"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 35-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң күшіне енеді.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
А. Аймагамбетов |
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі |
|
2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 Бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-бабының 35-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын (бұдан әрі – бірінші басшылар) ротациялауды жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау (бұдан әрі – ротациялау) – облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының қарамағындағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшылары арасындағы лауазымдық орын ауыстыру.
3. Бірінші басшыларды ротациялау Заңның 44-бабы 5-1-тармағының 2-абзацына сәйкес бір елді мекен шегінде жүзеге асырылады.
2-тарау. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу тәртібі
4. Бірінші басшыларды ротациялауды өткізу үшін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім беруді басқару органдарының кадр қызметі (бұдан әрі – кадр қызметі), ротациялауға жататын бірінші басшылардың тізімі (бұдан әрі – тізім) мынадай мәліметтерді көрсете отырып қалыптастырылады:
1) бірінші басшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);
2) атқаратын лауазымы туралы мәлімет;
3) лауазымдағы жұмыс өтіліне қатысты ақпарат;
4) "Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуды, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білімнің білім беру бағдарламаларын және арнайы оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін педагогтерді және білім және ғылым саласындағы басқа да азаматтық қызметшілерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 27 қаңтардағы № 83 бұйрығында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13317 болып тіркелген) (бұдан әрі - № 83 бұйрық) қарастырылған біліктілік санатының болуы туралы мәліметтер.
5. Тізім жыл сайын тоқсанның соңғы айының 10-шы күнінен кешіктірілмей жасалады.
6. Тізім жасағаннан кейін кадр қызметі 15 (он бес) жұмыс күні ішінде Ұлттық білім беру деректер базасынан (бұдан әрі – ҰБДБ) алынған, № 83 бұйрықпен бекітілген бірінші басшының қызмет тиімділігінің көрсеткіштері бойынша есепті қалыптастырады.
7. Бірінші басшының қызмет тиімділігінің көрсеткіштері мынадай ақпаратты қамтиды:
1) басқарып отырған білім беру ұйымындағы оқушылардың саны;
2) біліктілік арттыру курстарынан өткен педагогтердің үлесі;
3) өткен жылмен салыстырғанда қосымша білім берумен қамтылған оқушылар мен тәрбиеленушілердің ұлғаюы туралы мәліметтер;
4) білім сапасының динамикасы, "Алтын белгі" белгісін алған бітірушілердің саны туралы мәліметтер;
5) техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында, жоғары оқу орындарында оқитын түлектердің үлесі (мамандандырылған бiлiм беру ұйымдары үшiн - бюджеттiк негiзде оқуға қабылданған);
6) облыстық, республикалық, халықаралық олимпиадалардың, конкурстардың, жарыстардың жеңімпаздары (жүлдегерлері) атанған оқушылардың/тәрбиешілердің саны;
7) бірінші басшының менеджмент саласында біліктілікті арттыру курсынан өткен сертификатының болуы;
8) оқу-әдістемелік кеңес бекіткен бірінші басшының басшылығымен әзірленген бағдарламалардың, оқу-әдістемелік кешендердің, әдістемелік ұсынымдардың/әдістемелік құралдардың болуы;
9) бірінші басшының инновациялық және эксперименттік қызметті қолдануы, білім беру сапасын арттыруға әсер ететін әлеуметтік/білім беру жобаларына қатысуы;
10) білім беру ұйымындағы педагогтердің жалпы санын алғанда жоғары кәсіптік білімі бар педагогтердің үлесі;
11) ғылыми/академиялық дәрежелері бар педагогтердің үлесі;
12) білім беру ұйымындағы педагогтердің жалпы санын алғанда "педагог-зерттеуші", "педагог-шебер" біліктілік санаттары бар педагогтердің үлесі;
13) кәсіби шеберлік конкурстарының жеңімпаздары/жүлдегерлері атанған педагогтердің саны.
8. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ҰБДБ-да ақпарат болмаған жағдайда кадр қызметі 1 (бір) жұмыс күні ішінде білім беру ұйымына ақпарат алу үшін электрондық пошта арқылы сұрау жібереді.
9. Кадр қызметі есепті қалыптастырғаннан кейін және қосымша ақпарат алған күнінен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде әрбір бірінші басшыға электрондық портфолио қалыптастырады және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының актісімен құрылған комиссияға қарауға жібереді.
10. Комиссия 5 (бес) адамнан, комиссия мүшелерінің ішінен сайланған төрағадан тұрады. Комиссия құрамына облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының, әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), аудандық (облыстық маңызы бар қаланың) білім бөлімдерінің, бiлiм беру саласындағы бұқаралық ақпарат құралдарының, қоғамдық бiрлестiктердің өкілдері кіреді.
Комиссияның хатшысы комиссия отырысын ұйымдастырады, оның мүшесі болып табылмайды.
Комиссияның отырысы комиссия төрағасының, комиссия мүшелерінің, отырысқа қатысқандардың, сондай-ақ хатшының қолы қойылған хаттамамен ресімделеді.
Егер комиссияның отырысына комиссияның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысса комиссияның отырысы өтті деп, ал оның шешімі заңды деп есептеледі.
Комиссияның шешімі ашық дауыс беру арқылы қарапайым көпшілік дауыспен қабылдануы тиіс. Дауыстар тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
11. Комиссия 15 (он бес) жұмыс күні ішінде кадр қызметі ұсынған әрбір бірінші басшы бойынша портфолионы қарайды және мынадай шешімдердің бірін қабылдайды:
1) лауазым шегінде бірінші басшылар арасындағы ротациялауды өткізу туралы;
2) лауазым шегінде бірінші басшылар арасында ротациялаудан бас тарту туралы.
Қабылданған шешімді Комиссия хатшысы 7 (жеті) жұмыс күні ішінде кадр қызметіне жібереді.
12. Комиссия шешімі бірінші басшының портфолиосын комиссияның қарауын ескере отырып, осы ұйымдағы лауазымына тағайындалған күннен бастап 4 (төрт) жыл бойы қызмет атқарған бірінші басшылар үшін қабылданады. Комиссияның шешiмi бойынша бiрiншi басшының осы ұйымдағы қызмет мерзiмi үш жылға ұзартылады. Комиссия ротациялау туралы шешім қабылдайды немесе бірінші басшы еңбек шарты бойынша жұмысын жалғастырады.
Бұл ретте, бірінші басшының бір білім беру ұйымындағы лауазымында болуға рұқсат етілген ең ұзақ мерзімі жеті жылдан аспайды. Жеті және одан да көп жыл қызметте болған бірінші басшылар ротациялауға жатады.
13. Кадр қызметі ротациялау басталғанға дейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кешіктірмей бірінші басшыны алдағы ротациялау туралы жазбаша хабардар етеді.
14. Хабарлама жасау мерзімі өткеннен кейін облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) білім басқармасы ротациялаудан өткен бірінші басшыны 5 (бес) жыл мерзімге ауыстыру тәртібімен лауазымға тағайындау туралы акт шығарады.
15. Бірінші басшыларды ротациялау кезінде ротацияланушының біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі өткенге дейін сақталады.