Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 шiлдедегі № 251 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 шiлдеде № 23555 болып тіркелді

Қолданыстағы

      Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің 300-бабының 4-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалауы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
М. Мирзагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің
2021 жылғы 14 шілдедегі
№ 251 бұйрығымен
бекітілген

Көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидалары 1 тарау. Жалпы ережелер

      1.  Осы Көмiртегі бiрлiктерінiң мемлекеттiк тiзiлiмiн қалыптастыру және жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 300-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) айналымға енгізу – мемлекеттік тізілім шоттарының бірінде көміртегі бірліктерін бастапқы шығару;

      2) беру – мемлекеттік тізілімдегі көміртегі бірліктерін бір тұлғаның шотынан екінші тұлғаның шотына аудару;

      3) жою – көміртегі қондырғыларының жарамдылық мерзімінің аяқталуына байланысты, сондай-ақ олардың иесінің бастамасы бойынша ерікті негізде айналымнан шығару;

      4) сатып алу – көміртегі бірліктермен жасалынған мәмілелер нәтижесінде Мемлекеттік тізілімдегі шотқа көміртегі бірліктерін алу;

      5) квоталау субъектісінің шотын бұғаттау – валидация және верификация жөніндегі орган растаған мониторинг жоспарын бергенге дейін квоталау субъектісінің шотына салынған көміртегі бірліктерін пайдалануды уақытша тоқтату

      6) көміртегі квоталарын өтеу – көміртегі бірліктерін оларды квоталар субъектісінің тиісті шотынан есептен шығару және оларды көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізіліміндегі квоталарды өтеуге есептеу жолымен айналымнан шығару.

      3. Мемлекеттік тізілімді көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы құрайды және жүргізеді.

      4. Көміртегі бірліктері мемлекеттік тізілімінің негізгі функциялары айналысқа енгізілген, сақтауда тұрған, берілген, сатып алынған, резервке қойылған, бұғатталған, жойылған, өтелген, айналыстан алынған көміртегі бірліктерін дәлме-дәл есепке алуды қамтамасыз ету, сондай-ақ басқа да ұлттық тізілімдермен деректер алмасу болып табылады.

2 тарау. Мемлекеттік тізілімді қалыптастыру тәртібі

      5. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарын іске асыру шеңберінде көміртегі бірліктерімен операцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік тізілімді қалыптастырады.

      6. Қазақстан Республикасында көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік тізілім Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 286-бабында айқындалған көміртекті бюджеттеудің әрбір кезеңі басталғанға дейін қалыптастырылады.

      7. Қазақстан Республикасының климаттың өзгеруі саласындағы халықаралық шарттарын іске асыру шеңберінде көміртегі бірліктерімен операцияларды жүзеге асыру мақсаты үшін мемлекеттік тізілім "Париж келісімін ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Париж келісімінің 6-бабының 2, 4-тармақтарына сәйкес осындай операцияларды жүргізу басталғанға дейін қалыптастырылады.

3 тарау. Мемлекеттік тізілімді жүргізу тәртібі

      8. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы көміртегі бірліктерімен оның шоттарында операциялар жүргізу және жүргізуді қамтамасыз ету арқылы мемлекеттік тізілімді жүргізеді.

      9. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы көміртегі бірліктерінің нақты есебін қамтамасыз ету мақсатында әрбір көміртегі бірлігіне оны шығару сәтінде бірегей сәйкестендіру нөмірін береді.

      10. Көміртегі бірлігінің бірегей сәйкестендіру нөмірі мыналарды қамтиды:

      1) көміртегі бірлігінің түрі (квота бірлігі, офсеттік бірлік, халықаралық көміртегі бірліктері);

      2) көміртегі бірлігі айналымға енгізілген жыл;

      3) көміртегі бірлігін шығаратын мерзім аяқталған жыл.

      11. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы мемлекеттік тізілімнің шоттарының және қосалқы шоттарының мынадай түрлерін ашады:

      1) көміртегі квотасының бірліктерін айналымға енгізу шоты;

      2) көміртегі бірліктерін жою шоты;

      3) көміртегі квоталарын өтеу шоты;

      4) көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шоты;

      5) қондырғылар операторларының шоттары;

      6) офсеттік өтініш берушілердің шоттары;

      7) көміртегі квоталары Ұлттық жоспар резервінің шоты (бұдан әрі – Ұлттық жоспар), сондай-ақ мынадай қосалқы шоттарды қамтиды:

      ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде пайдалануға берілетін жаңа квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлудің қосалқы шоты;

      ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде анықталған бұрын есепке алынбаған квоталанатын қондырғылар үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлудің қосалқы шоты;

      ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғылардың қуаты ұлғайған жағдайда көміртегі квотасының қосымша бірліктерін тегін бөлудің қосалқы шоты;

      ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғылар санатына өтетін әкімшілендіру субъектілерінің қондырғылары үшін көміртегі квотасының бірліктерін тегін бөлудің қосалқы шоты.

      12. Көміртекті бюджеттеу кезеңіне арналған Ұлттық жоспар күшіне енген күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы:

      1) мемлекеттік тізілімде көміртегі квотасының, ұлттық жоспар резервінің бірліктерін айналымға енгізу шоттарын ашады;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік тізілімнің шотында Ұлттық жоспарда айқындалған көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы көлеміне тең мөлшерде көміртегі квотасының бірліктерін айналымға енгізеді;

      3) Ұлттық жоспар резервінің шотындағы көміртегі квотасының бірліктерін осы Қағидалардың 11-тармағының 7-тармақшасында көрсетілген қосалқы шоттар бойынша бөледі және аукцион шарттарында сатуға арналған көміртегі квотасының бірліктерін көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шотына береді.      

      13. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы Ұлттық жоспар күшіне енгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде қондырғы операторына еркін нысанда қондырғы операторына шот ашу үшін мынадай құжаттарды ұсыну қажеттігі туралы хабарлама жібереді:

      1) жеке тұлға үшін ЖСН көрсетілген немесе заңды тұлға үшін БСН көрсетілген еркін нысандағы өтініш;

      2) қондырғы операторынан Мемлекеттік тізілімнің шотын жүргізуге уәкілеттік берілген оның өкілдеріне берілген қондырғы операторынан өкілдердің ЖСН-ін сенімхатты қамтуға тиіс.

      14. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген қабылдаған құжаттар негізінде қондырғы операторына шот ашады және оператор осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде көміртегі квотасы бірліктерін айналысқа енгізу шотынан қондырғы операторының шотына квота бірліктерін беруді жүргізеді.

      15. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы квоталау субъектісі қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) парниктік газдар шығарындыларының валидацияланған мониторинг жоспарын Ұлттық жоспардың қолданылуының бірінші жылының 1 сәуіріне дейінгі мерзімде бермегені немесе валидацияланған мониторинг жоспарының толық еместігі және (немесе) сәйкес еместігі туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қондырғы операторының шотын бұғаттайды.

      16. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы Қағидалардың 15-тармағында көрсетілген қажетті құжаттарды квоталау субъектісінің бергені туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде қондырғы операторының шотынан бұғаттауды алып тастайды.

      17. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттардың толық еместігі және (немесе) сәйкес еместігі туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде квоталау субъектісінің шотын бұғаттайды.

      Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қажетті құжаттарды алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде осы қондырғылардың операторларына шоттар ашады.

      18. Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде анықталған, бұрын ескерілмеген квоталанатын қондырғының, сондай-ақ Ұлттық жоспардың тиісті қолданылу кезеңінде квоталанатын қондырғы санатына ауысатын әкімшілендіру субъектілері қондырғысының операторлары көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген шот ашу үшін құжаттарды ұсынады.

      19. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы уәкілетті органның қосымша квота берудегі оң шешім туралы хабарламасын алғаннан кейін квотаның тиісті көлемін квоталау субъектісінің шотына аударады.

      20. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы уәкілетті органның квоталар көлемін қондырғы операторының шотынан Ұлттық жоспар резервінің шотына аудару қажеттігі туралы хабарламасын алғаннан кейін хабарламада көрсетілген квотаның тиісті көлемін Ұлттық жоспардың шотына аударады. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы тармақтың бірінші абзацында көзделген квоталар бірліктерін ауыстыру туралы уәкілетті органның хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тиісті квоталар бірліктерін Ұлттық жоспар резервінің шотынан уәкілетті органның шешімінде көрсетілген қосалқы шотқа беруді жүзеге асырады.

      21. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы қондырғы операторының, оның атауы немесе ұйымдастыру-құқықтық нысанының ауысқаны туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Мемлекеттік тізілімге тиісті өзгерістер енгізеді.

      22. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы квоталау субъектісінің таратылғаны туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін он жұмыс күні ішінде қолданылмаған көміртегі квоталарын жұмысы таратылған квоталау субъектісінің шотынан Ұлттық жоспардың резерві шотына аударады.     Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы осы тармақтың бірінші абзацында қарастырылған квоталар бірліктерін көшіру туралы уәкілетті органнан хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде тиісті квоталар бірліктерін Ұлттық жоспардың резерві шотынан уәкілетті органның шешімінде көрсетілген қосалқы шотқа аударуды жүзеге асырады.

      23. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы көміртегі бірліктерін көміртегі бірліктерінің ең көп көлемі бар қосалқы шоттан толықтыруды талап ететін қосалқы шотқа уәкілетті органнан тиісті хабарлама алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде беруді жүргізеді.

      24. Көміртегі офсеті жөніндегі жобаны уәкілетті орган мақұлдағаннан кейін жобаның өтініш берушісі көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына Мемлекеттік тізілімде шот ашу үшін осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды, сондай-ақ көміртегі офсетін мақұлдау туралы құжаттың көшірмесін ұсынады.

      25. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы өтініш беруші осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген құжаттарды ұсынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде жобаға өтініш берушінің шотын ашуды жүргізеді. Бір жобаға қатысты оның өтініш берушілері ретінде бірнеше заңды тұлғалар әрекет ететін жағдайларда олардың әрқайсысына мемлекеттік тізілімде жеке шот ашылады.

      26. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы офсеттік бірліктерді өтініш берушінің шотына орналастыру арқылы өтініш беруші көміртегі офсетін өткізу туралы есепті және өтініш берушілер арасындағы көміртегі бірліктерін бөлу туралы шартты бекіту туралы құжатты ұсынғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде айналымға шығарады.

      27. Сатып алынған және (немесе) сатылған көміртегі квотасы бірліктерін қондырғылар операторларының шоттары арасында аударуды көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы биржалық мәмілені есепке алу парағын (тауар биржасында сатылған жағдайда) және квоталарды тікелей сату және (немесе) сатып алу (тікелей сату және (немесе) сатып алу жағдайында) жүргізу қорытындылары жөніндегі мәліметтер негізінде уәкілетті органның хабарламасын алған күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде жүргізеді.

      28. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы верификацияланған есепті тіркегеннен кейін бес жұмыс күні ішінде өтеуге жататын көміртегі квотасы бірліктерін квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына аударады.

      Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы уәкілетті органның қосымша квота алу арқылы алынған бірліктерді өтеу туралы хабарламасын алғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде квоталау субъектісінің шотынан квоталарды өтеу шотына тиісті квоталар бірліктерін беруді жүзеге асырады.

      29. Көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторы пайдаланылмаған квоталар бірліктерін олардың қолданылу мерзімі өткеннен кейін қондырғылар операторларының шоттарынан және көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесі операторының шотынан көміртегі бірліктерін одан әрі айналымнан шығара отырып, оларды жою шотына беруді жүргізеді.

      30. Көміртегі бірліктерін жою шотына көміртегі бірліктерін ерікті түрде беру олардың иесінің көміртегі бірліктерінің саудасы жүйесінің операторына жіберген сұратуы бойынша жүргізіледі.