"Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2021 жылғы 3 қыркүйектегі № 11-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 7 қыркүйекте № 24244 болып тіркелді

Қолданыстағы

      "Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті (бұдан әрі – Есеп комитеті) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандарттарын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2016 жылғы 31 наурыздағы № 5-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13647 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген нормативтік қаулымен бекітілген Мәслихаттарға облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың тексеру комиссияларының жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы есепті ұсынуы бойынша сыртқы мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың рәсімдік стандартында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Стандарттың негізгі міндеті тексеру комиссиясының өзінің мазмұны бойынша облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың), аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің жергілікті атқарушы органының тиісті есебіне қорытынды болып табылатын есепті (бұдан әрі – жергілікті атқарушы органның жылдық есебі) жергілікті атқарушы органның жылдық есебіндегі қаржылық жағдай, қаржылық операциялар, мемлекеттік органдар қызметінің нәтижелері, мемлекет активтерін басқару туралы деректердің анықтығы мен толықтығы мәніне жасауын, сондай-ақ Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуі болып табылады.";

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Есепті қалыптастыру үшін Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 125-бабының 3 және 4-тармақтарына, 129, 131, 131-1-баптарының 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тиісті жергілікті атқарушы органның және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның тексеру комиссиясына ұсынатын есепті қаржы жылындағы жергілікті атқарушы органның жылдық есебі және жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы тоқсан сайынғы есептері, сондай-ақ тексеру комиссияларының аудиторлық іс-шараларының нәтижелері, жергілікті бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің есептері, тексеру комиссиясының сұратуы бойынша ұсынылған жергілікті атқарушы органның және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің ақпараты, тиісті қаржы жылы үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлікті (бұдан әрі – өңір) дамытудың қорытындысы туралы статистикалық деректер және құқық қорғау органдарының деректері негіз болып табылады.".

      2. Есеп комитеті аппаратының Жоспарлау, талдау және есептілік бөлімі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулының Есеп комитетінің интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Есеп комитетінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Республикалық бюджеттің
атқарылуын бақылау жөніндегі
есеп комитетінің Төрайымы
Н. Годунова