабарларын тарату қызметтері мыналар болып табылады:

      1) эфирлік телерадио хабарларын тарату қызметтері;

      2) спутниктік телерадио хабарларын тарату қызметтері;

      3) кабельдік телерадио хабарларын тарату қызметтері;

      4) телекоммуникациялар желілерінде телерадио хабарларын тарату қызметтері.";

      мынадай мазмұндағы 31-1-тармақпен толықтырылсын:

      "31-1. Интернет жүйелеріне қолжетімділік қызметін көрсететін абоненттік желілерді қоспағанда, кабельдік телерадио хабарларын тарату кабельдік және эфирлік-кабельдік желілер арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.";

      33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Техникалық мүмкіндік болғанда және шартқа сәйкес бір абоненттің абоненттік желісі ұжымдық қолжетімділікті ұйымдастыру үшін абоненттік тармақтағыштың бірнеше бұрып жібергішіне қосылады.

      34. Абоненттің ғимаратында телерадио хабарларын тарату желілері, ал олар орналасқан орынжайда абоненттік желілер жоқ болған жағдайда, жетіспейтін жабдықты және кабельдік желілерді телерадио хабарларын тарату операторлары құрастыруы мүмкін немесе басқа тәсілмен жүргізіледі. Бұл жұмыстарды орындағаннан кейін телерадио хабарларын тарату операторлары абонентпен Шарт жасасады.";

      2-тарау мынадай мазмұндағы 6-параграфпен толықтырылсын:

      "6-параграф. Телекоммуникациялар желілерінде телерадио хабарларын тарату қызметтерін көрсету ерекшеліктері

      35-1. Телекоммуникациялар желілерінде телерадио хабарларын тарату телекоммуникация хабарларының берілуін қамтамасыз ететін телекоммуникациялардың техникалық құралдарын және байланыс жолдарын пайдалану арқылы теле-, радиоарналарды тарату жүйесін білдіреді.

      35-2. Телекоммуникация желілерінде теле-, радиоарналарды тарату теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысуға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылады.";

      42-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңның 37-бабының 4-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында теле-, радиоарналарды тарату жөніндегі қызметпен айналысу үшін лицензиясы жоқ телерадио хабарларын тарату операторларының қызметтеріне шартты қолжетімділік карталарын таратуға тыйым салынады және Қазақстан Республикасының заңнамасымен көзделген жауаптылыққа әкеп соқтырады.".

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғанынан кейін оны Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі
А. Балаева

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі