"Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 545 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2021 жылғы 22 шiлдедегі № 383 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 шiлдеде № 23712 болып тіркелді

Қолданыстағы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 545 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13714 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жолаушыларды, багажды, жүк-багажды және почта жөнелтілімдерін темір жол көлігімен тасымалдау қағидаларында:

      3-тармақ мынадай мазмұндағы 26) тармақшамен толықтырылсын:

      "26) цифрлық құжаттар сервисі – операторға бекітілген және мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді іске асыру мақсатында, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау, электрондық нысанда қызметтерді алу және көрсету кезінде электрондық құжаттарды жасауға, сақтауға және пайдалануға арналған "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының объектісі.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Жолаушылар пойыздарына жол жүру құжаттарын (билеттерін) алдын ала сату пойызды құрастыру және айналым станцияларынан жүзеге асырылады:

      жолаушылар пойыздарына - сатылу ерекшелігі осы Қағидалардың 79-тармағында көрсетілген ұйымдасқан жолаушылар топтарының өтінімдерін қоспағанда, кемінде 45 (қырық бес) тәуліктен 1 (бір) тәулікке дейін;

      қала маңы пойыздарына-10 (он) тәуліктен 1 (бір) тәулікке дейін сатылады.

      Жолаушылар пойызына жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 7 сағат 00 минутта жүзеге асырылады.

      Аралық станцияда алдын ала сату тасымалдаушы белгілеген сату режиміне байланысты жүргізіледі.

      Жол жүру құжаттарын (билеттерді) сату пойыздың жүруіне дейін 10 минут қалғанда тоқтатылады.

      Мүмкіндігі шектеулі адамдардың жол жүруіне арналған арнайы купедегі орындарға жол жүру құжаттарын (билеттерін) сату билет кассасында:

      қозғалу үшін қосалқы құралдарды (тифлотаяқтар, балдақтар, жетек арбалар, кресло-арбалар) және (немесе) басқа адамдардың, көмегін пайдаланатын, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға және мүгедектігі жоқ, бірақ медициналық ұйымға (- дарға), сондай-ақ оларды алып жүретін адамдарға өздігінен жүріп-тұру қабілетін шектей отырып, 1-топтағы мүгедектерге пойыз жөнелтілгенге дейін алдын ала сату ашылған сәттен бастап, мүгедек адамдардың қалған санаттағы мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға пойыз жөнелтілгенге дейін 7 тәулік бұрын жүргізіледі.

      Бұл ретте жол жүру құжаттарын (билеттерін) ресімдеу осы Қағидалардың 12-тармағына және осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды және мүгедектігін растайтын құжатты не құрамында жолаушы ілесіп жүруді қажет ететіні көрсетілген медициналық мекеме берген құжатты көрсеткен кезде жүргізіледі.";

      12-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қала маңы поездарға интернет-ресурстар арқылы жол жүру құжаттарын (билеттерін) ресімдеу кезінде жолаушының деректерін (осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген жолаушының (Т.А.Ә. (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, құжаттарының бірінің нөмірі) көрсету қажет.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Жолаушы өзіне ресімделген жол жүру құжаты (билеті) алған кезде жол жүру құжатында (билетте қамтылған) деректердің (жол жүру құжаты (билеті) ресімделген жолаушының (Т.А.Ә. (бар болған жағдайда), жеке сәйкестендіру нөмірі, құжат нөмірі, пойыздың нөмірі және оның жөнелту күні) дұрыстығын тексеріп алуы тиіс.";

      44-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "44. Жолаушы жолаушылар пойызына отырғызу кезінде вагон жолсерігіне осы Қағидалардың 43-тармағында ұсынылған жағдайларды қоспағанда, тиісті түрде ресімделген жол жүру құжатын (билетін) және осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген жолаушы құжаттарының бірін түпнұсқада не электрондық құжат нысанында цифрлық құжаттар сервисі арқылы ұсынады.

      Мүгедек жолаушыларды отырғызу осы тармақтың бірінші бөлігінде белгіленген тәртіппен, сондай-ақ қажет болған жағдайда мүгедектікті растайтын құжатты не медициналық мекеме берген, оны күтіп ұстауында жолаушы ауыр жағдайда және ілесіп жүруді қажет етеді деп көрсетілген құжатты көрсету бойынша жүзеге асырылады.

      Вагонның жолсерігі жолаушыны вагонға отырғызу кезінде жол жүру құжатын (билетін) тексереді және оны жол жүру құжатында (билетте) көрсетілген деректердің (Т.А.Ә. (бар болған жағдайда) сәйкестігіне цифрлық құжаттар сервисі арқылы түпнұсқадағы не электрондық құжат нысанындағы жолаушы құжаттарының бірімен салыстырады.

      Пойыз бастығы, вагондардың жолсеріктері билетсіз жолаушылардың жол жүруіне және осы Қағидалардың 7-тарауында белгіленген нормалардан тыс қол жүгін тасымалдауға жол бермеу шараларын қабылдайды.

      Бас әріптерін қоспағанда атында, тегінде және әкесінің атында екі әріптен аспайтын сәйкессіздік болса, сондай-ақ әкесінің аты бар болса немесе жоқ болса, онда жолаушыны жол жүру құжатымен (билетпен) пойызға отырғызуға рұқсат етіледі.

      Жолаушыларды жайлылығы жоғары электр пойыз вагондарынан басқа қала маңы пойыздарына отырғызу кезінде жолаушыдан құжатын көрсету талап етілмейді.".

      79-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Өтінімге олардың құжаттарының деректемелерін (жеке сәйкестендіру нөмірі, құжаттың нөмірі, туған күні, жынысы және азаматтығы) көрсете отырып, жолаушылар тобының (Т.А.Ә. (бар болған жағдайда) тізімі және топ басшысының деректері қоса беріледі.";

      96-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Турист пойызы науқастануы бойынша тастап кеткен кезде, турист пойыздан шығарылған станцияда станция (вокзал) бастығы акт жасайды, онда вагонның санаты көрсетіледі. Сауыққаннан кейін, медициналық ұйым берген анықтаманың, туристік ваучер және актінің негізінде туристке туристік-экскурсиялық пойыздың орналасқан жеріне немесе оның бастапқы жөнелту станциясына дейін жолаушылар пойызында (турист барған санаттағы вагонда) жол жүру үшін жол жүру құжаты беріледі. Акт пен анықтама жол жүру құжатын тегін беруге негіз болады.";

      202-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Отырғызу талоны мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) қызметтік ақпараты бар 2D штрих код;

      2) тасымалдаушының атауы;

      3) құжаттың атауы;

      4) отырғызу талонының нөмірі;

      5) жолаушының (Т.А.Ә. (бар болған жағдайда);

      6) жеке сәйкестендіру нөмірі, жолаушының жеке басын куәландыратын құжаттың нөмірі;

      7) жөнелту станциясы;

      8) келу станциясы;

      9) жөнелту күні мен уақыты;

      10) жолаушыны отырғызу станциясы, күні және уақыты;

      11) пойыздың нөмірі;

      12) вагон түрі;

      13) вагонның нөмірі;

      14) орын.";

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрінің міндетін атқарушы
М. Карабаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

      "СОГЛАСОВАН"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі