"Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 30 шілдедегі № 280 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 26 қазандағы № 424 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 қазанда № 24933 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 48-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 30 шілдедегі № 280 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23809 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Қоршаған ортаға әсерді бағалау барысында көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін анықтау процесін ұйымдастыру үшін көзделіп отырған қызметтің бастамашысы қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға осы Нұсқаулыққа 1-қосымшада белгіленген нысан бойынша көзделіп отырған қызмет туралы өтініш береді.";

      31-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "31. Қоршаған ортаға әсерді бағалау процесінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерін зерделеу және сипаттау ықтимал әсерлер туралы есепті дайындауды қамтиды. Ықтимал әсерлер туралы есептің мазмұны осы Нұсқаулыққа 2-қосымшаға сәйкес қамту саласын айқындау туралы қорытындының мазмұнын ескере отырып, ықтимал әсерлер туралы есепке енгізуге жататын ақпаратты қамтиды.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Оңайлатылған тәртіп бойынша экологиялық бағалау шеңберінде көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал елеулі әсерлерін зерделеу мен сипаттау қосымша зерттеулер жүргізуді (қажет болған кезде) және алынған ақпаратты "Қоршаған ортаны қорғау" бөліміне немесе эмиссиялар нормативтерінің жобасына енгізуді қамтиды. "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімінің мазмұны осы Нұсқаулыққа 3-қосымшаға сәйкес көзделіп отырған қызметтің жобалау құжаттамасының құрамында қоршаған ортаны қорғау бөліміне енгізілуге жататын ақпаратты қамтиды."

      Қосымшаның оң жақ жоғарғы бұрышы мынадай редакцияда жазылсын: "Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулыққа 1-қосымша";

      осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулыққа 2-қосымшамен толықтырылсын;

      осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Экологиялық бағалауды ұйымдастыру және өткізу жөніндегі нұсқаулыққа 3-қосымшамен толықтырылсын;

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат және тұрақты даму департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
С. Брекешев
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Энергетика министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
2021 жылғы 26 қазандағы
№ 424 бұйрығына
1-қосымша
Экологиялық бағалауды
ұйымдастыру және өткізу
жөніндегі Нұсқаулыққа
2-қосымша

Қамту саласын айқындау туралы қорытындының мазмұнын ескере отырып, ықтимал әсерлер туралы есепке енгізуге жататын ақпарат

      1. Оған қатысты есеп жасалған белгіленіп отырған қызметтің сипаттамасы:

      1) көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнының сипаттамасы, оның векторлық файлдары бар геоақпараттық жүйеге сәйкес айқындалған координаттары;

      2) есепті жасау кезінде көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнындағы және оның айналасындағы қоршаған ортаның жай-күйін сипаттау (базалық сценарий);

      3) көзделіп отырған қызметтің басталуынан бас тартқан жағдайда болуы мүмкін қоршаған ортаның мынадай шарттарды сақтай отырып орындалған өзгерістерінің сипаттамасы:

      көзделіп отырған қызмет қамту саласын айқындау кезінде және ықтимал әсерлер туралы есепті дайындау кезінде анықталған қоршаған ортаны қорғаудың барлық объектілері мен антропогендік объектілердің жай-күйіндегі өзгерістерді қамту;

      қоршаған орта жай-күйінің өзгерістері туралы анық ақпараттың толықтығы мен егжей-тегжейлі деңгейі зерттеуге арналған шығындар кезінде қол жеткізілетін деңгейден төмен болмауға, одан түсетін пайдадан аспауға тиіс;

      көзделіп отырған және жүзеге асырылатын қызметтің барлық түрлерінің қозғалатын аумағына елеулі әсер ету нәтижесінде болуы мүмкін өзгерістерді қамту;

      4) белгіленіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектілерді салу және пайдалану барысында жердің санаты және жерді пайдалану мақсаттары туралы ақпарат;

      5) белгіленген қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектілердің қуаты, көлемі (алып жатқан жердің ауданы, биіктігі), қоршаған ортаға әсер ететін басқа да физикалық және техникалық сипаттамаларын қоса алғанда, көрсеткіштері туралы ақпарат; өндірістік процесс туралы, оның ішінде кәсіпорынның күтілетін өнімділігі, оның энергияға, табиғи ресурстарға, шикізат пен материалдарға қажеттілігі туралы мәліметтер;

      6) Кодекске сәйкес кешенді экологиялық рұқсаттың болуын талап ететін объектілер үшін-қолданылуы жоспарланып отырған ең озық қолжетімді технологиялардың сипаттамасы;

      7) егер бұл жұмыстар белгіленіп отырған қызметті іске асыру мақсаттары үшін қажет болса, бұрыннан бар үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды, жабдықтарды және оларды орындау тәсілдерін кейіннен кәдеге жарату жөніндегі жұмыстардың сипаттамасын;

      8) суға, атмосфералық ауаға, топыраққа, жер қойнауына әсер етуді, сондай-ақ дірілге, шуылға, электромагниттік, жылу және радиациялық әсерді қоса алғанда, қаралатын қызметті жүзеге асыру үшін объектілерді салуға және пайдалануға байланысты қоршаған ортаға күтілетін түрлер, сипаттамалар және эмиссиялар саны, қоршаған ортаға өзге де зиянды антропогендік әсерлер туралы ақпаратты;

      9) көзделіп отырған қызмет шеңберінде объектілерді салу және пайдалану барысында түзілетін қалдықтардың, оның ішінде бұрыннан бар үйлерді, құрылыстарды, ғимараттарды, жабдықтарды кейіннен кәдеге жаратуды жүзеге асыру нәтижесінде түзілетін қалдықтардың күтілетін түрлері, сипаттамалары мен саны туралы ақпарат қамтылуға тиіс.

      2. Халықтың санын, олардың сипаттамалары мен қоршаған ортаға көшіру қабілетін ескере отырып, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға шығарындылар, төгінділер және өзге де теріс әсерлері анықталуы мүмкін учаскелерді көрсете отырып, қозғалатын аумақтың сипаттамасы; табиғи ресурстарды алу және қалдықтарды көму учаскелері;

      3. Көзделіп отырған қызметтің бастамашысы қолдану үшін таңдаған нұсқаны қоса алғанда, оның ерекшеліктері мен қоршаған ортаға ықтимал әсерін ескере отырып, көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың ықтимал нұсқаларын сипаттау, оны таңдауды негіздеу, басқа да ықтимал ұтымды нұсқаларды, оның ішінде адамдардың өмірін және (немесе) денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау тұрғысынан неғұрлым қолайлы ұтымды нұсқаны сипаттау.

      4. Жоспарланған қызметті жүзеге асыру нұсқаларына мыналар жатады:

      1) Қызметті немесе оның жекелеген кезеңдерін (объектіні салуды, пайдалануды, объектіні кейіннен кәдеге жаратуды, жекелеген жұмыстарды орындауды бастау немесе жүзеге асыру) жүзеге асырудың әртүрлі мерзімдері);

      2) бір мақсатқа жету үшін орындалатын әр түрлі жұмыс түрлері;

      3) жұмыстардың әртүрлі реттілігі;

      4) бір мақсатқа жету үшін қолданылатын әртүрлі технологиялар, машиналар, жабдықтар, материалдар;

      5) объектіні жоспарлаудың әртүрлі тәсілдері (жер учаскесінде ғимараттар мен құрылыстарды, нақты жұмыстарды орындау орындарын орналастыруды қоса алғанда);

      6) объектіні пайдаланудың әртүрлі шарттары (қоршаған ортаға теріс антропогендік әсер етуге әкеп соғатын жұмыстарды орындау кестелерін қоса алғанда);

      7) объектіге қол жеткізудің әртүрлі шарттары (объектіге қол жеткізу үшін пайдаланылатын көлік түрлерін қоса алғанда);

      8) қоршаған ортаға антропогендік әсердің сипаты мен ауқымына әсер ететін, көзделіп отырған қызметтің өзге де сипаттамаларына жататын әртүрлі нұсқалар қамтылуға тиіс.

      5. Белгіленген қызметті жүзеге асырудың ықтимал ұтымды нұсқасы деп келесі шарттар бірге сақталатын жоспарланған қызметті жүзеге асыру нұсқасы түсініледі:

      1) осы нұсқаны қолданудың мүмкін болмауына әкеп соғатын, оның ішінде көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру орнының сипаттамасынан және оны жүзеге асырудың басқа да жағдайларынан туындаған мән-жайлардың болмауы;

      2) белгіленіп отырған қызмет осы нұсқа бойынша жүзеге асырылған жағдайда оның барлық кезеңдерінің Қазақстан Республикасының, оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасына сәйкес келуі;

      3) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті объектінің мақсаттары мен нақты сипаттамаларына сәйкес келуі;

      4) осы нұсқа бойынша көзделіп отырған қызметті жүзеге асыруға жұмсалатын шығындардың ақылға қонымды деңгейі;

      5) осы нұсқа бойынша көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті ресурстардың қолжетімділігі;

      6) осы нұсқа бойынша белгіленген қызметті жүзеге асыру нәтижесінде қозғалатын аумақ халқының құқықтары мен заңды мүдделерінің ықтимал бұзылуының болмауы.

      6. Белгіленген қызметтің Елеулі әсеріне ұшырауы мүмкін табиғи ортаның компоненттері мен өзге де объектілер туралы ақпарат:

      1) адамдардың өмірі және (немесе) денсаулығы, олардың өмір сүру және қызмет ету жағдайлары;

      2) биоалуантүрлілік (оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, генетикалық ресурстар, өсімдіктер мен жабайы жануарлардың табиғи ареалдары, жабайы жануарлардың өріс аудару жолдары, экожүйелер);

      3) Жер (оның ішінде жерді алып қою), топырақ (оның ішінде органикалық құрамды, эрозияны, тығыздалуды, жұтаңданудың өзге де нысандарын қоса алғанда));

      4) су (оның ішінде гидроморфологиялық өзгерістер, судың мөлшері мен сапасы);

      5) атмосфералық ауаны (оның ішінде оның сапасының экологиялық нормативтерін, сапаның нысаналы көрсеткіштерін бұзу тәуекелдері, ал олар болмаған кезде – оған әсер етудің шамамен алынған Қауіпсіз деңгейлері) қамтуға тиіс);

      6) климаттың өзгеруіне экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелердің тұрақтылығы;

      7) материалдық активтер, тарихи-мәдени мұра объектілері (оның ішінде сәулет және археологиялық), ландшафттар;

      8) көрсетілген объектілердің өзара іс-қимылы.

      7. Осы қосымшаның 6-тармағында санамаланған объектілерге көзделіп отырған қызметтің нәтижесінде туындайтын ықтимал елеулі әсерлерінің (тікелей және жанама, кумулятивтік, трансшекаралық, қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді, оң және теріс) сипаттамасы:

      1) көзделіп отырған қызметті жүзеге асыруға арналған объектілерді салу және пайдалану, оның ішінде бұрыннан бар объектілерді кейіннен кәдеге жарату жұмыстарын жүргізу қажет болған жағдайларда, оларды салу және пайдалану арқылы жүзеге асырылады;

      2) табиғи және генетикалық ресурстарды (оның ішінде жерді, жер қойнауын, топырақты, суды, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі объектілерін – осы ресурстардың болуына және олардың орналасқан жеріне, жабайы жануарлардың өріс аудару жолдарына, жаңартылмайтын, тапшы және бірегей табиғи ресурстарды пайдалану қажеттігіне қарай) пайдалану қағидаттарына негізделеді.

      8. Эмиссиялардың шекті сандық және сапалық көрсеткіштерін, қоршаған ортаға физикалық әсерді негіздеу.

      9. Қалдықтардың түрлері бойынша жинақталуының шекті мөлшерін негіздеу.

      10. Қалдықтарды олардың түрлері бойынша көмудің шекті көлемдерін негіздеу, егер мұндай көму көзделген қызмет шеңберінде көзделсе.

      11. Белгіленген қызметке және оны жүзеге асырудың болжамды орнына тиісінше тән авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау ықтималдығын айқындау туралы ақпарат, оларды болғызбау және жою жөніндегі іс-шараларды жүргізу мүмкіндігін ескере отырып, авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау тәуекелдерімен байланысты қоршаған ортаға ықтимал елеулі зиянды әсерлердің сипаттамасы:

      1) белгіленген қызмет барысында авариялар мен инциденттердің ауытқу ықтималдығы;

      2) межеленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнында және оның айналасында дүлей зілзалалардың туындау ықтималдығы;

      3) межеленіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнында және оның айналасында авариялар, оқыс оқиғалар, табиғи дүлей зілзалалар нәтижесінде қолайсыз салдарлардың туындау ықтималдығы;

      4) инцидент, авария, табиғи құбылыс нәтижесінде туындауы мүмкін барлық қолайсыз салдарлар;

      5) қолайсыз салдарлардың болжамды ауқымы;

      6) халықты құлақтандыруды және олардың сенімділігін бағалауды қоса алғанда, оқыс оқиғалардың, авариялардың, табиғи дүлей зілзалалардың салдарларын болғызбау жөніндегі шараларды қамтиды;

      7) инциденттердің, авариялардың, табиғи дүлей зілзалалардың зардаптарын жою, қоршаған орта, адам өмірі, денсаулығы және қызметі үшін одан әрі теріс салдарларды болғызбау және барынша азайту жоспарлары;

      8) авариялар инциденттерінің, олардың салдарларының, сондай-ақ көзделіп отырған қызметтің табиғи дүлей құбылыстармен өзара іс-қимыл жасау салдарларының профилактикасын, мониторингін және бұрын алдын алуды қамтиды.

      12. Объектіні салу және пайдалану кезеңдері үшін көзделген, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға анықталған елеулі әсерлерін, оның ішінде қалдықтарды басқару жөніндегі ұсынылатын іс – шараларды болдырмау, қысқарту, жұмсарту жөніндегі шаралардың сипаттамасы, сондай-ақ ықтимал елеулі әсерлерді бағалауда белгісіздік болған кезде-әсер ету мониторингі бойынша ұсынылатын шаралар (ықтимал әсерлер туралы есепте келтірілген ақпаратпен салыстырғанда, көзделіп отырған қызметті іске асырғаннан кейінгі нақты әсерлерге жобадан кейінгі талдау жүргізу қажеттілігін қоса алғанда).

      13. Кодекстің 240-бабының 2-тармағы және 241-бабының 2-тармағымен көрсетілген биоәртүрлілікті жоғалтуды сақтау және оның орнын толтыру жөніндегі ic-шаралар.

      14. Қоршаған ортаға мүмкін болатын қайтымсыз әсерлерді бағалау және осындай әсер етуге әкеп соғатын операцияларды орындау қажеттілігін негіздеу, оның ішінде экологиялық, мәдени, экономикалық және әлеуметтік мәнмәтіндерде қайтымсыз әсер етуден болатын шығындарды және осы шығындарға әкеп соғатын операциялардан түсетін пайданы салыстырмалы талдау.

      15. Жобадан кейінгі талдаудың мақсаттары, ауқымы мен мерзімдері, оның мазмұнына қойылатын талаптар, жобадан кейінгі талдау туралы есептерді уәкілетті органға ұсыну мерзімдері.

      16. Көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың бастапқы кезеңінде айқындалған, оны тоқтату жағдайларына қоршаған ортаны қалпына келтіру тәсілдері мен шаралары.

      17. Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың қамту саласын айқындау туралы қорытындыда көрсетілген өзге де талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған шаралардың сипаттамасы.

      18. Зерттеу жүргізу кезінде туындаған және техникалық мүмкіндіктердің жоқтығымен және қазіргі ғылыми білімнің жеткіліксіз деңгейімен байланысты қиындықтарды сипаттау.

      19. Қоршаған ортаға әсерді бағалауға оның қатысуына байланысты мүдделі жұртшылықты хабардар ету мақсатында осы қосымшаның 1 – 17-тармақтарында көрсетілген ақпаратты жинақтай отырып, қысқаша техникалық емес түйіндеме.

      20. Қысқаша техникалық емес түйіндеме мыналарды қамтиды:

      1) көзделіп отырған қызметті жүзеге асырудың болжамды орнының сипаттамасы, оның шекаралары бейнеленген жоспар;

      2) халқының санын, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға шығарындылар, төгінділер және өзге де теріс әсерлері анықталуы мүмкін учаскелерді, олардың сипаттамалары мен қоршаған ортаға көшіру қабілетін ескере отырып, қозғалатын аумақтың сипаттамасын; табиғи ресурстарды алу және қалдықтарды көму учаскелерін көрсете отырып, оларды сипаттау;

      3) көзделіп отырған қызметтің бастамашысы туралы мәліметтер, оның байланыс деректері;

      4) көзделіп отырған қызметтің қысқаша сипаттамасы:

      қызмет түрі;

      оны жүзеге асыру үшін қажетті объект, оның қуаты, габариттері (алып жатқан жердің ауданы, биіктігі), өнімділігі, қоршаған ортаға әсер етуге әсер ететін басқа да физикалық және техникалық сипаттамалары;

      өндірістік процесс туралы, оның ішінде кәсіпорынның күтілетін өнімділігі, оның энергияға, табиғи ресурстарға, шикізат пен материалдарға қажеттілігі туралы мәліметтер;

      көзделіп отырған қызметті жүзеге асыру үшін қажетті жер учаскесінің шамамен алынған алаңы;

      жоспарланған қызметті жүзеге асырудың мүмкін болатын ұтымды нұсқаларының қысқаша сипаттамасы және таңдалған нұсқаның негіздемесі;

      5) мынадай табиғи құрауыштарға және өзге де объектілерге әсерді қоса алғанда, көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға елеулі әсерінің қысқаша сипаттамасы:

      адамдардың өмірі және (немесе) денсаулығы, олардың өмір сүру және қызмет ету жағдайлары;

      биоәртүрлілік (оның ішінде өсімдіктер мен жануарлар әлемі, генетикалық ресурстар, өсімдіктер мен жабайы жануарлардың табиғи ареалдары, жабайы жануарлардың қоныс аудару жолдары, экожүйелер);

      жер (оның ішінде жерді алып қою), топырақ (оның ішінде органикалық құрамды, эрозияны, тығыздалуды, тозудың өзге де нысандарын қоса алғанда);

      су (оның ішінде гидроморфологиялық өзгерістер, судың мөлшері мен сапасы);

      атмосфералық ауа;

      климаттың өзгеруіне экологиялық және әлеуметтік-экономикалық жүйелердің тұрақтылығы;

      материалдық активтер, тарихи-мәдени мұра объектілері (оның ішінде сәулет және археологиялық), ландшафттар;

      көрсетілген объектілердің өзара іс-қимылы.

      6) эмиссиялардың шекті сандық және сапалық көрсеткіштері, қоршаған ортаға физикалық әсер етулер, қалдықтардың жинақталуының шекті саны, сондай-ақ егер ол белгіленген қызмет шеңберінде жоспарланса, оларды көму туралы ақпарат.

      7) ақпарат:

      белгіленген қызметке және оны жүзеге асырудың болжамды орнына тиісінше тән авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау ықтималдығы туралы;

      авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстардың туындау тәуекелдерімен байланысты қоршаған ортаға ықтимал елеулі зиянды әсерлер туралы;

      халықты хабардар етуді қоса алғанда, авариялар мен қауіпті табиғи құбылыстарды болғызбау және олардың зардаптарын жою жөніндегі шаралар туралы;

      8) қысқаша сипаттамасы:

      көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға анықталған елеулі әсерін болғызбау, қысқарту, жұмсарту жөніндегі шаралар;

      егер көзделіп отырған қызмет осындай шығындарға әкеп соғуы мүмкін болса, биоәртүрліліктің ысырабын өтеу жөніндегі шаралар;

      көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға ықтимал қайтымсыз әсерлері және бастамашының осындай әсерлерге әкеп соғатын операцияларды орындау туралы шешім қабылдаған себептері;

      көзделіп отырған қызмет тоқтатылған жағдайларда қоршаған ортаны қалпына келтіру тәсілдері мен шаралары;

      9) қоршаған ортаға әсерді бағалауды орындау барысында алынған ақпарат көздерінің тізімі.

      21. Бастамашының шешімі бойынша қысқаша техникалық емес түйіндемеге қоғамның көзделіп отырған қызметтің оның құқықтары мен заңды мүдделеріне әсерін толық және дәл түсінуіне ықпал ететін көзделіп отырған қызмет туралы өзге де ақпарат қосымша енгізілуі мүмкін.

      22. Қысқаша техникалық емес түйіндемеге енгізілген ақпарат арнайы білімді қолданбай түсінікті болуы керек.

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
2021 жылғы 26 қазандағы
№ 424 бұйрығына
2-қосымша
Экологиялық бағалауды
ұйымдастыру және өткізу
жөніндегі Нұсқаулыққа
3-қосымша

Көзделіп отырған қызметтің жобалау құжаттамасының құрамындағы "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімінің мазмұны

      1. Атмосфералық ауаның жай-күйіне әсерді бағалау:

      1) көзделіп отырған қызметтің қоршаған ортаға әсерін бағалау үшін қажетті климаттық жағдайлардың сипаттамасы;

      2) ауа ортасының қазіргі жай – күйінің сипаттамасы (атмосфералық ауада шығарылатын ластаушы заттардың экологиялық сапа нормативтерімен немесе атмосфералық ауа сапасының нысаналы көрсеткіштерімен салыстырғанда олардың нақты шоғырлануын, ал олар бекітілгенге дейін-заттай өлшеулердің қолда бар материалдары бойынша гигиеналық нормативтерді көрсете отырып тізбесі);

      3) есептік химиялық ластану көздері мен масштабтары: жобада көзделген жабдықты барынша жүктеу кезінде, сондай-ақ ықтимал дүркін және авариялық шығарындылар кезінде. Атмосфералық ауаның күтілетін ластануының есептеулері қолданыстағы, салынып жатқан және салынуы белгіленген кәсіпорындар (объектілер) мен қолданыстағы фондық ластануды ескере отырып жүргізіледі;

      4) қалдығы аз және қалдықсыз технологияларды енгізу, сондай-ақ атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерін немесе оның сапасының нысаналы көрсеткіштерін, ал олар бекітілгенге дейін-гигиеналық нормативтерді белгіленіп отырған қызметтің әсері саласында сақтауды қамтамасыз ететін, алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибеге сәйкес деңгейде атмосфералық ауаға шығарындыларды болдырмау (азайту) жөніндегі арнайы іс-шаралар болып табылады;

      5) Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 10 наурыздағы № 63 бұйрығымен бекітілген Қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін айқындау әдістемесіне сәйкес (мемлекеттік құқықтық актілер Реестрінде № 22317 болып тіркелді) (бұдан әрі - Әдістеме), I және II санаттағы объектілер үшін ластаушы заттар шығарындыларының жол берілетін нормативтерін айқындау;

      6) III санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияға енгізілуге жататын ластаушы заттардың түрлері және олардың атмосфераға шығарындыларының мөлшерін айқындау туралы мәліметтер;

      7) ластану салдарын бағалау және теріс әсерді төмендету жөніндегі іс-шаралар;

      8) атмосфералық ауаның жай-күйіне мониторинг пен бақылауды ұйымдастыру жөніндегі ұсыныстар қамтылады;

      9) атмосфералық ауа сапасының экологиялық нормативтерінің немесе оның сапасының нысаналы көрсеткіштерінің сақталуын, ал олар бекітілгенге дейін – гигиеналық нормативтердің сақталуын қамтамасыз ететін ерекше қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезеңінде шығарындыларды реттеу жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;

      2. Судың жай-күйіне әсерді бағалау:

      1) құрылыс және пайдалану кезеңінде белгіленіп отырған қызмет үшін су ресурстарына қажеттілік, пайдаланылатын судың сапасына қойылатын талаптар;

      2) сумен жабдықтау көзінің сипаттамасы, оны шаруашылықта пайдалану, су жинағыштың орналасқан жері, оның сипаттамасы;

      3) су тұтыну және су бұру жүйесінің экологиялық тиімділігінің негізгі көрсеткіші ретінде алынатын таза судың жыл сайынғы көлемінің серпінін міндетті түрде көрсете отырып, объектінің су балансы;

      4) жер үсті сулары:

      аумақтың гидрографиялық сипаттамасы;

      көзделіп отырған қызметке ықтимал әсер ететін су объектілерінің сипаттамасы (барынша жақын бақылау тұстамаларының деректерін пайдалана отырып));

      гидрологиялық, гидрохимиялық, мұздық, термикалық, су ағынының жылдамдық режимдері, тасу режимдері, қауіпті құбылыстар - тасқын су басулар, кептелістер, шуганың болуы, қуғындау құбылыстары;

      ағынды қосымша реттеусіз, табиғи режимде жер үсті көзінен судың нормативтік негізделген мөлшерін алу мүмкіндігін бағалау;

      ауыз сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймақтарын ұйымдастыру қажеттілігі мен тәртібі;

      ағызылатын сарқынды сулардың саны мен сипаттамасы (ағызу орнын, шығарудың конструктивтік ерекшеліктерін, ластаушы заттардың тізбесін және олардың шоғырлануын көрсете отырып);

      айналым жүйелерін енгізу, сарқынды суларды қайта пайдалану мүмкіндігін барынша негіздеу, тазарту құрылыстарының тұнбаларын кәдеге жарату тәсілдері;

      құрамына кіруі тиіс шекті жол берілетін төгінділердің нормативтеріне қол жеткізу жөніндегі ұсыныстар:

      су айдынының ықтимал термиялық ластануын және экожүйеге су алу әсерінің салдарын қоса алғанда, көзделіп отырған объектінің оны салу және пайдалану процесінде су ортасына әсерін бағалау;

      құрылыстарды, көпірлерді, су бөгеттерін салуға байланысты арна процестерінің өзгеруін бағалау және жағымсыз салдарларды анықтау;

      су қорғау іс-шаралары, олардың тиімділігі, құны және іске асыру кезектілігі;

      жер үсті суларының экологиялық мониторингін ұйымдастыру;

      5) жерасты сулары:

      ауданды сипаттаудың гидрогеологиялық параметрлері, барланған жер асты сулары кен орындарының болуы және сипаттамасы;

      пайдаланылатын су тұтқыш жиектің қазіргі жай-күйінің сипаттамасы (химиялық құрамы, пайдалану қорлары, қорғалуы), оны қауіпсіз пайдалану үшін жағдайларды қамтамасыз ету, су тартқыштарды санитарлық қорғау аймақтарын ұйымдастыру қажеттілігі;

      Құрылыс және пайдалану кезеңінде объектінің жер асты суларының сапасына әсерін бағалау, олардың ластану ықтималдығы;

      жер асты суларының ықтимал ластануы мен сарқылуының салдарларын талдау;

      жер асты суларын ластанудан және сарқылудан қорғау жөніндегі іс-шаралардың негіздемесі;

      жерасты суларының экологиялық мониторингі бағдарламасы;

      6) Әдістемеге сәйкес I және II санаттағы объектілер үшін ластаушы заттардың жол берілетін төгінділерінің нормативтерін айқындау;

      7) III санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияға енгізілуге жататын ластаушы заттардың түрлері және олардың қоршаған ортаға төгінділерінің санын айқындау туралы мәліметтер қамтылуға тиіс.

      3. Жер қойнауына әсерді бағалау:

      1) белгіленген объектінің әсер ету аймағында минералдық және шикізат ресурстарының болуы (қорлар мен сапа);

      2) құрылыс және пайдалану кезеңінде объектінің минералдық және шикізат ресурстарына қажеттілігі (түрлері, көлемдері, алу көздері);

      3) минералдық және шикізат ресурстарын өндірудің қоршаған ортаның әртүрлі компоненттеріне және табиғи ресурстарға әсерін болжау;

      4) су режимін реттеу және бұзылған аумақтарды пайдалану жөніндегі табиғат қорғау іс-шараларының негіздемесі қамтылуға тиіс;

      5) жер қойнауын пайдалану, пайдалы қазбаларды өндіру және қайта өңдеу жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде мынадай материалдар ұсынылуға тиіс:

      пайдаланылатын кен орындарының сипаттамасы (пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссия бекіткен пайдалы қазбалар қорлары, олардың геологиялық ерекшеліктері және басқалары);

      зиянды компоненттерді алу және сату мүмкіндігін растайтын материалдар, ал неғұрлым уыттылар үшін-оларды көму тәсілі;

      пайдалы қазбалар мен аршылған жыныстардың радиациялық сипаттамасы (әсіресе рекультивациялау үшін және құрылыс материалдарын өндіруде пайдаланылатын);

      көзделіп отырған құрылыс объектілерін пайдалану процесінде тау жыныстары мен жерасты суларының жай-күйін зерделеу, бақылау және бағалау үшін ұңғымалардың режимдік желісінің құрамы мен орналасуы жөніндегі ұсынымдар;

      көршілес учаскелерде және оларды өндіру ауданында (суландыру, ауа-райының, тотығудың, тұтанудың және т. б. нәтижесінде) жер асты қазбалары қорларының төмендеуін болдырмайтын жер қойнауынан пайдалы қазбаларды барынша ықтимал алу жөніндегі ұсыныстар);

      мамандандырылған ғылыми-зерттеу ұйымының қорытындысын ұсына отырып, өндірістің зиянды заттары мен қалдықтарын жер қойнауына көму мүмкіндігін бағалау.

      4. Өндіріс және тұтыну қалдықтарының қоршаған ортаға әсерін бағалау:

      1) қалдықтардың пайда болу түрлері мен көлемдері;

      2) аумақты өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластау ерекшеліктері (қалдықтардың қауіпті қасиеттері және физикалық жай-күйі);

      3) қалдықтарды басқару: жинақтау, жинау, тасымалдау, қалпына келтіру (қалдықтарды қайта пайдалануға, қайта өңдеуге, кәдеге жаратуға дайындау) немесе жою (көму, жою), сондай-ақ қосалқы операциялар: сұрыптау, өңдеу, залалсыздандыру) жөніндегі ұсынымдар; көрсетілген операцияларды орындау жөніндегі технологиялар;

      4) қоршаған ортаға әсер ету туралы декларацияға енгізілуге жататын, пайда болатын, жинақталатын және қалдықтарды басқару жөніндегі мамандандырылған ұйымдарға берілетін өндіріс және тұтыну қалдықтарының түрлері мен саны көрсетіледі.

      5. Қоршаған ортаға физикалық әсерді бағалау:

      1) ықтимал жылу, электромагниттік, шу, әсер ету және басқа да әсер ету түрлерін, сондай-ақ олардың салдарын бағалау;

      2) жұмыс ауданындағы радиациялық жағдайдың сипаттамасы, радиациялық ластанудың табиғи және техногендік көздерін анықтау.

      6. Жер ресурстары мен топыраққа әсерді бағалау:

      1) жер пайдаланудың жай-күйі мен шарттары, меншік түріне сәйкес объектіні және іргелес шаруашылықтарды орналастыру үшін белгіленетін аумақтың жер балансы, жерге орналастыруда ұсынылатын өзгерістер, ауыл шаруашылығы өндірісінің ысырабын және жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың объектіні құру және пайдалану кезінде өтелуге жататын залалдарын есептеу;

      2) жоспарланатын объектінің әсер ету аймағындағы топырақ жамылғысының қазіргі жай-күйінің сипаттамасы (бонитет балдары бар топырақ картасы, судың физикалық, химиялық қасиеттері, ластануы, бұзылуы, эрозиясы, дефляциясы, құнарлылығы және топырақтың механикалық құрамы);

      3) топырақ жамылғысына күтілетін әсердің сипаттамасы (механикалық бұзылулар, химиялық ластану), геохимиялық процестердің өзгеруі нәтижесінде объектінің әсер ету аймағындағы топырақ пен топырақ қасиеттерінің өзгеруі, аумақтың бетін қайта жоспарлауға, табиғи процестердің жандануына, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен ластануға байланысты рельефтің жаңа нысандарының құрылуы;

      4) топырақтың құнарлы қабатын және аршу жыныстарын алу, тасымалдау және сақтау жөніндегі, тікелей қызмет қозғамайтын учаскелерде топырақ қабатын сақтау жөніндегі, бүлінген топырақ қабатын қалпына келтіру және аумақты бастапқы немесе өзге де пайдалануға жарамды күйге келтіру жөніндегі (техникалық және биологиялық қалпына келтіру) ықпал ету аймағындағы жоспарланатын іс-шаралар мен жобалық шешімдер қамтылуға тиіс);

      5) топырақтың экологиялық мониторингін ұйымдастыру.

      7. Өсімдіктерге әсерін бағалау:

      1) объектінің әсер ету аймағындағы өсімдік жамылғысының қазіргі жай-күйі (геоботаникалық карта, флористикалық құрамы, функционалдық мәні, өсімдік қоғамдастықтарының өнімділігі, олардың табиғи серпіні, өрт қауіптілігі, дәрілік, сирек кездесетін, эндемикалық және Қызыл кітапқа енгізілген өсімдік түрлерінің болуы, жасыл екпелердің жай-күйі, өсімдіктердің ластануы және зақымдануы; өсімдіктерге қазіргі заманғы антропогендік әсердің әсерінен болатын сабақтастықтар);

      2) объектінің және ілеспе өндірістердің аумақтың өсімдік қоғамдастығына әсер ету сипаттамасы, әсер ету аймағында өсімдіктердің сирек кездесетін, эндемикалық түрлеріне қауіп;

      3) өсімдік ресурстарын пайдалану көлемін негіздеу;

      4) жоспарланып отырған қызметтің өсімдікке әсер ету аймағын айқындау;

      5) өсімдік жамылғысындағы күтілетін өзгерістер (қауымдастықтардың түрлік құрамы, жай-күйі, өнімділігі, генотиптердің бейімділігін бағалау, шаруашылық және функционалдық маңызы, ластануы, зиянкестермен зақымдануы) және осы өзгерістердің халықтың өмірі мен денсаулығы үшін салдары;

      6) өсімдіктер қауымдастығын сақтау, олардың жай-күйін жақсарту, флораны сақтау және өсімін молайту жөніндегі ұсынымдар;

      7) өсімдік жамылғысының мониторингі үшін ұсыныстар;

      8) биоәртүрлікке теріс әсер етудің алдын алу шаралары, оны барынша азайту, биоәртүрліктің жоғалуын бағалауды жұмсарту және оларды өтеу шаралары, сондай-ақ осы шаралардың орындалуы мен олардың тиімділігін бақылау.

      8. Жануарлар әлеміне әсерді бағалау:

      1) су және жер үсті фаунасының бастапқы жағдайы;

      2) сирек кездесетін, жойылып бара жатқан және Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар түрлерінің болуы;

      3) объектінің түрлік құрамына, фаунаның санына, оның гендік қорына, мекендеу ортасына әсер ету сипаттамасы, объектіні салу және пайдалану процесінде жануарлардың көбею жағдайлары, қоныс аудару жолдары мен шоғырлану орындары, түрлердің бейімділігін бағалау;

      4) табиғи қоғамдастықтар, мекендеу ортасы, көбею жағдайлары тұтастығының ықтимал бұзылуы, жануарлардың өріс аудару жолына және шоғырлану орындарына әсер етуі, объектінің әсер ету аймағында олардың түрлік сан алуандығын қысқартуы, осы өзгерістердің салдарын және қоршаған ортаға келтірілген залалды бағалау;

      5) биоәртүрлікке теріс әсер етудің алдын алу шаралары, оны барынша азайту, биоәртүрліктің жоғалуын бағалауды жұмсарту және оларды өтеу шаралары, сондай-ақ осы шаралардың орындалуы мен олардың тиімділігін бақылау (соның ішінде шудың деңгейін, қоршаған ортаның ластануын, жағымсыз иістерді, жарықтың әсерін, жануарларға басқа жағымсыз әсерлерді бақылау);

      9. Ландшафтарға әсерін бағалау және жағымсыз салдарың алдын алу, азайту, ландшафттарды бұзған жағдайда оларды қалпына келтіру бойынша шаралар.

      10. Әлеуметтік-экономикалық ортаға әсерді бағалау:

      1) жергілікті халықтың қазіргі әлеуметтік-экономикалық өмір сүру жағдайлары, оның еңбек қызметінің сипаттамасы;

      2) құрылыс, пайдалану және жою кезеңінде объектінің еңбек ресурстарымен қамтамасыз етілуі, жергілікті халықтың қатысуы;

      3) көзделіп отырған объектінің өңірлік-аумақтық табиғат пайдалануға әсері;

      4) объектінің жобалық шешімдерін іске асыру кезінде (объектіні пайдаланудың қалыпты жағдайларында және ықтимал авариялық жағдайларда) жергілікті халық өмірінің әлеуметтік-экономикалық жағдайларының өзгеру болжамы);

      5) белгіленген қызмет нәтижесінде аумақтың санитариялық-эпидемиологиялық жай-күйі және оның өзгеру болжамы;

      6) көзделіп отырған шаруашылық қызмет процесінде әлеуметтік қатынастарды реттеу жөніндегі ұсыныстар қамтылуға тиіс.

      11. Өңірде көзделіп отырған қызметті іске асырудың экологиялық тәуекелін бағалау:

      1) табиғи кешендердің құндылығы (функционалдық мәні, ерекше қорғалатын объектілер), бөлінген кешендердің (ландшафттардың) белгіленген қызметтің әсеріне тұрақтылығы;

      2) объектіні пайдаланудың қалыпты (авариясыз) режимі кезінде қоршаған ортаға әсер ету салдарын кешенді бағалау болып табылады;

      3) авариялық жағдайлардың ықтималдығы (объектінің техникалық деңгейін және қауіпті табиғи құбылыстардың болуын ескере отырып), бұл ретте авариялық жағдайлардың көздері, түрлері, олардың қайталануы, әсер ету аймағы айқындалады;

      4) қоршаған ортаға және халыққа авариялық жағдайлар салдарларының болжамы;

      5) авариялық жағдайлардың алдын алу және олардың салдарларын жою жөніндегі ұсынымдарды қамтуға тиіс.