ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2022 бастап қолданысқа енгізіледі
"Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2021 жылғы 15 желтоқсандағы № 387 Бұйрықпен бекітілген |
Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-14) тармақшасына сәйкес әзірленді және әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) жолаушы купоны – жолаушыны және оның жүгін әуеде тасымалдау шартының жасалғанын куәландыратын, электрондық-цифрлық жазба немесе қағаз тасығыш түрінде (қатаң есептілік бланкі) ұсынылған билет бөлігі;
2) туристерді орналастыру орындары – қонақ үйлер, мотельдер, кемпингтер, туристік базалар, қонақжайлар, демалыс үйлері, пансионаттар және туристердің тұруы мен оларға қызмет көрсету үшін пайдаланылатын басқа да үй-жайлар мен ғимараттар;
3) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
4) туристік операторлық қызмет (бұдан әрі – туроператорлық қызмет) – қызметтің осы түріне лицензиясы бар жеке немесе заңды тұлғалардың турагенттер арқылы шығу туризмі саласындағы туристік өнімді және туристерге келу және ішкі туризм саласындағы туристік өнімді, оның ішінде турагенттер арқылы қалыптастыру, ілгерілету және өткізу жөніндегі кәсіпкерлік қызметі;
5) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті түрде барлық қажетті туристік қызметтер көрсетілетін кешен;
6) туристік ресурстар – туристік көрсету объектілерін қамтитын табиғи-климаттық, тарихи, әлеуметтік-мәдени, сауықтыру объектілері, сондай-ақ туристердің рухани қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын, олардың дене күшін қалпына келтіріп, дамытуға жәрдемдесетін өзге де объектілер;
7) уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.
2-тарау. Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау
3. Субсидияны алу үшін келу туризмі саласындағы туроператор ағымдағы жыл ішінде уәкілетті органға өтінім берілген кезге дейін ағымдағы қаржы жылында өткізілген туристік өнімнің көрсетілген қызметтері үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша қағаз немесе электрондық нысанда пошта арқылы немесе қолма-қол тиісті күнтізбелік жылдың бірінші жұмыс күнінен бастап 1 желтоқсанына дейін әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындары бойынша субсидия алуға арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) жібереді.
Өтінімге келесі көрсетілетін құжаттар қоса беріледі:
1) заңды тұлға өтінім берген жағдайда – заңды тұлғаның құрылтай құжаттарының көшірмелері, жеке тұлға өтініш берген жағдайда – жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, дара кәсіпкер ретінде қызметінің басталғанын растайтын құжаттың көшірмесі, ал туроператордың өкілі өтінім берген кезде кәсіпкерлік субъектісінің мүдделерін білдіруге нотариалды куәландырылған сенімхатты қосымша ұсынады;
2) өтінім беру жоспарланып отырған айдың алдындағы айдың бірінші күніне алынған есебі мемлекеттік кірістер органдарында жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтер;
3) "Туристік қызмет көрсетуге үлгілік шартты бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 81 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10604 болып тіркелген) сәйкес жасалған туристік қызмет көрсету шартының немесе резидент емес туроператормен туристік қызмет көрсетуге арналған серіктестік шартының (бұдан әрі – Шарт) көшірмесі;
4) шетелдік туристің жеке басын куәландыратын құжаттың, сондай-ақ Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын кесіп өту фактісін растайтын парақтардың көшірмесі;
5) шетелдік туристке арналған жолаушылар купонының көшірмесі;
6) келу және ішкі туризм саласындағы туроператорлық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияның көшірмесі;
7) Шарт бойынша туристік өнімге ақы төленгенін растайтын құжат.
4. Туроператордан келіп түскен өтінімдерді қарау үшін уәкілетті орган әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялауға арналған өтінімдерді қарау жөніндегі тұрақты жұмыс істейтін комиссия (бұдан әрі – комиссия) құрады.
Комиссия мүшелерінің саны тақ санынан тұрады, кемінде 7 (жеті) адамды құрайтын комиссия мүшелерінің арасынан төраға және төрағаның орынбасары тағайындалады.
Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.
Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындауды комиссия мүшесі болып табылмайтын хатшы жүзеге асырады.
Комиссия төрағасы, төрағаның орынбасары, комиссия хатшысы уәкілетті органның қызметкерлері қатарынан тағайындалады.
Комиссия құрамына сондай-ақ "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, бизнес және ұйымдардың өкілдері кіреді.
Комиссия отырыстарын өтінімдердің түсуіне қарай, бірақ тоқсанына кемінде бір рет өткізеді.
5. Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген келіп түскен өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттардың (бұдан әрі – құжаттар топтамасы) толықтығын комиссия екі жұмыс күні ішінде қарайды.
Құжаттар топтамасы толық болмаған жағдайда, комиссия оларды жетіспейтін құжаттардың тізбесін көрсете отырып, осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзімдерде келу туризмі саласындағы туроператорға қайтарады.
Құжаттар топтамасының толық еместігі жойылған кезде, келу туризмі саласындағы туроператор құжаттар топтамасын қайта ұсынады.
6. Осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген құжаттар топтамасы толық болған жағдайда, комиссия олар келіп түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде құжаттар топтамасын қарайды және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) ұсынылған құжаттардың қолданылу мерзімі өтпеген, олардың осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес келген жағдайларда, шетелдік турист туристерді орналастыру орындарында кемінде төрт күн және үш түн тұрған, шетелдік туристің кемінде үш туристік ресурсқа барған, шетелдік туристі туристерді орналастыру орындарында "е-Hotel" ("е-Qonaq") ақпараттық жүйесі арқылы тіркеген жағдайда келу туризмі саласындағы туроператорға субсидияны төлеу туралы;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес келмеген жағдайда, келу туризмі саласындағы туроператорға субсидияны төлеуден бас тарту туралы.
7. Комиссияның қабылдаған шешімі хаттамамен ресімделеді және шешім қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
8. Комиссияның келу туризмі саласындағы туроператорға субсидияны төлеу туралы шешімінің негізінде уәкілетті орган қырық жұмыс күні ішінде келу туризмі саласындағы қызметті жүзеге асыратын туроператордан сатып алынған туристік өнім бойынша Қазақстан Республикасына келген әрбір шетелдік турист үшін 15 000 (он бес мың) теңге мөлшеріндегі субсидия сомасын өтінімде көрсетілген екінші деңгейдегі банкте ашылған оның есеп шотына аударуды жүзеге асырады.
9 Субсидияны бақылау, мониторингілеу және іске асыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындары бойынша субсидия алуға арналған өтінім
Әрбір шетелдік турист үшін шығындарды өтеуге субсидия алуға арналған өтінімді қарауды сұраймын (бұдан әрі – субсидия).
1. Туроператор туралы мәліметтер.
Заңды тұлға үшін:
атауы _________________________________________________________
бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН) _________________________________
басшының тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) ______________________
заңды тұлғаның нақты орналасқан жері _____________________________
_______________________________________________________________
телефон нөмірі __________________________________________________
Жеке тұлға үшін: тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) ____________________________
жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) __________________________________
жеке басты куәландыратын құжат:__________________________________
нөмірі _________________________________________________________
кім берді _______________________________________________________
берілген күні ____________________________________________________
тұрғылықты мекенжайы __________________________________________
телефон нөмірі __________________________________________________
2. Туроператордың туроператорлық қызметі туралы мәліметтер:
Лицензия № ____________________________кіші түрлері______________
Лицензияны алған күні ___________________________________________
3. Екінші деңгейдегі банкте ашылған есеп айырысу шоты_______________
4. Шетелдік турист (ер) туралы жалпы мәліметтер:
№п\п | Шетелдік туристің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде) | Шетелдік туристің Қазақстан Республикасында болу кезеңі |
1. | ||
2. | ||
3. |
5. Тиесілі субсидияны алдын ала есептеу _________________________
(____________________________________________________________) теңге.
6. Әрбір шетелдік турист үшін келу туризмі саласындағы туроператорлардың шығындарын субсидиялау қағидаларының 3-тармағына сәйкес өтінімге қоса берілетін құжаттардың тізбесі:
1) _______________________________
2) _______________________________
Ұсынылған ақпараттың дұрыстығын, оның ішінде банкрот болмағанымды, "Оңалту және банкроттық туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес банкроттық немесе тарату рәсіміне жатпайтынымды растаймын және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ дербес деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға, түсіруге және пайдалануға келісім беремін.
______________________________________________
(Жеке тұлғаның қолы немесе заңды тұлғаның атауы)
Мөр (болған кезде)
Өтінім берілген күні "____" __________ 20____ жыл